Accessibility links

ИМ экстремистері Иранға насихатты күшейтті


Парсыша сөйлеген "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы мүшесі түскен видеодан скриншот.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы қатарына ирандықтарды көбірек тартуға тырысып жатыр. Олар, әсіресе, шииттер көп тұратын Иранда азшылықты құрайтын сунниттерге бағытталған парсы тіліндегі пропаганданы көбейткен.

ИРАН СУННИТТЕРІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҮГІТ-НАСИХАТ

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы қатарына ирандықтарды көптеп тарту үшін парсыша сөйлейтіндерге арналған хабарлар санын арттыра бастады. Наурыздың соңында ИМ тобы Ирандағы суннит мұсылмандарды шииттер басқаратын басшылыққа қарсы көтерілуге шақырған видео таратты. Иранның мемлекеттік телеарнасы мұны "ақылға сыйымсыз видео" деп атады және олардың Ирактағы шығындардың орнын толтыру үшін Иранға қол салып жатқанын айтты.

Содан бері ИМ "Румия" атты үгіт-насихат басылымының төрт санын шығарып үлгерді. Парсыша "Рим" деген мағына беретін бұл басылымның мақсаты – мұсылмандар батыс әлемін жаулап алады деген қиялға сендіру. Бұл басылым ағылшын, орыс, француз және индонез тілдерінде жарық көрген.

Бұрын жекелеген үндеу-мәлімдемелерін парсыша жариялаған ИМ "Румияны" алғаш рет парсы тілінде шығарып отыр.

Иран алты жылдан бері аймақтағы одақтасы – Сирия президенті Башар Асадқа экстремистік қарулы топтармен күресте көмектесу үшін оған жоғары лауазымды офицерлерін де, мыңдаған "еріктілерін" де жіберіп келеді.

Сунниттік исламның салафи радикалдық ағымын қолдайтын ИМ шииттерді адасқандар деп санайды, қазір олар Ирак пен Сирияның біршама бөлігін бақылауда ұстап отыр.

- Бұрын жекелеген үндеу-мәлімдемелерін парсыша жариялаған ИМ "Румияны" алғаш рет парсы тілінде шығарып отыр, - дейді радикалдану мен саяси зомбылықты зерттеу халықаралық орталығының аға ғылыми қызметкері Чарли Уинтер.

Оның айтуынша, бұл топ парсы тіліндегі жазылған не парсыша субтитрлары бар материалдарды 2015 жылдан бері шығарып келеді.

"Румияның" алғашқы нөмірінде бұл топтың неліктен "кәпірлерді" өлтіруді "халал әрі құдайға құлшылық етудің бір түрі" деп санайтыны түсіндірілген мақала бар. Екінші нөмірінің бірінші бетінде қанды пышақтың суреті берілген және "кәпірді пышақтап өлтіру" әдістері тәптіштеп жазылған. Бұл журнал – "Румияның" бұрынғы нөмірлерінің тікелей аудармасы сыңайлы.

"СУ МЕН МАЙ ТӘРІЗДІ"

ИМ өз қатарына жаңа адамдар тартып, әлемге террор таратуда интернетті кеңінен пайдаланады. Соның арқасында олар әлемнің түкпір-түкпірінен Ирак пен Сирияға адам шақырып, басқа өңірлерде қанды терактілер ұйымдастыруға үндеп келеді.

Олардың Иран сунниттері арасында жүргізген насихатының қаншалық сәтті болғанын бағалау қиын. Сарапшылардың айтуынша, Иранның 81 миллион халқының 5-10 пайызын ғана құрайтын, қоғамда көп шеттетілетін сунниттерге топ идеологиясының бәлендей әсері жоқ.

International Crisis Group-тың Иран жөніндегі сарапшысы Әли Ваез.
International Crisis Group-тың Иран жөніндегі сарапшысы Әли Ваез.

- Салафизм мен парсы мәдениеті - су мен май тәрізді бір-бірімен қосылмайтын нәрселер. Экстремизм – тұрақтылықтың қозғаушы күші емес, оның өнімі, сондықтан халық көбіне дағдарыстың алдында емес, соның салдарынан радикализацияланады. Тұрақты әрі мемлекеттік институттары тұрақты жұмыс істеп тұрған Иранда бұл жағдайлардың екеуі де жоқ, - дейді International Crisis Group-тың Иран жөніндегі сарапшысы Әли Ваез.

Сарапшының айтуынша, ИМ сияқты топтар берекетсіздікті пайдаланады. "Иран сунниттерінің арасында алауыздық бар да шығар, бірақ бұл – берекетсіздік деген сөз емес", - дейді Ваез.

Мамырдың 19-ында Иранда болған президент және жергілікті органдар сайлауы кезінде ресми деректер бойынша сунниттер тұратын аудандарда сайлаушылардың 60-90 пайызы дауыс берген. Халықтың сайлауға көп қатысуы экстремистердің сөзіне құлақ асып жатқандардың аз екенін аңғартады.

ИМ ҚАТАРЫНА ҰМТЫЛҒАНДАР

Алайда, кей деректерге және Иран басшыларының ескертулеріне қарағанда, экстремистік топ ирандықтарды қатарына көп тарта бастаған.

Былтыр маусымда Иранның ақпарат құралдары биліктегі аты аталмаған лауазымды тұлғаға сілтеме жасап, өте танымал Telegram құралы арқылы экстремистердің қатарына жаңа мүшелер жинап жатқан 18 адамды тұтқындады деген хабар таратты. Олардың ұсталған уақыты мен орны туралы нақты ақпарат болған жоқ. Сондай-ақ, былтыр тамызда Иранның жаяу әскерінің командирі ИМ-ның Иранның батысындағы Керманшах аймағынан кісі жинап жатқанын хабарлады.

"Олар Нафт Шахр және Қаср-и-Ширин және батыс өңірлерінен адам жинаған", - деді генерал Ахмад Реза Пурдастан. Оның айтуынша, қауіпсіздік күштерімен болған атыс кезінде ИМ-ның екі мүшесі қаза тапқан. Олар жақсы жаттыққан әрі "жанкешті белбеуі" болған.

Сол тамыз айында Иранның барлау министрі Махмұд Алауи ИМ-ға қосылмақ болған 1500 ирандықтың жолын бөгегенін айтты. Бұған қоса Иран басшылығы Тегеран мен басқа да қалаларда террорлық шабуыл жасамақ болғандардың жолын кескенін мәлімдеді.

Ауғанстандық қауіпсіздік күштері қызметкерлері Нангархар провинциясында. 24 мамыр 2017 жыл.
Ауғанстандық қауіпсіздік күштері қызметкерлері Нангархар провинциясында. 24 мамыр 2017 жыл.

Өткен аптада ИМ белсенді әрекет етіп жатыр деген Ауғанстанның шығысындағы Нангархар ауданының басшылығы Иранның Батыс Әзербайжан аймағынан келді деген бір кісінің видеосын жариялады. Әлгі адам террорлық топтың құрамына Telegram-ның көмегімен қосылған. Иранда Telegram байланыс жүйесін миллиондаған адам қолданады.

- Алланың атымен айтамын, мен - Иранның Батыс Әзербайжан аймағынан келген Ясирмін. Мен ДАИШ құрамына Telegram бағдарламасы арқылы қосылдым, - дейді видеодағы жас жігіт. Оның айтуынша, Нангархарда Ираннан тағы біраз адам бар.

Бұдан соң Ауғанстан парламентінің депутаты Хазрат Әли елдің бұл ауданында ИМ-ның ондаған қарулы адамы жүргенін айтты.

- Менде бар ақпаратқа қарағанда, Шиуари тайпасының атамекені саналатын Ачин сияқты аудандарда 10-12 ирандық адам соғысып жүр. Бұрындары [ИМ-ның құрамындағы] ирандықтар саны 100-ден асатын, бірақ олардың қайда кеткені, не болғаны туралы ешқандай дерек жоқ, - деді Азаттықтың Ауған қызметіне сұхбат берген депутат.

Азаттық радиосы бұл мәліметтердің растығына көз жеткізе алмады. Уинтердің айтуынша, ИМ тобының суицидтік шабуылдарына ирандықтар белсенді түрде қатысатынына қарамастан, ұйымның өз ішінде олар онша көп елене бермейді. Уинтердің Гаагада орналасқан Халықаралық террормен күрес орталығына берген есебі бойынша, Ирак пен Сирияда 2015 жылдың желтоқсанынан 2016 жылдың қарашасына дейінгі аралықта Иранның жеті азаматы суицидтік терактілер жасаған.

- ИМ үгіт-насихат материалдарында Иран жасақтары өте сирек көрінеді, тіпті мүлде кездеспейді десе болады, олар тек суицидтік шабуылдар кезінде көрініс береді, ал мұндай шабуылдар өте жиі болатындықтан, олар көзге көрінбей қалады. Олардың қай тілде сөйлейтінін де анықтау мүмкін емес, - дейді Уинтер.

Ваездың айтуынша, ИМ экстремистік тобы Иранға елеулі қауіп төндіре алады. "Бірақ оның идеологиясы елдің суннит азшылығына онша әсер ете қоймайтындықтан, қауіптің іштен болуы неғайбыл", - дейді Әли Ваез.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG