Accessibility links

Құқықтық медиа-орталық "сөз бостандығына қысым күшейгеніне", "Әділ сөз" Мұхаммедкәрімнің жағдайына алаңдайды

Солдан оңға қарай: қазақстандық журналистер Александра Сенцова (Алехова), Лұқпан Ахмедияров, Динара Егеубаева және Азамат Омаров.
Солдан оңға қарай: қазақстандық журналистер Александра Сенцова (Алехова), Лұқпан Ахмедияров, Динара Егеубаева және Азамат Омаров.

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау ұйымдары - Құқықтық медиа-орталық пен "Әділ сөз" елдегі журналистердің ахуалына қатысты мәлімдеме жасады.

"ЖУРНАЛИСТІК ШЕКТЕУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ"

Құқықтық медиа-орталық елде болып жағдайды журналистік қызметті шектеудің жаңа кезеңі деп бағалап, Қазақстан билігін журналистерді қудалауды тоқтатуға және сот істерінің бейтарап әрі тәуелсіз қаралуын қамтамасыз етуге шақырды.

Ұйым кейінгі кезде Қазақстанда бірқатар журналистер мен медиа өкілдеріне қатысты қылмыстық істер қозғалып, тәуелсіз БАҚ-тардың сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталғанын айтқан. Мысалы, журналистер Александра Алехова (Сенцова), Гүлнәр Бажкенова , Ботагөз Омарова, Әсет Матаев, Әмір Қасенов , Азамат Омаров және Динара Егеубаеваға қатысты қылмыстық істер қозғалғанын, KazTAG, "Республика", Orda, "Уральская неделя", "Наша газета", Otkir Kurek және құқықтық медиа-орталықтың интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі аккаунттарына шектеулер қойылғанын, журналист Вадим Борейконың "Гиперборей", Асхат Ниязовтың "Обожаю", Рауль Упоров пен Лұқпан Ахмедияровтың "Просто журналистика" жобалары, Гүлжан Ерғалиева мен Жәния Ұранқаеваның парақшалары кедергілерге тап болғанын атап жазған. Сондай-ақ Борейко мен Егеубаеваға қарсы ақпараттық науқандар жүргізіліп, Ахмедияровтың елден шығуына шектеу қойылып , мүлкіне зиян келтірілгенін айтқан.

Ал Данияр Әділбеков , Махамбет Әбжан мен Әйгерім Тілеужанның қамауда отырғанын атап жазған.

Құқықтық медиа-орталық алғашқы Құрылтай сайлау кезеңінде Азаттық радиосы журналистері аккредитациядан айырылу қаупіне тап болғанына да назар аударған.

Қазақстан билігі елде цензураға тыйым салынған, сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына байланысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелетіні туралы құқық қорғаушы ұйымдардың сынына келіспейтінін айтып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген .

Кейінгі 20 жылда Қазақстандағы журналистер мен редакциялардың құқықтары жүздеген рет бұзылғанын тіркеп, соттарда олардың мүддесін қорғаған ұйымның пікірінше, қазіргі жағдайдың ерекшелігі – журналистердің қылмыстық қудалануы ғана емес, кей жағдайда сот шешімі немесе өзге де құқықтық шаралар арқылы олардың кәсіби қызметпен айналысу мүмкіндігі шектеліп отыр.

"Журналисті өз кәсібімен айналысу құқығынан айыру – қоғамның тәуелсіз ақпарат алу құқығын шектеу", — деп мәлімдеді Құқықтық медиа-орталық.

Елде болып жатқан оқиғаларды журналистер мен тәуелсіз редакцияларға жасалған қысым, ақпаратты еркін алу мүмкіндігі шектеу және тәуелсіз БАҚ беделін түсіруді көздейтін іс-әрекеттер аясындағы үрдіс деп сипаттаған ұйым бұл жағдай Қазақстанның халықаралық сөз бостандығы рейтингтеріндегі көрсеткішіне әсер ететінін айтты.

Құқықтық медиа-орталық журналистер қауымын әріптестерімен ынтымақтастықты күшейтіп, қысымға ұшыраған журналистерді қолдауды жалғастыруға шақырды. Сонымен бірге халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссияларды Қазақстандағы журналистерге қатысты кейінгі болған жағдайларға жария түрде баға беруге және журналистік қызметті одан әрі қылмыстық қудалауға жол бермеу үшін дипломатиялық тетіктерді пайдалануға үндеді.

"ӘДІЛ СӨЗ" МҰХАММЕДКӘРІМНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ТАЛАП ЕТЕДІ

"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы "экстремизм" айыбымен сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығына байланысты алаңдаушылық білдірді . Ұйым журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісовке сілтеп, Мұхаммедкәрімнің денсаулығы күрт нашарлап кетті дейді.

Нұрпейісов "Әділ сөзге" журналистің жүрегі мен бүйрегі ауыратынын, оған толық медициналық тексеріс жүргізілмегенін, Думан Мұхаммедкәрімнің наразылық ретінде дәрі-дәрмек пен батерейка жұтқанын, бірақ төрт сағат бойы медициналық көмек көрсетілмегенін хабарлаған.

Журналист өзін Қызылордадағы түрмеден Алматы облысындағы қамау мекемесіне ауыстыруды талап етіп келеді, бұл талабы орындалмағандықтан қарсылық ретінде түрлі заттар жұтқаны айтылған.
"Әділ сөз" қоры журналистің Алматы облысындағы түрмеге ауыстыру бойынша талабы орындалып, заңды құқықтарының сақталуын талап етеді.

Журналист абақтыда "батарея жұтқан". Түрме басшылығы мұны растамады
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:37 0:00

Журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен 2024 жылы тамызда жеті жылға сотталған. Мұхаммедкәрімнің үстінен қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған онлайн-сұхбат себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ"-ны "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз бостандығы рейтингінде Қазақстан биыл 8 саты сырғып, 149-орынға түскен. Интернеттегі еркіндікті саралайтын Freedom House ұйымы есебінде Қазақстан "еркін емес ел" тізімінен шыға алмай келеді. Қазақстан билігі бұған келіспей, халықаралық рейтингтер біржақты жасалады, шынайы ахуалды көрсететін бейтарап көрсеткіш емес деп мәлімдейді.

Айдар
XS
SM
MD
LG