Accessibility links

Тәжік ауылында әйелдерге жұмыс табу қиын


Хилоли ауылында тұратын бойжеткендер. Тәжікстан, ақпан, 2019 жыл.
Хилоли ауылында тұратын бойжеткендер. Тәжікстан, ақпан, 2019 жыл.

Орталық Азияның кедей мемлекеті Тәжікстанда жұмыс табу өте қиын. Әсіресе ауылды жерде бірнеше баласымен тұрып жатқан, басқа жаққа кетуге мүмкіндігі жоқ әйелдер жоқшылық зардабын тартып отыр.

Тәжікстан халқының үштен бірге жуығы жоқшылықта өмір сүріп жатыр. Кедейшілік зардабы негізінен ауылды жерде тұратын, жоғары немесе орта білімі жоқ көп балалы ерлі-зайыптылар мен бірнеше баласы бар, күйеуінен ажырасқан әйелдерге батып отыр. Жұмыс іздеп шетелге немесе қалаға кетуге мүмкіндігі бар ерлерге қарағанда әйелдер балаларына қарайлап ауылдан шыға алмайды.

Раджабгүл Валиеваның бес баласымен бірге Хуросон ауданы Хилоли ауылында қабырғасының сылағы түсіп, едені әбден тозған үйде тіршілік кешіп жатқанына бес жыл болған.

Раджабгүл Валиева үйінің қабырғасын көрсетіп тұр. Тәжікстан, ақпан, 2019 жыл.
Раджабгүл Валиева үйінің қабырғасын көрсетіп тұр. Тәжікстан, ақпан, 2019 жыл.

Бір үйдегі алты жан кедей отбасыға берілетін жәрдемақы мен Раджабгүл бұрынғы күйеуінен алатын алиментке (25 доллар) өмір сүреді. Тәжікстанда кедей деп танылған адамға 12 доллар шамасында жәрдемақы беріледі.

Раджабгүл кез келген жұмысты істеуге әзір, бірақ ауылда жұмыс жоқ, қалаға кетейін десе балаларына қарайтын ешкім жоқ.

"Санитарлық жұмысқа алмады. Балабақшаға жұмысқа тұру үшін әуелі жұмыс бергеніне ақша төлеуің керек. Бізді адамның қоры санайды. Бес баламен осылай өлместің күнін кешіп жатырмыз" дейді ол.

Бұл ауылда тек көктем мен күзде ғана мақта алқабында жұмыс табуға болады дейді Раджабгүлдің көршісі Тахмина Каюмова. Оның отбасы да 20 жылдан бері ескі үйде тұрып жатыр. Бұрын бұл жерде болған тоғанды кейін көміп тастаған. Қазір үйдің қабырғасы мен едені дым тартып тұрады.

Тахмина басқа жаққа кетуге мүмкіндігі жоқ болғандықтан адам төзгісіз жағдайда өмір сүруге мәжбүр екенін айтады. Анда-санда жолыққан жұмыстан тапқан-таянғаны аштан өлмеуге сеп болып отыр.

"Біз қазір жұмыссыз отырмыз. Жазда алқаптан мақтаның кепкен сабағын теріп, соны өткізіп тиын-тебенге бірдеңе сатып алғандай боламыз. Барлығымызды асырауға әкемнің шамасы жетпейді. Анам [жұмыс істеуге] Ресейге де барып көрген. Бірақ бұл жерден шыға алмай отырғанына екі жыл болды" дейді Тахмина.

Хилоли ауылының тұрғындары. Тәжікстан, ақпан, 2019 жыл.
Хилоли ауылының тұрғындары. Тәжікстан, ақпан, 2019 жыл.

Кәсіпорын мен өндірісі жоқ Хилоли ауылындағы әкімшілік мекемелерде санаулы адамға ғана жұмыс бар. Әйелдер ешқайда жұмысқа тұра алмайды.

"Үйдегі кір-қоңды жуу, тазалық жұмыстары, отбасы мүшелерін күтіп-қарау негізінен әйелдің мойнында. Мысалы, олар ауылды жерде су тасуға көп уақыт жұмсайды. Яғни, олар орташа есеппен жеті сағаттан артық осындай жұмыстар атқарады. Бұл оларға қандай да бір қаржы қызметімен айналысып, табыс табуына уақыт бермейді" дейді кедейшілік проблемаларымен айналысатын Оxfam халықаралық ұйымының Тәжікстандағы өкілі Саид Хайет.

"Әйелдерге егістік алқабында, кейде әлдекімнің алқабында жұмыс істеуіне тура келеді. Егер қандай да бір кәсібі болса сонымен айналысады, бірақ ол сұранысқа байланысты" деп түсіндіреді гендерлік теңдік саласы бойынша сарапшы Фарзона Шарифзода.

Алқаптағы жұмысына әйелдер ақша алады. Олармен ешқандай еңбек келісімі жасалмайды. Сондықтан ол еңбегі үшін кейін зейнетақы даулай алмайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG