Accessibility links

"Совет билігі оларды тарихтан өшіруге тырысты". Карлаг тұтқындарының өмірін зерттеушімен сұхбат


Совет заманында Карлаг орналасқан Долинка ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі. Фоо авторы - Оксана Воробьева.

90 жыл бұрын, 1930 жылғы желтоқсанда Қарағандыдан 45 километр жердегі Долинка ауылында ГУЛАГ жүйесіндегі ең ірі тұтқындар лагері құрылды. Азаттық Қарағандының тумасы, қазір Мәскеуде тұратын филология ғылымдарының кандидаты, Қарлаг тұтқындары жайлы деректер мен олардың қамауда отырып жазған шығармаларын жинап жүрген Оксана Воробьевамен сұхбаттасты.

Азаттық: Оксана, Қарлаг тақырыбына қашан және не үшін қызыға бастадыңыз?

Оксана Воробьева: Қарлаг туралы бала күнімнен білемін. Қарағандының тұтқындар лагерьлерінің қайғылы тарихына назар аударуыма балалық қызығушылығым себеп болды. Қарағандыда мен тұрған ауданда бұрын немістер көп болатын. Көкейімде "Мұнда немістер неге көп?" деген сұрақ пайда болды. "Германия бізге жақын емес қой" деп ойладым. Кейін "Олар бұл жаққа қашан және қалай келген?" деген сұрақтар мазалай бастады.

Осылайша совет билігі Ұлы Отан соғысы (екінші дүниежүзілік соғыс - ред.) кезінде немістерді қауіп көріп, Қазақстанға, Қарағандыға депортациялағанын білдім. Қарағандыға Совет одағының түкпір-түкпірінен қаншама азамат жер аударылған. Қазір өзім тұрған аудан, аула, подъезді еске алсам, ойыма бірден неміс, поляк, еврей, литван мен латыштардың есімдері оралады.

Қарлаг - советтік ГУЛАГ жүйесіндегі ірі лагерьлердің бірі.
Қарлаг - советтік ГУЛАГ жүйесіндегі ірі лагерьлердің бірі.

Мен дайындаған материал ағартушылық сипатта. Қазақстанда және бүкіл постсоветтік кеңістікте лагерьлер болған кезең ұмытылып кетпесе екен деймін. Бұл – мен үшін маңызды тақырып. Былтыр "Мемориал" қоғамына (Ресейдің саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеумен айналысатын құқық қорғау ұйымы – ред.) көмектестім.

Осы ұйымның қызметін қолдаймын, өйткені олар халықтың жадындағы естеліктерді сақтап қалуға күш салып жүр. Біраз уақыттан кейін олармен қайтадан ерікті ретінде жұмыс істеуді жалғастырамын.

Совет билігі кезіндегі ГУЛАГ тұтқындары. 1933 жылы түсірілген сурет.
Совет билігі кезіндегі ГУЛАГ тұтқындары. 1933 жылы түсірілген сурет.

Азаттық: Адам тағдырын оның шығармашылығы арқылы көрсету туралы ой қалай келді?

Оксана Воробьева: Бұл ой қызметіме байланысты туды: мен орыс әдебиетін зерттеумен айналысамын. Адамдар осындай ауыр жағдайда өмір сүре тұрып, шығармашылықпен айналысуға қайдан күш тапқанын әлі күнге түсіне алмаймын. Террор құрбаны болған адамның өмірін, ойларын, сезімі мен тұрмысын сәл де болса түсіну үшін тұтқындардың лагерьде жазасын өтеп жүрген кезде жазған өлеңдерін іріктеп, жинадым.

Әдебиетте лагерь поэзиясы немесе лагерь прозасы деген ұғым бар. Қарлагта жазылған өлеңдердің ішінде ең алдымен қолыма Анна Баркованың шығармасы түсті. Осыдан кейін "Қарлагта немесе Қарағандыда жүріп тағы кім өлең жазды екен?" деп ойландым.

Қарлаг тұтқыны ақын, прозашы, драматург Анна Александровна Баркова.
Қарлаг тұтқыны ақын, прозашы, драматург Анна Александровна Баркова.

Осы сұраққа жауап іздеп қарағандылық журналистердің зерттеулері мен материалдарын қарап шықтым. Біраз өлеңдер сақталыпты. Шамамен жарты жыл бұрын осындай өлеңдерді жинауға бел будым. Қарлаг музейіне арнайы бардым (Долинка ауылы – ред.). Музей қызметкерлерінің әңгімесін тыңдап, адамдар ойдан шығарылған айыптаулар бойынша немесе билікке жақпаған әрекеті үшін көп жыл қамауда азап шегіп, жазасын өтеген жерді көзіммен көргім келді.

Музей экспозициясынан ол жердің атмосферасын сезінесің: баяу ойнап тұратын ауыр музыка, айнала орнатылған темір тор, тікенек сым, тұтқындардың жеке ісі, көптеген сурет пен құжат қойылған. Бұл ақпараттың маған көп көмегі тиді.

Долинка ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аумағы.
Долинка ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аумағы.

Қарлаг: 1930 – 1959

Қарлаг жұмыс істеген 1930-1959 жылдары онда миллионға жуық адам азап шеккен. Бірақ Қарлагтың архиві әлі де құпия болғандықтан, тұтқын санын шамалап айтудың өзі мүмкін емес. Долинка ауылында Совет одағы тұсында ГУЛАГ жүйесінің лагері болған. Қазіргі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ғимаратында бір кездері Қарлагтың бұрынғы әкімшілік басқармасы орналасқан.

Долинка ауылына жақын жерде Қарлагтағы әйел тұтқындар мен олардың балалары жерленген "Мамочкино моласы" деп аталатын зират бар. Онда басындағы белгіде марқұмның аты-жөні жазылмаған бейіт көп. Зираттың жартысын арнасы өзгерген өзен суы шайып кеткен. "Қарағанды" совхозына (қазіргі атауы – Жартас ауылы) үй салған кезде көп моланың орны жойылған. Зиратты тонап, бүлдіргендер де болған.

1932 жылы Қарлагтың орталығы болған Долинка ауылында сол кездегі барлық нысан мен тұрғын үйлер сақталып қалған. Көп нысандардың сыртқы көрінісі әлі күнге өзгермеген.

Қарлагтың бұрынғы тұтқындары лагерьден босағаннан кейін Қарағандыда немесе өңірге жақын елдімекендерде қалған: отбасы мен баспанасынан айырылған көп адамның басқа барар жері болмаған. Ал Қарағандыда оларға жұмыс тауып, қалыпты өмір сүруге мүмкіндік туған.

Қарлаг тақырыбын зерттеуші Екатерина Кузнецованың Азаттыққа берген сұхбатында лагерьден босап шыққан тұтқындардан 25 жыл бойы ақпарат құралдарына сұхбат бермеу және өзі куә болған оқиғаларды құпия сақтау туралы қолхат алынғаны айтылады. Оны бұзған адамдар қайтадан жазалануы мүмкін еді.

Азаттық: Қарлаг тұтқындары жазған өлеңдердің ішінде өзіңізге ерекше ұнаған туындылар бар ма?

Оксана Воробьева: Әр өлеңнің өзіндік әсері бар деп ойлаймын. Маған Наум Коржавиннің "Қарағандыдағы күз" деген өлеңі, әсіресе, "Ағаштар да адамдар сияқты, бұл жерде тумаса да, осында тұруға мәжбүр" деген жолдары қатты ұнайды.

Көлемі үлкен болғандықтан жинағыма кірмей қалған, маған ерекше әсер қалдырған тағы бір өлең бар. Мұны поэзия деп атау қиын. Бұл көбіне автордың ұйқас сақтап жазуға тырысқан хатына ұқсайды. Өлең басында украин тілінде жазылған. Бірақ мен оның сөзбе-сөз аудармасын оқыдым. Сондықтан осындай әсер алған шығармын.

Бұл өлең басқа хаттармен бірге Қарлаг тұтқындары жұмыс істеген үйдің қабырғасынан табылған. Өлеңнің авторы белгісіз, тек Михаил деген қолтаңбасы бар. Ол әпкесі Василинаға туыс-жақынын қалай сағынғаны, туған ауылынан ешкіммен қоштасып үлгермей кетуге тура келгені туралы жүрек тебірентер естелігін жазған. Әкесі де өзі сияқты шет жерде тұтқында жүргенін айтады. Украинаның бір ауылында қамсыз өмір сүріп жатқан адам белгісіз себеппен Қарағандыда тұруға мәжбүр болып, бұл мекенді "қарғыс атқан жер" деп атаған. Осы авторды тауып, оның тағдыры туралы білгім келеді. Сталиннің өлімінен кейін, 1953 немесе 1954 жылдары бұл адамның үйіне тірі оралғанын естісем, қуанар едім. Өйткені ол өзін туған ауылынан 1950 жылы алып кеткенін жазады.

Бірақ 1952 жылы атылған тұтқындар да бар. Бұл туралы "ГУЛАГ тұтқындарының поэзиясы" антологиясында жазылған. Сол кездегі шығармашылыққа келсек, Лидия Чуковскаяның "Софья Петровна" повесі ұнайды. Бұл туынды 1930 жылдары жазылған. Шығарма жазықсыз адамдардың түрмеге түсіп, атылуы мүмкін екенін түсінген совет азаматының сезімін жақсы жеткізеді деп ойлаймын. Осы повесті үлгі тұтарлық деп санаймын.

Филология ғылымдарының кандидаты Оксана Воробьева. Оның жеке архивіндегі фото.
Филология ғылымдарының кандидаты Оксана Воробьева. Оның жеке архивіндегі фото.

Азаттық: Отбасыңызда, достарыңыз бен таныстарыңыздың арасында Қарлагта тұтқында болған немесе сонда жұмыс істеген адамдар болды ма?

Оксана Воробьева: Мұндай ештеңе естіген емеспін. Бірақ осындай бір дерек болса, туыстарым менен жасырып қалмас еді. Достарым да ештеңе айтқан емес, бірақ олардың отбасында НКВД қызметкерлері болған күннің өзінде бұл туралы ашық айтпас еді деп ойлаймын. Бәрі әкесінің немесе атасының әрекеті үшін баласы жауап бермейтінін түсінсе де, мұндай деректі ашық айтуды ұят санайды. Өз әулетіңнің адамы басқаларды атып, тағдырын тас-талқан етіп, мүлкін тәркілеп, хат-хабар алу құқығынан айырып, лагерьге жіберу туралы қағазға қол қойғанын білу қиын болса керек. Мұны мойындаудың өзі батылдықты қажет етеді.

Біреудің отбасында тұтқын болса, мұны да ашық айтпауға тырысқан. Адамдар лагерьдегі өмірі туралы шындықты айтуға жасқанып, ату жазасынан, қудалауға ұшыраудан, тергеу мен түрмеде көрген азабының қайталануынан қорыққан. Қара басын ғана емес, туыстарының да тағдырын ойлап, жақ ашпауға тырысқан. Бір жаманы, бұл үрей, қорқыныш атадан балаға берілген. Бұл – өте ауыр жүк. Қазір бұл туралы еш қорықпай әрі ұялмай айтуға болатыны қандай жақсы.

Суретші, ақын Анна Васильевна Книпер (Тимирёва) (1893-1975). Қарлагқа дейін де бірнеше рет тұтқындалған. Ең алғаш рет 1920 жылы адмирал Колчакпен бірге қамауға алынған.
Суретші, ақын Анна Васильевна Книпер (Тимирёва) (1893-1975). Қарлагқа дейін де бірнеше рет тұтқындалған. Ең алғаш рет 1920 жылы адмирал Колчакпен бірге қамауға алынған.

Азаттық: Сіз дайындаған өлеңдер жинағына шығармалары енген Қарлаг тұтқындарының туыстарымен байланысып көрдіңіз бе?

Оксана Воробьева: Биыл күзде Екатерина Кузнецованың (Қарлаг тақырыбын зерттеуші журналист – ред.) сұхбаттарында аты-жөні аталған адамдарды іздеп көрдім. Қарағандының телефон анықтамалығынан екі адамның нөмерін тауып, хабарластым. Бірақ өкінішке қарай, олар аталған мекенжайда жоқ болып шықты. Оларға не болғанын, көшіп кеткенін, әлде өмірден озғанын анықтап білгім келеді.

Қарағандының көп тұрғыны, замандастарымыз талай нәрсені ескермей, едәуір уақыт өткізіп алды. Өзім де солай опық жегенім бар. Қарағанды, Қарлаг тақырыбына бұрыннан қызықсам да, көрші тұрған, кейін 1990 жылдары Германияға көшіп кеткен немістермен сөйлесіп, бұл жаққа қалай келгенін сұрамаппын. Көп хикая естідім, бірақ кассетасы бар плейер сатып алып, әңгіме жазуға құлшынысым болмапты. Мүмкін балалықтың әсері шығар. Қазір олармен қуана-қуана сөйлесер едім.

Мысалы, мен тұрған ауданда жанымызда Берлин ауылы (ол қазір де бар) болатын, онда Еділ бойынан келген немістер тұратын. Ресейден келген адаммен бірге немістердің өзі түсірген видеокассета есімде. Онда немістер Еділден Қазақстанға үш күн бойы ағаш пен мал тасуға арналған вагондармен адам төзгісіз жағдайда әзер жеткенін айтады. Оларды балалары мен жүгін ұстатып, жазық далада қалдырып кеткен. Осы жерден өздеріне баспана тауып, күн көруге тырысқан.

Долинка ауылында совет заманында Қарлаг басқармасы отырған, ал қазір саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі орналасқан ғимараттың алдында тұрған адамдар.
Долинка ауылында совет заманында Қарлаг басқармасы отырған, ал қазір саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі орналасқан ғимараттың алдында тұрған адамдар.

Азаттық: Қазір Қарлаг тақырыбы қаншалықты жиі көтеріледі? Бұл тақырып ұмыт қалып бара жатқан жоқ па?

Оксана Воробьева: Ұмытылып жатқан жоқ деп ойлаймын. Қазақстанда қазақ жерінде атылған және қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы анықтама алуға болатын естеліктер кітабы бар. Жақында саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалтудан өткізу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Демек жұмыс жүріп жатыр. 1920-30 жылдардағы аштықтан өлген адамдар туралы осы жиында саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы да айтылғанын атап өту керек.

ГУЛАГ түрмелерінің бірінде тігін тігіп отырған тұтқындар. 1932 жылы түсірілген сурет.
ГУЛАГ түрмелерінің бірінде тігін тігіп отырған тұтқындар. 1932 жылы түсірілген сурет.

Бірде 10-сыныпта оқитын сіңлімнен "Қазақ әдебиеті сабағында Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллиннің билікке жақпағаны үшін 1937-38 жылдары атылғаны туралы айта ма?" деп сұрадым. Ол "Иә" деп жауап берді. Өзім 9-10 сыныптарда оқығанда бізге бұл адамдардың қуғын-сүргінге ұшырағаны туралы ештеңе айтпайтын. Қазір Қазақстанда бұл тақырыптың көтерілуі жағдайдың жақсарып келе жатқанын білдіреді.

Мәскеу туралы айтсақ, мұнда жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өтеді. Адамдар Лубянская алаңындағы "Соловки тасының" алдына жиналады. Бұрын бұл кездесулерге кедергі жасалғанын білемін. Соған қарамастан, жыл сайын осы күні аталған жерге көп адам жиналып, атылған немесе лагерьлер мен түрмелерде көз жұмған адамдардың аты-жөнін дауыстап оқиды.

Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған "Соловки тасы" ескерткішінің жанында акция өткізіп тұрған адамдар. Мәскеу, Ресей, 29 қазан 2019 жыл.
Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған "Соловки тасы" ескерткішінің жанында акция өткізіп тұрған адамдар. Мәскеу, Ресей, 29 қазан 2019 жыл.

"Мемориал" қоғамы қуғын-сүргін туралы естеліктерді сақтап қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жүр. Оның ішінде, Мәскеу мен Санкт-Петербургте қала орталығындағы ғимараттардан "Соңғы мекенжай" деген металл тақтайшаны көруге болады. Онда бұл үйде тұрған адамның аты-жөні, қызметі, қай жылы атылғаны жазылады. "1937 жылға дейін бұл үйде пәлен деген жазушы тұрған" деген басқа естелік тақтайшалармен салыстырғанда "Соңғы мекенжай" жобасы ("Соңғы мекенжай" қоры – саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды белгілер орнатумен айналысатын қоғамдық бастама – ред.) адамның 1937 жылы атылғанын нақты көрсетеді. Осындай нақтылық өте маңызды деп ойлаймын. Бірақ кейде мұндай тақтайшаларды алып тастайды.

Жақында Санкт-Петербургте мынадай бір жайт болды: 1938 жылы Қарлагта атылған суретші Вера Ермолаева тұрған үйдің сыртына ілінген тақтайшаны алып тастаған. Мұны тұрғындар мен жергілікті биліктің қайсысы істегенін білмеймін. Білгім келеді. Бұл бастаманың біреуге ұнамайтыны анық. Ал маған бұл тақтайшалардың үнемі жоғалып кете беретіні ұнамайды. Обал. Олай болмауы керек. Германияда да нацизм құрбандары туралы естеліктер бар. Құрбандардың аты жерге қағылған тақтайшаларға жазылған. Ол жақта да бұл тақтайшаларды жерден алып тастауға тырысатындар бар ма екен?

Қарлаг тұтқындары тұрған, терезесіне темір тор орнатылған барақ қабырғасының қалдығы. Зерттеуші Екатерина Кузнецованың "Кровавый тридцать седьмой. Репрессированный Казахстан" кітабындағы фото.
Қарлаг тұтқындары тұрған, терезесіне темір тор орнатылған барақ қабырғасының қалдығы. Зерттеуші Екатерина Кузнецованың "Кровавый тридцать седьмой. Репрессированный Казахстан" кітабындағы фото.

Азаттық: Туған жеріңіз Қазақстанда және өзіңіз тұрып жатқан Ресейде қазір саяси қуғын-сүргін бар деп ойлайсыз ба?

Оксана Воробьева: Мені 2019 жылы кезектен тыс президент сайлауы кезінде Қазақстанда өткен митингілер қатты таңғалдырды. Митингіге шыққандар ұсталды деп естідім. Мен мұндайды күтпедім. Қазақстанда жоғарғы билік "қасиетті" саналатын шығар деп ойладым. Мектепте Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған өлеңдер жаттағанымыз есімде. Ол бір көсем сияқты көрінетін. Адамдардың төзімі таусылып, өзіне ұнамайтын нәрсеге қарсы шығып, "жоқ" деп айтатын уақыт келеді деп ойлаған жоқпын.

Ресейге келсек, елде саяси тұтқындар барын білемін. Мысалы, Юрий Дмитриевті (ресейлік публицист, өлкетанушы, "Мемориал" қоғамы бөлімінің басшысы, 1930-1940-жылдары Карелияда болған саяси қуғын-сүргін туралы естелік кітап дайындаған азаматтардың бірі – ред.), қанша қинап, ізінен қалмай қойды: біресе босатады, біресе қайтадан оған қарсы бірнәрсе табады.

"Мамочкино бейіті" – Қарлаг тұтқындарының сәбилері жерленген зират. Долинка ауылы, Қарағанды облысы, 2006 жылғы қыркүйек.
"Мамочкино бейіті" – Қарлаг тұтқындарының сәбилері жерленген зират. Долинка ауылы, Қарағанды облысы, 2006 жылғы қыркүйек.

Азаттық: Қарлагтың құрылғанына 90 жыл толғанда лагерьде болған тұтқындар үшін қандай мәселенің қолға алынғанын қалайсыз?

Оксана Воробьева: Қарлагқа жазықсыз түскен тұтқындардың бәрінің аты-жөнін бір-бірлеп атап шықса, жақсы болар еді. Бұл адамдардың аты-жөнін біліп, ұмытпау өте маңызды. Өйткені совет билігі оларды тарихтан өшіріп тастауға тырысты. 90 жыл (Совет одағының НКВД ГУЛАГ жүйесінің құрамында болған Қарағандының еңбекпен түзету лагері 1930 жылғы 19 желтоқсанда құрылған) – өте ұзақ әрі қайғылы дата, үлкен қайғы-қасіреттің бастамасы. Мұны ұмытуға болмайды. Қарлаг тұтқындары жазған өлеңдерді оқу арқылы да құрбандар рухына құрмет көрсетуге болады.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

Азаттық фотогалереясы: Қарлаг туралы көрме

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG