Accessibility links

Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін мәңгі басқармақ


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мамырдың 31-і күні Қазақстан парламенті сенаты президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығын беретін заң жобасын мақұлдады.

“Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі туралы” заң жобасын Парламенттің екі палатасы қабылдап, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдады.

Бұған дейін заң жобасын депутаттарға таныстырған Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев оның қабылдануы “Қазақстан Қауіпсіздік кеңесін елдің ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуші орган ретінде тануға” мүмкіндік беретінін айтқан.

Заң жобасы бойынша Қауіпсіздік кеңесі төрағасына қауіпсіздік кеңесін басқару, отырыстары мен жедел жиналыстарын шақыру, Қауіпсіздік кеңес туралы жағдайды бекіту, сонымен бірге заңнамада қарастырылатын өзге өкілеттерді жүзеге асыру құқығы берілмек.

Оқи отырыңыз: Бүкіл билік Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік төрағасына беріле ме?

Заң жобасында қауіпсіздік кеңесінің мәртебесі қайта қаралған және кеңес консультативті-кеңесші органнан конституциялық органға айналады. Жобада Қауіпсіздік кеңесіне елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету ғана емес, "ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, халықаралық аренада елдің конституциялық құрылымы мен ұлттық мүдделерін қорғау" жауапкершілігін де жүктеуді ұсынады.

Құжатқа сай, Қауіпсіздік кеңесінің құрамын президент кеңес төрағасының келісімімен жасақтайды.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы.

Заң жобасының 3 бабына сәйкес, президент, мәжіліс және сенат төрағалары, премьер-министр, мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігі жетекшісі, қауіпсіздік кеңесі хатшысы, бас прокурор, ҰҚК төрағасы, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі және ішкі істер министрі Қауіпсіздік кеңесінің лауазымы бойынша мүшелері болады.

Қауіпсіздік кеңесі 1991 жылы Қазақ ССР президенті болып тұрған Назарбаевтың жарлығымен ел тағдырына байланысты маңызды мәселелер шешілетін консультативті-кеңесші орган болып құрылған. Ол 1993 жылы Қазақстан республикасының Қауіпсіздік кеңесі болып қайта құрылған. Қазір Қазақстанда Қауіпсіздік кеңесі қызметін реттейтін жеке заң жоқ, бұл орган президенттің 1999 жылғы 20 наурыздағы жарлығымен бекітілген ережелер негізінде жұмыс істейді.

Әзірше консультативті-кеңесші орган статусындағы Қауіпсіздік кеңесіне күш құрылымдары, орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысын үйлестіріп, заң жобаларын талдау мен заңдардың орындалуын қадағалау функциясы жүктелген.

Оқи отырыңыз: Ұстауға, қамауға және жауапқа тартуға болмайды

Қазақстан тарихындағы тұңғыш "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заң жобасы биылғы жылдың басында ашық жарияланып, қаңтарда парламент қарауына түскен болатын. Бұдан кейін қоғам әлгі құжат туралы ұмытыңқырап қалғандай болды. Бірақ мамырдың 16-сы күні мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, ал сосын тура бір аптадан кейін – мамырдың 23-і күні жарытымды түзету енгізбестен қабылдап, сенатқа жолдады.

Нұрсұлтан Назарбаевқа тұңғыш президент әрі "ұлт көшбасшысы - елбасы" ретінде Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға болу құқығын беру әрі болашақ (әзірше гипотетикалық) президентті Қауіпсіздік кеңесінің "қатардағы" мүшесі ретінде оған бағынышты ету - заң жобасының ең негізгі тармағы деуге болатын сияқты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG