Accessibility links

"Ештеңеден қорықпаймын"


Раиса Дүйсембаева Жоғарғы сот пен Ақорда маңында жалғыз адамдық пикетте тұр. Астана, 24 тамыз 2017 жыл
Раиса Дүйсембаева Жоғарғы сот пен Ақорда маңында жалғыз адамдық пикетте тұр. Астана, 24 тамыз 2017 жыл

Алматы тұрғыны 74 жастағы Раиса Дүйсембаева Астанада өткен азаматтық белсенділердің бәрінің соттарына қатысып, әлеуметтік желілерде парақшалар жүргізеді және саяси тұтқындарды қорғап жалғыз адамдық пикеттерге шығады. Полицейлер оны бес мәрте ұстап әкеткен, бірақ ол азаматтық ұстанымынан қайтпай, демеуге зәру жандарды қолдауды тоқтатпайтынын айтады.

Раиса Дүйсембаеваны Алматыда да үш мәрте ұстап әкеткен. Мысалы, көшеде адамдарды жаппай ұстаған күн - 2016 жылғы 21 мамырда "жер мәселесіне" қатысты өткен наразылық акциясында полиция оны да ұстап әкеткен болатын. Ол кезде полицейлер Алматы, Астана және Қазақстанның өзге де бірқатар қалаларында бейбіт сипаттағы шеруге шығуды жоспарлаған бір мыңнан аса адамды ұстаған. Айтпақшы, Дүйсембаеваның баласынан сол кезде тартып алған видеокамераны полицейлер әлі күнге дейін қайтармаған.

АЛМАТЫЛЫҚ ЗЕЙНЕТКЕР

2016 жылғы желтоқсанда Раиса Дүйсембаева баласы Талғат Райбаевты (ол мүмкіндігі шектеулі жан) ертіп Астанаға барған. Дүйсембаева - Алматының байырғы тұрғыны, ұзақ жылдар кондитерлік фабрикада, ет комбинатында жұмыс істеген, жатақханада вахтер болған. Оның айтуынша, "үш сыныптық қана білімі бар", өйткені 15 жасынан жұмысқа араласып, Алматыдағы №5 гастрономға сатушының көмекшісі болып орналасқан.

Райса Дүйсембаева өзі туып-өскен қалада да, қазір Қазақстанның астанасында да жалға алған пәтерде тұрады. Өйткені өз баспанасы жоқ, саяжайы ғана бар. Әйелдің сөзінше, мүлде су жоқ әрі Алматыдан алыс саяжайда қыс мезгілінде тұру мүмкін емес. Баласы Талғат Райбаевтың айтуынша, саяжайда тұрғанда тіпті қарды ерітіп пайдалануға тура келген, мысалы, киім-кешегін сол суға жуып жүрген.

Азаматтық белсенді Раиса Дүйсембаева. Астана, 5 наурыз 2018 жыл
Азаматтық белсенді Раиса Дүйсембаева. Астана, 5 наурыз 2018 жыл

- Ол жақта (саяжайлар ауданында - Азаттық) адамдар аз тұрады. Көбінесе су әкеліп алатын көлігі барлар тұрады, ал менде ештеңе жоқ, сондықтан ол жақта тұра алмай, жалға алған пәтерге кеттім, - дейді Раиса Дүйсембаева.

Оның айтуынша, баласы екеуі саяжайдан айына 20 мың теңге төлеп тұратын "времянкаға" көшкен. Біраздан кейін оларға тұрмысқа жайлы баспананы жалға алудың сәті түскен, бірақ тағы бір қиындыққа тап болған. Әйелдің омырауынан қатерлі ісік табылып, операция жасап, сүт безін алып тастаған. Раиса Дүйсембаеваның сөзінше, химиялық терапиядан кейін құлағы нашар еститін болған әрі көзінің көруі де нашарлаған.

БЕЛСЕНДІ АЗАМАТ

Раиса Дүйсембаева қоғамдық жұмысқа 2013 жылы араласа бастаған. Кейінірек Украинаға қашып кеткен азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевпен сол кезде танысқан. Ол проблемаларын шешу жолдарын көрсетіп, Дүйсембаеваға кеңестер берген (өз сөзінше, 2013 жылы оны "алаяқтар" алдап кеткен), ал кейін Нарымбаевтың өзінде де проблемалар басталып, қудалауға ұшыраған. Раиса Дүйсембаева "Қазақстанда тұратын азаматтық белсенділердің проблемалары менің қиындықтарымнан әлдеқайда қиын екенін сол кезде түсіндім" дейді.

- Олар шындық үшін күресіп жүр, оған қоса, біз ауыртпалығымызды артамыз. Сондықтан соттарға өзім барып қатыса бастадым, бәрін қалай дұрыс (заң бойынша - Азаттық) дәлелдеуге болатынын шынымен білгім келді, бірақ сосын Қазақстанда судьялардың әділ емес екенін ұқтым. Бізге әділетсіздік көрсетіп отыр, ал өзгелерге бізден де сорақы қарайды, - дейді Раиса Дүйсембаева.

Қазақстанда судьялардың әділ емес екенін ұқтым. Бізге әділетсіздік көрсетіп отыр, ал өзгелерге бізден де сорақы қарайды

Былтыр ол Астанада жалғыз кісілік пикетке үш мәрте шығып, оның екеуін Назарбаев резиденциясының және үкімет үйі алдында өткізген. Зейнеткер Қазақстан түрмелерінде отырған Арон Атабек, Макс Боқаев, Талғат Аян сынды саяси тұтқындарды босатуды талап еткен.

"Наразылық акциясын неліктен дәл президент резиденциясы алдына барып өткізесіз?" деген сұраққа Раиса Дүйсембаева "елде тәртіп болсын деймін" деп жауап берді.

- Коррупция болмасын, бәріміз пікірімізді еркін айта алсақ, бұл үшін ешкімді отырғызып қоймасын деймін, - дейді Раиса Дүйсембаева.

Ол ештеңеден қорықпайтынын, бірақ полицейлер ұстағанда өзін жаман сезінетінін айтады. Дүйсембаеваның сөзінше, ол кісіден "Жалғыз адамдық пикетке шығуға рұқсатыңыз бар ма?" деп полицейлер үнемі сұрайтын көрінеді. Сондықтан 2018 жылғы ақпанда ол Астана полицейлері үнемі талап ететін "митинг өткізуге санкция" беруді сұрап, парламентке, президент әкімшілігіне, премьер-министрдің кеңсесіне арыз жазған.

Коррупция болмасын, бәріміз пікірімізді еркін айта алсақ, бұл үшін ешкімді отырғызып қоймасын деймін

Айтпақшы, оның өтінішіне жергілікті әкімдіктен жуырда жауап келген. Жауапта өтініш "дұрыс емес" - ұйымдастырушылары, қатысатын адам саны, өтетін орны мен уақыты көрсетілмеген деген уәжбен рұқсат бермей қойған. Ал Дүйсембаева өзі жайлы толық ақпаратты, қайда тұратынын, немен айналысатынын көрсетпеген. Раиса Дүйсембаева әкімдік жауабымен келіспейтінін, сондықтан жаңа өтініш әзірлеп жатқанын айтты. Ол рұқсат алса, саяси тұтқындарды қолдау акцияларын үкімет ғимараттары алдында емін-еркін өткізе аламын деп үміттенеді. Бірақ Астанада бұл жағы қиындау, өйткені акция өткізуге билік рұқсат берген күннің өзінде митингіні қаланың шетіндегі белсенділерді ешкім көрмейтін арнайы бөлінген орында ғана өткізуге болады.

Жуырда Астанадағы жатақхананың Дүйсембаева тұрып жатқан аумағы 13 шаршы метр болатын бөлмесіне учаскелік полицей барған. Ол Дүйсембаева мен ұлының тіркеуде бар-жоғын тексеру үшін аяқ асты барған (екеуі әзірше тіркеуге тұрмаған). Белсенді тіркеуге тұру үшін құжаттаран өткізіп қойғанын айтады әрі енді тіркеудің жоқтығынан қосымша ешқандай проблема тумайтын шығар деп үміттенеді.

XS
SM
MD
LG