Accessibility links

БАҚ: КҚК терминалы маңында ресейлік мұнай тиелген танкерге шабуыл жасалған

Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалы (көрнекі сурет)
Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалы (көрнекі сурет)

Новороссийск маңында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалынан ресейлік мұнай тиеп алған Skiros танкеріне Қара теңізде дрон шабуыл жасаған. Мұны жағдаймен таныс дереккөздерге сүйеніп Bloomberg хабарлады.

Оқиға 16 тамызда болған. Skiros – бір миллион баррельге жуық мұнай тасымалдай алатын, Suezmax сыныбына жататын танкер. Либерия туын іліп алып жүрген кемені грек компаниясы басқарады деп жазды агенттік.

Оның мәліметінше, шабуылдан экипаж мүшелері зардап шекпеген, танкерден мұнай төгілмеген. Кеме операторы компания оқиға жайлы білетінін растағанымен, қосымша түсініктеме беруден бас тартқан. Шабуылды кім жасағаны ресми түрде жарияланған жоқ.

Бұл кейінгі үш апта көлемінде КҚК терминалына кірген кемеге шабуыл жасалғаны белгілі болған алғашқы оқиға. Шілде айында дрон шабуылдары салдарынан Новороссийск маңындағы терминалдағы жұмысты тоқтатқан: Reuters агенттігінің хабарлауынша, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тиелетін мұнай көлемі бір айда 20 пайыздан астамға төмендеген.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Қазақстан мұнайын экспортқа шығаратын негізгі бағыт саналады. КҚК желісімен Қазақстаннан шикі мұнай Ресейдің Қара теңіз жағалауына жеткізіледі, содан кейін танкерге тиеліп, әлемдік нарыққа жөнелтіледі. Новороссийск маңындағы бұған дейінгі шабуылдар мұнай экспортын азайтып, Қазақстандағы мұнай өндірісі көлемін төмендеткен.

Өткен аптада Financial Times басылымы Украина АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің үндеуінен кейін КҚК терминалын пайдаланатын ресейлік емес танкерлерге шабуыл жасауды тоқтатқанын жазған. Газет мәліметтері бойынша, Киев КҚК инфрақұрылымына немесе шетелдік кемелерге (егер олар Украина санкцияларына ұшырамаса немесе ресейлік жүктерді тасымалдамаса) шабуыл жасамауға келіскен.

Украина КҚК маңындағы танкерлерге 17,19 және 21 шілдеде шабуылдаған. Осыдан соң КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан еді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасауды дереу доғаруды талап етіп, мұны Қазақстанның "экономикалық мүдделеріне қол сұғу" деп сипаттаған, бірақ нақты елді атамаған.

30 шілдеде Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, КҚК айналасындағы жағдайды талқылаған еді.

8 тамызда Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сілтеп, Украина АҚШ өкілдерімен келіссөзден соң КҚК мен Қара теңіздегі Ресейге қатысы жоқ танкерлерге соққы жасамауға келісті деп жазған.

Биыл ақпанда Вашингтон Киевті Қара теңіздегі мұнай нысандарына соққы жасамауға шақырған еді. АҚШ мемлекеттік департаменті Украинаның Новороссийскідегі мұнай нысандарына соққылары Американың Қазақстандағы инвестициясына әсер ететінін жеткізген.

Айдар
XS
SM
MD
LG