G7 тобына кіретін әлемнің жетекші экономикалары Қара теңіз арқылы Украина астығын экспорттау жөніндегі келісімді ұзартуға және толық жүзеге асыруға үндеді. Бұл жөнінде "жетілік елдері" сыртқы істер министрліктерінің коммюникесінде айтылған.
Азық-түлік экспорты бойынша келісімге былтыр шілдеде Стамбул қаласында Түркия мен БҰҰ-ның араағайындығымен Украина мен Ресей қол қойған. Бұл келісімде Украинаның 27 миллион тоннадан астам астығын экспорттауға мүмкіндік берілген.
2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген Ресей таяуда бұл келісімді 18 мамырдан кейін тоқтатуы мүмкін екенін аңғартқан. Өткен аптада Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келісімнің екінші жағы, яғни Ресей астығы мен тыңайтқышын экспорттау мәселесі реттелмей тұрғанын айтқан еді. "Одан кейін, 18 сәуірде Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя да Ресейдің астық келісімі төңірегіндегі жағдай жақсармай тұрғанын мәлімдеді" деп жазады "Ведомости".
Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев жексенбіде телеграм-арнасында "егер G7 елдері Ресейге тауар экспорттауға толық тыйым салатын болса, Мәскеу бұл елдердің жанды жеріне тиетін тауарлар экспортын тоқтататынын, астық келісімі тәмам болатынын" мәлімдеген. Медведев сөзінде G7 тобына мүше елдерге тіл тигізген.
"Ресейдің астық мәселесін геосаяси мәжбүрлеу құралына айналдырғысы келетін әрекетін айыптаймыз. Өзара ынтымақтастықта әрекет ететінімізді және Ресейдің астықты қару ретінде пайдаланғанынан көбірек зардап шеккен елдерді қолдай беретінімізді тағы да қуаттаймыз" делінген G 7 коммюникесінде.
"Жетілік елдерінің" мәлімдемесі туралы хабарына Украинаның УНИАН агенттігі Украина премьер-министрінің орынбасары Александр Кубраковтың "Ресей келісімді бұзды" деген сөзін қосқан. Кубраковтың пікірінше, Ресей астық тасымалына жаңадан қосылған кемелерді тіркемей қойған.
ПІКІРЛЕР