Accessibility links

Ташкент Қытайдағы ұйғырлар мәселесін зерттеушіні елге кіргізбеді


Лингвист, жазушы әрі ұйғыр тілінен аудармашы Евгений Бунин (ортада).
Лингвист, жазушы әрі ұйғыр тілінен аудармашы Евгений Бунин (ортада).

Өзбекстан шекарашылары шетелдік зерттеуші Евгений Бунинді елге кіргізбей қойды. Билік оның себебін түсіндірген жоқ. Бунин мұны қазір өзі зерттеп жүрген Қытайдағы ұйғырлар мәселесімен байланыстырады.

"НЕГЕ КІРГІЗБЕЙТІНІН ӨЗІҢІЗ ДЕ БІЛЕТІН ШЫҒАРСЫЗ"

Қарашаның 1-і күні Өзбекстанның шекара қызметі лингвист, жазушы әрі ұйғыр тілінің аудармашысы Евгений Бунинді Ташкент халықаралық әуежайынан Алматыға кері қайтарды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы).

Өзбек шекарашылары шетел азаматының қолына тапсырған ресми қағазда "құжат иесіне Өзбекстан республикасына кіруге болмайтыны" ғана жазылған. Шекара қызметінің өкілдері Бунинге әлгі құжатты тапсырып тұрып: "Сізді Өзбекстанға неге кіргізбейтінін өзіңіз де білетін шығарсыз" деген.

Евгений Бунин өзіне қатысты Өзбекстан билігінің мұндай шешім қабылдауына қазіргі айналысып жүрген зерттеуі тікелей себеп болды деп санайды.

- Бұл менің жұмысыммен байланысты екеніне 100 пайыз сенімдімін, өйткені басқа себебі жоқ. Өткен қыста Өзбекстанда үш-төрт ай тұрдым, жергілікті саясатқа араласқаным жоқ. Мен бар болғаны Шыңжаңдағы мәселелермен айналыстым, - дейді Бунин.

Ол негізінен Қазақстанда тұрып жатқанын, ал қыс мезгілінде Өзбекстанда болуды ұнататынын айтады.

Зерттеуші Евгений Бунин. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Зерттеуші Евгений Бунин. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

- Бұхараға бара жатқан едім. Күндіз ұшып бармақшы болдым, құжат тексеретін орында паспортымды алып, күте тұр деді. Біршама уақыт өткенде мені ұшу аймағынан өткізді де, Алматыға кері қайтаратындарын айтты. Маған (Өзбекстанға) кіруге тыйым салыныпты, бірақ оның себебін түсіндірудің орнына: "Сыртқы істер министрлігінен сұраңыз, біз қатардағы шекарашылармыз, ештеңе білмейміз" деп хабарлады, - деді Бунин Озодлик радиосына.

Ол осыдан екі ай бұрын өзбекстандық тарихшы әрі саясаттанушы Әнуар Нәзірдің шақыруымен барып, Ташкенттегі жиынға қатысқанын айтады.

- Мен ол ұйымдастырған кездесуде болдым, жергілікті белсенділермен бірге 10-15 адам жиналдық. Олар Шыңжаң туралы жай әңгіме айтты. Бәлкім сол үшін Өзбекстанға кіруіме рұқсат етпеген шығар, анығын білмеймін, - дейді зерттеуші.

Евгений Бунин Өзбекстан сыртқы істер министрлігінен өзін елге кіргізбеудің себебін сұрағысы келеді. Ол биліктің мұндай іс-әрекеті Өзбекстанда бұрынғы президент Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін мемлекет басшылығына келген Шавкат Мирзияевтан өзгеріс күткен халықаралық қауымдастықтың оның саясатына деген күмәнін күшейтеді деп санайды.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫСЫМ ТАҚЫРЫБЫ

АҚШ пен Ресей азаматы, қазір Қазақстанда тұратын 34 жастағы Евгений Бунин соңғы екі жылдан бері Қытайда қысым көрген аз ұлттар туралы мақалалар жазып, халықаралық ұйымдардың назарын аударуға тырысып жүр.

Сәуір айында Бунин Қытай "лагерінде" отырып шыққандарға көмекке қаржы жинау туралы бастама көтерген. Оның айтуынша, АҚШ, Еуропа мен Австралиядан адамдар жәрдем көрсеткен.

Егвений Бунин бұған дейін бірталай уақыт Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұрып, ұйғыр тілі мен салт-дәстүрін зерттеген. Озодлик тілшісіне берген сұхбатында ол Пекиннің Шыңжаңдағы саясатының құрбандары жайлы дерек қорын жинақтап жатқанын айтты. Бунин Өзбекстан билігінің өзін елге кіргізбей қоюына да осы жұмысы себеп болуы мүмкін деп санайды.

- Мұнымен айналысып жатқаныма бір жыл болды: Шыңжаңдағы құрбандар туралы мәліметтер, олардың туыстарының куәліктері, хабар-ошарсыз кеткендер туралы ақпарат жинастырып жүрмін. Қазір дерек қорында 5400-ге жуық ұйғар тіркелген. Қытайдың шамына қатты бататын бұл мәселе бойынша әлемдегі санаулы сарапшылардың бірімін. Менің ойымша, Қытаймен қатынасы жақсы Өзбекстан билігіне менің ісім қауіпті боп көрінген тәрізді, - дейді ол.

Шетелдік зерттеуші осыдан бірнеше ай бұрын Өзбекстанның Бұхара қаласында өзі жалдап тұрған пәтердің иелерінен арнайы қызмет өкілдері ол жайлы сұрап, ақпарат жинағанын айтады.

Евгений Бунин – өзбек шекарашылары себебін еш түсіндірместен Өзбекстанға кіргізбей қойған кезекті шетел азаматы. Өзбекстан билігі немесе осы елдегі жағдай туралы сын мақалалары үшін бұл елге кіру құқығынан айырылған шетелдіктер саны аз емес. 2003 жылы ресейлік құқық қорғаушы Николай Митрохин, 2005 жылы – халықаралық тақырыпқа жазатын журналист Игорь Ротарь, 2012 жылы – BBC тілшісі Наталья Антелава мен ресейлік журналист Виктория Ивлева, 2014 жылы – ресейлік фотограф Константин Саломатин, 2015 жылы – ресейлік антрополог ғалым Сергей Абашин, 2016 жылы неміс журналисі Эдда Шлагерді Өзбекстанға кіргізбей қойған. Олардың ешқайсысы биліктен не себепті елге кіргізуден бас тартқаны жайлы тұщымды жауап ала алмаған.

Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында тұратын этникалық ұйғырлар және өзге де байырғы ұлттар өкілдерімен (негізінен мұсылмандар) бірге қазақтарды да жаппай ұстап, "саяси тәрбие лагерлеріне" жібергені туралы арыз-шағымдар 2017 жылдың ортасынан бастап жиілеген.

Өткен жылы БҰҰ Қытай билігі Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр, қазақ және өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін "экстремизммен күрес орталықтарында" мәжбүрлеп ұстап отыр, миллиондаған адамды "саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" жіберген деп мәлімдеген.

Бастапқы кезде этникалық азшылық өкілдерін еркінен тыс "лагерге" қамау туралы хабарларды жоққа шығарған Пекин кейін Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, әлгіндей лагерлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп түсіндірген.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы бойынша дайындалды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG