Accessibility links

"Әйелім мен ұлымды жерледім". Бір отбасындағы екі жанның өмірін қиған індет


Анасы мен ұлының өмірін жалмаған індет
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00

Анасы мен ұлының өмірін жалмаған індет. Ақтөбелік Арзығұловтар отбасы туралы видео.

Ақтөбе тұрғыны Аманбай Арзығұлов жұма сайын қалалық зиратқа барып, пандемия кезінде өмірден өткен әйелі Бибіғайша Арзығұлова мен ұлы Мереке Арзығұловтың рухына құран бағыштайды. Баласы мен анасы Ақтөбеде індет өршіп, жағдай ушыққан тұста пневмониядан қайтыс болды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны 38 жастағы Мереке Арзығұлов 27 маусымда, ал оның 64 жастағы анасы Бибіғайша Арзығұлова 5 шілдеде ауруханада көз жұмды. Көзі тірісінде қаржы саласының маманы болған Мереке Арзығұловтың артында 8 және 5 жасар екі қызы мен айы-күні тақап отырған жүкті әйелі қалды.

Аманбай Арзығұлов жесір қалған келіні мен әкесіз қалған немерелерін ертіп, жұма сайын зиратқа барып, марқұм болған жақындарына құран бағыштайды, келіні үйде жеті шелпек пісіреді.

Аманбай Арзығұлов пен бала-шағасы Covid-19 індеті кезінде қайтыс болған туыстарына бейіт басында құран бағыштап отыр. Ақтөбе, 7 тамыз 2020 жыл.
Аманбай Арзығұлов пен бала-шағасы Covid-19 індеті кезінде қайтыс болған туыстарына бейіт басында құран бағыштап отыр. Ақтөбе, 7 тамыз 2020 жыл.

Анасы мен баласы бір зиратқа жерленген. Отызға толмай жесір қалған келіні мен немерелерін Аманбай Арзығұлов бейіт басында ұзақ жұбатады.

– Әйелім мен баламды жер қойнына тапсырдым. Ата-ананың баласының артында қалып қойғаны зор қайғы екен. Жұбайымды да қимаймын. Қырық жыл бірге отастық. Екі келін түсіріп, үш немере сүйдік. Бірақ баланың қайғысы тіпті қиын болады екен. Қыршын кетті. 38 жас – нағыз жұмыс істейтін, бала-шағасын өсіріп, халқының қажетіне жарайтын шағы еді. Ағайын-досының арасында жарқылдап жүретін кез еді, – дейді Аманбай Арзығұлов ауыр күрсініп.

"НҰР-СҰЛТАНДА САЛЮТ АТЫП ЖАТҚАНДА ӘЙЕЛІМДІ ЖЕРЛЕДІК"

Аманбай Арзығұловтың сөзінше, әйелі мен үлкен ұлы Мерекені жедел жәрдем үйден 24 маусым күні әкетіпті. Ақтөбе медицина орталығына түскен соң Мереке Арзығұловтың жағдайы ауырлай бастаған. Сондықтан дәрігерлер оны 25 маусым күні таң ата жан сақтау бөліміне ауыстырған. Ал 27 маусым түнде отбасы "Мереке қайтыс болды" деген суық хабар алған.

Аманбай Арзығұлов Covid-19 індеті кезінде қатыс болған әйелі мен ұлының зиратына келіп отыр. Ақтөбе, 7 шілде 2020 жыл.
Аманбай Арзығұлов Covid-19 індеті кезінде қатыс болған әйелі мен ұлының зиратына келіп отыр. Ақтөбе, 7 шілде 2020 жыл.

– Бір қиыны, әйеліме баласы Мерекенің қайтыс болғанын естірте алмадық. Өзі ауырып жатқан адамға баласының қайтыс болғанын айту жағдайын нашарлатып жібере ме деп қорықтық. Дәрігерлерден де айтпауды өтіндік. Әйелімнің ұялы телефонын алып алдық. Бірақ ана ғой, сезген сияқты. Біз Мерекені ақтық сапарға аттандыру қамымен жүргенде әйелім бас дәрігерден "Мерекенің жағдайы қалай?" деп сұрапты. Бас дәрігер ештеңе айта алмай қалған. Кейін басқа дәрігерлер мен медбикелерден "бас дәрігер маған ештеңе айтпады ғой, жүрегім бір жамандықты сезеді, үйдегілер де хабарсыз қалды" деп айта беріпті. Артынша ес-түссіз қалды деген хабар алдық. 5 шілде күні баласының соңынан кете барды. Нұр-Сұлтандағылар салют атып, той тойлаған 6 шілде күні Бибіғайшаны жер қойнына бердік. Әйелім аурудан жазылып шығып, әкесіз қалған немерелеріне қамқор болады деп үміттенген едім, үмітім ақталмады, – дейді Аманбай Арзығұлов.

"БИЛІК ІНДЕТКЕ ДАЙЫН БОЛМАДЫ"

Маусымның ортасынан кейін Ақтөбеде пневмония өршіген тұста Арзығұловтар отбасы үй-ішімен ауырған.

– Әйелім бұрыннан қант диабетіне шалдыққан еді. Қан қысымы да жоғары болатын. Алғашында "ескі ауруы қозған болар" деп ойладық. Сол кезде үй-ішімізбен ауырдық. Жедел жәрдем телефонды мүлдем көтермейтін, емханалар телефонмен ғана ем тағайындайтын қысылтаяң кез еді ғой. Бұрын фельдшер болған кіші келінім телефонмен кеңес беріп, бәрімізге укол салды. Кейін рентгенге түсіп, әйелім екеуміздің және үлкен ұлым Мерекенің өкпесі қабынғанын білдік. Бұл кезде кіші ұлым Азамат іссапарда жүрген. Ауруханаға оны-мұны таситын адам керек болды. Әрі "өлсем мен өлейін, сендер аман болыңдар" деген оймен әйелім мен ұлымды жедел жәрдемге салып жібердім. Емдеу хаттамасын күнде өзгертіп жатқан ауруханаға жібермеуім керек пе еді деп те ойлаймын... Бірақ дәрігерлерді кінәламаймын, олар қолынан келгенін істеді, – дейді Аманбай Арзығұлов.

Пневмониядан қайтыс болған Мереке Арзығұловтың жесірі марқұмға зират басында құран бағыштап отыр.
Пневмониядан қайтыс болған Мереке Арзығұловтың жесірі марқұмға зират басында құран бағыштап отыр.

Ақтөбе тұрғыны "наурыздан бері әлемді әуреге салған індетке дайындалуға уақыты бола тұра дайындалмаған" үкіметке назалы.

Халқы қырылып жатыр. Ол салют атып, өзіне ескерткіш қойып жүр.

– Жасыратыны жоқ, билік басшылары дайындықсыз болды. Билікке қарным ашитыны, өкпелейтінім, әлемде болып жатқан ауруға, күзді күтпей жақсы дайындық жасау керек еді ғой. Дәріні, жататын орынды, аппараттарын дайындауға болатын еді ғой. Соны ойластырмады. Маусым мен шілдедегі жағдай тосыннан келгендей болды. Үкімет қайда сонда? Отыз жыл бойы мұнайдан түскен байлық қайда? Нұрсұлтан Назарбаев президент кезінде Ұлттық қорда ақша бар деп айтты ғой. Қайда сол ақша? Неге қойша қырылып қалдық? Кешегі істегені тіпті сорақы емес пе? Халқы қырылып жатыр. Ол салют атып, өзіне ескерткіш қойып жүр. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы емес пе? Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адам емес пе? Халқына қайғырып көңіл де айтқан жоқ. Мен әйелімді жерлеп жатырмын. Ол ана жақта тарсылдатып [салют атып] жатыр. Осыдан соң мен қалай Назарбаевты жақсы көремін? – дейді ол.

Аманбай Арзығұлов немерелері мен жас босанған келінінің амандығын тілейді. 9 тамыз күні Мерекенің келіншегі үшінші қызын дүниеге әкелді. Атасы немересінің есімін Жансая деп қойды. Оның сөзінше, нәрестені көре алмай кеткен әжесі көзі тірісінде: "Жанымызға сая болатын сәби болсын" деп айтады екен.

Арзығұловтар отбасы екі жаннан Ақтөбеде коронавирус пен пневмония өршіп жатқан тұста айырылды. 15 маусымнан кейін аймақта анализінен коронавирус табылмаған, бірақ клиникалық белгісі Covid-19 індетіне ұқсас пневмония алты есеге көбейді. Ауруханаларда орын жетпей, дәрі-дәрмек қат болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аймақта қанша адамның пневмонияға шалдыққанын, қанша адам қайтыс болғанын айтпады. Елдің денсаулық сақтау министрлігі де әр аймақта клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға қанша адам шалдыққанын, қанша адамның көз жұмғанын жарияламай отыр.

Covid-19 індеті кезінде қайтыс болған адамдардың зираты. Ақтөбе, 7 тамыз 2020 жыл.
Covid-19 індеті кезінде қайтыс болған адамдардың зираты. Ақтөбе, 7 тамыз 2020 жыл.

13 тамыздағы мәліметке сай, Қазақстанда індет тарағалы бері жиынтығы 102 мыңға жуық адамнан (Ақтөбе өңірінде – 3143) коронавирус анықталды. 1269 адам Covid індетінен көз жұмды (Ақтөбе облысында – 31 адам). Бұдан бөлек, ресми дерекке сай, тамыздың басынан бері елде 16 666 адам коронавирустық пневмонияға шалдығып, 198 адам қайтыс болған.

Сарапшылардың көбі Қазақстанда індет статистикасына күмәнмен қарайды. Маусым-тамыз арасында пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар статистикаға енбеді. Министрлік коронавирус жұқтырған жүздеген марқұмды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп ресми статистикаға қоспай отыр.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG