Accessibility links

Малы ұрланғандар полицияны сөгеді. Билік жазаны күшейтпек


Ескі Жәйрем кентіндегі жылқы. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Ескі Жәйрем кентіндегі жылқы. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстанда мал ұрлығын ауыр қылмыс түріне жатқызу көзделіп отыр. Елде мал ұрлау қылмыстарының жартысына жуығы ашылмайды. Мал иелері ұрыны ұстауға қауқарсыз деп полицияны сынайды. Полиция болса малды қараусыз қалдырады деп тұрғындарды сөгеді.

"МАЛЫМДЫ ДАЛАДАН ӘКЕТТІ"

Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданы Сарысу ауылының тұрғыны Сабыр Бұқаров өткен жылғы желтоқсанда ұрылар даладан әкеткен 19 жылқысының екеуін жарты жылдан кейін кездейсоқ тауып алғанын, бірақ қалған малын әлі қайтара алмай жүргенін айтады.

- Он бие, сегіз жабағы мен бір айғырымды далада жүрген жерінен белгісіз біреулер ұрлады. Биыл мамыр айында Сарысуға танысының малына қосуға жезқазғандық азамат әкелген екі жылқы өзімдікі екенін жазбай таныдым, - дейді ол.

Сарысу ауылының тұрғыны Сабыр Бұқаровтың 19 бас жылқысынан қалғаны. Қарағанды облысы, қыркүйек, 2019 жыл. (Сурет авторы - Сабыр Бұқаров.)
Сарысу ауылының тұрғыны Сабыр Бұқаровтың 19 бас жылқысынан қалғаны. Қарағанды облысы, қыркүйек, 2019 жыл. (Сурет авторы - Сабыр Бұқаров.)

Ол адам Сабыр Бұқаровқа Жаңаарқа ауданының бір тұрғынынан арзан бағаға сатып алған жеті жылқының бесеуін семіртіп, кейін сойып сатқанын, ал екі бие құлындаған соң Сарысудағы танысының малына қосуға әкелгенін айтқан. Осылайша мал ұрлау фактісі бойынша күдікті ретінде ұсталған жаңаарқалық екі тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сабыр Бұқаровтың айтуынша, күдіктілер әуелі Ұлытау ауданында бір ай қамауда болған. Кейін сот қамау мерзімін тағы үш айға созған.

- Біреуі әлі қамауда жатыр. Екіншісі сот шешімімен бостандыққа шыққан. Олар әлгі адамға сатқан жеті бас жылқыны ғана мойындап отыр. Істі тергеу бес айға дейін созылып кетті, - дейді мал иесі.

Қыркүйектің 25-і күні Азаттық тілшісі телефон арқылы хабарласқан Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің қызметкері (өзін Дастан деп таныстырды) азамат Сабыр Бұқаровтың малын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс тергеуі аяқталып, "сотқа енді ғана жолданғанын" хабарлады.

"ҰРЛЫҚ ӨРШІП ТҰР, ПОЛИЦИЯ ҚАУҚАРСЫЗ"

Мал ұрлығы Қазақстанның өзге аймақтарында да өршіп тұр. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ақтерек ауылының тұрғыны Ерлан Әбдіреев 30 жылдан бері мал бағумен айналысады. Оның сөзінше, мал ұрлығы жыл сайын қайталанады. Былтыр Әбдіреевтің жеті қойын белгісіз біреулер ұрлаған. Биыл жазда далада жайылып жүрген жерінен алты бас сиырын және әкеткен. Иесі жоғалған малы да, оны алған ұрылар да табылмағанын айтады.

Ақтерек ауылының тұрғыны Ерлан Әбдіреев. Алматы облысы, 5 қыркүйек 2019 жыл.
Ақтерек ауылының тұрғыны Ерлан Әбдіреев. Алматы облысы, 5 қыркүйек 2019 жыл.

Ақтеректің тағы бір тұрғыны 80 жастағы Сәмужан Бадамбековтың сөзінше, Алматыға кіре беріс жолдарға қойылған полиция бекеттері алынып тасталғаннан кейін мал ұрлығы үдей түскен. Ол соңғы жылдары төңіректе мал ұрлығы көбейіп кеткенін, жоғалған малдың сол күйі табылмайтынын, полицияның ұрыны ұстауға қауқарсыз болып отырғанын айтып шағынды. "Совет заманында да қой бақтым, бірақ мұндайды көрген жоқпын" дейді қырық жылдан бері мал бағатынын айтқан қария.

- Қайсыбір күні сауып отырған жеті биемді айдап кетіпті деп екі жігіт жоқ іздеп жүрді. Не сұмдық бұл! Енді қалай күн көреміз? Бұлар ұйымдасқан қылмыстық топ. Бірақ, неге екенін білмеймін, оларды полиция таба алмайды, - деп күйінеді Сәмужан Бадамбеков.

Азаттық видеосы: Ақтеректе мал ұрлығы көбейді

Ақтерек ауылында мал ұрлығы көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:23 0:00

Ақтерек ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Елдар Жүкебаев "Тұрғындардың өздері малдарына ие болмайды, қарамайды. Алматы-Бішкек тас жолының бойына жақын жүрген сиырларды ары-бері өткен көліктерге тиеп алып кетеді. Біз оны таба алмаймыз" деді Азаттық тілшісіне.

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында тұратын Қайрат есімді азамат былтыр - төрт, биыл екі сиырын жоғалтқанын, екі жолы да полицияға арыз түсіргенін айтады.

- Олар бәрібір таппайды. Бізде мал көп жоғалады. "Не болып жатыр?" деп қазір сұрамайтын да болдық, - дейді Қайрат.

Мал шаруашылығымен айналысатын "Қазына" агрохолдингінің жетекшісі Алмасбек Садырбаевтың пікірінше, мал ұрлығы Қазақстанның барлық өңірінде көкейкесті мәселеге айналып отыр. Ол мал ұрлығы қылмысы үшін жазаны қатаңдатумен бірге жергілікті полицияға да талапты күшейту керек деп санайды.

"МАЛ ҰРЛЫҒЫ ЕНДІ АУЫР ҚЫЛМЫС САНАЛАДЫ"

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, Қазақстанда 2019 жылдың алғашқы сегіз айында мал ұрлығына байланысты 2868 қылмыстық іс тіркелген – бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 600-ге кем. Биыл сегіз айда тіркелген істің 1581-і ғана ашылған.

"2018 жылы елде барлығы 5636 мал ұрлығы тіркеліп, оның 2477-і, яғни 43 пайызы ашылды" дейді комитет Азаттыққа жазбаша берген мәліметінде. Өткен жылғы ақпарат бойынша, жылдың төртінші тоқсанында сиыр мен жылқы ұрлығы жиілеген.

Ауыл іргесінде жайылып жүрген сиырлар. Алматы облысы, Жалғамыс ауылы. 9 сәуір 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Ауыл іргесінде жайылып жүрген сиырлар. Алматы облысы, Жалғамыс ауылы. 9 сәуір 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Бұған дейін құқық қорғау органдары өкілдері ұрлық жасағандар жәбірленушіге келтірген шығынның орнын толтырып, онымен татуласқаннан кейін қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кететінін, олардың арасында кейін қайта қылмысқа баратындар аз емес екенін айтып келген.

Қыркүйектің 11-і күні Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бірқатар қылмыс түрлеріне, соның ішінде мал ұрлығына да жазаны күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленгенін хабарлады. Оның сөзінше, заң жобасында мал ұрлығы ауыр қылмыс түріне жатқызылып, қылмыс жасағаны үшін он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын енгізу ұсынылып отыр. Бас прокурордың орынбасары жобада зардап шегушімен татуласу немесе зардаптың орнын толтыру мал ұрлығына кінәліні қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтыны жазылғанын айтты.

"Мал ұрлау кәсіпке айналып барады. Ұрлықты ұйымдасқан қылмыстық топ болып жасайды: малды шығарып беретін, тасымалдайтын, соятын, жалған құжаттар жасайтындар бар. Сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Сол себепті мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына жатқыздық" деп түсіндірді Марат Ахметжанов.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG