Accessibility links

Сарапшылар: Бурыл оқиғасында билік ескі амалға жүгінді


Полиция полковнигі (ортада) көшеге шыққан наразы тұрғындармен сөйлесіп тұр. Бурыл ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 17 ақпан 2016 жыл.
Полиция полковнигі (ортада) көшеге шыққан наразы тұрғындармен сөйлесіп тұр. Бурыл ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 17 ақпан 2016 жыл.

Бурылдағы оқиғаны саралаған кейбір талдаушылар Қазақстан билігіне этноәлеуметтік сипаты бар оқиғалар кезінде бұрынғы тактикадан бас тартуға кеңес береді.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылында осы аптада болған оқиғалар «Тұрмыстық сипаттағы қылмыс оқиғалары неге этникалық сипаттағы толқуға ұласады?», «Неліктен назарға бірінші кезекте қылмыстық оқиға емес, этникалық ерекшелік ілінеді?» деген сауалдарды тағы да көлденең тартты.

Бурылда бес жарым жасар баланы өлтіру қылмысы ауыл тұрғындарының көпшілігінің наразылығына түрткі болды. Ақпанның 16-ы мен 17-сі жұрт көшеге шығып, қылмысқа күдіктінің отбасын Бурылдан көшіру туралы билікке талап қойған. Куәгерлердің айтуынша, кейбір тұрғындар күдікті тұратын үйге тас лақтырып, терезесін сындырған. Ауылға шұғыл әкелінген полиция күші бірнеше адамды ұстап, наразы жұртты таратқан. 17 ақпанда билік күдікті ретінде ұсталған 18 жастағы жігіттің үй-іші ауылдан басқа жаққа әкетілгенін хабарлады.

Бурылдағы жағдай тек 18 ақпаннан бастап тыныштала бастады. Сол күні ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов журналистерге ауылға енгізілген полиция жасағы тағы бірнеше күн елдімекенде қалады деп хабарлады. Министр Қасымов, кейін Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев та «кәдуілгі адам өлтіру қылмысы болған Бурыл ауылындағы оқиғалардың ешқандай ұлтаралық сипаты жоқ» деп мәлімдеді.

«АЛШАҚТЫҚ ҰЛҒАЯ ТҮСТІ»

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаевтың пікірінше, Бурыл ауылындағы қылмыстық оқиға себеп болған тұрғындар наразылығы, бір себептен, соңғы 25 жыл ішінде мемлекеттік саясатта жіберілген қателіктердің де көрінісі.

Ешқандай арнайы саясат жүргізілмегендіктен этникалар арасында алшақтық ұлғая түсті деп айтуға болады.

– Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына байланысты адамның этникалық ерекшелігі ол өзін-өзі айқындайтын басты белгіге айналған. Идентификация деген кезде адам өзін ең алдымен жеке этникалық топпен байланыстырады. Яғни, «мен - қазақпын», «сен - орыссың», «сен - түріксің» деген бөліну біздің әлеуметтік шынайылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған және де бұл бөлініске, өкінішке қарай, мемлекеттік саясаттың тигізген әсері бар. Ешқандай арнайы саясат жүргізілмегендіктен этникалар арасында алшақтық ұлғая түсті деп айтуға болады. Мұны кешегі (Бурылдағы – ред.) оқиға да дәлелдеді, - дейді Серік Бейсенбаев.

Әлеуметтанушы Қазақстанда азаматтардың төлқұжатында ұлтын көрсету тәрізді совет кезінен қалған ескі әдет әлі барын айтады. «Бұл да болса адамдардың санасына әсер етеді» деп санайды ол.

Көшеге жиналған тұрғындар мен қарсы бетте тұрған полиция. Бурыл ауылы, 17 ақпан 2016 жыл.
Көшеге жиналған тұрғындар мен қарсы бетте тұрған полиция. Бурыл ауылы, 17 ақпан 2016 жыл.

Ұлтаралық сипаттағы оқиғалардың көбінесе орталықтан шалғайдағы елді мекендерде болып жатқанын айтқан маман бұған «сол елді мекендердің мәдени-ақпараттық изоляцияға түсуі де әсер етуі мүмкін» дейді.

– Мысалы, бізде елге, ұлтқа бөліну жоқ деген сияқты көптеген құжаттар қабылданады. Бірақ мұндай түсінік шалғай жатқан ауылдың деңгейіне дейін жете бермейді. Яғни, олардың өз әлеуметтік шындығы бар. Ол жақтағы «жікке бөлінушілік», болмаса «қазақтар өзгелерден жапа шегіп отыр» деген тәрізді түсініктің қалыптасуы, айналып келгенде, мемлекеттің ақпараттық саясатына келіп тіреледі, - дейді әлеуметтанушы.

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ – УТОПИЯ?

Журналист Сергей Дуванов мәселенің түп-тамырын халықтың жалпы мәдени деңгейімен байланыстырады.

– Бір адам біреуді тонауға я қандай да бір іс-әрекеті үшін жазалауға бекінді делік. Бұл – таза криминалды қатынас. Бірақ өзге адамдар, ең әуелі оның айналасындағы жұрт мәселені ұлтаралық тұрғыдан қарастыра бастайды. Сондықтан әлгіндей істерді ауыр қабылдап жатыр. Мұндай нәрсе бұрын болған, қазір де бар және әлі ұзақ уақыт жалғаса беретін сыңайлы, - дейді ол.

Бурыл ауылында жүрген полиция өкілдері. 17 ақпан 2016 жыл.
Бурыл ауылында жүрген полиция өкілдері. 17 ақпан 2016 жыл.

«Этностарды біріктіретін ұлттық идея» немесе идеологияны утопияға жатқызатын Дувановтың пікірінше, адамдарға белгілі бір идеяны күштеп таңудан ештеңе өнбейтіндіктен, ондай деңгейге адамдар табиғи жолмен өздігімен жетілуі керек.

– Мемлекеттің қалыптасу процесі әлі жалғасып жатыр. Біз әлі бір-бірімізге үйренісіп кете алмай жатырмыз. Этникалық тұрғыдан алғанда әлдеқайда саналуан Еуропаның өзінде ара-тұра жанжал-кикілжің шығып тұрады. Мұның бәрі қалыпты процестер, бәрі бітті, құрыды деп қара аспанды төңкерудің қажеті жоқ. Оларды сауатты, өркениетті түрде, саяси, тәрбиелік әдістермен шешу ләзім. Адамдардың бойында төзімділік (толеранттылық) сезімін тәрбиелеп, қалыптастыру керек. Меніңше, мұның негізгі кілті сол, - дейді ол.

ЖАҢА ДӘУІРДЕГІ ЕСКІ ӘДІС

Қазақстандықтар Бурыл ауылындағы төтенше оқиға туралы негізінен әлеуметтік желілер арқылы хабардар болды. Елдегі кейбір телеарналар оқиғаны негізінен ресми сипаттамаға сүйеніп баяндады. Бурылдағы жағдайды білуге барған бірен-саран журналистер түрлі кедергілерге тап болды. Ақпанның 17-і күні ауылда жүрген Азаттық тілшісіне өздерін «ресми орыннанбыз» деп қана таныстырған үш адам журналистің планшетін тартып алды.

Ауыл, аудан және облыс әкімдіктері мен жергілікті ішкі істер органдары Бурылдағы жағдайға байланысты Азаттық қойған сауалдарға жауап бермеді.

Қазақстанда этникалық сипат алған оқиғалар инфографикасы:

Сарапшылардың пікірінше, төтенше жағдай туралы ақпаратты қоғамнан жасыру сияқты бұрынғы совет дәуірінен қалған ескі әдіс-тәсілдер жаңа заманда керісінше әсер етпек.

– Ол қаншалықты тиімді немесе тиімсіз, ондай айла-әдістер әлеуметтік желі дамыған заманда қаншалықты көмектесе алады – осы жағын сараптау, түсіну кемшін. Ал іс жүзінде ондайдың кереғар әсері болады. Халық ол жайлы мемлекеттік арналарсыз-ақ басқа да құралдар арқылы естіп, біледі. Ал мемлекет әлгі оқиға туралы ештеңе айтпаған кезде теріс түсінік қалыптасады. Жұрт бірден «мемлекет бізден қорқып отыр, ондағы шынайы жағдайды бізге білдіртпеуге тырысады» деген тұжырым жасайды. Осы тұрғыдан алғанда ондай саясатты тиімді деп айтуға келмейді, - дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев.

Журналист Сергей Дуванов «егер билік алғашқы күннен мүмкіндігінше толық ақпарат бергенде, қоғам Бурылдағы тәрізді оқиғаларды соншалықты ауыр қабылдамас еді» деп санайды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG