Accessibility links

"Әжетхананың орнына - екі пластик шелек"


Қазақстандағы түрмелердің бірі.

Қол жуғышы, ауыз суы жоқ камералар. Тұтқындар күніне екі рет даладағы әжетханаға шығаратын түрмелер. Қазақстан ҰҚК-нің бес тергеу абақтысын аралап шыққан ұлттық превентивтік механизм (ҰПМ) мүшелері былтырғы жылдың есебін жариялады.

Астанада өткен екі күндік "Ұлттық превентивтік механизм және құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп азаптаудың алдын алу" атты форумда белсенділер мен құқық қорғаушылар жабық мекемелерді превентивті аралау қорытындылары бойынша әзірлеген 2017 жылдың жиынтық есебін таныстырды. Есепте Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) тергеу абақтыларына жеке тарау арналған.

1936 ЖЫЛ

Есепте былтыр ҰПМ мүшелері бір жылдың ішінде елдегі ҰҚК-ге қарасты бес тергеу абақтысын бір реттен аралап шыққаны көрсетілген. Белсенділер Алматы, Қарағанды және Шымкентте тергеу абақтылары жертөле немесе жартылай жертөлелерде орналасқанын анықтаған. Алматыдағы тергеу абақтысы 1936 жылы салынған ғимаратта, Астанадағы мекеме 1975 жылғы ғимаратта орналасқан. Бірақ Астанадағы изоляторға екі жыл бұрын жөндеу жүргізген.

Белсенділердің айтуынша, ҰҚК-нің Алматыдағы тергеу абақтысының камераларында қол жуғыш пен әжетхана жоқ.

“Үлкен дәретке отыру үшін, жуынып, тістерін тазалау үшін күдіктілер мен айыпталушылар күніне екі рет әжетханаға шығарады. Ал камерада дәрет сындыруға екі пластик шелек береді. Бұған қоса, кәріз желісінің жоқтығынан камералардағы жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ортақ әжетхана қалқаланбаған. Ал душқа түсетін жердегі кафельді ауыстыру керек” деп жазылған есепте.

Алматы қаласындағы ҰПМ мүшелерінің айтуынша, кәрізге байланысты проблеманы шешу үшін мекеме әкімшілігіне тергеудегі адамдардың туыстары биотуалеттер сатып алу үшін ақша жинауға дайын екендерін айтқан. Бірақ түрме әкімшілігі бас тартқан.

Белсенділер ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында он, сегіз және төрт кісілік камералардың аумағы санитарлық нормаға сай еместігін анықтаған. Заңдағы норма бойынша бір адамға кемі екі жарым шаршы метрден келуі тиіс. Іші тар, жалпы аумағы алты немесе сегіз шаршы метр болатын камерада көп адам отыр. Бұған қоса, есепте “камераларда шеттері сүйір келген жиһаз жабдықтары бекітілмеген. Кей камераларда терезе жоқ” деп көрсетілген.

ҰПМ өкілдерінің мәлімдеуінше, ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында медициналық қызметкерлер жетіспейді, сондықтан “сапалы медициналық көмектің қол жетімді екеніне күмән бар". Белсенділердің айтуынша, ҰҚК-ге қарасты тергеу абақтыларының ешқайсысында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған.

Астана мен Қарағандыдағы тергеу абақтылырында отырған адамдар “территориялық прокурорлар мүлде сирек келеді” деп шағынған. Тергеудегі тұтқындардың бірінің сөзінше, ол қамауда отырған екі жарым айдың ішінде прокуратура тарапынан тексеру немесе қадағалау шарасы жүргізілмеген.

ҰҚК-ге қарасты бес тергеу абақтысын аралап шыққан ҰПМ мүшелерінің сөзінше, олар 2015-2016 жылдары жариялаған жиынтық есептерінде көрсетілген ұсыныс-кеңестерді ҰҚК орындамаған.

Құқық қорғаушы Анара Ибраева.
Құқық қорғаушы Анара Ибраева.

"Қадыр-Қасиет" құқық қорғау ұйымы жетекшісі Анара Ибраеваның айтуынша, 2015 жылы ол күш құрылымдарына қарасты тергеу абақтыларының жай-күйі туралы есеп әзірлеген.

- ҰҚК “тергеу абақтыларында қамауда аз адам отыр. Сондықтан оларды қаржыландыру - ақшаны босқа шашу” деп санайды. Ертеректе ҰҚК-ге қарасты абақтыларды мүлде жабуды ұсынғанмын. Ол уақытта де камералар жартылай жертөлесінде немесе жертөлесінде орналасқан еді, - дейді құық қорғаушы.

“БІР КҮНГЕ БІР ШӘЙНЕК СУ БЕРЕДІ”

Терроризм айыбымен сотталып, сегіз жыл түрмеде отырып шыққан, бірақ жазықсыз сотталдым деп санайтын астаналық тұрғын Жасұлан Сүлейменов 2009 жылы бірер күн Астанадағы ҰҚК тергеу абақтысында отырған. Ол "Камерада бірге отырған жігіттерде дәрет сындыру үшін шелек қана болған. Оны кешкісін кезекпен төгетін" деп еске алады.

— Қаладағы тергеу абақтысында үш күннен аса отырдым. Ол жерде әйтеуір еденнен ойып қойған тесік болған, тұтқындар әжетхана ретінде пайдаланатын. Жігіттер оны төсек жаймасымен қалқалап қоятын. Терезенің орнына кішкентай желдеткіш терезе ғаана болған. Сотқа "мен отырған жерде санитарлық бөлім жоқ" деп түсіндіргеннен кейін, мені әлгі жерден әділет министрлігінің абақтысына ауыстырған. Абақтыда фельдшер де, аспаз да, монша жағаушы да бір әйел еді, - дейді Жасұлан Сүлейменов.

Алматыда тұратын тағы бір тұтқын, тіркелмеген «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов Азаттыққа 2012 жылы ҰҚК-нің Алматыдағы абақтысында алты ай отырғанын айтты. Оппозициялық саясаткердің айтуынша, әлгі абақты “НКВД түрмесін” еске түсірген. Бұл изолятор, шынымен, дәл сол жылдары салынған.

— Ол жерде ешқандай кәріз жүйесі жоқ, тіпті су да жоқ. Жуынуға немесе үлкен дәретке тәулігіне екі рет, таңғы алтыда және кешкі алты бір сағат далаға шығаратын. Қалған уақытта пластик шелекке дәрет сындырасың не отырасың. Ол - сенің шаруаң, - дейді Владимир Козлов.

Владимир Козлов.
Владимир Козлов.

Оның сөзінше, әр тұтқын дәрет сындыру үшін туыстары әкеліп берген су құйылған бес литрлік бөтелкені пайдаланады. Ал кейінірек, яғни кешкісін, әжетханаға апарған кезде ішіндегісін төгіп, бөтелкені жуып алуға болады. Владимир Козловтың сөзінше, камераларда су жоқ, күзетшілер бір күнге жетуі тиіс деген есеппен бір шәйнек су әкеп береді. Оның айтуынша, 2012 жылы ҰҚК абақтысының төрттен үш бөлігі тұтқындарға толы болатын. Әлгі түрме қазір де бос емес.

Алматыдағы ҰҚК абақтысының мұндай мүшкіл күйде болу себебін Владимир Козлов құрылымның жабықтығымен байланыстырады. Оның пікірінше, тұтқындарды қамауда ұстаудың қарапайым стандарттарын ҰҚК мүлде мойындамайды.

Азаттыққа ҰҚК өкілдерінен комментарий алудың сәті түспеді. Ведомствоның баспасөз қызметінен күні бойы ешкім телефон тұтқасын көтермеді. Ал "Ұлттық превентивтік механизм және құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп азаптаудың алдын алу" екі күндік форумында ҰҚК өкілдері сөйлеген жоқ. Азаттық тілшісі ведомствоның веб-сайтының "Кері байланыс" деген бөлімінен бұл мәселеге қатысты ешқандай шағым таппады. Ол жерде тек алғыс хабарламалар ғана бар.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG