Accessibility links

Сайлаудан кейінгі бір жыл. Тоқаев Назарбаевтың көлеңкесінен шыға алды ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтыр өткен ерте президент сайлауының ресми жеңімпазы деп жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президенттің сөзінен аса алмайтын, екінші пландағы актер болады деп топшылағандар Қазақстанда да, шетелде де көп еді. Елді 30 жылға жуық басқарған бұрынғы президент өз адамын орнына қалдырудан басталған қазақстандық "билік транзитінің" бір жылы нені аңғартты?

Қасым-Жомарт Токаев кезектен тыс президент сайлауынан кейін өткен ант беру рәсімін "аса құрметті елбасы" деп бастап, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне ұзақ тоқталып, оның саяси бағдарын жалғастыруға уәде берді. Қазақстанның екінші президенті кейінгі кезде халық алдында сөйлегенде бірінші президентті мүлде аузына алмайтын болды.

Тоқаев өзінің дербес шешім қабылдайтын басшы екенін көрсеткісі келгендей, "менің жолдауым", "менің тапсырмам", "тапсырамын" деген сөздерді жиі қолданады.

Мамырдың 11-і күні мемлекеттік комиссия отырысында коронавирустың таралуына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі аяқталатынын жариялаған Тоқаев (сарапшылар төтенше жағдай режимі кезінде екінші президенттің позициясы біршама нығайды деп есептейді) "ұлт көшбасшысын" бір-ақ рет cөзіне қосты. Тоқаев Назарбаев тұсында басталған тұрғын үй бағдарламасы ипотекалық несиеге импульс бергенін айтып, алдыңғы нұсқаға қарағанда пайыздық көрсеткіші мен бастапқы жарнасы төмен басқа бағдарлама ұсынды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экономикалық форумы кезінде. Нұр-Сұлтан, 16 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экономикалық форумы кезінде. Нұр-Сұлтан, 16 наурыз 2019 жыл.

ІШКІ САЯСАТ. ДЕРБЕСТІГІН ДӘЛЕЛДЕУГЕ ТЫРЫСУ МА?

Бір жыл бұрын жұрттың көбі президент қызметіне келген бойда астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаеваны сенат спикері етіп тағайындауды ұсынған Тоқаевтан дербес іс-әрекет күткен жоқ. Сенат депутаттары президент ұсынысын бірауыздан қолдап, Назарбаева Қазақстан парламенті жоғарғы палатасының төрағасы болды. Бұл лауазым иесінің қолында шынайы билік жоқ, бірақ президент отставкаға кеткен немесе қайтыс болған жағдайда оның қызметін сенат спикері уақытша атқарады. Бұл механизм былтыр наурыз айында жүзеге асты: сол кезде сенат төрағасы болған Тоқаев Ақордаға ауысып, Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін (кеңеске қазіргі президент те мүше, ол елдегі барлық маңызды тағайындауды осы ұйыммен келісіп отыруы керек) басқаруға көшті. Сол кезде сарапшылар ННазарбаев Тоқаевқа президенттің орнын бергенімен, билік тізгінін өзі ұстап отыр деген пікір айтқан. Қоғамда "Тоқаев - уақытша басшы, жақында билікке Дариға Назарбаева келеді екен" деген әңгіме айтылды. Бірақ бұрынғы президенттің 57 жастағы үлкен қызы сенат төрағасы қызметінде 14 айдан сәл астам уақыт отырған соң, мамырдың 2-сі күні Тоқаев Назарбаеваның депутаттық өкілетін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Парламенттен кеткен Назарбаева содан кейін жаңа қызметке әлі тағайындалған жоқ.

"Кітапхана" (отставкадан кейін жұмыс кеңсесін бірінші президент кітапханасының ғимаратына көшірген Нұрсұлтан Назарбаевтың канцеляриясын сарапшылар осылай атайды) Дариға Назарбаеваның парламенттен кетуіне байланысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

Ресейлік саясаттанушы, ТМД және Орталық Азия елдері бойынша сарапшы Аркадий Дубнов кейінгі кезде "Кітапхананың" ықпалы азайып, "елдің саяси өміріне араласуы бәсеңдеп келе жатқанын, бұл "әсіресе Дариға Назарбаеваны сенат төрағасы қызметінен босатқаннан кейін анық көрінгенін" айтады. Дубновтың пікірінше, Тоқаевтың позициясы күшейіп келеді.

Аркадий Дубнов коронавирус пандемиясы мен Жамбыл облысы Қордай ауданындағы этникалық жанжал (ақпан айында онда дүнгендер мен қазақтар қақтығысып, Тоқаев мұны "билік өкілдерінің қатесі" деп тауып, өңір басшыларын, оның ішінде Назарбаевтың тұсында тағайындалған әкімді ауыстырды) екінші президенттің беделін арттырды деп есептейді.

- Осындай қиын жағдайда президент Тоқаев саяси ерік-жігер танытып, дербес шешім қабылдайтынын көрсетті. Ол мұны басқалар күткеннен де сәтті жасады. Бұл оның рейтингін өсірді, - дейді Аркадий Дубнов.

Қасым-Жомарт Тоқаевты (ортада) президенттікке кандидат етіп бекіткен "Нұр Отан" партиясының съезі. Оң жақта - бұрынғы президент, осы партияның лидері Нұрсұлтан Назарбаев, сол жақта - сол кездегі парламент сенатының спикері Дариға Назарбаева. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаевты (ортада) президенттікке кандидат етіп бекіткен "Нұр Отан" партиясының съезі. Оң жақта - бұрынғы президент, осы партияның лидері Нұрсұлтан Назарбаев, сол жақта - сол кездегі парламент сенатының спикері Дариға Назарбаева. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Дариға Назарбаеваны парламенттегі қызметінен босату – Тоқаевтың тосыннан жасаған алғашқы әрекеті емес. Одан бөлек бірнеше адамды қызметке тағайындағанда осы тәрізді шешім қабылдады. Мысалы, былтыр тамызда Тоқаев Қазақстанның Беларусь мемлекетіндегі елшісі, Назарбаевтың көп жылғы серіктесі Ермұхамет Ертісбаевты қызметінен босатты. Ертісбаевқа бұл күтпеген жаңалық болған: дипломаттың зейнетке шығуына үш айға жуық уақыт қалған еді. Биыл мамырда Тоқаев бұрын Назарбаев бәрінің көзінше "Тамара, шаршадың ба?" деп сұрап алып, отставкаға жіберген Тамара Дүйсенованы өзіне көмекші етіп алды. Президент Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясындағы қызметінен кеткеннен кейін бір айдай жұмыссыз қалған, бұрын "Қазақстан билігінің саяси транзиті" тақырыбында диплом қорғаған сарапшы Мәулен Әшімбаевты өз әкімшілігіне алып, кейін сенат депутаты етіп тағайындап, қызметін өсірді (мамырдың 4-і күні Әшімбаев Назарбаевадан кейін сенат төрағасы болып сайланды).

Сенат төрағасының қазіргі екі орынбасарының бірі Асқар Шәкіров те былтыр Тоқаевтың сайлауалды штабын басқарған Әшімбаев сияқты президентке жақын адам. Тоқаев бұрын он жылға жуық сыртқы істер министрі болған кезде Шәкіров оның қол астында жұмыс істеген.

- Енді жоғарғы палата президент бастамасы мен ол ұсынған кандидатураға тоқтау сала алмайды. Бұл Тоқаев күш блогын және Қауіпсіздік кеңесіндегі көп адамды бақылауына алды дегенді білдіреді. Қазір Назарбаевтың отставкаға кетпей тұрып мұқият дайындаған, президент билігін бақылап, оған қарсы күш ретінде пайдалануға жарайтын тетіктерінен "Нұр Отан" партиясы ғана қалды, бірақ осының өзі аз емес, - дейді Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының сарапшысы Виктор Ковтуновский. Ол Дариға Назарбаеваны қызметінен босатуды "[Тоқаевтың] бұрынғы президентпен арадағы "транзит" келісімінің бұзылғанын көрсеткен ең маңызды шешімі" деп бағалайды.

Өткен айда Тоқаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа генерал-лейтенант шенін берді. Бір қызығы, Мәсімов пен Ермекбаев алғашқы генерал шенін бір жылдан астам уақыт бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған.

"Қазақстандық транзит" тақырыбын жиі талқылайтын Беларусьтің (елді жиырма бес жылдан астам уақыт бойы "Еуропаның соңғы диктаторы" атанған Александр Лукашенко басқарады. Биыл ол президент сайлауына қайта түспек) саяси шолушысы Юрий Дракахруст Тоқаев элитаның қолдауына ие болуға тырысып жүр деп санайды.

- Тоқаев Назарбаевтың көлеңкесінен шыға бастады. Оның Дариғаны кетіруі – Назарбаевты шапалақпен тартып жіберу болмаса да, ашық мінез танытуы деп ойлаймын. Бұл жерде Тоқаевтың өз кадрларын қандай қызметке қоятыны да маңызды. Сталин жолдас айтқандай, "іс тетігін кадр шешеді". Білуімше, Тоқаев өз кадрларын ақырындап қызметке қойып жатыр. Бұл бір процесс жүріп жатқанын көрсетеді. Тоқаевтың да жағдайы тұрақты емес – күн сайын өзгеріп жатыр. Тоқаев өз адамдарын маңызды қызметтерге қойғаннан кейін, оны Назарбаевтың көлеңкесінен едәуір шықты деп айтуға болады, - дейді Юрий Дракахруст.

"Альтернатива" зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарёв Қасым-Жомарт Тоқаевты президент қызметінде толық дербес деп айтуға әлі ерте екенін, Қауіпсіздік кеңесі мен басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаев билікке ықпал етудің ресми және бейресми тетіктерінің көмегімен элита арасындағы қарым-қатынасты, күш құрылымдарын, маңызды экономикалық активтер мен қаржы ағынын бақылауда ұстап отырғанын айтады.

- Табиғи факторлар себебінен бұл бақылау біртіндеп әлсіреп келеді. Сондықтан бірінші президент өзі қалдырған мұрагерге саяси қолдау көрсетіп, билеуші элитаның оған жылы қабақ танытуына көмектеседі, - дейді Андрей Чеботарёв.

Чеботаревтың пікірінше, бір жағынан, Назарбаевқа саяси бағыты мен "отбасының" жағдайын сақтау үшін Тоқаевтың билігін нығайту тиімді. Бірақ екінші жағынан, Назарбаев өзі мен төңірегіндегі адамдарға теріс салдары болуы мүмкін деген қауіппен Тоқаевтың қолына ықпал ету тетігін түгелдей беруге асықпай отырғанын айтады сарапшы.​

СЫРТҚЫ БАҒЫТ ПЕН "НАЗАРБАЕВҚА ПАЙДАСЫ ЖОҚ УАҚЫТ"

Сарапшылар соңғы жылы сыртқы саясатта да біраз өзгеріс болғанын айтады. Мамырдың 19-ы күні онлайн режимде өткен Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесі саммитінде Тоқаев қол қоюға ұсынылған еуразиялық интеграцияның бес жылдық стратегиясы қазіргі қалпында "үкімет пен парламенттің тәуелсіздігін шектейтінін" айтқан. Стратегия қабылданған жоқ. Кейбіреулер Тоқаевтың мәлімдемесін Қазақстан халқының арасында Ресейдің басымдығы байқалатын интеграциялық бірлестік – Еуразия экономикалық одағына сын күшейіп келе жатқан кезде, көптің көзінше ұпай жинау деп түсінді.

Тоқаев президент қызметіне кіріскелі бері Орталық Азияда ықпалын жүргізуге бақталас Ресей мен Қытайға сапармен барды. СССР тарағалы отыз жылға жуық уақыт өтсе де, Ресей бұл аймақты өзі ықпал ететін өңір ретінде қарастырады. Орталық Азия елдеріне көп несие беріп, шикізат сатып алатын Қытай болса экономикалық, әскери және мәдени ықпалын арттырып келеді. Назарбаевтың тұсында Қазақстан мен Ресейдің арасында мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларация қабылданса, Тоқаевтың тұсында Қытаймен "мәңгілік әріптестік туралы" келісімге қол қойылды.

Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) Пекинге сапармен келген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге. Қытай, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) Пекинге сапармен келген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге. Қытай, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Назарбаев отставкадан кейінгі алғашқы айларда халықаралық істерге белсене араласты. Былтыр қазанда Бакуде өткен Түркітілдес мемлекеттердің әріптестік кеңесі саммитіне Қазақстанның атынан Тоқаев емес, Назарбаев барды. Бірнеше күннен кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Жапония императорының таққа отыру рәсіміне қатысты, қараша айында Орталық Азия мемлекеттері басшылары жиналған саммитте болды. Бірақ кейінгі кезде Назарбаев халықаралық шараларға қатысуды азайтты. Назарбаев өз идеясынан туған ұйымдағы жоғарғы органның құрметті төрағасы болғанына қарамастан, Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің басшыларымен онлайн режимде өткен кездесуге қатыспады. Ресей президенті Владимир Путин жақында президент Тоқаевты маусымның 24-іне Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына шақырды. Бұл жиынға Нұрсұлтан Назарбаевты та шақырды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ былтыр парадтың құрметті қонағы Тоқаев емес, Назарбаев болған.

- Назарбаевтың сыртқы саясаттағы белсенділігі зор емес, ол президент Тоқаевқа көлеңке түсірмейді. Сырттай қарағанда Тоқаев елдегі бірінші әрі дербес басшы болып көрінеді. Уақыт пен дағдарыс Назарбаевқа емес, Тоқаевқа пайдалы болып тұр. Қазіргі президент мұны ұтымды пайдаланып отыр. Шын дағдарыс әлі алда. Оның бар ауыртпалығы қазіргі президенттің иығына түседі, одан қалай шығарын сол кезде көреміз, - дейді билікте де, оппозицияда да болып көрген экономист Петр Своик.

Енді бір айдан аз уақыттан кейін Нұрсұлтан Назарбаев 80 жасқа толады. Мереке Назарбаевтың есімі берілген, оның атымен аталатын әуежай, университет, мектептер мен басқа да нысандар, көзі тірісінде қойылған ескерткіштері бар, бұрынғы резиденциясында өзі таңдап қалдырған адам отырған ел астанасында өтетін сияқты.

Назарбаевтың отставкасынан кейін өзі де, жаңа президент те "билік транзиті" сценариін дайындауға үш жыл бұрын кіріскендерін айтқан.

"Саясатқа көшеден келген жоқпын"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

Көзі тірі басшының президент билігін бейбіт жолмен екінші адамға табыстауы – постсоветтік елдер кеңістігінде сирек кездесетін құбылыс. Жаңа тарихтағы оқиғалардың бір-бірінен аса қатты айырмашылығы жоқ. Солтүстіктегі көршіміз Борис Ельцин мен Владимир Путиннің арасында келісім жасалып, оның шарты жақсы орындалған сияқты. Ал оңтүстіктегі көрші Қырғызстанда билікті айналасындағы адамдардың бірі Сооронбай Жээнбековке берген Алмазбек Атамбаев өзі қалдырған мұрагердің билігі тұсында түрмеде отыр.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG