Accessibility links

Күнкөріске жетпейтін шәкіртақы. Жұмыс істеуге мәжбүр студент


Үкімет студенттердің стипендиясын отбасы табысына қоспақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

Азаттық видеосы: Үкімет студенттердің стипендиясын отбасы табысына қоспақ

Жастар жылын қорытындылаған жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы студенттер стипендиясын 25 пайызға көбейтуді тапсырды. Бакалаврда оқитындардың шәкіртақысы өскеннің өзінде елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді.

Қазір Қазақстанда мемлекет есебінен бакалаврда оқитын студенттер айына 20949 теңге (54 доллар) стипендия алады. Ал барлық сабағынан өте жақсы баға алғандардың қолына 24091 теңге (62 доллар) тиеді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығына сай, 2020 жылдан бастап шәкіртақы 25 пайызға көбейсе, студенттер 26 мың теңге (67 доллар) алатын болады. Студенттер бір ай бойы осы ақшаға күн көруі керек. Ал елдегі ең төмен күнкөріс мөлшері - 29698 теңге (77 доллар).

"СТИПЕНДИЯ ҚАЖЕТІМІЗДІҢ ОННАН БІРІН ҒАНА ЖАБАДЫ"

Мемлекет есебінен білім алып жатқан студенттердің біразы шәкіртақы барлық шығынның оннан бір бөлігін ғана өтеуге жететінін айтады.

Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті Нұрхан (фамилиясын айтуды қаламады) екі жылдан бері білім беру орталықтарының бірінде 10-11 сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, қосымша табыс табады. "Барлық сабағын беске жауып, 24 мың теңге стипендия алатын" студент бұл қаржы бір айға жетпейтінін айтады.

Жазғы демалысын ауылда өткізіп, қаладағы оқуына оралған студент. Алматы, 27 тамыз, 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Жазғы демалысын ауылда өткізіп, қаладағы оқуына оралған студент. Алматы, 27 тамыз, 2019 жыл. Көрнекі сурет.

- Әрине, ақша жетпегендіктен жұмыс істеп жүрмін. Бос уақытымда бала оқытумен айналысамын. Бір жағынан бұл ізденуіме түрткі болса, екінші жағынан тәжірибе жинақтап жүрмін. Мен үшін тиімді. Бірақ жанымдағы достарым я таныс студенттердің барлығы бірдей оқу орталықтарында істей бермейді ғой. Көпшілігі түнгі уақытта жұмысқа шығады. Олардың білім алуына бұл кедергі, - дейді ол.

Нұрханның сөзінше, тобындағы студенттердің басым бөлігі қосымша жұмыс істейді.

Осы университеттің филология факультетінің 4-курсында оқитын Сәбина да жақсы оқығаны үшін 24 мың теңге шәкіртақы алады. Ол бірінші курстан бері репетитор болып жүргенін, әуелде жұмыс пен оқуды қатар алып жүру өте ауыр болғанын айтты.

- Төрт қыз бірігіп пәтер жалдап тұрамыз. Стипендиямның 20 мың теңгесін ай сайын пәтерақыға беремін. Сабақтарға үлгермейтінмін. Түнімен отырып сабаққа дайындалуға тура келетін. Қазір кейбір таныстарым кафеде, фаст-фуд сататын орындарда жұмыс істейді. Олардың жұмыс кестесі сабақпен сәйкес келе бермейді. Сабақтан көп қалатын студенттер бар. Үнемі шаршап жүреді. Бұл олардың оқу үлгеріміне әсер етеді. Қосымша жұмыс істемесе, ақша жетпейді, - дейді ол.

Сәбина Алматы сияқты ірі қалада өмір сүру қымбат екенін, студенттерге жатақхана жетпейтінін, пәтерақыдан басқа оқу құралдары мен жол шығынына едәуір ақша кететінін айтады.

- Қазіргі шәкіртақы қажетіміздің оннан бірін ғана жаба алады, - дейді студент.

Семей медицина университетінің 7-курсында оқып жүрген Назерке Ерланованың сөзінше, 21 мың теңге тұрмақ, өзі алатын интернатураның 37 мың теңге стипендиясы бір айға жетпейді.

Айына кем дегенде 60 мың теңге жұмсайтынын айтқан Назерке де қазір "екі жерде жұмыс істеп, түнгі ауысымға шығып жүрмін" дейді.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Әлеуметтанушы Нұрбол Айекешов "стипендияның 25 пайызға өсуі тауар бағасына әсер етуі мүмкін" деп болжайды.

- Стипендия өссе, ертең тауар бағасы да көтеріледі. Оны ешқашан қуып жете алмайды. Бізде жәрдемақы, стипендия көтерілсе, қымбатшылық болады. Себебі өндірісте қозғалыс жоқ. Мұнайдың бәрі сыртқа кетіп жатыр. Бюджет өспейді. Басқа тартсаң аяққа жетпейтін көрпе секілді. Сондықтан студенттерге мемлекеттік тұрғыдан басқадай жеңілдіктер жасау керек. Мәселен, жол жүру тегін болсын, грантқа түскен студенттер жатақханада тегін тұрсын. Осы тәрізді жеңілдіктер жасаса әлдеқайда тиімді болар еді, - дейді маман.

Сөйлесіп тұрған студенттер. Көрнекі сурет.
Сөйлесіп тұрған студенттер. Көрнекі сурет.

Қазақстан-неміс университетінің профессоры, экономист Бейсенбек Зиябеков "студентке 50 мың теңге шәкіртақы төлесе де, мәселенің шешілмейтінін" айтады.

- 25 пайызға көбейту студенттің мәселесін шешеді деп айта алмаймын. Өйткені өміріміздің өзі қымбаттап бара жатыр. Дегенмен 25 пайыздың өзі – студенттерді қолдау. Мейлі аз болсын, көп болсын, жастар өздерін аз да болса үкіметтің қолдағанын сезінеді. Бұл оларды ынталандыру, - дейді профессор.

Желтоқсанның 9-ы күні Мәжіліске көп балалы отбасыларға жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тетіктерін таныстыруға келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "үкімет студенттер стипендиясын да отбасы табысына қосуды жоспарлайтынын" айтты.

Билік сәуірде көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындағанда стипендияны жанұя табысына қоспаған. Министрдің сөзіне Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова қарсы пікір айтты.

- Стипендия – табыс емес, ол – студенттерді қолдау. Екіге оқитындарға шәкіртақы төленбейді. Өте жақсы оқитындарға сәл көбірек шәкіртақы беріледі. Ал [сіздің айтқандарыңызды] ескеретін болсақ, онда не болады? Мысалы, жақсы оқып, өз шәкіртақысын керегіне жұмсап жүрген студент үшпен оқып жүрген студенттен нашар өмір сүреді. Мен мұнымен мүлде келіспеймін. Шатастырмайық. Стипендия – бүкіл әлемде студентті жақсы оқуға ынталандыру, көмектесу, - деді депутат.

Министр Нұрымбетов "бұл өзгерісті қабылдамас бұрын, парламентпен ақылдасуға дайын екенін" айтты.

Жыл басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 128 жоғарғы оқу орны бар, оның 45-і – мемлекет меншігінде. Оларда жарты миллионнан аса студент білім алады.


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG