Accessibility links

Еділ Байсалов: Жергілікті кеңеш сайлауы жаңа күштерді байқатты


Қырғызстан конституциясына өзгертулер енгізу жөніндегі референдум мен жергілікті кеңеш сайлауына дауыс беріп жатқан адамдар. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.
Қырғызстан конституциясына өзгертулер енгізу жөніндегі референдум мен жергілікті кеңеш сайлауына дауыс беріп жатқан адамдар. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Қырғызстанда конституциялық реформа туралы референдуммен бірге жергілікті кеңештер сайлауы өтті. Азаттыққа сұхбатында қырғыз саясаттанушысы Еділ Байсалов негізгі бәсеке бұрыннан келе жатқан партиялар арасында өткенімен, саяси алаңда жаңа күштер байқалғанын айтады.

Қырғызстан азаматтары желтоқсанның 11-і күні конституцияға енгізілетін өзгерістер жөніндегі референдуммен бірге жергілікті билік органдары - 22 қалалық және 389 ауылдық кеңеш сайлауына дауыс берді. Бұл Қырғызстанда 2010 жылғы сәуірдегі революциядан кейін елде қабылданған жаңа сайлау жүйесі бойынша осымен екінші рет өткізілген жергілікті кеңеш сайлауы.

Қолданыстағы заңға сәйкес, жергілікті кеңеш сайлауына саяси партиялар өз кандидаттарын ұсынады. Бұл сайлауға ондаған партиядан үміткерлер түсті.

Президент Алмазбек Атамбаевты қолдайтын Қырғызстан социал-демократиялық партиясы мен онымен бір коалициядағы «Республика - Атажұрт» партиясы ғана елдегі барлық қалалық кеңеш сайлауларына кандидаттарын ұсынған. «Өнүгүү-Прогресс» партиясы 20 қалада, «Қырғызстан» партиясы – 17 қалада кеңештер сайлауына қатысты.

Оппозициялық «Атамекен» партиясы «қысым жасалатындықтан» биылғы жергілікті кеңештер сайлауына қатыспайтынын мәлімдеген.

Азаттық тілшісі Қырғызстандағы биылғы жергілікті кеңеш сайлауының ерекшелігі жайлы қырғызстандық саясаттанушы Еділ Байсаловпен сұхбаттасты.

Қырғызстандық сарапшы Еділ Байсалов.
Қырғызстандық сарапшы Еділ Байсалов.

Азаттық: - Бүгін референдуммен қатар Қырғызстандағы елді мекендердің басым көпшілігінде, соның ішінде Бішкек қаласында жергілікті кеңештер сайлауы өтіп жатыр. Осы сайлауда қандай да бір партияның басымдығы байқала ма? Билік партиясы мүмкіндігін қалай бағалар едіңіз?

Еділ Байсалов: - Президент Алмазбек Атамбаевтың Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) мұның алдындағы сайлауларда да басым болған емес. Өйткені президенттің танымалдылығы (популярность) өте жоғары деп айта алмаймыз. Соңғы айларда тіпті төмендеп кетті, сондықтан көп дауыс ала алмаса таңғалмаймын. Билік партиясы Жалалабад, Ош өңірінде өте аз дауыс алуы мүмкін. Бұл өңірдегі ҚСДП жетекшілігі мен оның кадрларының деңгейі төмен болғаны байқалды. Жалалабадта бұл партияның тізімі заң талабына сай келмейді деп қайтарылған. Өйткені, заң бойынша əр үшінші үміткер əйел адам болуы керек. Бұл жайт президентке де, елге де көп жағдайды аңғартса керек. Қазір бұл рейтинг өте маңызды, өйткені Қырғызстанда келер жылы президент сайлауы өтеді, бұл соның алдындағы саяси таразы тәрізді.

Қырғызстанның «Атамекен» партиясы жетекшісі Омурбек Текебаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.
Қырғызстанның «Атамекен» партиясы жетекшісі Омурбек Текебаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Азаттық: - Оппозициялық «Атамекен» партиясы жергілікті кеңештер сайлауына неліктен қатыспады?

Еділ Байсалов: - «Атамекен» бұл сайлауларға қатыспай үлкен қателік жіберді. Партия жетекшісі Омурбек Текебаев «партия мүшелеріне қысым жасалды, сайлауға қатысуға кедергі жасады» дейді. Бірақ өз басым ол мəлімдемеге сеніңкіремеймін. Бұл партия бұрынғы президенттер Асқар Ақаевтың, Құрманбек Бакиевтің тұсында сайлауларға қатысып келген. Сөйте тұра бұл жолы қысым кесірінен қатыспадық дегені таңғаларлық. Меніңше, бұл - партияның əлсіздігін, даңқты, танымал кезінің арта қала бастағанын білдірсе керек.

Азаттық: - Қырғызстан астанасында сайлау бәсекесі қалай жүрді? Бұрыннан келе жатқандардан өзге көзге түскен тың саяси күштер бар ма?

Еділ Байсалов: - Бішкекте негізгі күрес осы парламентте отырған партиялар арасында өтті. Дегенмен жаңадан жас саяси күштердің пайда бола бастағаны байқалды. Өздерін «Демократ» партиясы деп атаған жастар партиясы пайда болғаны бізге қызғылықты көрінді. Оның басшылары мен мүшелері негізінен Facebook əлеуметтік желісі арқылы танылған интеллектуал, əлеуметшіл жастар. Бірақ олардың жеткілікті дауыс жинауы əзірге неғайбыл. Бішкек қалалық кеңешіне олардың ұмтылуының өзін жаңалық деуге болады.

Азаттық: - Ал өңірлерде сайлау додасына кімдер қатысты? Кей жерлерде жаңа партиялар құрылып, танымал бола бастағанын айтады. Олардың сайлауда жеңіске жетуі мүмкін бе?​

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауы өткен күні Бішкектегі сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. 11 желтоқсан 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауы өткен күні Бішкектегі сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. 11 желтоқсан 2016 жыл.

Еділ Байсалов: - Аймақтардағы кеңештер сайлауында негізгі күрес ел парламенті - Жогорку кеңештегі 4-5 партия арасында жүріп жатыр. ҚСДП, «Республика-Атажұрт», «Өнүгүү-Прогресс» тәрізді санаулы партиялар ғана көп өңірде сайлауларға қатысып отыр. Әйткенмен жер-жерлерде шағын партиялар да бар. Өкінішке қарай, олардың арасында жергілікті жұртшылықты өз ыңғайына бұрғысы келетін əрқандай пиғылдағы топтар да кездеседі. Кейбірі қылмыстық топтардың мүддесіне жұмыс істейтіні де аңғарылады. Олар жергілікті билікті қолына алғысы келеді.

Азаттық: - Президент Атамбаев сайлаушылардың отыз пайызы қатысса референдум өтті деп саналатынын айтты. Бұл жолы сайлаушылардың референдумге қатысуға деген ықыласы қалай?

Еділ Байсалов: - Өкінішке қарай, сайлаушылардың көбі референдумға қандай мəселе қойылғанынан хабарсыз екені бүгін анық байқалды. Ондайда əкімшілік ресурстар іске қосылып, өз ыңғайына пайдалана бастайды. Сондықтан халықтың референдумге қатысуы да төмен болуы мүмкін. Сол себепті бұрын тізімдегі сайлаушылардың елу пайызы қатысса кворум болатын еді, қазір шегіне-шегіне заңда ол меже отыз пайызға дейін түсті. Отыз пайыздың жарымынан көбі қолдаса референдумге шығарылған мəселе қабылданған болып саналады.

Азаттық: - Бұл жолғы жергілікті кеңештер сайлауы қалай өтті, бұрмалаушылық байқалды ма?

Еділ Байсалов: - Негізінен бірқатар қалалық кеңештерге сайлаулар бұрын өткен. Мысалы, Ош, Қарақол қалалық кеңештер бұрын сайланған. Дегенмен бүгін жергілікті кеңештердің 90 пайызға жуығының сайлауы өтіп жатыр. Бұрынғылармен салыстырғанда бұл жолғы сайлау негізінен таза, ашық өтіп жатыр. Бірақ, бір өкініштісі, бұл сайлауда ақшалы адамдар мен топтардың жəне саяси партиялардың көбірек жолы болатыны байқалды. Яғни, дауыс беруге дейін сайлаушыларды ақшамен ынталандыруды көздеушілер көп. Болашаққа бұл да сабақ болуы тиіс.

Азаттық: - Сұқбатыңызға рақмет.

Қырғызстандағы дауыс беру туралы фотогалерея:

XS
SM
MD
LG