Accessibility links

Драматург Олжас Жанайдаров: көпшілікке ұқсамайтын жеткіншектерге қолдау көрсеткім келеді


Ресейлік жазушы Олжас Жанайдаров
Ресейлік жазушы Олжас Жанайдаров

"Дәстүрлі қоғам көп нәрсені қабылдай алмайды" дейді ресейлік жазушы Олжас Жанайдаров. Оның пьесасында гомосексуализм пропагандасы бар-мыс деген шудан соң Қазақстанда қойылым көрерменге жете алмай қалды. Азаттық тілшісі мәскеулік автормен сұхбат құрып, шығармашылығы, түп-тамыры мен соғыс бастаған елдегі өмірі туралы сұрады.

Жақында Қазақстанда драматург Олжас Жанайдаровтың "Жастықтың жаны" пьесасына қатысты дау шықты. "Қазақстандық ата-аналар одағы" бірлестігі театр қойылымында "гомосексуализм пропагандасы бар" деп тапқан. Пьесада аллергиямен ауыратын бала мен гипоаллергенді жастықтың достығы туралы айтылады.

Әлеуметтік желідегі шу-шұрқаннан соң Семейдегі "Төртінші қабырға" студиясы "балаларды психологиялық жарақат пен буллингтен қорғау үшін" драматургиялық шығарманы сахналаудан бас тартуға мәжбүр болды.
Азаттық Олжас Жанайдаровтан қойылымға қарсылық, басқа пьесаларының тарихы, Ресейдегі қазіргі ахуал және туған жеріндегі жобалары туралы сұрады.

Олжас Жанайдаров кім?

Жазушы, сценарист, педагог, Ресейдегі драматургиялық байқаулардың жеңімпазы, Drama.kz қазақстандық қазіргі заманғы драматургия фестивалінің негізін қалаушы. 43 жаста. Алматыда туған, Мәскеуде тұрады. Совет Одағы тарамай тұрып, бала кезінде ата-анасымен бірге Мәскеуге көшкен. Экономика саласында білім алған, бірақ бар өмірін әдебиетке арнаған. Ресейде қойылған ондаған пьесаның авторы.

"ӨЗІНЕ ҰҚСАМАЙТЫНҒА ҮРКЕ ҚАРАУ ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛАДЫ"

– Қазанның басында Семейдегі "Төртінші қабырға" театр студиясы "Жастықтың жаны" қойылымы үшін "гомосексуализмді насихаттады" деген айыпқа қалды. 10 жыл бұрын Ресейде "Жастықтың жаны" спектакліне қатысты дәл осындай шу шығып, арнайы сараптама жүргізілген еді. Сарапшылар пьесаға тыйым салатын себеп таба алмаған. Адамдар неге қойылымнан жоқ нәрсені көруге бейім?

– Кез келген қоғамда традиционалист, консерватор топтар бар. Олар кейде керітартпалық нышанына айналып кетеді. Мұндайлар моральді тым әсірелеп, оны өзінше, біржақты ғана түсінеді. Ондай адамдардың бары рас және бұл жақсы да, жаман да емес. Бары сол.

Қоғамда әртүрлі көзқарас бар. Ал егер осындай адамдар белгілі бір ықпалға ие болып, мемлекеттің қолдауын сезінсе, олардың қиямпұрыс идеялары мемлекеттік идеология сипатына ие болады. Бұл – сау қоғамның көрінісі емес, әрине.

Семейдегі дау-дамайға келсек, "Қазақстандық ата-аналар одағының" айыптауын ешкім қолдамағанын ерекше атап өтуге болады. Керісінше, театр қайраткерлері мен көрермендер тегіс "Төртінші қабырға" студиясын қолдады. Осы сәтті пайдаланып, мен де режиссер Инна Семененко мен студиядағы балаларды қолдағым келеді.

Олжас Жанайдаровтың "Жастықтың жаны" пьесасынан көрініс. "Төртінші қабырға" театр студиясының жетекшісі Инна Семененкодан алынған сурет
Олжас Жанайдаровтың "Жастықтың жаны" пьесасынан көрініс. "Төртінші қабырға" театр студиясының жетекшісі Инна Семененкодан алынған сурет

– Кейінгі жылдары жоқ жерден ілік іздеушілер көбейіп кеткендей көрінбей ме? Бұған ең алдымен, ақпарат құралдары мен телевизиялық шоулар себеп. Бұл жерде Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне әсер ететін ресейлік медианы меңзеп отырмын.

– Өкінішке қарай, кейінгі жылдары солай болып жатыр. Пьеса тақырыбын жалғасақ, "Жастықтың жаны" толеранттық, өзгешелік туралы қойылым. Қоғам мүшелерінің өздеріне ұқсамайтын адамдарға көзқарасы қалай болатыны маңызды.

Пьесаға өз тәжірибем арқау болды: отбасым Қазақстаннан Ресейге көшіп барған кезде аз ұлттың өкілі едім. Сыныпта, аулада Орталық Азияда туған жалғыз қазақ болдым. Үнемі жақсы қарым-қатынасқа лайық екенімді дәлелдеуге тура келді. Балалар арасындағы қатыгездік элементтеріне бәріміз куә болдық деп ойлаймын.

Пьесамда көпшілікке ұқсамайтын балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсеткім келеді. Мысалы, ұлты басқа, артық салмақ қосқан, шашы қызыл, менталдық ерекшеліктері бар балалар. Бұл пьеса осындай адамдардың жанын түсініп, оларды өзгертуге тырыспау керегін үйретеді. Өз болмысыңды сақтап қалу маңызды екенін еске салады. Бәлкім, оны қабылдай алмаудың да сыры сонда жатса керек, өйткені әсіре дәстүршіл қоғам толеранттық дегенді жатсынады, ондайда өзіне ұқсамайтындарға үрке қарау идеологияға айналады.

"ЖҰТ". РЕСЕЙ КӨРЕРМЕНІН БЕЙ-ЖАЙ ҚАЛДЫРМАҒАН ҚАЗАҚ ҚАСІРЕТІ ЖАЙЛЫ ПЬЕСА

– Көрермен "Жұт" пьесасы мен ашаршылық тақырыбын қалай қабылдады? Бұл да ауыр қойылым ғой.

– Жұрт бұл пьесаны түсіністікпен, тіпті алғыс сезіммен қабылдады. Шығарманы 10 жыл бұрын, әуелде ресейлік оқырман мен көрерменге арнап жаздым.

Бірақ кейін "Жұт" бірнеше байқауда жеңімпаз болды. Театр саласының майталмандары мұндай тақырып күтпегенін, Қазақстанда дәл сондай үлкен қасірет болғанын алғаш рет естіп тұрғанын айтты.

– "Совет Одағы мен коммунизмнің жасампаз идеясына нұқсан келтірді" деп сынағандар болды ма? "Автор өтірік айтады, шын мәнінде бәрі жақсы болған!" деген пікірлер айтылған шығар?

– 10 жыл бұрын Ресейде мұндай шығармаларға жақсы қарайтын. Көрермен қазір қалай қабылдайтынын білмеймін.

– Сонда қазір Ресейде бұл спектакль қойылмай ма?

– Уфадағы Башқұрт драма театрында қойылғанын анық білемін. Режиссёр Башқұртстанда да ашаршылық болғандықтан, халыққа өте жақын тақырып деп таңдап, "Жұт" пьесасын қойғанын айтты.

– Қазақстандық көрерменнің реакциясы қалай болды?

– Бұл – Қазақстандағы ең танымал пьесам, көбіне жақсы пікірлер естідім. Бала кезімде ашаршылық туралы әкем мен атам айтып отыратын. Атам ашаршылық тұсында 3-4 жаста болған, жетім қалған, біреулер оны тауып алып, асырап, өсірген. 10 жыл бұрын қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетте жұт туралы ақпарат аз еді, театрда мүлде қойылмайтын.

Осы олқылықтың орнын толтырғым келді, көрермен бұл трагедия жөнінде көбірек білгенін қаладым. Әрине, пьеса драмаға толы, өте ауыр. Қойылымда адамдар көзіне жас алатын, кейін маған жолығып, алғыс білдіретін. Спектакльге жасөспірімдерді, оқушыларды алып келеді, өйткені бұл тарих айтылуы керек.

Драматург Олжас Жанайдаровтың "Жұт" пьесасынан көрініс. (Сурет Олжастың Facebook-парақшасынан өз рұқсатымен алынды)
Драматург Олжас Жанайдаровтың "Жұт" пьесасынан көрініс. (Сурет Олжастың Facebook-парақшасынан өз рұқсатымен алынды)

СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

– Қазір Қазақстанда тұрасыз ба, әлде ара-тұра келіп-кетіп жүрсіз бе?

– Мәскеуде тұрамын. Отбасы алдында жеке міндеттерім бар, сондықтан көшіп кете алмаймын. Әйткенмен, Қазақстандағылардан "күтіп жүрміз, сізге орын табылады ғой" дегенді жиі естимін. Кейінгі 8 жылда Ресей мен Қазақстанның театр саласында жұмыс істеп келемін. Қазақстанға жиі келіп тұрамын, фестиваль өткіземін, басқа да жобалар бар, бірақ тұрғылықты жерім – Мәскеу.

– Қазіргі Ресейде шығармашылық адамы болған қиын ба?

– Бір жағынан, жұмыс қиындады, тіпті көркем формадағы сөздердің өзі қылмыстық кодекс бойынша қаралады. Соны түсінген көп автор, театр қайраткерлері елден кетіп қалды. Өкінішке қарай, қазір сондай заман туды.
Өз басым ешқандай шектеу көргем жоқ, қалаған тақырыбымда жаза аламын.

Ал, ары қарай не болады? Пьесаны өзің үшін, достарыңа немесе басқа адамдарға арнап жазуыңа болады. Бірақ оның Ресей театрларында қойылуы екіталай. Мысалы, "Любимовка" тәуелсіз драматургия фестивалі Ресейден кетті.

Өйткені ондағы оқылатын пьесаларды Ресейде қоя алмайды, ал фестиваль цензура тұсауында болғысы келмейді. Сөйтіп қазір "Любимовка" осы пьесаларды оқуға болатын басқа елдерде өтіп жатыр. Ал спектакль жағына келсек, жағдай қиын болып тұр, өйткені ол қойылым болғандықтан көрермен де бар, ол жерде шектеу одан да көп.

– Осындай шектеулердің қыспағында өмір сүріп, жұмыс істеу мүмкін бе?

Драматург Олжас Жанайдаров
Драматург Олжас Жанайдаров

– Қауіпсіздігіңді ойлап, кей мәселелерді ашық айта алмайсың, ол түсінікті де. Қазір оқытушы болуға аңсарым ауып жүр, өйткені бұл өзіңе ұнайтын іске басқа қырынан келіп, ары қарай жалғастыруға мүмкіндік береді (Жанайдаров Сахна өнері жоғары мектебі мен драматургия мектеп студиясында сабақ береді – ред.). Ой-пікіріңді айтатын кез бар да, рухани жағынан жаныңа жақын адамдармен сөйлесетін уақыт бар. Осы тұрғыдан алғанда оқытушылық жаным жай табатын іске айналды. Өзім бұл мәселені осылай шешетін шығармын.

Шығармашылыққа келсек, пьесаларымда әртүрлі тақырыпты қозғаймын: адамдар арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы пьесаларым бар. Сол жерде қалағанымды айта аламын. Қазір жағдай қандай екенін түсінгендіктен кейбір тақырыпты кейінге ысырып, өзгесіне баса назар аударып жүрмін.

– Саяси көзқарасының қайшылығынан жақын адамдар өзара ұрсысып-керісіп, отбасылар ажырап, туыстар бір-бірімен араласпай қалды. Отбасындағы осындай қарым-қатынас туралы спектакль жазғыңыз келмей ме?

– Әрине, бұл жағдай қоғамға ғана емес, отбасыларға да жік салды. Шынымен де, осыны сипаттап жазуға болады, тіпті, астарлап жеткізіп, пьеса басқа да нәрсе туралы жазылғандай әсер қалдыруға болады. Бұл тіпті қаттырақ естілетіндей болып көрінеді маған. Осының бәрі басталған соң кейбір нәрсені төтесінен тура айтқандар болды, соның бәрін қаз-қалпында хатқа түсіріп, тіркеп алу маңызды еді. Ал қазір ол уақыт өтіп, осы жағдайды отбасылық қарым-қатынас тұрғысынан сипаттау үшін басқа да құралдар таңдауға болады.

"ӨЗІМ ДЕ МИГРАНТ БОЛҒАНДЫҚТАН ОЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ЖИІ ҚОЗҒАЙМЫН"

– Ресейде жұмыс істейсіз, бірақ өз пьесаларыңызда Қазақстан туралы жиі айтасыз. Мұның сыры неде?

– 7 жасқа толғанымда отбасым Ресейге қоныс аударды. Бала күнімнен ресейлік ортада, мәскеулік достарымның жанында өстім. Негізінен орыс әдебиетін оқып, Ресей тарихын білдік. Әдебиеттегі жолымды прозаик болып бастадым, біршама уақыт Мәскеу мен Ресейде болған оқиғалар туралы жазып жүрдім.

Драматургияға көшкенде "Беруши" ("Бiр, екi, үш") деген екінші пьесамды жаздым. Онда бала күнінде ата-анасымен бірге Мәскеуге көшкен ағайындылар туралы айтылады. Екеуі Ресейде өскен, бірақ қазақ екенін біледі.

Бір жағынан, бұл пьеса түп-тамырынан айырылған, екінші жағынан, тарихи Отанымен байланысын жаңғыртуға талпынған адамдар туралы. Онда өзімнің екіжақты болмысымды көрсеттім. Шын мәнінде мен кіммін? Ресейлікпін бе? Ресейде тұратын қазақпын ба? Орысша сөйлеп, сол тілде жазамын. Ресейдің драматург-авторымын. Қазақстанды жақсы көремін, бұл жаққа қуана-қуана ораламын, туған жерімнің болашағына алаңдаймын. Осы пьесадан кейін қазақстандық контекст қызық екенін түсіндім.

Кейін "Жұт" пьесасы шықты, осы тақырыпты көтергім келді, өйткені бұл менің отбасылық, авторлық, әдеби парызым еді. "Дүкен" деген пьесам бар. Бұл – Орталық Азиядан Мәскеуге көшіп, құлдыққа түскен мигрант әйелдер туралы пьеса. Шығарма 2012 жылы болған шынайы оқиғаның желісімен жазылды.

Мәскеуде тұратын мигранттардың құқығын қорғайтын қазақстандық заңгер туралы "Алдар" деген пьеса жаздым. Мигранттар тақырыбын жиі қозғаймын, өйткені өзім де мигрантпын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG