Accessibility links

Иран профессорлары билікті студенттерді қудаламауға шақырды


Тегеран университеті маңындағы үкіметке қарсы шеруге шыққан студенттер. Иран, 30 желтоқсан 2017 жыл.
Тегеран университеті маңындағы үкіметке қарсы шеруге шыққан студенттер. Иран, 30 желтоқсан 2017 жыл.

Ирандағы университет оқытушылары мен басқа да азаматтар студенттерді жаппай қудалауды сынға алып, ондаған студент пен белсендіні тұтқындап, түрме жазасына кескен билікке наразылық білдірді.

Иран жоғары оқу орындарының профессорлары және басқа да көзіқарақты азаматтар студенттерді қудалауға салған үкіметтің іс-әрекеттерін сынап, президент Хассан Роуханиді жауапкершілікті мойнына алып, тез арада шара қолдануға шақырды.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, былтырғы желтоқсанның соңы мен қаңтардың басы аралығында болған экономикаға қатысты наразылық шаралары кезінде жүзден аса студент ұсталған. Сексеннен астам қалада өткен наразылық шаралары билікке қарсы шерулерге ұласып, арасында елдің рухани көсемі Әли Хаменеиге қарсы ұран тастағандар да болған. Кей ақпараттарға қарағанда, ұсталғандардың арасында көтеріліске еш қатысы жоқ адамдар да бар.

Иран ақпарат құралдары мен адам құқықтарын қорғаушы белсенділердің айтуынша, ұсталған студенттердің екеуі – Сина Дарвиш Омран мен Әли Мозаффари ұлттың қауіпсіздігіне қарсы әрекет еткен деген айыппен сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.

Фотогалерея. 2017 жылдың соңындағы Ирандағы наразылық:

2017 жылғы желтоқсанда Барлау министрлігінің адамдары тұтқындап, бір кісілік камерада ұстады делінген Омран мен Мозаффариге екі жылға дейін саясатпен айналысуға, әлеуметтік медиада пікір білдіруге тыйым салынуы мүмкін.

Бұлардан басқа тағы үш студент 6 айдан бір жылға дейінгі мерзімге түрме жазасына кесілді, әрі оларға елден шығуға тыйым салды.

Оқи отырыңыз: Желіде талқыланған Иранның 39 жылдық бейнесі

Университеттердің жүзден астам оқытушысы студенттерді тұтқындап, түрме жазасына кесу шараларын сынап, президент Роуханиге хат жазды. Бұл қысымнан соң "университеттерде әлдекімдер наразы пікірлерді тұншықтырғысы келіп жатыр деген тұжырым қалыптасты" деп жазды хат авторлары.

Шілденің 16-сында Иран ақпарат агенттіктері таратқан хатта: "Ұсталғандардың көбі құқықтық тұрғыда белсенді азаматтар сияқты, әрі олардың арасында университет қабырғасында сіздің үкіметті сынағандар да болуы мүмкін", – деп жазылған.

"Сізді "адамдардың құқықтарын қорғаймын" деген уәдеңізде тұрып, әрекет етуге, студенттер сыни пікір айта алатын [қауіпсіз] орта қалыптастыруға, [оларды] қорғауға шақырамыз", – дейді хат авторлары.


Қол қойғандар университеттерде жастарды қудалай бергеннің орнына "қауіпсіз орта" қалыптастыруды сұраған.

Осы айдың басында Ирандағы 60-тан аса университет студенттерге қысым жасауды тоқтатуды талап еткен. Бірлескен мәлімдемеде олар ұсталған студенттерді босатып, қудалауды тоқтатуға, басшысын тікелей президент тағайындайтын Барлау министрлігінің рөлін анықтауға шақырған.

Иран президенті Хассан Роухани.
Иран президенті Хассан Роухани.

Университеттер мәлімдемесінде: "Хассан Роуханидің "қалыпты" үкіметі тұтқындауға қарсы әрекет жасамады, есесіне тұтқындау мен соттаудың артында оның Барлау министрлігі тұрғаны белгілі", – делінген.

Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі хабарларға қарағанда, соңғы бірнеше апта ішінде Иранның бірнеше университетінің студенттері өздеріне жасалған қысымға наразылық білдірген.

Маусымның 28-і күні интернетте жарияланған бір видеода Тебриз медицина ғылымдары университеті студенттерінің наразылық әнін шырқап, "Студенттер түрмеде жатпауы тиіс" деген жазу көтеріп тұрғаны көрінеді.

Жастар сыни пікірді тұншықтыруға наразылық ретінде беттеріне маска киіп алған.

2013 жылы президенттікке сайланғанда "салмақты саясаткер" атанған Роухани екінші мерзім кезінде әсіредіншіл консерваторлардың қарсылығына тап болды. Олар Роуханидің "ирандықтарға көбірек еркіндік беремін, олардың жеке өміріне мемлекеттің орынсыз араласуын шектеймін" деген уәдесін сынға алып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG