Accessibility links

Тоқаевтың "элитасы", "олигархтармен одақ", "сәтсіздікке ұшыраған" билік транзиті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдумда дауыс берген сәт. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдумда дауыс берген сәт. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент тағына келгеніне үш жыл толды. Қаңтар оқиғасынан соң елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, билік Тоқаевқа өте бастағанын айтады. Тоқаев Назарбаев құрған жүйені өзгерте ме? Елде қаңтар басында шын мәнінде не болды? Бір адамға лайықталған жүйе ол саясаттан де-факто кеткен соң қалай өзгереді? Тоқаев келесі "елбасына" айналуы мүмкін бе? Азаттық бұл туралы Ұлыбританиядағы Глазго университетінің Орталық Азияны зерттеу бойынша профессоры Лука Анческимен сөйлесті.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ БИЛІК ТРАНЗИТІ СЦЕНАРИЙІ ЖҮЗЕГЕ АСПАДЫ"

Азаттық: Тоқаев референдумға шығарылған Конституцияға түзетулерді саяси жаңаруға бастайтын өзгерістер деп бағалады. Ал сіздің ойыңызша, бұл саяси жаңару ма әлде Тоқаевтың өз билігін заңдастырып, экс-президенттің зейнетке шығуын рәсімдейтін әрекет пе?

Лука Анчески.
Лука Анчески.

Лука Анчески: Орталық Азиядағы кейінгі 30 жылдағы референдумдардың тарихына көз жүгіртсек, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қазақстандағы режимдер референдумды авторитарлы билікті күшейту үшін өткізгенін көреміз. Әдетте олар референдумды президенттікке байланысты өзгертулер енгізу мен президенттік мерзімге салынған шектеуді алып тастау үшін өткізеді. Яғни, референдум Тоқаев билігін күшейту, Тоқаев режимінің негізін қалайтын құрал ретінде пайдаланылды.

Азаттық: Референдумды Орталық Азия басшылары билігін күшейту үшін пайдаланады дедіңіз, ал Тоқаев келесі елбасыға айналуы мүмкін бе?

Лука Анчески: Орталық Азиядағы авторитаризмнің қандай бағытқа бет алатынын болжау қиын, алайда өкінішке қарай, осы күнге дейін кері кету үрдісін байқауға болады. Бұл сұрақтың жауабын нақты білмейміз. Бұл режимді құру үшін өткізілген референдумде плюрализм байқалмады. Бүкіл өзгерістер бойынша "иә" немесе "жоқ" деген бір ғана жауап болды. 2021 жылы парламент сайлауына оппозициялық партиялардың түспегені тәрізді бұл жолы да референдумда қарсы дауыс беруді жақтайтын кампания болмады. Жалпы, бұл референдумның плюралистік парламент бар болған жағдайда ғана мәні болмақ. Ал "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат" партиясы) бастаған режим рұқсат еткен партиялары ғана бар парламенттен пайда жоқ, өйткені билік бәрібір режим қолында болмақ. Бұл қалтаңызда 10 доллар болса, оның 5 долларын бір қалтадан алып, екінші қалтаға салғанмен бірдей, іс жүзінде бұдан ештеңе өзгермейді. Сондықтан елде әртүрлі партиялардан құралған парламент болмайынша, билік бөлінісі болмайды.

Тоқаев Назарбаев кезеңіндегі жемқорлық пен жеке басқа табыну бар, бір адамға құрылған жүйенің жеке дара басшысына айнала ма, мұны анық білмейміз. Сонымен қатар авторитаризм, цензура, қудалау күшейе түсе ме, оны да кесіп айта алмаймыз. Бұл президент үшін басты сынақ болмақ. Билік бүкіл әлемге "бізде Жаңа Қазақстан" деумен жүр, бірақ жаңа Қазақстан әділетті, тең құқылы және пікір алуандығы бар Қазақстан болуы тиіс. Ал бұл үшеуі болмаған жағдайда ол ескі Қазақстан болып қала бермек.

2019 жылы 9 маусымда президент сайлауы өткен күні жұрт жаппай митингіге шықты. Содан бері елде оқтын-оқтын билікке қарсы наразылық білдіріп жүр.
2019 жылы 9 маусымда президент сайлауы өткен күні жұрт жаппай митингіге шықты. Содан бері елде оқтын-оқтын билікке қарсы наразылық білдіріп жүр.

Азаттық: Экс-президент Назарбаев 30 жыл бойы бір адамға бейімделген жүйе құрды. Дәл осындай режимдер Түрікменстан мен Өзбекстанда да болды, бірақ Түрікменстанда Ниязов, Өзбекстанда Каримов қайтыс болған соң билік салыстырмалы түрде бейбіт жолмен ауысты. Назарбаев билік транзитінің өз моделін жасады. Оның билік транзиті сценарийі іске аспай, сәтсіз аяқталды деп айта аламыз ба?

Лука Анчески: Иә, ол сәтсіздікке ұшырады. Билік транзитінің өзбек және түркімен модельдері де іске аспады деуге болады. Мысалы, Түрікменстанда президент өзінің ұлын мемлекет басына әкелді. Орталық Азияда билік транзиті модельдерінің барлығы сәтсіздікке ұшырады. Назарбаевқа келсек, президент қызметінен кеткеннен кейін өзіңді және отбасыңды, активтерді қорғайтын заңдарды алдын ала қабылдап, сенімді адамды мемлекет басына әкеп қойсаң − сенің және отбасыңның болашағына кепілдік беріледі деген сценарий іске аспады. Ол неге іске аспай қалғаны туралы зерттеу жүргізіп жатырмын, меніңше, бұған себеп болған Назарбаевтың Тоқаевты бақылауда ұстауы емес. Өйткені 2016, 2019 жылдары элита жік-жікке бөлінді. Сол жік-жікке бөліну 2022 жылдың қаңтарында бұрқ етіп сыртқа шықты.

Тағы бір себеп халықпен байланысты. Бірнеше жыл бұрын Алматы мен Нұр-Сұлтанға келгенімде "келесі президентті сайлағымыз келеді, бізде таңдау болуы керек" дегенді көп естідім. Яғни, ірі қалалардағы халық президентті әділетті сайлауда таңдағысы келді, бірақ оларға ондай мүмкіндік берілмеді. Сондықтан сізде легитимділік болмаса, халық сізді ел басында көргісі келмесе және Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық саясаты тәрізді сіз ұстанған саясат сәтсіздікке ұшыраса, бұл – үлкен проблема. Ол проблема тек референдуммен ғана шешіле салмайды, себебі референдум бұл мәселелерді көтермеді. Байлықты қайта бөлетін, ауыл шаруашылығын дамытатын және пікір алуандығына жол ашатын саяси реформалар іске асуы қажет. Бірқатар бапты референдумға шығарып, адамдарға олар үшін дауыс бер деу − сайлаушыларға таңдау берілмеген 2019, 2021 жылғы сайлауды қайталаумен парапар. Бұл елдің басшысы үшін де жақсы емес, өйткені ондай жетекшіні халық қолдамайды, ол тек элита қолдауына ие болмақ.

Азаттық: Олай болса Тоқаев мұндай мәселелерді неге референдумға шығармады? Конституцияға ұсынылған 56 түзету әлеуметтік-экономикалық саясат, әкімдерді сайлау тәрізді мәселелерді қамтыған жоқ. Неге? Әлде мұндай мәселелерді шешу Тоқаев үшін қауіпті ме?

Лука Анчески: Әділетті экономика, әкімдерді сайлау Жаңаөзен мен басқа жерлерде көшеге шыққан наразы халықтың талабы еді. Маңызды өзгерістер элитадан саяси немесе экономикалық билік бөлінісін талап етеді. Қазіргі билік оған дайын деп ойламаймын. Жаңа Қазақстан туралы сан мәрте жар салсаңыз да, мұның бәрі – ескі Қазақстанның әңгімесі. Күн тәртібіне қандай мәселе шығатынын, не мәселе көтерілетінін және ол әңгімені кім қозғайтынын үкімет өзі белгілеп отыр.

Дегенмен экономикалық теңдік пен саяси плюрализм мәселесін шеше бастамайынша, қандай да бір маңызды өзгерістер жасай алмайсың. Ал бұл үкімет таныстырып жатқан өзгерістер болмашы, косметикалық дегенді білдіреді.

Азаттық: Тоқаев Назарбаев құрған бір адамға бейімделген жүйені қалай өзгертеді деп ойлайсыз?

Лука Анчески: Тоқаев Назарбаев тәрізді әрекет ете бастаса, жеке басқа табынуды көре бастасақ, таңғалар едім. Өзбекстанда Мирзияев шешім қабылдайтын жалғыз ойыншы, бірақ жеке баса табыну байқалмайды. Меніңше, жүйе авторитарлы болып қала береді, бірақ бір адамға бейімделген жүйені ұзақ уақыт өткен соң көруіміз мүмкін. Өйткені, біріншіден, Тоқаевты жалғыз көшбасшы ретінде қолдайтын құрылым жоқ, екіншіден, бір адамға бейімделген жүйенің арты неге апаратынын көрді. Көшеге шыққан халық жеке дара басшыны нысанаға алып, Назарбаевтың кетуін талап етті, сондықтан мұның қайталануына жол бермей, алдын алуға тырысады.

"ХАЛЫҚ НАЗАРЫН ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН РЕФЕРЕНДУМ МЕН НАЗАРБАЕВҚА БҰРУ"

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан бері бес айдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін не болғаны ашылып айтылмады. Тоқаев террористердң шабуылы туралы айтты. Сонымен қатар жоғары лауазымды тұлғалардың арасында опасыздық жасап, билікті басып алғысы келгендер болғанын мәлімдеді. Жұрттың көбі элитааралық тартыс туралы жиі айтып жүр. Сіздің ойыңызша шын мәнінде не болды?

Лука Анчески: Бұл да Қазақстан саясатында үлкен мәселе, бес ай өтсе де үкімет әлі күнге дейін тәуелсіз, жүйелі, жан-жақты зерттеу жүргізбеді. Сонымен, [қаңтар басында] не болды? Меніңше, көп нәрсе белгісіз. Төңкеріс болды ма? Нақты білмейміз. Кескілескен элитааралық тартыс болды ма? Олай болуы мүмкін, бірақ мәселе онымен ғана шектелмеуі ықтимал. Бұл Қазақстанды өзгертуге бастады ма? Меніңше, иә.

Бұған жан-жақты қарау керек. Меніңше, оның үш кезеңі бар. Біріншіден, бұл – халық наразылығы. Жаңаөзенде басталған наразылық Алматыға ойысты, халық талаптарын айту үшін көшеге шықты. Кейін, оқиғаның екінші кезеңінде зорлық-зомбылық басталды, оның шығу төркінін түсіну қиын. Адамдар қаза тапты. Әдетте Алматыда Абай ескерткішінің жанында он шақты адам жиналса, полиция жетіп келеді. Бұл жолы адамдар көшеге шықса да күш құрылымдары көзге түспеді. Соған қарап күш құрылымдары бір тарапты таңдап, солардың жағына шықты деп болжай аламыз. Олар әу баста элиталық күресте жеңілген тарапты таңдағандай.

Көп айтыла бермейтін үшінші кезеңді де естен шығармаған жөн. Ол – Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы күштерінің елге кіруі. Олар елге айқын мақсатпен қысқа мерзімге ғана кірді. Алайда бұл шын мәнінде ҰҚШҰ ішінде, әсіресе Ресей мен Қазақстан арасында авторитарлы ынтымақтастыққа бастады. Бұл жерде қандай да бір келісім болған жоқ дегенге илана алмайсың, себебі Ресей бастаған күштер кірсе, белгілі бір мәміле болғаны анық, өйткені мұндай мәселелерді шешу ҰҚШҰ жарғысына кірмейді.

Айналып келгенде, мәселе тек халық немесе элита, я болмаса Тоқаев пен Путинге барып тірелмейді, бұл солардың бәрін қамтиды. Бұл − түсінуге өте қиын құбылыс, Қазақстан тарихындағы кейінгі 30 жылдағы ең маңызды оқиға. Билік бұл оқиғаны түсіну үшін ештеңе бітірмеді. Бүкіл әлемге елде өзгерістер болатынын хабарлап, оқиғаны зерттеп тергемесеңіз, ешқандай өзгеріс болмайды. Бұл ретте билік Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді басқа дүниемен − наразылыққа түрткі болған себептерді мүлде күн тәртібіне шығармаған референдуммен алмастырды. Ондағы мақсат – халықтың назарын саяси реформа мен күн тәртібіндегі мәселелерден Назарбаев пен референдумға бұру.

Қаңтар оқиғасы кезінде отқа оранған әкімдік ғимараты. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде отқа оранған әкімдік ғимараты. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық: Қаңтарда мыңдаған адам көшеге шығып, әлеуметтік теңсіздікке наразылық білдірді. Тоқаев өзгерістер болады, бұдан былай қаңтардағыдай оқиға қайталанбайды деп уәде берді. Ал сіз айтқандай жүйедегі институттар көп өзгермесе, жүйе тұрақты әрі мызғымас болып қала ала ма?

Лука Анчески: Жүйе тұрақты емес екені анық, оны қаңтар айында көрдік. Саясатқа келгенде "міне, Конституцияны өзгертіп жатырмын" деп, әңгімені басқа жаққа бұра аласыз. Алайда экономикаға келгенде Қазақстанның батысындағыдай сұйытылған газ тәрізді болмашы себеп наразылыққа түрткі болуы мүмкін. Сондықтан экономикада айтарлықтай өзгерістер іске аспаса, тұрақтылыққа қол жеткізе алмайсың. Қазақстандағы наразылық саяси және экономикалық мәселелерді қатар қамтыды. Сондықтан жаңа Қазақстан күн тәртібіне бұл екі мәселені қатар шығарып, "қоғамды ашық, экономиканы теңқұқылы және әділетті етіп жатырмыз" деуі керек. Бірақ әзірге бұл бағыттағы шараларды көрмедік. Сол себепті бұл косметикалық, өте болмашы өзгерістер.

"РЕЖИМ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН САБАҚ АЛМАСА ЖАҒДАЙ ҚАЙТАЛАНУЫ ЫҚТИМАЛ"

Азаттық: Бірақ бұл мәселелерді қозғамай, әңгіме ауанын басқа жаққа бұру Тоқаевтың өзіне қауіп төндірмей ме?

Лука Анчески: Иә, мұның өз қаупі бар. Қаңтар оқиғасында не болғанын толық білмесек те, Қазақстан тұрақты емес екеніне көз жеткіздік. Назарбаев әр сайлау сайын келтірген "маған дауыс берсеңдер, ел тұрақты болып қалады, Қазақстанның тыныштығын қамтамасыз етемін" деген әңгімелер өткен шақта қалды. Назарбаев айтқан тұрақтылық жайлы елес қаңтарда жойылды. Сондықтан режим бұдан сабақ алып, басқаша әрекет етпесе, сол жағдай тағы қайталануы ықтимал.

Азаттық: Мақалаларыңыздың бірінде Өзбекстан мен Түрікменстанда бір адамға құрылған режимде элита билікті ауыстыра алды, билік транзиті салыстырмалы түрде тыныш өтті делінген. Ал Қазақстан элитасы туралы не дейсіз? Олар Тоқаевқа қарсы шығуы мүмкін бе?

Лука Анчески: Ол мақалада меңзегенім, бір адамға құрылған жүйеде ұжымдық билік қысқа уақытқа ғана созылады. Қазақстанда осыған ұқсас жағдай болды, президент тірі кезде режимді емес, ел жетекшісін ауыстыру үшін жүйе жеке тұлғадан ажырап, олигархтық жүйе орнады. Бірақ бұл сәтсіздікке ұшырады. Менің ойымша, елде ұжымдық басқару 2019-2022 жылдар аралығында, бәсекелес топтар ықпалға таласқанда болды. Бұл элитаның жік-жікке бөлінуі еді. Қаңтар оқиғасы мұндай элиталық жүйені жойды. Мәсімов түрмеде, Назарбаевтың есімі Конституциядан өшіріліп жатыр. Қазір Тоқаев элитасының пайда болып жатқанын көріп отырмыз. Бұл топтың жоғары жағында тұрғандар кім екенін білуге болады. Бірақ мұның салдары қандай болатынын білмеймін. Мысалы, Қазақстанда үш жаңа облыс құрылды. Не үшін? Былай қарағанда, көбірек адамды әкім етіп тағайындай аласың. Жаңа парламентке сайлау болса, оған кімді тартып, кімді отырғызасың? 2023 жылғы парламент 2021 жылғы парламенттен ерекшелене ме? Сондықтан уақыты келгенде сол орындарға кімдер барғанын көргенде Тоқаевтың элитасы кімдер екенін байқаймыз.

Азаттық: Назарбаев пен оның отбасы мүшелері қызметтен кетті. Алайда экс-президенттің қыздары мен күйеубалалары ауқатты адамдар екені белгілі. Олар кек қайтаруға тырысуы мүмкін бе?

Лука Анчески: Иә, ол мүмкін. Саясатта мұндай оқыс дүниелер болып тұрады. Қазір деназарбаевикация негізгі сөзге айналды. Сондықтан, меніңше, бірінші президенттің отбасына қысым жасап, қыздарын активтерден айыруға тырысады. Бұл популистік шара іспетті. Бірақ халық Назарбаевтың кеткенін ғана емес, ол кеткен соң жаңа жүйе құрылғанын қалады. Егер олар байлықты сақтап қалса, оны пайдалана ала ма? Мұны тек болжауға болады. Бұл Назарбаев қаншалықты ұзақ өмір сүретініне де байланысты, қанша дегенмен оның жасы үлкен. Бірақ мұндағы мәселе, Назарбаевты кетсе де, тек косметикалық өзгеріс болды, элита косметикалық түрде ғана өзгерді.

Экс-президент Назарбаев (оң жақта) "Нұр Отан" партиясы (қазіргі "Аманат") жиынында Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынып тұр. Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева (сол жақта) да жиынға қатысып отыр. 23 сәуір 2019 жыл.
Экс-президент Назарбаев (оң жақта) "Нұр Отан" партиясы (қазіргі "Аманат") жиынында Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынып тұр. Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева (сол жақта) да жиынға қатысып отыр. 23 сәуір 2019 жыл.

Азаттық: Экс-президенттің айналасындағылар нысанаға ілінгенін көрдік. Немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталды. Мәсімов тәрізді жақын серіктерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ "отбасы әмияндары" саналған олигархтар мен қаржы-өнеркәсіп топтарына ештеңе болмады. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? Олар "жаңа қожайынға" адал боламыз деп ант беріп, соған қарай ойысты ма? Әлде жаңа қамқоршы үшін сол жүйені өзгерту тиімсіз әрі қауіпті ме?

Лука Анчески: Ол жаңа қамқоршының анау айтқандай жаңа емес екенін түсінуіміз керек. Тоқаев бұл жүйеде 30 жыл бойы жүр, ол сыртқы істер министрі, сенат төрағасы болды. Ол – Назарбаевтың адамы еді, яғни, Назарбаев режимінің бөлігі болғандықтан, еуразиялық топпен және басқа олигархтармен өз бетінше қарым-қатынас ұстанды. Меніңше, олар одақ құра алды. Сондықтан режим жаңа болмағандықтан, бұл бизнес элита Тоқаевпен 2022 жылға дейін де белгілі бір қарым-қатынас ұстанды, қазір тек ақшасын сақтап қалу үшін одақтасса таңғалмаймын. Сондықтан бұл жай ғана қайта құру. Назарбаев кезінде жасақталған саяси, экономикалық, әлеуметтік одақтар қайта құрылып жатыр. Бұрын Назарбаевты қолдаған адамдар Тоқаевтың жағына қарай өтіп жатыр.

Азаттық: Қаңтарда халық өзгерістерді талап етті. Сарапшылардың пікірінше, одан бері жағдай көп өзгермеді, ескі тәртіп сақталып қалды. Мұның арты неге апаруы мүмкін?

Лука Анчески: Үкімет халық қалаған өзгерістерді жасамады, үкімет өзінің түсінігіндегі халыққа қолайлы өзгерістерді іске асырды. Осылайша режим өзінің түсінігіндегі өзгерістерді халыққа таңып отыр. Режим ойынша, Назарбаев кетті, Конституция өзгерді, енді жаңа Қазақстан орнады. Бірақ бұл дұрыс емес түсінік, өйткені оның көпшілігі – сылап-сипап косметикалық өзгерістер жасау немесе өзгерістердің елесі ғана. Ал 2022 жылдың басында халықты көшеге алып шыққан наразылық, легитимділіктің болмауы – оның бәрі сол қалпында қалып отыр. Мұндай жағдайда референдум өтетінін бір ай бұрын ғана хабарлады, жан-жақты талқылау және қарсы дауыс беруді жақтайтын кампания болмады, дәл мұндай референдум жаңа режим орнатпайды. Оны былай қойғанда, қаңтар айында айтылған барлық наразылық пен шағымды қайтадан сыртқа алып шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG