Accessibility links

Шымкенттегі «салафиттермен жұмыстың» ерекшеліктері


"Теріс діни ағымға кіріп, қайта шыққанын" айтып отырған азамат. Шымкент, 28 қаңтар 2017 жыл.
"Теріс діни ағымға кіріп, қайта шыққанын" айтып отырған азамат. Шымкент, 28 қаңтар 2017 жыл.

Шымкентте «теріс діни ағымға кірген азаматтарды дәстүрлі ислам дініне қайтару» ісі қалай жүріп жатыр? «Беті бері қараған» адам не дейді, имам қалай әрекет етеді?

52 жастағы шымкенттік Бекзат Тұрсынов (аты-жөні өзгертілді) – отбасылы адам, екі баланың әкесі. Арыс ауданында туып-өскен, жоғары білім алған. Ол 10 жыл бұрын Шымкентке көшіп келген соң, «намазды талтайып оқитындар» қатарына қосылғанын, «Ибн Таймияның кітабын оқып, сол жолды дұрыс деп сенгенін» айтады.

Теріс діни ағымдағылар
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:05 0:00
Жүктеп алу

«ТАЙМИЯНЫҢ ЖОЛЫ»

Бекзат Тұрсынов - шашына ақ, бетіне әжім түскен, иегінде жұқа сақалы бар жүзі жүдеу азамат. Сөзіне сақ, өткен өмірін қаузағанды ұнатпайды. Азаттық тілшісіне оны сөйлету оңайға түспеді.

- 10 жылдай Ибн Таймия жолымен жүрдім. Брошюрка кітабын сатып алып, қатты сендім. Намазды талтайып тұрып, қолымды кіндіктен жоғары ұстап оқыдым, - дейді ол.

Ол бұрынғы жолын «әлі ұстанып жүрген жағдайда әйел тілшімен кездесуге мүлде келмеген болар едім» деп түсіндірді.

Бекзат Тұрсынов Таймия кітабында Қазақстан қоғамына сай келмейтін талаптар бар екенін айтады. Ол «Әйелдермен бірге отыруға болмайды, намазсыз адамның жаназасына баруға болмайды деген шектеулер болды ма?» деген сұраққа:

- Таймия кітабына қатты мойынұсынған едім, кейін одан қайттым. Қазір көпшілікпен араласа беремін. Қалай ол... қарындастарым, әпкелерім бар, араласа беремін. Мысалы, сізбен сөйлеспеуім керек. Бірақ бұл сіздің жұмысыңыз, сол үшін сөйлесіп отырмын. Біз зайырлы елміз. Тіс емдетуге бардым, дәрігер медсестрасына «сен істей бер, бір жұмыс шығып қалды» деді. Мен «ойбай, жолама» демеймін ғой. Бірақ оларды [насихаттап] айтып жүрдім, кейіннен оның дұрыс емес екенін түсініп, қойдым, - деді.

ВИДЕО: "Теріс ағымда болған" азаматтың сөзі

Теріс діни ағымда болған азамат
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

Бекзат Тұрсынов «бұл жолға 2007 жылдары мешітке келетін адамдармен сөйлесіп жүріп түскенін» айтады. Ол «мешітке келетіндермен көбіне шам намазы алдында әңгімелесетін едік» деп еске алады. Арнайы жиындарына шақырғанын, бірақ «бармағанын» ескертті.

- Қазір олар араласпай кетті. Кейбірі амандаспайды. Алла хидаят берсін деймін де қоямын. «Бұл уже біздің жігіт емес» дейтін шығар, - дейді ол.

Бекзат Тұрсынов «мазхабқа бұрылғанымен, кейбір бұрынғы ойларынан әлі арылмағанын» айтады.

– Балақ қысқартуды әлі дұрыс деймін. «Балағы ұзындар – тозақы» деген хадис бар. Бірақ қазір балағы ұзын адамға қатты қарамаймын. Қате намаз оқитындарға мазхаб дұрыс екенін реті келсе айтып отырамын, – дейді ол. ​

«САЛАФИТТЕРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ» ТӘСІЛІ

Оңтүстік Қазақстан облысы орталық мешіті наиб-имамы Амантай Садиевтің айтуынша, "Бекзат Тұрсынов кітабын оқыдым деген Ибн Таймия 8-ғасырда өмір сүрген, оған теріс ағымдар сүйенеді". Имам Тұрсыновты «алғаш рет мешітте көргенін» айтады.

– «Намазың, ақидаң қате» деп тиіссең, жек көріп қалады. Оған бірден шариғат айтпадым, қазақ тарихын, Ханафи мазхабы, Матуриди ақидасын қабылдағанын жайлап түсіндірдім, бірде шайға шақырдым, бір қуанышы болса, барып құттықтап, әңгімелесіп жүріп жақындадым. Қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтін зерек адам, – дейді имам.

Имам Бекзатты алғаш көргенінде "оның сақалы өте ұзын, кіндігіне таяу, балағы өте қысқа" болғанын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысының наиб-имамы Амантай Cадиев. Шымкент, 27 қаңтар 2017 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысының наиб-имамы Амантай Cадиев. Шымкент, 27 қаңтар 2017 жыл.

Бекзат Тұрсыновтың "теріс ағымда екенін намазынан, бет сипамайтынынан байқаған" имам қазір оның "шариғатта 10 мәселе болса, соның жетеуінен қайтқанын" айтады.

– Беті бері қарағанына екі ай болды. Балақ, бет сипау, құран оқу сияқты ұсақ мәселелер қалды. Бастысы – ақидада қайтқаны. Туыстары арасында жаназа не ас сияқты жиын болса, бәріне қатысатын болды. Оған қазір бұрынғы тобының сөздері ғана батады, – дейді имам.

Амантай Садиевтің айтуынша, ол Бекзат Тұрсыновты бұрынғы тобы «амандасуға болмайды деп шеттеткенде, жалғыз тастамай, барлық жиындарына ертіп жүрген, өзі сияқты беті бері қараған жігіттермен араластырып жіберген». Имам ол азаматты «салафит болған» деп сипаттайды.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталық мешітіне намаз оқуға келген азаматтар. Шымкент, 28 қаңтар 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Оңтүстік Қазақстан облысының орталық мешітіне намаз оқуға келген азаматтар. Шымкент, 28 қаңтар 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

- Салафиттердің 95 пайызы діни көзқарасын интернетпен қалыптастырады. Көбіне құранды оқышы десең, оқи алмайды. «Один брат сказал, один ахи сказал» деп наушникпен жүргендер. Бұлардың бір ерекшелігі - бес сұрағының үшеуіне жауап айтып, "екеуін кітаптан қарайын" десең, "ее, кітап таниды екен" деп ыңғайға келеді, - дейді Амантай Садиев.

Имамның сөзінше, «олар білімсіздіктен көп нәрсені тікелей қабылдайды».

- Хадис қашан түсті, жағдай қандай еді, сонымен тұтас қарау керек. Киімі жоқ сахабалар көп болған, байлар мақтан үшін түйеге мініп, шапандарын, балақтарын бір-екі метр төмен сүйретіп жүрген. Пайғамбарымыз олардың ұзын киімдерін кесіп, сахабаларға бергенде оны тәкаппарлық деп түсіндіріп, тозақы деген, біздің шалбарымызды айтпаған. Осыны тікелей түсінеді де, "балақ кессем, тозақтан құтылам" деп ойлайды, - дейді имам.

Амантай Садиевтің айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында "теріс діни ағымдағы топтар бар, бірақ қоғамға қауіп төндіретіндей көп емес". Аймақта 800-ге тарта мешіт болса, келушілердің 95 пайызы - дәстүрлі дін ұстанатындар.

– Жылына теріс ағымға кірген 2 мың адаммен кездесу жоспарланады. 2016 жылы 30 имам 781 адаммен кездесті. Барлығы дерлік - салафизмге кіргендер. Бірінші тобы – алған бетінен қайтпайтындар, олар аз. Екінші тобы – екі ойлы боп жүргендер. Үшіншісі – жаңа кіргендер. Үш топ ішінде жаңадан кіргендері көп, – дейді имам.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталық мешіті. Шымкент, 28 қаңтар 2017 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысының орталық мешіті. Шымкент, 28 қаңтар 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері департаменті басшысы Батырбек Жалмырзаевтың айтуынша, «салафизм ағымын ұстанатындар негізінен Шымкент қаласы, Мақтарал, Сарыағаш және Сайрам аудандарында кездеседі».

Ал облыстағы орталық мешіттің баспасөз хатшысы Мұхамеджан Естеміровтің мәліметтері бойынша, «2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 1600-ге жуық теріс ағымда жүрген азаматпен жұмыс жүргізілген. Олардың 205-і дәстүрлі дінге бет бұрған. 2016 жылы 781 адаммен кездесу өткізіліп, олардың 75-і дәстүрлі дінге қайтқан».

Ақтөбеде 2016 жылы маусымның 5-інде қарулы топ қару-жарақ дүкендерін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасап, жеті адамды мерт еткен оқиғадан соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "бұл - салафиттердің террорлық шабуылы" деп мәлімдеген. Елдегі ақпарат құралдары мен билік тарабы салафизмді экстремизм және терроризмге қатысты жиі айыптайды. Қазақстанда "салафизм идеологиясына тыйым салу" жайы да көп айтылады.

XS
SM
MD
LG