Accessibility links

Індетпен күресіп көз жұмған медқызметкерге өтемақы төлеу ережесі "ескірген"


Коронавирустан қайтыс болғандардың зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 16 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстан билігінің 9 сәуірде шығарған №129 бұйрығында Covid-пен күресте коронавирус жұқтырған медқызметкерге 2 миллион теңге, қайтыс болса 10 миллион теңге өтемақы төленеді деп көрсетілген. Індет өршімей тұрғанда қабылданған №129 бұйрық қазір ескіріп, дертке шалдыққан мыңдаған медқызметкер өтемақысыз қалды.

"1 МЛН ТЕҢГЕ ТАСТАП КЕТТІ"

Шымкент қаласындағы №10 емхананың мейіргері Махаббат Төреқұлова 58 жасында көз жұмды. Ұлы Қаһроман Жолдыбековтің айтуынша, анасы алдымен пневмонияға шалдығып, кейін анализінен коронавирус табылған. Ұлы шешем жұмыста жүріп вирус жұқтырып алды деп санайды. Жақында қала әкімдігінің өкілдері марқұмның үйіне келіп, 1 миллион теңге беріп кеткен. Өмірден өткен дәрігердің жақындары үкімет уәде еткен 10 миллион теңгені әлі алмаған.

– [Анамның] 38 жыл істеген тәжірибесі бар. Білетінім, кейінгі кезде анам емханадағы тегін берілетін дәрі-дәрмекті таратқан. Көп ұзамай анамның ұжымынан екі адам Covid ауруына шалдығып, олардың жедел жәрдем қызметі алып кеткен. Екі күн өткен соң дерт белгілері анамнан да байқалды. Жедел жәрдеммен ауруханаға алып барғанда, алғашында екіжақты пневмония деді. Артынан Covid анықталғанын айтты. Аурухана жабық, ішке кіргізбеді. Үш күннен соң, 21 маусым күні анам 58 жасында қайтыс болды, – дейді Жолдыбеков.

Марқұмның ұлы Жолдыбеков кейін отбасы мүшелерінің түгелдей дене қызуы көтерілгенін, өзінен және үлкен қызынан коронавирус табылғанын айтады.

Қайырымдылық қорынан деп 1 миллион теңге тастап кетті. "Алланың ісі" деді. Тек Алла кінәлі сияқты болып қалды.

– Анам вирусты жұмыс істеп жүріп жұқтырды. Олай дейтінім, үйде анамнан бөлек ешкім сыртқа шықпады. Анамның өзі тек жұмысқа барады, үйге келеді. Жұмыс орны алыс емес, шамамен екі жүз метр жерде тұр. [Анам] қайтыс болған соң жұмыс орнына бардық. "Не көмек бере аласыздар?" дедік. Заңгермен ақылдасайық деді. Әлі хабар жоқ. Жақында қала әкімінің орынбасары мен емхананың бас дәрігері келіп, қайырымдылық қорынан деп 1 миллион теңге тастап кетті. "Алланың ісі" деді. Тек Алла кінәлі сияқты болып қалды. Аллаға аудара салды, - дейді ол.

Үкіметтің көктемде бекіткен ережесіне сай, Махаббат Төреқұлова мен оның отбасы мейіргердің кәсіби қызметін атқарып жүріп жұқтырған коронавирус салдарынан қайтыс болғаны үшін билік уәде еткен 10 млн теңге өтемақыны ала алмауы мүмкін. Себебі 9 сәуірде сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қол қойған №129 бұйрыққа сәйкес, вирус жұқтырған медқызметкерге 2 млн теңге, қайтыс болған медқызметкердің отбасына 10 млн теңге өтемақы тек мынадай үш санаттағы қызметкерге беріледі:

  • Инфекциялық стационардың және коронавируспен ауырғандарға медициналық көмек көрсетететін стационардың дәрігері, орта және кіші медқызметкеріне;
  • Провизорлық стационар дәрігері, орта және кіші медқызметкеріне, жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін дәрігер мен фельдшерге, санавиация дәрігері мен орта медқызметкеріне;
  • Карантиндік стационар дәрігеріне, орта және кіші медицина қызметкері, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі, зертхана маманы, санитариялық-эпидемияға қарсы қызметте істейтіндерге, ЖРВИ не пневмониясы бар науқастарды қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шаралармен байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған жедел стационар мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы қабылдау бөлімінің қызметкеріне, сот сараптамасы органдары қызметкеріне.

Махаббат Төреқұлова жұмыс істеген Шымкенттегі №10 емхананың дәрігер-эксперті Ғалым Ербосынов мекеменің үшінші санаттағы "медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына" жататынын, бірақ қызметкерлердің өз санаты болатынын айтты.

– Бұл санатқа барлық дәрігер кірмейді. Тек аталған науқастармен тікелей байланыста болғандар кіреді. [Махаббат Төреқұлованың] құжаттарын денсаулық сақтау басқармасына бердік, сол жердегі комиссия анықтайды, – Ербосынов.

Комиссия Төреқұлованың қызмет міндетіне ЖРВИ не пневмония науқастарын қабылдау кіре ме, кірмей ме, соны анықтайды.

Махаббат Төреқұлова – коронавирус инфекциясын кәсіби қызметін атқару кезінде жұқтырып қайтыс болған, бірақ өтемақының тағайындалуы беймәлім болып отырған жалғыз медқызметкер емес.

"МЕМЛЕКЕТ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕУІ ТИІС"

13 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Covid індетімен күрес кезінде қайтыс болған 42 медқызметкерді түрлі деңгейді мемлекеттік атақпен марапаттады. Олардың қатарында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы ауруханасының орта медқызметкері Күләй Егеубай да бар. Бірақ марқұмның тұңғышы Әсел Бақытжанқызы үкімет уәде еткен өтемақының берілмегенін айтты.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы ауруханасының медқызметкері, пандемия кезінде қайтыс болған Күләй Егеубай.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы ауруханасының медқызметкері, пандемия кезінде қайтыс болған Күләй Егеубай.

– Қайтыс болғаннан кейін анам "Құрмет" орденімен марапатталды. Бірақ осы кезге дейін отбасымызға мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетілген жоқ. Өтемақы жайын сұрап Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанбыз. "Провизорлық орталықта жұмыс істегендерге ғана беріледі" деген жауап алдық. Індет жұқтырғандар провизорлық орталыққа түспес бұрын фильтрден өтеді. Анам сол фильтрде, яғни қабылдау бөлімінде жұмыс істеді. Кәсіби міндетін атқарып жүріп вирус жұқтырды. Артында қалған алты баласының екеуі әлі аяқтанған жоқ. Сондықтан мемлекет өтемақы төлеуі тиіс, - дейді Әсел Бақытжанқызы.

Байғанин аудандық ауруханасының бас дәрігері Абзалбек Иманбаев Азаттыққа "Күләй Егеубай – екпеден бас тартушылар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуге жауапты маманымыз еді. Бірақ жұқпалы ауруларға қарсы ем уақытша тоқтатылғандықтан Күләй Егеубай сәуір, мамырда үй аралаған жоқ. Карантин басталған кезде қашықтан жұмыс істеді. Яғни, Covid жұқтырғандармен байланыста болған жоқ. Ал өтемақы төлеу мәселесін облыстық комиссия шешеді. Олар денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ережеге сүйенеді. Министрлік ережесінде өтемақы провизорлық, инфекциялық, карантиндік госпиталь қызметкерлеріне ғана төленеді делінген" деді.

Марқұм Күләй Егеубайдың жақындары оның маусымның соңына дейін жұмысқа барып жүргенін, Тоқаевтың марапаттау туралы бұйрығында "індетпен күресіп жүріп қаза болғаны жазылғанын" айтады.

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі кезінде тұрғынның дене қызуын тексеріп тұрған медицина қызметкері. Шымкент, 2 сәуір 2020 жыл.
Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі кезінде тұрғынның дене қызуын тексеріп тұрған медицина қызметкері. Шымкент, 2 сәуір 2020 жыл.

Шымкенттегі №1 емхананың әлеуметтік қызметкері Балсара Керімбекова пневмониядан көз жұмған. Ұлы Жалғас Нұржігітовтің сөзінше, анасынан коронавирус анализі алынбаған.

– Анам 20 маусым күні жұмыстан әлсіреп келді. Сол күні қызуы көтеріліп, аяқ-қолы қақсады. Он күн бойы үйде жатып емделді, бірақ қызуы түспей қойды. Ауруханаға тек 30 маусымда жатқызды. 3 шілде күні қаладағы №2 аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Осы уақытқа дейін өкіметтен не жұмыстан ешқандай көмек берілмеді. Біз де көмек сұрап бармадық. Материалдық жағдайымызға қарай жерледік. Талап етпесек те, үкіметтен көмек күтеміз, – дейді Жалғас Нұржігітов.

КӘСІПОДАҚ БИЛІКТЕН №129 БҰЙРЫҚТЫ ӨЗГЕРТУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қайрат Сабырдың сөзінше, үкімет бұйрығының түзететін тұсы бар.

– Бұйрықта наразылығымызды тудырған екі тармақ бар. Оның бірінде "төтенше жағдай кезінде вирус жұқтырғандар" делінген. Ал Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамыр күні аяқталды. Тағы бір тармақта өтемақы алушының анализінен коронавирус оң нәтиже көрсетуі керек делінген. Ал қазіргі пневмонияға шалдыққандардың көбінен коронавирус жаппай теріс нәтиже көрсетіп отыр. Өйткені вирус өкпеге еніп кеткен. Оны лаборатория анықтай алмайды, – дейді Қайрат Сабыр.

Ақтөбе медицина орталығында науқасқа дәрі салып жатқан медицина қызметкері.
Ақтөбе медицина орталығында науқасқа дәрі салып жатқан медицина қызметкері.

Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы наразылығын хатқа түсіріп, 15 шілде күні Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған. Кәсіподақ бұйрықтың тез арада өзгертілуін талап етеді.

– Медицина қызметкерлері, мейлі ол дәрігер болсын, мейлі курьер, мейлі көлік жүргізушісі болсын, вирусты кәсіби міндетін атқарып жүріп жұқтырды. Демек оларға міндетті түрде өтемақы төленуі керек. Меніңше, ауырып жатқан азаматтарға ең болмаса бір миллион теңге берілсе де үлкен көмек болар еді – дейді кәсіподақ төрағасы.

Ақтөбедегі MEDIKER медицина орталығының дәрігері Нұрлыбай Қошаманұлының сөзінше, бұйрық қабылданған сәуірдің басында коронавирус жұқтырғандар бүгінгідей көп болмаған. Үкімет бұйрығы жарық көрген 9 сәуірдегі мәлімет бойынша, елде барлығы 781 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Ресми мәлімет бойынша, қазір елде Covid жұқтырғаны расталғандар 77 мыңға жуықтап, коронавирустан қайтыс болғандар 610 адамға жетті.

Әріптестерім биліктің уәдесіне сеніп, алданып қалды.

– Бұл – пневмонияны есептемегендегі көрсеткіш. Демек сәуірде шыққан үстемақы төлеу туралы ереже ешкімнің қажетіне жарамастан жылдам ескіріп қалды. Дәл қазіргі жағдайда тап сол ережемен медицина қызметкерін қорғау мүлдем мүмкін емес. Карантин кезіндегі аз-кем тұрақтылықты есепке алмағанда елде эпидемия ахуалы әлі де күрделі. Соның бір айғағы – Ақтөбеде үсті-үстіне ашылып жатқан провизорлық госпитальдар. Балалар шипажайы да, жеке клиника да – бәрі мұқтаждықтан госпитальға айналды. Осы медицина мекемелерінің бәрінде дәрігерлер, мейіргерлер мен санитарлар жан алысып, жан берісіп жұмыс істеп жүр. Вирус жұқтырғандары, қайтыс болып кеткендері де бар. Олардың еш кінәсі жоқ. Менің әріптестерім биліктің уәдесіне сеніп, алданып қалды, – дейді Қошаманұлы.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ НЕ ДЕЙДІ?

21 шілдедегі брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тамызда Қазақстан коронавирус пен клиникалық белгілері Covid індетіне ұқсас пневмонияға шалдыққан дәрігерлерге де өтемақы төлеу қарастырылып жатыр деп қысқа қайырды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

"Қазіргі заңнамаға сай, бізде тек жұмыста коронавирус жұқтырған және жұмыста жүріп вирус жұқтырып қайтыс болған медқызметкерлерге ғана өтемақы төленеді. Қазір бізде басқа норматив жоқ. Бірақ біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Біз статистиканы біріктірген соң (коронавирус пен пневмония статистикасын бірге есептеуді айтады – ред.) бізде нақты шифр болады. Қазір бұл әдісті қарастырып жатырмыз" деді министр.

Цой аймақтардағы комиссия "қызметте жүріп вирус жұқтырған 123 медқызметкердің және жұмыста вирус жұқтырып көз жұмған 59 медқызметкердің құжаттарын министрлікке жіберген", ведомство оларға өтемақы төлеу мәселесін "қарастырып жатыр" деп хабарлады.

Қазақстанда қанша медқызметкердің коронавирус жұқтырғаны жүйелі түрде хабарланбайды. 18 маусым күні денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева 1904 медқызметкердің коронавирус жұқтырғанын айтқан. Бұл сол кездегі мәлімет бойынша, расталған коронавирус жұқтырғандардың 12 пайызына тең. Одан кейін билік тарапынан қанша дәрігерге вирус жұққаны жайлы нақты статистика айтылмады.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG