Accessibility links

«Вирус жұқтырып жатқан шығармыз». Жұрт рұқсат қағазын алу үшін ұзын-сонар кезекте тұр


Рұқсат қағазын алу үшін кезекте тұрған жұрт. Семей, 2 сәуір 2020 жыл.
Рұқсат қағазын алу үшін кезекте тұрған жұрт. Семей, 2 сәуір 2020 жыл.

Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен және Семей қалаларында сәуірдің 2-сінен бастап блокпосттар қойылып, шектеулер енгізілді. Сәуірдің 6-сынан қала тұрғындары үйден тек белгілі уақыт аралығында рұқсат қағазымен ғана шыға алады. Тұрғындарға рұқсат қағазын тарату пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) және кондоминиум төрағаларына жүктелген. Олардың сөзінше, әкімдіктің жұмыс процесін дұрыс ұйымдастырмауынан рұқсат қағазын алуға келгендер топталып кезекте тұр. ПИК және кондоминиум өкілдері адамдардың топталуы денсаулықтарына қауіп төндіріп тұрғанын айтады.

Наурыздың 28-і күні Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясы тіркеліп, Семейдің екі тұрғынына вирус жұққаны белгілі болды. Олар наурыздың 21-і күні Египеттен Қазақстанға ұшып келген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қазір Шығыс Қазақстан облысында 662 адам үйде оқшауланған. Тағы 52 адам – провизорлық, 41 азамат карантин стационарында жатыр.

Наурыздың 31-і күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сәуірдің 6-сынан бастап Семей тұрғындарына қала ішінде рұқсат қағазымен ғана жүруге болатынын мәлімдеді. Әзірге рұқсат қағазының екі түрі белгілі. Оның біріншісі қаланың тіршілігін қамтамасыз етіп отырған ұйым өкілдеріне және жұмыс істеп жүрген азаматтарға арналған. Барлық отбасыға үлестірілетін рұқсат қағазының екінші түрі аптасына үш рет дүкенге, дәріханаға, банктерге және медициналық мекемелерге баруға мүмкіндік береді.

Рұқсат қағаздарының түстері де әртүрлі. Жасыл түсті рұқсат қағазымен – жұп күндері, ал ақ түсті рұқсат қағазымен тақ күндері жүруге болады.

Қала шартты түрде 202 аумаққа бөлінген. Бірақ тұрғындарға өзі тұратын квадраттан тыс территорияларда да жүруге болады.

— Басқа аумаққа өтуге болады. Бірақ бәрі тақ және жұп күндері қолдануға болатын рұқсат қағазына сәйкес орындалуы керек. Сіз жасыл картамен тақ күні жүре алмайсыз. Бұл ережені бұзсаңыз, жауапкершілікке тартыласыз, — деді Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов.

Дәл сол күні өткен баспасөз конференциясында Семей қаласының әкімі Ермак Салимов «Пәтерде тұратындар рұқсат қағазын ПИК пен кондоминиумдардан, ал саяжайда тұратындар кооператив басшылары мен ұйымдастыру ісіне жауапты азаматтардан алады» деп түсіндірді.

Сәуірдің 2-сінен бастап ПИК пен кондоминиумдар таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Әкімдік жеке секторда тұратын азаматтарға рұқсат қағазын тарату үшін 20 автобус бөлді.

«ХАЛЫҚ ЖИНАЛҒАН ЖЕРДЕ ТҰРУҒА БОЛМАЙДЫ»

Осыдан кейін рұқсат қағазын тарату мәселесі бірден байқала бастады. Восточный (Семейдің шетіндегі аудан) ауылының тұрғындары автобустан таратылатын рұқсат қағазын алу үшін карантин шараларына қарамастан, ұзын-сонар кезекке тұрып, бір жапырақ қағазды түнге дейін күтті.

Рұқсат қағазын алу үшін кезекте тұрған жұрт. Семей, 2 сәуір 2020 жыл.
Рұқсат қағазын алу үшін кезекте тұрған жұрт. Семей, 2 сәуір 2020 жыл.

Сәуірдің 1-і күні қала орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ғимаратының алдында да осындай кезек түзілді. Ол жерге Жаңасемей ауданының ПИК және кондоминиум төрағалары жиналды. ПИК өкілдерінің айтуынша, оларға рұқсат қағазын алып кету уақытын алдын ала белгілеп, хабарлама жіберген. Кезекте тұрғандардың арасында зейнеткерлер де болды.

— Кеше таңғы 11-ден кешкі 6-ға дейін кезекте тұрдым. Кейін «рұқсат қағазы таусылып қалды» деді. Сондықтан бүгін тағы келдім. Кеше адам өте көп болды. Бүгін әйтеуір тәртіп бойынша кіріп жатырмыз, полиция тұр, кеше бәрі бейберекетсіз болды, — дейді 73-жастағы Любовь Николаева.

Сәуірдің 2-сі күні тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ғимаратының алдында 20 шақты адам жиналды. Кезегін жіберіп алғысы келмеген халық бір-біріне иық тірестіріп, тым жақын тұр. Қала әкімінің жеке сектор тұрғындары рұқсат қағазын автобустан алады деген мәлімдемесі іс жүзінде орындалмаған болып шықты.

— Рұқсат қағазын алғымыз келеді. Восточный ауылында не ПИК, не кондоминиум жоқ. Рұқсат қағазын автобустан алуымыз керек еді, бірақ олар бізді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жіберді. «Бір адам барлық тұрғынның рұқсат қағазын алып келіп, үй-үйді аралап, таратсын” деді. Бір сағаттан бері кезекте тұрмыз,— дейді Восточный ауылының тұрғыны Елена.

Кезекте тұрған тағы бір әйел кеше көршілерімен бірге автобустан рұқсат қағазын алуға барғанда, тізімнен аты-жөндерін таба алмағанын айтты. Автобустағылар оларды мәселесін шешіп келуге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жіберген. Кезекте уәде етілген рұқсат қағаздарын ала алмаған басқа көше тұрғындары да кездеседі.

— Біздің Достоевский көшесіне әлі күнге автобус келген жоқ. Хабарласқанымызда, «күтіңіздер, келе жатыр» деді. Үнемі солай айтады. Кеше түнгі 12-ге дейін ары-бері жүгіріп, автобус іздедік, біреуін де таба алмадық. Шайжүнісов не Ғаббасов көшесіне барсақ, ондағы автобустар «Сіздерге бұл автобус қызмет көрсетпейді» деп қайтарады. Бәрі рұқсат қағазын беруден бас тартып жатыр, — дейді тұрғындардың бірі.

Пәтер иелері кооперативінің бірнеше төрағасы әкімдіктің ұйымдастыру жұмыстарына шағынды. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына шақырылған уақытта келсе де, ішке кіре алмай, басқалармен бірге кезек күтіп тұрғанын айтады.

— Барлық жерде халық жиналған орындарға бармау керек деп ескертіп жатыр. Бір-бірімізден бір метр қашықтықта тұруымыз керек. Вирусты қалай жұқтыраймыз? Кеше келгенімде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өкілі шығып, «Рұқсат қағаздары Өскеменнен әлі келген жоқ, ертең беріледі» деді. Біз тұрғындар саны туралы ақпарат пен әр азаматтың жеке дерегін өткізгенбіз. Әкімдік қалада қанша кооператив барын жақсы біледі. Неге бәрін дұрыс ұйымдастырмаған? Әкімдік көмектесудің орнына, денсаулығымызға зиян келтіріп жатыр. Бұл – бірінші кезекте, халықты құрметтемеу. Мұнда 50 адамнан кезекте тұрып, бір-бірімізге вирус жұқтырып жатқан да шығармыз. Әкімдікке хабарлассам, канцеляриядан басқа ешкім жауап бермейді. Адамдар айқайлап, ұрысып жатыр. Ұйымдастыру деңгейі өте төмен, ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ. Олар бізді алдын ала жинауы керек еді, ал жұмыс тек наурызда басталды. Ашу-ызамды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, — дейді ПИК төрағасы Нұрбике Омарова.

Қазіргі жағдайға байланысты пікір білдірген Семей қаласының әкімі «Адамдар өздері асығып, дүрбелең туғызып жатыр. Сәуірдің 6-сына дейін бәрі рұқсат қағаздарын алып үлгереді» деді. Ал ПИК өкілдері кінәні өздерін осында шақырып, қауіпті кезекке тұрғызған әкімдіктен көреді.

Рұқсат қағазын алу үшін кезекте тұрған әйел. Семей, 2 сәуір 2020 жыл.
Рұқсат қағазын алу үшін кезекте тұрған әйел. Семей, 2 сәуір 2020 жыл.

— Біз жарты сағат бұрын келдік. Бізге, ПИК өкілдеріне WhatsApp арқылы қаншада келу керегін жазды. Енді мына тәртіпсіздікті қараңыз. Жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаған. Біз – басқарушы компаниямыз, 1 300 адамымыз бар. Олар әркім өз уақытында келетіндей кесте жасап, соған сәйкес қабылдауы керек еді. Осынша халықты жинап қайтеді? Енді адамдарға рұқсат қағазын қалай таратамыз? 1300 адам бізге келеді, бұл – сұмдық қой, — дейді «Шәкәрім көшесі 13 үй» ПИК директоры Тасқын Қасенова.

Халық әкімдікке қояр сұрағы көп екенін, бірақ жергілікті билік телефон қоңырауына жауап бермейтінін айтып, шағынды. Ал әкімдік өкілдері әлемде мұндай жағдайдың бірінші рет болып отырғанын, сондықтан қиындықтар болуы мүмкін екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG