Accessibility links

Қаңтар оқиғасы. Азаттық тілшілерінің көргендері


Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова.
Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова.

Азаттық радиосының қызметкерлері Қаңтар оқиғасының ортасында жүрді. Асылхан Мамашұлы, Аян Қалмұрат және Санат Нұрбеков көрген Қаңтар оқиғасы қалай өрбіді? Ал оқиғаға екі жыл толған кезде жауаптан гөрі сұрақ көп.

Екі жыл бұрын Алматыдағы Қаңтар оқиғасы былай басталды. Қаланың батысындағы Алатау театры алдына жиналған жастар жаңаөзендіктерге қолдауын білдірген. Жаңаөзен тұрғындары бұл кезде жыл соңында екі рет өскен газ бағасын түсіруді талап етіп, бейбіт митингіге шығып жатқан. Олардың митингісі Қазақстанның өзге де аймақтарында қолдауға ие болды.

Подкасты тыңдаңыз:

Алматыдағы Қаңтар оқиғасы. Журналистердің бастан кешкені
please wait

No media source currently available

0:00 0:59:52 0:00

ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

"Алматыда Қаңтар оқиғасы "Алатау" театрының алдындағы бейбіт жиыннан басталды" дейді Асылхан Мамашұлы. Айтуынша, 4 қаңтар күні сағат 16:00 шамасынан бастап осы тетардың алдына адамдар жинала бастаған. Дені – жастар. Асылхан оқиға орнына 18:00 шамасында жеткен.

Алматыдағы наразылық таңертең де жалғасты. Демонстранттар Райымбек даңғылымен Әшімов көшесіне қарай шеруге шықты. 5 қаңтар 2022 ж.
Алматыдағы наразылық таңертең де жалғасты. Демонстранттар Райымбек даңғылымен Әшімов көшесіне қарай шеруге шықты. 5 қаңтар 2022 ж.

– Өзім барып көрдім. Билік айтқандай емес, бұл жерде ешқандай ұйымдастырушы болмады. Әуелде "Алатау" театрының алдында 100 шақты адам болды. Жолдың басқа бетінде әскерилер тосқауыл құрып тұрды. Сөйтіп жүргенде 2 мыңдай адам жиылып қалды. Араларында біреуді сөйлетейін десе, суырылып шыққан ешкім жоқ. Бәрі жастар. Көңілді жүрді. Телефондарынан әнұранды қосып қойып, шырқап жатты. Арасында "Жаңаөзен, біргеміз!" деп ұрандатып қояды. Басқа ешқандай талап та айтқан жоқ. Театр жаққа өтетін адамдар өтіп алғаннан кейін 100 шамалы полиция қызметкерін сапқа тұрғызып, "ұстаңдар" деген пәрмен берілді. Осыған дейін олар біршама адамды ұстап, автозакқа қамап тастаған еді. Бірақ бұл жолы жиналған жұрт бір адамын да бермей, қарсылық көрсетті. Содан кейін полиция кері шегінді. Бұл жиналған топқа рух берді. Осылай тұрғанда жиналғандар қала әкімінің келуін сұрады. Келмейтінін түсінгеннен кейін өздері әкімдікке бармақ болды. Суретке түсірейін деп шерудің алдына шығып қарап едім, арнайы жасақтың жаңа күштері жиналып қалыпты. Бұларға қарсы жастардан құрылған наразы топ та қолтықтасып, шеп құрып келе жатты. Арнайы жасақтың өзі күтпесе керек, наразы топтың алғашқы толқыны жасақтың шебін бұзып өтті. Осыны мен Қаңтар оқиғасының басталуы деп есептеймін. Соның салдарынан жасақ тарап кетті. Тарап кеткен арнайы жасақты наразы топ ұрып-соға бастады, – дейді Асылхан Мамашұлы Азаттыққа.

Алатау театры алдында басталған дүрбелең
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:35 0:00

Асылхан жастардың лықсып келіп, қауіпсіздік күштері шебін жарып өткен сәтін видеоға түсірген еді. Сонда жастар қалқан тосып тұрған қауіпсіздік күштері шебін аяқпен теуіп бұзатын сәттері түсіп қалған. Сол көрініс кейін бүкіл ақпарат ресурстарына тарап жөнелді. Азаттықтың сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған бұл видео-көріністі басқа да халықаралық ақпарат агенттіктері мен белгілі телеарналар көрсетіп жатты.

Алғашқы топ полицияның шебін жарып өткеннен кейін алаңға бет алды. Бұл кезде полиция да, арнайы жасақ та оқиға орнынан кетіп үлгерген. Асылханның айтуынша, қауіпсіздік күштері наразыларды Республика алаңынан күткен. Арнайы жасақ пен полиция сол маңда топтасып, жиналғандарға көзден жасы ағызатын газ жіберіп, ескерту жасап жатқан.

Ал "Алатау" театры жағынан шыққандар Момышұлы көшесімен келіп, Райымбек, Төле би және Абай даңғылының бойымен орталыққа бет алған. Жолай оларға тағы да адамдар қосылып, қарасы молая түскен.

Осылай түні бойы болған наразылық таңға жалғасқан. Асылхандар түнде қауіпсіздік күштері шеп құрған Республика алаңы маңындағы көшелерде де болып, жұмыс істеген. Оның айтуынша, "Алатау" театры маңындағы наразылықтың бірінші легінен түсірілген материалдарды монтаждау үшін Азаттық кеңсесіне келгенде радио басшылығы қауіпсіздіктің маңызды екенін айтып, тілшілерге атыс болған тұсқа бармауды ескерткен. Алайда тілшілер материалдарын өңдеп, монтаждап болған соң, түнгі екі шамасында тағы да оқиға орнына барады. Бұл жолы олар Республика алаңы маңында болады.

Алматыдағы түнгі оқиғалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00

– 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні "Алатау" театрынан шыққан топ түн ортасында орталық алаңға жеткен. Жаңа полиция жоқ боп кетті деп айттық қой. Сөйтсек, олар наразыларды алаңда күткен екен. Оператор әріптесім Азамат Жаңқатов екеуміз алаңға сағат екінің шамасында қайтадан шықтық. Барсақ, алаң толық қоршаулы екен. Әуеден оқ-дәрінің иісі шығып тұрды. Арнайы жасақ толып жүрді. Халықты таратып жіберген. Сосын Сейфуллин - Құрманғазы көшелері қиылысы маңында дыбыстар шығып жатқан жаққа бардық. Бұл кезде алпыс шамалы адам жүр екен. Екі жақтан алшақтау жерде орналастық. Арнайы жасақ, көзден жас ағызатын газ атса, наразы топ 100 метрге шейін шегінеді. Сөйтеді де қайтадан осы орнына қайтып келеді. Бірақ сол аралықта арнайы жасақ та бір-бір қадамнан алға жылжып, шеп құрап тұрды, – деп бейнелейді Асылхан Мамашұлы Алматыдағы оқиғаның алғашқы күнін.

ҚАЛАЙ ЖАЛҒАСТЫ?

5 қаңтарда таңғы алтыда ғана үйіне қайтқан Асылхан Мамашұлы бір сағаттан соң қайта шыққан. Өйткені Рысқұлов – Момышұлы көшелерінің қиылысына, яғни, оқиға басталған тұсқа адамдар жиналып жатыр деген хабар жеткен.

– Бұл жерде шамасы, түндегі наразылықтан қалғандар болса керек, 20 шақты адам жүрді. Бұл жолы оператор әріптесім Санат Нұрбеков екеуміз бардық. Аталған көшелердің қиылысында бірде-бір полиция қызметкері болмады. Сол жердегі адамдар көшені жауып тастап, талаптарын айта бастады. Байқағанымыз бұл топ түннен бері жүрген топтың бір бөлігі екен. Сөйтіп тұрғанда 20 адам дегеніміз 500-ге жуықтап қалды. Барлығы бірдей наразы топ деуге де келмейді. Араларында жай қызық үшін келгендер де болды. Біз олармен де сөйлестік, – дейді Асылхан Мамашұлы.

"Алаңға шыққандар банкомат тонамады". 6 қаңтар күні Азаттық түсірген эксклюзив видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:48 0:00

– Осыған дейін халық ешқашан бейбіт митингіге шығып көрген жоқ. Әйтеуір даусымызды естісін деп жүргендер болды. Осы күні таңертең сөйлескендердің ішінде әлеуметтік жағдайын айтқандар көп болды. Сол кезде Самат деген жігіт қоярда-қоймай өз пікірін айтуға асықты. Кейін сол сөздері үшін оны түрмеде қинапты, – дейді ол.

– Егер де сол кезде таңертең жиылғандарды полиция келіп таратса, бәлкім оқиға сол жерден тоқтар ма еді деп ойлаймын. Бірақ ешкім келмеді. Біз келесі күні барғанда Момышұлы – Райымбек көшелерінің қиылысына фураларды қойып қойыпты. Басында полиция қойды деп ойласақ, наразы топтың істегені екен. Кейін бұл топ алаңға бет алды. Көшеде келе жатқан топты түсіріп келе жатып, жолда өртеніп жатқан әскери көлікті көрдім. Төле би көшесінде сол кездегі "Нұр Отан" партиясының штаб-пәтері өртеніп жатқанын көрдік. Төле би – Өтеген батыр көшесін трамвайдың рельсімен жауып қойыпты. Адамдар жиналып, сол маңдағы Әуезов ауданының полиция кеңсесіне бет алды. Жиналғандар түнде алаңда ұсталғандарды босатуды талап етті. Полицияны келіссөзге шақырды. Бірақ полиция өкілдері шықпады. Кейін камерадан қарасақ, полицейлер ғимараттың үстіне шығып, атып жатыр екен. Бос патрондармен атып жатса керек, біз болған тұста адамдар зардап шекпеді. Сол кезде қызбаланып алған жастар есік, терезені сындырып бастады. Ешқандай келіссөз болмаған соң бұл топ та орталыққа бет түзеді, – деп еске алады Асылхан Мамашұлы.

ҚОҚАН-ЛОҚЫ ЖӘНЕ БЕЛГІСІЗ ҚОРҒАУШЫ

"Қаңтардың 5-і күні Төле би - Розыбакиев көшелеріне барып, Асылхан ағаның жұмысын одан әрі жалғастырдық" деп еске алады Азаттықтың тағы бір тілшісі Аян Қалмұрат. Ол осы жерден алаңға жеткенше өздеріне қоқан-лоқы жасағандар болғанын айтады.

– Оператор Санат Нұрбеков екеуміз топтың артынан әкімдікке қарай бардық. Қолына таяқ ұстап жүрген адамдар болды. Бір жігіт жол белгісін майыстырайын деп еді, жанындағылар тоқтатты. Сол кезде біздің түсіруімізге кедергі жасағандар болды. Жол бойы осындай жағдайлар жиілей бастады. Ұрып-соқпақ болған адамдар да болды. 6-7 рет сондай қоқан-лоқы жасағандарға тап болдық. Жолай 2-3 таныс, немесе Азаттықты білетін адамдар кездесіп, араша түсіп отырды. Ол кісілермен жолымыз екіге бөлінгеннен кейін алаңға үйлердің арасымен жеттік. Алаңға жақындағанда қайтып бара жатқан адамдарды көрдік. "Мынау бейбіт митинг емес, бір сұмдық нәрсеге айналып бара жатыр" деді. Әкімдік маңына жеткенде, ғимараттан түтін шығып жатқанын көрдік. Алаңға барсақ, оппозициялық саясаткерлер Жасарал Қуанышәлин, Балташ Тұрсымбаевтар жақтастарымен бірге "Тоқаев келсін, келіссөзге келмесе біз кетпейміз" деп пікір білдіріп жатты. Одан кейін Назарбаев көшесімен жоғары бара жатқан кезде 20 шақты адам шығып, "ана жақта қарапайым халықты атып жатыр, соны түсіріңдер" деп бізді қоршап алды. Сол жерде қансырап жатқан адамдарды түсірдік. Жараланған адамдар көп. Бірақ адамдардың қолынан қару көрген жоқпын. Көргенім таяқ, күрек сияқты құралдар болды. Оқ Назарбаев көшесі бойындағы президенттің Алматыдағы резиденциясы жағынан атылып жатты. Сұхбат жазып тұрған кезде резиденция жағынан БТР көлігі оқ атып өтті. Ол біз тұрған тұстан 30-40 метр жерден өтті. Сол жерде жиналғандар бытырап қаштық. Бірақ Санаттан көз жазып қалдым, – дейді Аян Қалмұрат Азаттыққа.

Жасарал Қуанышәлин: Мұның бәрі - биліктің саяси ойыны, бейбіт шерушілердің өрт пен қиратуға қатысы жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:11 0:00

Қаңтар оқиғасын видеоға түсірген Азаттық операторы Санат Нұрбеков осы сәтті былай деп еске алады.

– Президент резиденциясы жағынан шыққан бір БТР Назарбаев көшесімен солға бұрылды. Оқ атып шықты. Сонда көшедегі адамдар тараған кезден Аяннан көз жазып қалдым. Ал БТР-дің артынан адам таситын, үсті брезентпен жабылған әскери көлік шықты. Адамдар оған тас ата бастады. Мен оқиға барысын одан әрі түсіре бердім. Сол кезде бір бала қасымда жүрді. Азаттық радиосы тілшілері екенімізді естіген соң ол Аян екеумізді қорғаштап жүрген. Ол кейін мені кеңсеге дейін шығарып салды. Кеңсеге келсем, сырттан Аян қарсы алды. Аян бюро жетекшісі Қасым Аманжолға менің бөлініп қалғанымды хабарлап, басқа да әріптестер қауіптеніп телефон соғып жатыпты. Байланыстың нашар кезі. Кеңсеге келгенге дейін әріптестер маған әлденеше мәрте қоңырау шалыпты. Соңында Нұртай Лаханның қоңырауы ғана жетті, – дейді Санат Нұрбеков.

БЕЙБІТ ШЕРУ ӨТЕТІН КҮНГІ АХУАЛ

Асылхан Мамашұлы қаңтардың 6-сы күні Қасым Аманжолмен бірге қайта көшеге шыққан.

– Алматының Республика алаңына бардық. Бір шетте "Митсубиси Галант" көлігі тұр екен. Ішінде қан ұйып жатыр. Алдыңғы терезесін оқ тесіп өткен. Адам өлсе керек. Достық көшесінен айналып алаңға келе жатқанымызда алдымыздан БТР шығып, ескерту жасады. Бір адам оған дейін бізге "кері қайтыңдар" деген болатын, – дейді ол.

Асылхан "Өлгендерді көрген адамдармен көп сөйлестім" дейді.

– Қаңтардың 6-сы күні болған оқиғаларды Айнұр деген қыз айтып берді. Ол Назарбаев көшесінде адамдардың шашылып жатқанын көрген, алаңда өлген адамдардың үстінен палатка қойып қойғанын көрген. 6 қаңтарда ел бейбіт шеруге шықты. Президент алаңдағылар өзін қолдап жатқанын білмесе керек. Сол күні Жасарал Қуанышәлиннен сұхбат алдық. Ол кісілер таңертең алаңға әскерилер келгенін айтты. Артық қимыл болмаса, тиіспейміз дегендей келісім болған сияқты, – дейді Асылхан Мамашұлы.

"Бейбіт жұрт өзіне әскер оқ атпайды деп сенді". 6 қаңтарда Алматыдағы алаңда болған оқиғаның куәгері
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:21 0:00

Ол осы кезде қаладағы билік кімнің қолында екені түсініксіз болғанын айтады.

АЛМАТЫДАҒЫ АУЫР АТМОСФЕРА

2022 жылдың 4 қаңтары болатын. Осы жолдардың авторы бір топ фотографпен бірге Нарынқол жақтан келе жаттық. Жетеміз дегенше түн ортасынан асып, күн 5 қаңтарға ауды. Нарынқолда Байынқол заставасы аумағында, Ақкөл санаториі маңында болғанбыз. Жолда жүргенімізге екі күннен асып кеткен. Бір қызығы застава аумағынан әрі өткенде әдетте рұқсат қағаз сұрайтын. Бұл жолы ондай болмады. Шлагбаум оңай ашылды...

Содан қайтып келе жатып, Алматыға кіреберістегі Құлжа күре-жолына жеткенде кептеліске түстік. Бұл шамамен түнгі сағат 12 кезі болатын. Өңшең әскери көліктер полицейлердің қаумалауымен қалаға ағылып жатты. Жолдағы бағдаршамға қарамастан асығыс өтіп жатқан Ұлттық ұлан көліктерін көрдік. Оны біз көліктердің нөмір сериясынан ажыраттық. Алматыдан соққан қоңырауларда көшеде митинг болып жатқаны, байланыс нашар екені айтылды. Сәлден соң нашар байланыстың өзі жоғалды. Сөйтіп отырып қалаға жеттік.

Алматы ауыр атмосферасымен қарсы алды. Жолда қараусыз қалған көліктер, көшеде әлдеқайда ағылған адамдар. Қаланың екінші басына жету мұң болды. Түн ортасында кей көшелерде көлік кептелісі болды. Жолаушыларды түсіріп, қайтып қалаға оралып, орталық алаңға жеткенше түн ортасы ауып кеткен. Көлікпен Абай даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысына жеткенде, баррикадаға тап болдық. Көшенің шығыс бетінде адамдар жиналып қалған екен. Қарсы жолмен кері жүріп, көлікті Әуезов театры алдына қойып, жаяу тарттым. Бұл кезде уақыт таңғы төрт-төрт жарым болатын.

АЛАҢ СЫРТЫНДА НЕ БОЛДЫ?

Абай және Сейфуллин көшелеріне жеткенде көргенім мынандай болды. Сейфуллин көшесінің төменгі жағымен ағылып адамдар келіп жатыр. Олар осы көшемен жоғары өрлегенде Сейфуллин мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында шеп құрып тұрған қауіпсіздік күштерінен әрі өте алмай тұрды. Шеп құрғандар жиналғандарға қарсы көзден жас ағызатын газ атып, оқтын-оқтын кері тойтарып тастап отырды. Бұл әлгінде Асылхан әріптесім айтқан тұс.

Тура Абай мен Сейфуллин көшесінің қиылысында "Қазгидромет" мекемесінің ғимараты бар. Мен көрген оқиға сол жерде болып жатыр.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі Сейфуллин және Абай көшелерінің қиылысындағы көрініс. Көшенің бұрышында Амантай қажының стиліндегі "Аттан" жазуы байқалады. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі Сейфуллин және Абай көшелерінің қиылысындағы көрініс. Көшенің бұрышында Амантай қажының стиліндегі "Аттан" жазуы байқалады. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл.

Орталыққа, немесе алаңға өтейін десем, шеп құрғандар бет қаратпайды. Қайта-қайта көзден жас ағызатын газ жібереді. Үнемі рюкзакта жүретін "пресса" жазуы бар жилетті киіп алғам. Сөйтіп баррикаданың бергі жағында қалып қойдым. Видеоға түсіріп жатқанымды көрген адамдар қай баспасөз екенін сұрағаны болмаса, басқа басы артық әрекетке бармады.

Жиналғандардың бәрі жастар. Топқа қосылмай сейіл құрып еркін жүргендері де бар. "Қазгидрометке" қапталдас "Каспибанк" ғимаратының әйнектері бірер тұстан қираған екен.

Қаңтар оқиғасы басталған кездегі Сейфуллин - Абай көшелерінің қиылысындағы Kaspi bank кеңсесі. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы басталған кездегі Сейфуллин - Абай көшелерінің қиылысындағы Kaspi bank кеңсесі. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл.

Күзет көрінбеді, сигнализация ойнап жатты. Сол маңда жүргендер қаржыны банк өзі жинап алып кетті деп жатты. Сол екі ортада екі жігіт банкке шөлмекпен от қоймақ болып бензин іздеп жүрді. Оны көрген жас қыз бен жігіт "Қазақстанның банкі ғой, неге өртейсің" деген соң әлгілер ғайып болды.

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:23 0:00

Ал қауіпсіздік күштері жиналғандарды бір сәт тықсырған кезде олардың бір тобы Сейфуллин көшесі бойымен Құрманғазы көшесіне шегінді. Тағы бір топ Абай даңғылы бойымен Масанчи көшесіне ығысты. Мен соңғысының ортасында едім. Сөйткенше болған жоқ, әлдекім қала ішінде жүк таситын жеңіл фургон көлігімен Масанчиден төмен түсіп, Абай көшесіне жетіп тоқтағанда, сол маңға бір топ жиналып қалды. Сұрастырсам, “осы көлік қауіпсіздік күштеріне көзден жас ағызатын қару тасып жүр, солардан тартып алдық” деп түсіндірді. Жасыл түсті "Мерседес Спринтер" көлігі маңына жиналғандардың бірі төңірегіндегілердің айтқанына көнбей көлікке отырып, артқа жүрді

Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген сияқты. Бірақ артқа жүргенде көлік көшедегі бағдаршамды құлатты.

Соңынан көлікті көшеге айдап шыққандар Абай көшесі бойымен қауіпсіздік күштері жағына бет алды да, лезде кері қайтты. Осы екі ортада үй-үйдің арасымен Сейфуллин мен Құрманғазы көшелерінің қиылысына өттім.

ГАЗ АТЫЛҒАН САЙЫН ОТ ҚОЙЫЛДЫ

Ату тыйылар емес. Көзден жас ағып, тыныс тарылып, біраз әуреленіп қалдым. Бұдан бұрын Ирандағы және Моңғолиядағы митингілер кезінде осындай көзден жас ағызатын газ қолданған оқиғаларды көргенмін. Бірақ Алматыдағы газ солардан да күшті болған сияқты.

Сол маңдағы азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыс істеп жатты. Солардан су алып шыққан адамдар бір-біріне су ұсынып, беті-қолдарын шайды. Арасында "газдан кейін бетті жусаң, одан сайын ашытады" деп кеңес бергендер де болды.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі Сейфуллин көшесінің төменгі жағынан қарағандағы көрініс. Абай көшесімен қиылысы. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі Сейфуллин көшесінің төменгі жағынан қарағандағы көрініс. Абай көшесімен қиылысы. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл.

Құрманғазы көшесіне жеткенімде, бір жедел жәрдем көлігі батыс жақтан шығып, Сейфуллин көшесіне жете бере тоқтап, жиналғандарға дәрігерлік маска үлестіріп жатқанын көрдім. Оны біреу тоқтатты ма, жоқ әлде өзі тоқтады ма, ажырата алмадым. Сол сәтте қауіпсіздік күштері Сейфуллин көшесі бойымен төмен түсіп, жиналғандарды тағы да ығыстырды. Бұл кезде жиналғандардың қарасы да әлгіндей емес азая бастады. Қалқан, жарақтарының үні жер жарған әскер жақындап келе жатты.

Осы кезде мынадай оқиға болды. Бір топ адам Сейфуллин көшесін көлденеңдей жанармай шашып, от қойды. Қауіпсіздік күштері одан әрі ентелемеді. Бірақ газ атқан сайын тура Сейфуллин мен Құрманғазы көшесінің төрт жағынан от қойылып отырды. Отын болуға жарайтын әлдебір заттар да табыла кетті. От жаққанда сол маңдағы газдың әсері сәл де болса азайғандай болды. Ал көшедегі дауыстан көліктердің сигнализациясы шуылдап жатты.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі Сейфуллин көшесінің төменгі жағынан жағылған от. Абай көшесімен қиылысы. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі Сейфуллин көшесінің төменгі жағынан жағылған от. Абай көшесімен қиылысы. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл.

Қайта айналып, Абай-Масанчи көшелерінің қиылысына жеткенімде жиналғандарды тарқамауға шақырып жүрген адамдарды кездестірдім. Олар нөмірлерін алып тастаған ескі көліктермен жүріп, тарап бара жатқандардың алдын бөгеуге тырысты.

Осы кезде көзден жас ағызатын газ жиі атыла бастады. Тыныс алу, көзбен көру қиынға айналды. Газдың атысы бір бәсеңдеп, бір күшейіп жатқанда жиналғандар да үй-үйдің арасымен тарай бастады.

Мен де Құрманғазы көшесімен жүріп отырып, Әуезов театрының арт жағынан келіп, көлігіммен редакцияға бет алдым. Бірақ оған тура жолмен бару мүмкін емес еді, көшелер жабық, кей жерде баррикада. Амал жоқ, Әуезовтен Тимирязев көшесі арқылы әл-Фараби даңғылына шығып кеңсеге келдім. Қайтар жолда көшеде не полицей, не әскер байқалмады. Тек Тимириязев пен Шашкин көшелерінің қиылысында Есентай өзенінің бойымен төменге қарай жүздеген жас жүріп өтті. Қолдарында полицей қалқаны мен дубинкаларын ұстағандары да кездесті. Кеңсеге келіп, соңынан әріптесім Асылхан Мамашұлы көлігін қалдырып кеткен "Алғабас" ықшамауданына тарттық.

"ХАЛЫҚ НАЗАРБАЕВ ПЕН ҚОС БИЛІККЕ НАРАЗЫ БОЛДЫ"

– Алматыда 6 қаңтарда орталық алаңда адамдармен кездескенде олар "Тоқаев билікті неге қолға алмайды?" деп сұрап жатты. Олар Назарбаев пен қос билікке қатты наразы болды. Мен билікті ақтайын деп тұрған жоқпын. Бірақ сол күні алаңда жүргендер арасында өзін қолдайтындар болғанын президент Тоқаев білмеуі де мүмкін, тіпті сезбеуі де ықтимал, – деп еске алады Асылхан.

– Қазір сол кезде митингіге қатысқан адамдармен сөйлескенде есіне алғысы келмейтіндер көп. Бұны халықтың ақталмаған үміті десек болады. Журналист ретінде осындай конфликтерде бұрын да болғанмын. Бірақ осы жолы өкінетінім – оқиғаның кескінін толық көре алмай қалдым. Тек өзіміз жүрген жерлерді түсіріп алдық. Ал біз болмаған жақтарда қаншама оқиға қайнап жатты?! Соның бәрін ретін тауып түсіріп алу керек еді. Осы ретпен келгенде, Қаңтар оқиғасының картинасын ешкім де толық айтып бере алмайды. Қаңтар оқиғасының басталғанын көрдім, бірақ бәрін көрген жоқпын ғой... – дейді ол.

Бүгінгі "Азаттық радиосына – 70 жыл" подкасында Қаңтар оқиғасында Азаттық журналистері қалай жұмыс істегені айтылды. Бұл мақалада қысқаша берілген естеліктердің толық нұсқасы подкастың бүгінгі эпизодына ұсынылып отыр.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG