Accessibility links

Билікті сынаған белсендінің психиатрлық ауруханадан кейінгі өмірі


Наталья Уласик Жезқазғандағы үйінде. Маусым, 2019 жыл. Отбасы архивіндегі фото.

Сот шешімімен екі жылдан астам уақыт психиатрлық ауруханада күштеп ем алған 63 жастағы Наталья Уласик темір тор, құрсаулы төсек, укол мен аурухана бөлмелері жоқ өмірге қайта бейімделуге мәжбүр. Жалғыз адамдық пикеттерге шығып танылған белсенді әлі бірнеше жыл тіркеуде тұрмақ.

Бұрын балабақша тәрбиешісі болған зейнеткер Наталья Уласик жалғыз адамдық пикетке шығып және әлеуметтік желіде билікті сынап көпке танылған еді. Өзімен бір үйде тұрып келген азамат Уласикті "жала жапты" және "тіл тигізді" деп айыптап, сотқа шағым берген. 2016 жылғы қазанда сот белсендіні мәжбүрлі түрде медициналық сараптамадан өткізгеннен кейін "ақыл-есі дұрыс емес" деп танып, еркінен тыс емдеуге шешім шығарған және қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Дәрігерлер оған "сандырақтайды" деген диагноз қойған.

Уласиктің туыстары оның емханаға түсуіне билікті қатты сынауы себеп болды деп санайды. Наталья бір жарым жыл бойы Алматы облысының Ақтас кентінде орналасқан мамандандырылған психиатрлық ауруханада мәжбүрлі түрде емдеуден өткен. Ел арасында бұл аурухананы "ең қатал емдеу мекемесі" деп атайды.

АҚТАСТАҒЫ ӨМІР

Психиатрлық ауруханадағы оқшау жағдайдан Наталья Уласиктің денсаулығы қатты зардап шеккен. Жезқазғандағы пәтеріне бірнеше ай бұрын қайтып оралған. Қоғамның назарын өзіне аударатын бұрынғы белсендінің бейнесі жоқ. Көбіне телевизор көріп, кітап оқып, үйде отырады. Көшеге шығуы сирек. Балалары оның көп алдына шығып сөйлеп қоймауын, наразы көңіл-күйлі жұрт жиналған қоғамдық орындарға бармауын жіті қадағалайды. Қызы Юлия отбасының тауқыметке тойғанын айтады. Дәрігер жазып берген тыныштандыратын және ұйықтатын дәрі-дәрмек ішіп жүрген Уласиктің мазасын қашырмау үшін отбасы өткен-кеткенді қозғамауды жөн көреді.

- Қатты шошынған кезіміз еді. Адам өлтіргендермен және ауру адамдармен бірге ұстады ғой. Не қылмады десеңізші. [Палатадағы] әйелдердің ішінде күні бойы айғайлағандары болыпты. Анамның көрмегені жоқ. Оны тынышырақ палатаға көшіруді сұрадық. Өтінішімізді жерде қалдырмады. Жезқазғандағы психоневрологиялық аурухана жайлырақ болды. Тынбай кітап оқыды, сөйлесетін ешкім жоқ қой. Қимылсыз қала ма деп қорыққам. Басында өң-түсінен айырылып қатты шошытты. Тез қартайып кетті, тістері түсті, әуелі бізбен сөйлеспей жүрді, артық қимыл жасауға қорқатын. Сосын бейімделе бастады. Пайымдау қабілеті – сол қалпы. Ойы да, сөзі де – дұрыс, - дейді Юлия.

Тез қартайып кетті, тістері түсті, әуелі бізбен сөйлеспей жүрді, артық қимыл жасауға қорқатын.

Уласиктің жағдайын Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро жіті қадағалап отырды. Оған заң жағынан көмек қылды. Адвокаты Жанар Балғабаева бірнеше арыз түсіргенмен ұзақ уақыт өзгеріс байқалмады. Сот отырыстары өтіп жатты, Ақтастағы ауруханада белсендіні мәжбүрлі емдеу шарасы жалғаса берді.

Өткен жылы қаңтарда Алматы облысының апелляциялық соты Балғабаеваның талап арызын қанағаттандырып, Уласикті тұрғылықты жері – Қарағанды облысына ауыстырды. Солайша белсенді әйел үйіне ең жақын емдеу мекемесі – облыстық психиатриялық диспансердің Жезқазған бөлімшесіне түсті.

Туыстарының сөзінше, Жезқазғандағы диспансер зейнеткер әйелге тәуірірек қараған, адамдармен кездесуіне, жеміс, тәтті мен кітап алдыруына рұқсат еткен. Кейін сенбі-жексенбі үйіне жіберіп тұрған.

"АНАМДЫ ӘЛІ ҰМЫТПАЙДЫ"

Наталья Уласик әлі бірнеше жыл бойы дәрігерлер мен арнайы органдардың бақылауында болады. Ол әлі "сандырақтау" диагнозы бойынша есепте тұр.

- Елде қандай да бір оқиғалар болса, митингілер өтсе, анамды ұмытпайды. Полиция үйге келіп, сыртқа шыққан-шықпағанын, не жоспары барын тексеріп кетеді. Медбике келіп халін біледі. Оның көргенін ешкімнің басына бермесін. Бұл тақырыпты қозғамаймыз. Денсаулығы қатты зардап шекті, созылмалы аурулары қозып кетті. Көп дәрі ішкеннен сияқты. Суық та өткен. Өйткені үйден алып кеткенде жеңіл-желпі киінген еді ғой, - дейді Уласиктің қызы Юлия.

Елде қандай да бір оқиғалар болса, митингілер өтсе, анамды ұмытпайды. Полиция үйге келіп, сыртқа шыққан-шықпағанын, не жоспары барын тексеріп кетеді.

Туыстары бастан кешкен азапты ұмыту үшін басқа елге қоныс аударуды ойланып жүр.

Наталья Уласикті мәжбүрлі түрде емдеген диспансер кезінде Азаттыққа пациенттен шағым түспегенін айтқан. Оның жағдайын "тұрақты түрде жақсарып келеді" деп сипаттаған.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис белсенді Наталья Уласиктің "психиатрлық жазалауға" ұшырауы мүмкін екенін айтқан. Жергілікті құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар тізіміне" енгізген. Азаматтық белсенділер биліктен Наталья Уласикті босатуды талап еткен. Ал Қазақстан билігі елде саяси тұтқын атымен жоқ деп санайды.


  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG