Accessibility links

Сепаратистік аймақтағы билікке талас


Луганск қаласының орталығындағы беттерін тұмшалап, қару асынған адамдар. 22 қараша 2017 жыл.
Луганск қаласының орталығындағы беттерін тұмшалап, қару асынған адамдар. 22 қараша 2017 жыл.

Украинаның шығысындағы Луганск қаласының көшелерін беренді әскери көлікке мінген қарулы адамдар торуылдап жүр. Соғыс оты шарпыған аймақта бұл оғаш көрініс емес, бірақ бұл жолғы торуылдың жөні бөлек.

Қарашаның 21-і түнде жұрттың бәріне үйреншікті көрініс қайталанды. Беттеріне маска киіп, мұздай қаруланған адамдар Луганск көшелерін беренді көлікпен қарауылдап жүрді. Бірақ бұл жолы көше торуылдап жүргендер – сепаратистерге қарсы сепаратистер еді.

Сонымен, Шығыс Украинада не болып жатыр?

БҰЛ ТӨҢКЕРІС ПЕ?

Өзін "Луганск халық республикасы" деп атаған сепаратистік аймақ басшыларының арасындағы билік үшін талас Луганск көшелерінде жалғасып жатыр. "Республиканың" басшысы Игорь Плотницкий 20 қарашада аймақтың бас полицейі Игорь Корнетті орнынан алып тастаған. Бұған ашуланған Корнет билікті қайтарып алуға көшкен.

Плотницкий мен Корнеттің арасындағы араздықтың тамыры тым тереңде жатыр. Оған тағы бір себеп – Плотницкий Корнеттің өзіне деп 2014 жылы алған үлкен үйін тартып алып қойған. Плотницкийді Кремль қолдаса, Корнетке Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) үміт артып отырса керек.

Корнет бүлікті қарашаның 21-інде бастады. Оны қолдайды деп саналатын жасыл киім киген адамдар Луганскінің негізгі әкімшілік ғимараттарын басып алып, қала орталығына бақылау орнатты. Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Плотницкий шекарадан өтіп, Ресей асып кеткен.

Дегенмен, "Луганск халық республикасы" басшысының қайда жүргені туралы әртүрлі ақпарат бар. Украина ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Артем Шевченконың айтуынша, Плотницкий Ресейге қашып кеткен. Ал Луганскідегі сепаратистер телеарнасы қарашаның 22-індегі хабарында оның қалада екенін хабарлады. Телеарна репортажында аймақтың басқа да де-факто басшыларымен жиналыс өткізіп отырған Плотницкийді көрсетті. Жиында ол "үкіметті орнынан кетіруге әрекеттенді" деп Корнетті айыптады. Бұл видеоның нақты қай жерде түсірілгені белгісіз.

Көшедегі біраз көріністі Луганскінің "мемлекеттік" ГТРК ЛНР телеарнасы таспаға түсіріп алған. Бұл видеолар билікті басып алу әрекеті болғанын дәлелдейді.

Азаттық радиосы да Луганскіден бірер видео түсірді.

Екі бейнетаспада да беренді көліктермен құрсауланған қала орталығында қару асынып, көшені күзетіп жүрген адамдар байқалады. Бұл көріністер Ресейдің Қырымды өзіне қаратып алған кезіндегі "жасыл адамдардың" торуылына қатты ұқсайды.

Операция қарқын алған соң жергілікті теле- және радиоарналар жұмысын тоқтатып, тұрғындар ақпараттан қағылды. Дегенмен, бұл олқылықтың орнын әлеуметтік желілер толтырды. Әскерилер де, бейбіт тұрғындар да болып жатқан жайттарды Twitter, Telegram арналарында бөлісіп, Ресейдің "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақтарға ақпарат жариялап отырды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Украинаны бақылау жөніндегі арнайы миссиясы Луганскінің орталығынан маска киген, қарулы адамдар мінген әскери көліктер тізбегін байқағанын хабарлады. ЕҚЫҰ-ның арнайы миссиясы Луганск көшелерінде жүрген ондаған көліктің суреттерін Twitter-де жариялады.

Бұған қоса, сепаратистердің қоластында қалған Украинаның тағы бір аймағы – Донецкіден шығысқа, яғни Луганскіге қарай бет түзеді деген әскери көліктердің ұзын тізбегін бейнелеген видеожазба да жағдайдың шиеленіскенін көрсетеді. Ашық деректер негізінде зерттеу жүргізетін Арик Толер видеоның Луганскідегі тас жолда түсірілгенін анықтады.

Ресейдің қолдауына сүйенетін Донецк аймағының әскері келесі сепаратистік аймақ – Луганскіге басып кіріп жатыр ма, әлде оларға әскери көмек жіберген бе?

Бұл сауалға қарашаның 22-інде жауап та табылды. Донецкіден келген арнайы күш сарбаздарымен біріккен Корнет жақтастары Луганскінің прокуратурасына шабуыл жасап, Луганскінің "бас прокурорын" және "әскери прокурорын" тұтқындаған. Ресейдің "Новая газета" басылымының жазуынша, тұтқындалған екеу де Плотницкийдің адамдары болатын.

Сепаратистердің NewsFront агенттігі Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған видеода бірнеше қарулы адамның прокуратура ғимаратынан қызметкерлерді далаға шығарып жатқан сәті бейнеленген.

КРЕМЛЬДІҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Ресейдің "РБК" телеарнасы қарашаның 23-і күні Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Владислав Сурковқа жақын топтардың Игорь Корнетті қолдап отырғанын хабарлады. Дегенмен, әлгі дереккөздің хабарлауынша, Плотницкийге соңғы мүмкіндік беріледі, яғни ол басшылық қызметте қала береді.

Игорь Плотницкий – 2015 жылғы ақпандағы Минск бейбіт келісіміне қол қойғандардың бірі. Сондықтан ішкі дау-жанжалға себепкер болғанына қарамасан, Кремль оны орнынан ала алмай отырған болуы мүмкін дейді Ресейдің "РБК" ақпарат агенттігіне сұхбат берген Ресейдің прогрессивті саясат қорының директоры Олег Бондаренко.

Ресми Кремль әлі ешқандай нақты ұстанымын жариялаған жоқ. Тек Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қарашаның 23-і күні "Мәскеу Луганскідегі жағдайды жіті бақылап отыр" дегенді ғана айтты. Журналистің сауалына жұмбақтап жауап берген Песков "бұл шиеленістің артында кімнің тұрғаны жөнінде Кремльдің өз тұжырымы бар" дегенімен, ойын тарқатып айтпады.

Айғақ көп екеніне қарамастан, Ресей Украинаның шығысындағы екі сепаратистік "республикаға" әскери және қаржылай көмек көрсетіп отырғанын жоққа шығарып келеді.

КИЕВКЕ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Украина президенті Петр Порошенко қарашаның 21-і күні Луганскідегі түсініксіз әскери оқиғаларға байланысты Киевте үкіметтің шұғыл жиынын өткізді.

Украина президентінің веб-сайтындағы мәлімет бойынша, қауіпсіздік қызметі президентке елдің шығысындағы Луганск облысының Краснодон аймағында Ресей танкілерінің мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткенін, әскерилердің арандату әрекеттерінің жиілегенін жеткізген. Жергілікті БАҚ-тарда да жарияланып жатқан бұл мәлімет тәуелсіз ақпарат көздері арқылы әлі расталған жоқ.

Осы жиында Украина президенті Порошенко: "Ресей әскери қызметкерлерінің саны көбейіп, жалдамалылардың белсенділігі артып бара жатқандықтан, Украина қарулы күштері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық әрекеттерге баруға дайын" деп мәлімдеді.

Украина президенті Петр Порошенко (ортада) елдің ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің отырысын өткізіп отыр. Киев, 21 қараша 2017 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко (ортада) елдің ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің отырысын өткізіп отыр. Киев, 21 қараша 2017 жыл.

Луганскідегі жағдай ушыққандықтан, сәрсенбіде Украинаның қарулы күштері жоғары дайындық жағдайына келтірілген. Мұны Украина Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Андрей Лысенко айтты. "Оккупанттардың әскери белсенділігіне байланысты... біздің жасағымыз тұрақты әскери дайындық жағдайында тұр" деді Лысенко.

Украинаның ерікті әскери жасағы жауынгеріне сілтеме жасаған бір ақпарат көзі "сепаратистердің арасындағы алауыздықты пайдаланған Украина үкіметінің жасағы сепаратистердің бақылауында тұрған Дебальцево қаласының түбіндегі бірнеше шаршы километр аймақ пен "бірер ауылды" қайтарып алған деп хабарлады.

ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙДЫ ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ?

Луганскіде шынымен не болып жатқанын нақты айту қиын. Шығыс Украинадағы бұл қала 2014 жылдың көктемінен бері ресейшіл сепаратистердің бақылауында тұр. 2015 жылдың күзінен бері мұнда сырттан тек бірер адам ғана кіре алған. Оккупацияланған Донецк және Луганск аймақтарында тәуелсіз, объективті ақпарат көздері жоқ. Мұнда Ресей журналистерінің кіруіне көбірек рұқсат беріледі, әрі бұл өңірге көбіне мемлекет бақылауындағы не Кремльді жақтайтын ақпарат құралдарының өкілдері барып, біржақты мағлұмат таратып жатады.

Әйткенмен, біршама сенімді ақпарат құралдарының хабарлауынша, Кремль Игорь Плотницкийден шаршаған сыңайлы. Соңғы кездері Луганск "халық республикасы" заңсыздық жайлаған аймаққа айналған, мұнда "айтқанға көнбеген" дала командирлеріне қастандық жасау – үйреншікті жайтқа айналған.

Аймақтағы билік үшін күрестің немен аяқталғаны белгісіз. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін де болжау қиын.

Бұл тіпті ресейшіл сепаратистердің әскери басшыларын да қобалжытып отыр. Донецкіден олардың бірі Facebook-тегі парақшасына: "Луганскіде болып жатқан жағдайдың күтпеген салдары болуы мүмкін" деп жазды.

Лондон Корольдік колледжінің Еуропаны зерттеу бойынша оқытушысы Александр Кларксонның пікірінше, Луганскіде "билікке кім келсе де, ол қазіргі және болашақтағы келіссөздер процесіне қатыстырылады, әрі қалай болғанда да, оны Мәскеу басқарады".

(Кристофер Миллердің материалын ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды.)

XS
SM
MD
LG