Accessibility links

"520 мың қызметкерді халық сайлайды". АҚШ-та оқитын қазақ журналисімен сұхбат


АҚШ президентін сайлауға дауыс беруге келген адамдар кезекте тұр. Брэндон, Флорида штаты, АҚШ, 3 қараша 2020 жыл.
АҚШ президентін сайлауға дауыс беруге келген адамдар кезекте тұр. Брэндон, Флорида штаты, АҚШ, 3 қараша 2020 жыл.

АҚШ-та оқитын қазақ журналисі, саяси шолушы Жолдас Өрісбай Азаттыққа сұхбатында америкалықтардың сайлау және сайлану құқығы қалай жүзеге асатыны туралы айтып берді.

Қазақстандықтар парламент сайлауында нақты адамға емес, партияға дауыс береді. Ал елде тәуелсіз партияны тіркеу қиын саналады. Осы себепті 2007 жылы енгізілген жабық тізімді партиялық жүйе азаматтардың сайлауға және сайлануға деген конституциялық құқығын бұзады деген пікір бар.

Билік мұнымен шектелмей, 2018 жылы партиялық тізімді мәслихат сайлауына да енгізді. Қазір Қазақстан азаматтары тек президент сайлауында ғана жеке адамға дауыс бере алады.

Азаттық АҚШ-та оқитын қазақ журналисі, саяси шолушы Жолдас Өрісбайдан америкалықтардың сайлау және сайлану құқығы қалай жүзеге асатынын сұрады.

Азаттық: АҚШ азаматтарының сайлау белсенділігі қандай?

Журналист Жолдас Өрісбай.
Журналист Жолдас Өрісбай.

Жолдас Өрісбай: Америкалықтар тек АҚШ президенті мен Конгресін ғана емес, штат губернаторларын, қала мэрлерін, аудандағы атқарушы билік өкілдерін, сот қызметкерлерін, тағы да басқа жүздеген саяси қызметкерді сайлайды. Бірнеше аудан мектептерін біріктіретін атқарушы орган бар, соның да басшысын дауыс беру арқылы таңдайды.

Вирджиния университетінің профессоры Дженифер Лоулестің 2012 жылы жасаған зерттеуіне қарағанда, АҚШ билігінде 520 мыңға жуық сайланбалы қызмет бар екен. Бұл АҚШ азаматтарының сайлау белсенділігі өте жоғары екенін білдіреді. Мысалы, әр төрт жыл сайын президент сайлауы, оның арасында губернаторлар сайлауы, аймақтық заң шығарушы органдар сайлауы, Конгресс сайлауы болады. Яғни сайлау бірінен кейін бірі келіп, сайлау белсенділігі төмендемейді. Биылғы президент сайлауында рекорд болды. Оған сайлаушылардың 66,7 пайызы қатысты.

АҚШ-та қанша сайланбалы лауазым бар?

Жолдас Өрісбай атап өткен Дженифер Лоулестің зерттеуі 2012 жылы оның "Кандидат болу" (Becoming a Candidate) дейтін кітабында жарық көрген. Онда АҚШ-та 519 682 сайланбалы қызмет бары айтылады. PoliEngine сайтының осы зерттеуге сүйеніп әзірлеген инфографикасына қарағанда, ол қызметтің 96 пайызы жергілікті, 3,6 пайызы штат, 0,1 пайызы федералдық деңгейде.

Pew Research Center зерттеу орталығының дерегіне сүйенсек, америкалықтардың 46 пайызы соңғы бір жылда кемінде бір рет саяси процестерге немесе митингілерге, өзге де саяси іс-шараға қатысқан. Ал халықтың 29 пайызы саяси үміткерлерге әлеуметтік желі арқылы соңғы бір жылда кем дегенде бір рет қолдау білдірген. Халықтың үштен бір бөлігі өзі қалаған саяси үміткерге қаржылай қолдау көрсеткен.

Америкалықтардың 51 пайызы кемінде аптасына бір рет саяси тақырып төңірегінде әңгімелеседі, ал халықтың 18 пайызы саяси мәселелерді күнде талқылайды екен. Меніңше, америкалықтардың мұндай белсенділігі сайлау жүйесімен тікелей байланысты.

Азаттық: АҚШ конгресінде негізінен екі партия бар. Жергілікті өкілді органдарға да тек осы екі партия қатыса ма, әлде басқа да партиялар бар ма? Жеке азаматтар сайлауға қатыса ала ма?

Жолдас Өрісбай: Негізгі екі партия болғанымен, америкалықтар тек осы екі партияның атынан ғана сайлауға түсе алады деген сөз емес. Америкада демократтар мен республикашылдардан бөлек либертариандар, жасылдар партиясы және конституциялық партия бар. Сондай-ақ, "Жаңа прогрессивті" деп аталатын партия да бар. Кемінде он штатта оның орталықтары бар. Кез келген деңгейдегі сайлауға қатыса алады.

Америкалықтар сайлауға ешбір партияға мүше болмай-ақ түсе алады. Оларды тәуелсіз кандидат деп атайды. Мысалы, АҚШ конгресіндегі сенат пен өкілдер палатасында екі-екіден ешбір партияға мүше емес заң шығарушы өкіл бар. Сонымен қатар, өкілдер палатасында бір либертариан, бір прогрессивті. Олар кейде негізгі екі партия заң шығару кезінде дауысқа таласқанда шешуші рөл атқарады.

Азаттық: Өте аз екен.

Жолдас Өрісбай: Өте аз болатыны халықтың көп бөлігінің мүддесі екі негізгі партияның ұстанымымен тоғысатынымен байланысты. Сайлауға қатысатын адам қай партияның атынан түскісі келсе, сол партия атынан сөйлеуіне болады. Бірақ бастапқыда партия оған қолдау білдірмейді. Алдымен үміткер өз ұстанымын өзі қалаған партияның ұстанымымен сәйкестендіре отырып танытуы керек. Ол іріктеуден (праймериз) өтіп, халық оған қолдау білдірсе ғана партия қолдауын алады. Идеялары партиялармен сай келмесе, тәуелсіз үміткер ретінде қатыса алады. Қандай да бір партияға мүше болмасаң қатыса алмайсың деген шектеу жоқ.

Азаттық: Қазақстандағы сайлау жүйесі сырттан бақылағанда қалай көрінеді?

Жолдас Өрісбай: Тек партияға ғана дауыс беру азаматтардың құқығын шектейді. Қазақстан көптеген ел сияқты өкілді демократия үлгісіне сүйенеді. Ол үлгіде халық билік өкілдерін өзі сайлайды. Сайланған адамдар дауыс берген азаматтардың мүдделерін қорғап, мәселелерін көтереді. Бірақ өкілді демократияда халық нақты қандай адамды сайлап жатқанын білуі керек. Қазақстанда партия тізімі жарияланады, бірақ тізімнен кімнің сайланатыны көрсетілмейді. Ол дұрыс емес. Сіз партияға дауыс бересіз де, партия атынан қай адамның депутат болатынын білмейсіз. Мысалы, партия атынан депутат болған адамның мүдделері сайлаушының мүдделерімен сай келмеуі мүмкін.

Әр азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін шешімдер, заңдар қабылдайтын болған соң нақты кімнің сайланатынын халық білуі тиіс.

Әр азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін шешімдер, заңдар қабылдайтын болған соң нақты кімнің сайланатынын халық білуі тиіс. Сонда ғана ашық демократиялық қоғам құруға болады. Ал қазіргідей кім сайланатыны белгісіз жабық тізім бәлкім парламентті бақылауда ұстау әдістерінің бірі болар.

Азаттық: Қазақстанда "Нұр Отан" партиясының билікте отырғанына 20 жылдан асты. Сайлау процесіне сын айтылса да, үлкен басымдықпен жеңіп жатады. Ал билік партиясының өзі болса, "халық бізді қолдайды" дегенді жиі айтады.

Жолдас Өрісбай: Халықтың неше пайызы "Нұр Отан" партиясын қолдайтынын анықтайтын сауалнамаларды тәуелсіз зерттеу орталықтары жүргізбейді. Сол себепті бұрмалау болуы ықтимал. Мысалы, АҚШ-тағы қоғамдық пікірді анықтайтын Gallup институтының өткен жылғы қазан айында жүргізген сауалнамасына қарағанда, америкалықтардың 31 пайызы Республикалық партияны, тағы 31 пайызы Демократиялық партияны қолдайтынын, 36 пайызы қолдау білдіретін партиясы жоғын айтқан. Отандастарымыздың пікірін тәуелсіз институттар анықтайтындай мүмкіндік болса, онда біз "Нұр Отанды" шын мәнінде халықтың қанша пайызы қолдайтынын көре алар едік. Әзірге елімізде қоғам пікірін анықтайтын тәуелсіз саяси институттар болмаған соң, "Нұр Отанды" мынанша халық қолдайды дегенге сену қиын.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG