Accessibility links

Омыртқасын зақымдаған сарбаз әлі орнынан тұра алар емес


Отардағы әскери полигонда жарақат алған солдат Бақберген Қаламұшұлының (әскери формада отыр) отбасымен бірге түскен суреті. Фото оның жеке архивінен алынды.

Отардағы № 82796 әскери бөлімінің әскер жаттығулары кезінде төсектен құлап, омыртқасына зақым келген сарбаз Бақберген Қаламұшұлына дәрігерлер ота жасағалы екі айдан асты, бірақ ол әлі орнынан тұра алмайды. «Баласын ақылы ауруханаларға апарғысы келетін әкесі сотқа дейінгі тергеу ісі уақытша тоқтап қалғанын» айтса, тергеушілер «іс тоқтаған жоқ» дейді.

ЖАРАЛЫ БАЛА, НАРАЗЫ ӘКЕ

Әскери міндетін өтеп жүрген Бақберген Қаламұшұлы биыл маусымның 12-сі күні әскери жаттығу алаңында тігілген шатырдағы төсектен құлап, омыртқасынан жарақат алған. Екі ай бұрын дәрігерлер операция жасағанымен, екі аяғы жансызданып, әлі күнге сал болып жатқан солдаттың әкесі Қаламұш Жақсылық баласының жапа шеккенін әскердегі қызметтік салақтықтан көреді.

Түн ортасында төсек бір жағына қарай қисайып, құлаған. Сол кезде өзге солдаттар жатқан төсек баламның үстінен басып қалған. Айтуларынша, бұл дала жаттығуына арналған төсек, солдаттар өздері құрастырған. Бірақ оны ешкім тексермеген. Оқиға шалағайлықтан болған.

- Олар сол күні казармада емес, палаткада екі ярусты 12 төсекте 24 солдат ұйықтап жатқан. Менің балам есік жақ шетінде, төсектің төмеңгі қабатында жатқан. Түн ортасында төсек бір жағына қарай қисайып, құлаған. Сол кезде өзге солдаттар жатқан төсек баламның үстінен басып қалған. Айтуларынша, бұл дала жаттығуына арналған төсек, солдаттар өздері құрастырған. Бірақ оны ешкім тексермеген. Оқиға шалағайлықтан болған, - дейді солдаттың әкесі.

Әскери борышын өтеу барысында жарақат алған Бақберген Қаламұшұлының әлі күнге орнынан тұра алмайтынын Алматыдағы № 7 қалалық ауруханада нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Амангелдіұлы да растады.

- Он екінші кеуде омыртқасы сынған. Соның кесірінен жұлыны қысылып қалған. Жұлынның өткізгіштігі толық бұзылғандықтан, белден төмен мүлдем жан жоқ. Бірақ операциядан кейін толық рентген жасалынды. Ол жерде барлық конструкциялар орнында тұр, - дейді.

Дәрігерлер баламның науқасына қатысты ештеңе айта алмайды. Тек «күтеміз» деген ғана жауаппен шектеліп отыр.

Дәрігердің айтуынша, «Операция өте жақсы өткен. Ендігі мәселе тек уақыттың еншісінде ғана». Операциядан кейін Алматы қаласындағы әскерилер госпиталінде бір жарым ай жатқан сарбазды жақында Қалқамандағы №1 қалалық ауруханасына ауыстырған. Жаралы сарбаздың әкесі:

- Аяқтарының ұшына болымсыз жан кірген секілді көрінеді. Ептеп қозғалғандай. Қазір ауруханада массаж жасап жатыр. Мұнда 10 күнге жіберген. Үш күннен кейін қайтадан госпитальге барамыз. Дәрігерлер баламның науқасына қатысты ештеңе айта алмайды. Тек «күтеміз» деген ғана жауаппен шектеліп отыр, - дейді.

ТЕРГЕУ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ

Ұлының келешегін уайымдаған Қаламұш Жақсылық «тергеу ісінің уақытша тоқтап тұрғанын» да айтты.

- Осыдан бірнеше апта бұрын Отардан осы іске қатысты тергеуші келіп баламнан жауап алып кеткен, онан кейін үнсіз. Кейін өзім хабарлассам, «Тергеу ісін тоқтатып қойдық. Төрт айдан кейін дәрігерлер қорытындысы шығады. Сол кезде қайта қозғаймыз» деді, - дейді Қаламұш.

Қазақстан армиясы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан армиясы. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі тергеу төңірегіндегі сауалдарға жауап алу мақсатында тергеу тобымен хабарласуға тырысқан еді. Өзін «тергеуші Ермек» (фамилиясын айтудан бас тартты) деп қана таныстырған қызметкер «іс тоқтаған жоқ» деп қысқа қайырып, телефон тұтқасын қоя салды. Ал Бақберген Қаламұшұлының ісімен жете таныс заңгер Қәмиша Есмұхамбетқызы «істі уақытша тоқтауға негіз жоқ екенін» айтады.

- Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 45-бабында іс жүргізуді уақытша тоқтата тұру қарастырылған. Бірақ бапты қолдану жәбірленушілерге қатысты қарастырылмаған. Істі уақытша тоқтатып қоюға негіз жоқ. Алайда науқас азамат ауруханадан шықпай оған «сот-медициналық сараптама» жүргізу қиын. Өйткені, тергеушілер сот-медициналық сараптамадан өту туралы қаулы тағайындап, жәбірленушіге қаншалықты дәрежеде зақым келгенін анықтау керек. Бұл жерде қиындық тудырып отырғаны госпитальдің бас дәрігері науқастың ауруханадан қашан шығатынын не қанша мерзімге жатқызылғанын айтпай отыр, - дейді ол.

Азаттық тілшісі мұнан соң Бақберген Қаламұшұлы емделіп жатқан әскери госпитальдің бас дәрігеріне бірнеше мәрте хабарласқанымен, маманмен сөйлесу мүмкін болмады.

Қазір науқастың хал-жағдайына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, ем-домын толық көлемде алып жатыр, зақым алған органдарының функциялары қалпына келуіне қатысты болжам жасау үшін уақыт қажет.
Қорғаныс министрлігі жауабынан үзінді

Азаттықтың Бақберген Қаламұшұлының ісіне қатысты сауалдары Қазақстан қорғаныс министрлігіне де жолданған еді. Қазақстан қарулы күштерінің бас штабының өкілі, генерал-майор Ә. Халиковтің қолы қойылған жауапта «сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізіліп жатқаны» жазылған. Онда «Бас әскери-медициналық басқармасы мәліметі бойынша қазір науқастың хал-жағдайына ешқандай қауіп төніп тұрмағаны, ем-домын толық көлемде алып жатқаны, зақым алған органдарының функциялары қалпына келуіне қатысты болжам жасау үшін уақыт қажет» екені баяндалған.

Хатта «Жарақат алған сарбаздың отбасына ол госпитальден шыққан соң, яғни жарақат дәрежесі белгілі болғаннан кейін тиесілі қаржылай көмек көрсетілетіні» айтылған.

Азаттық тілшісі істің мән-жайын білу мақсатында Бақберген Қаламұш қызмет еткен бригада командирі Асқар Молданұлына хабарласқан еді. «Әлі полигонда жүрмін» деген командир «телефон байланысы нашарлығынан басқа сауалдарға жауап бере алмайтынын» ескертті.

Бақберген – 46 жастағы Қаламұш Жақсылықтың үлкен ұлы. Әулет Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Харьковка ауылында тұрады. Бақберген әскер қатарына сәуірде шақырылған. Отбасында ешкім жұмыс істемейтінін, маусымның 13-інен бері ұлының қасында тапжылмай отырғанын айтқан Қаламұш Жақсылықтың сөзінен артында қалған отбасына алаңдап жүргені байқалады. Ол кіші ұлының «мектеп жасында» екенін айтқан болатын.

Қазақстан сарбаздары. (Көрнекі сурет)
Қазақстан сарбаздары. (Көрнекі сурет)

Қазақстан әскерінде қызмет тәртібі сақталмауы кесірінен сарбаздар мүгедек болып қалу немесе қаза табу оқиғалары болып тұрады. Мәселен «қорғаныс министрлігі өтемақы төлегісі келмей отыр» деп шағым айтқан Дәурен Кенжебековтің басындағы жағдайды Азаттық бұрындары жазған еді.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы сарбаз өтемақы туралы сот шешіміне қол жеткізді

Әскерде қаза табатын сарбаздар мәселесі де Қазақстанда өзекті күйінде қалып тұр. 2016 жылы шілдеде Алматы облысы Сарыөзек елді мекеніндегі №29 108 әскери бөлімінде қаза тапқан 18 жастағы Даниэль Сайфулиннің анасы «Әскерде тәртіп орната алмаса, неге шақырады?» деп Азаттыққа шағынған болатын.

Оқи отырыңыз: Әскерден табытпен оралды

2016 жылы маусымда Отардағы әскери бөлімге Ақмола өңірінен шақырылған 21 жастағы Саян Сатыбаевты мәйіті үйіне жеткізілді. Туыстары мәйітте соққы іздері болғанын айтады. 2015 жылы Қостанайда 22 жастағы сарбаз Таңатқан Өтепов қаза тапты. ІІМ Өтепов өлімі «уланудан болғанын» мәлімдеген. 2014 жылы Сарыөзектегі №12 740 әскери бөлімде 19 жастағы Сәлім Әлібековтің асылып қалғаны хабарланды. Бұдан басқа да оқиғалар жергілікті БАҚ-та жарияланып тұрады. Алайда Қорғаныс министрлігі «жарғыдан тыс қарым-қатынастар мен қызметтік жауапсыздықты болдырмау мақсатында қарулы күштерінде кешенді профилактикалық шаралар ұдайы өткізілетінін» айтып келеді.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG