Accessibility links

Горгандағы "Қазақ махалла" дәрігерінің вируспен айқасы


Горган ауруханасының дәрігері Мехрдад Чалак коронавирустан сақтануға арналған жұмыс киімімен. Иран, наурыз, 2020 жыл. Сурет Мехрдад Чалактың архивінен алынды.
Горган ауруханасының дәрігері Мехрдад Чалак коронавирустан сақтануға арналған жұмыс киімімен. Иран, наурыз, 2020 жыл. Сурет Мехрдад Чалактың архивінен алынды.

Иранда тұратын этникалық қазақ, мамандығы дәрігер Мехрдад Чалак қызметте жүріп коронавирус жұқтырған. Ол үйінде емделіп, дерттен айыққан соң вирус жұқтырғандарды емдеу үшін жұмысына қайта оралған. COVID-19 ауруынан жазылған Иран қазағы Азаттыққа қазіргі жағдайы мен елдегі ахуал жайлы айтып берді.

46 жастағы жалпы практика дәрігері (internist) Мехрдад Чалак – коронавирусқа шалдығып, емделіп шыққан адамның бірі. Ол Иранның солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының орталығы Горган қаласында жұмыс істейді.

"АЛҒАШЫНДА ТҰМАУ ДЕП ОЙЛАДЫҚ"

Иран аудиториясына арналған сайттардың бірі наурыз айында осы елде коронавирус жұққан, емделіп жатқан және осы дерттен қаза тапқан дәрігерлердің тізімін жариялады. Солардың арасында Чалактың аты "вирус жұқтырғандар" қатарында аталды. Тізімде сегіз дәрігердің бақилық болғаны (біреуі – Горган қаласынан), сегіз дәрігердің ауруханаға (үшеуі – Горганда) түскені және 37 дәрігерден (алтауы – Гүлстан провинциясынан) инфекция жұқтырғаны айтылған.

Гүлстан аймағының тұрғындары

Гүлстан провинциясы тұрғындарының саны - шамамен 1 млн 740 мың адам. Оның 312 мыңнан астамы аймақ орталығы Горган қаласында тұрады. Аймақтың ұлттық құрамы: парсылар, түркімендер, әзербайжандар, белуждар, күрдтер, азшылық - қазақтар, армяндар, грузиндер.

"Иранда індет туралы белгілі болып, адам шығыны жарияланған күннің ертеңіне ауру симптомдары менен де байқалды. Анализдер мен тексерулерден соң маған инфекция жұққаны белгілі болды" дейді ол. Мехрдад Чалактың айтқанына қарағанда, ол жалғыз емес, сол күні оның Горгандағы бірнеше әріптесінен коронавирус белгісі анықталған. Олардың жағдайы қиындағаны ауруханада жатып емделсе, кейбірінің үйден ем қабылдауына тура келген. Ауруханаға түскендердің арасында бір дәрігер қайтыс болған.

Науқасты ауруханаға әкеле жатқан жедел жәрдем қызметкерлері. Тегеран, 30 наурыз 2020 жыл.
Науқасты ауруханаға әкеле жатқан жедел жәрдем қызметкерлері. Тегеран, 30 наурыз 2020 жыл.

- Өз басым соншалықты қатты ауырдым деп айта алмаймын. Бірақ қызуым көтеріліп, екі-үш күнге дейін қалпына түспей қойды. Алғашында "инфлюэнца" (тұмау) деп ойладық. Осы кезде біздің ауруханаға қызуы көтеріліп, тынысы тарылған адамдар көптеп түсе бастады. Басында бірер күн жұмысқа бардым да, сынама нәтижесі белгілі болған соң үйде оқшауланып ем қабылдадым, - дейді Мехрдад Чалак Азаттыққа.

Оның айтқанына қарағанда, алғашқы күндері басы ауырып, денесін әлсіздік басқан. Этникалық қазақ Мехрдад сол күндері өзінің қатты алаңдағанын да жоққа шығармайды.

- Бір-екі күн қайғырып, ауру күшейіп кете ме деп қатты қауіптендім. Жұмысты тоқтатып, оқшауланып ем қабылдағанда өзім үйде жалғыз болдым. Бала-шағам Қазақстанда еді. Әлеуметтік оқшаулану тәртібіне сай үйге адам кіргізбей, есіктен қайтаруға тура келді. Ақырында бас-аяғы он шақты күнде оңалып, қайтадан жұмысқа шықтым. Аурудың бастапқы кезеңінде емделіп, вирустың жеңіл түрін өткердім, - дейді ол.

"ҚАЗАҚ МАХАЛЛАДА" ҚАНША АДАМ АУЫРДЫ?

Мехрдад Чалак Горгандағы қазақтар тұратын аудан – "Қазақ махаллада" өзінен басқа да вирус жұқтырған адамдар болғанын айтады.

- Иран қазақтарынан вирус жұқтырған үш адам ауруханаға жатып, сауығып шықты, - дейді горгандық дәрігер.

Айтуынша жергілікті қазақтар арасында ондаған адам вирус жұқтырғанымен, көбі үйде оқшауланып ем қабылдаған. Кейіннен олар да жазылып кеткен.

Зертханада коронавирус тестін өткізуге арналған сынамамен жұмыс істеп отырған медицина қызметкерлері. Тегеран маңы, 11 сәуір 2020 жыл.
Зертханада коронавирус тестін өткізуге арналған сынамамен жұмыс істеп отырған медицина қызметкерлері. Тегеран маңы, 11 сәуір 2020 жыл.

Ал Қазақстанның Горгандағы бас консулдығының дерегінше, қазақ диаспорасы арасында "коронавирус белгілерімен ауырған" үш адам үйде емделген. Қазақстанның Горгандағы бас консулы Айтжан Айдашев "анық тест жасалып, оларды ешкім "коронавирус" деп атаған жоқ" дейді.

Әдетте, Ирандағы ресми мәліметте этникалық құрам көрсетілмейді. Ал Қазақстан консулдығы Гүлстан провинциясында төрт мың этникалық қазақ тұрады деп шамалайды.

"ЖАН САҚТАУ БӨЛІМІНДЕ ОРЫН ЖЕТПЕЙ ҚАЛДЫ"

Мехрдад Чалак жұмыс істейтін аурухана 300 төсекке есептелген. Алайда наурыз айы мен сәуірдің басында ауруханада орын жетпеуге айналған. Айтуынша, аурухананың коронавирус жұқтырған деген күдікпен түскен науқастарды ғана қабылдауына тура келген.

"Тек тыныс ала алмай қатты қиналғандарды ауруханаға жатқызып, қалғанына дәрі-дәрмек беріп, үйде ем-дом жасаудан басқа амалымыз болмады" дейді горгандық дәрігер.

Мехрдадтың айтуынша, аймақта ауру шырқау шегіне жеткенде (наурыздың басында – Азаттық) ауруханаларда жасанды демалдыру құралдары жетпей қалған кездер болған. Жан сақтау бөлімінде де орын жетпегендіктен кей науқастарды бір ауруханадан екіншісіне жіберуге тура келген. Қайтыс болғандардың көбі – вирус жұққан соң бұрынғы сырқаты асқынған адамдар.

Коронавирус кесірінен қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі. Иран, 2020 жылдың наурызы.
Коронавирус кесірінен қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі. Иран, 2020 жылдың наурызы.

Жергілікті баспасөз сол кезде Горганда қайтыс болғандардың көбі ер азаматтар екенін хабарлаған. Құрбан болғандардың дені 50-ден асқан адамдар.

Горгандық дәрігердің айтуынша, басында ауруханаларда антисептик, қолғап және маска тапшылығы байқалған. Соңынан бұл мәселе реттелген.

- Вирус жұқпаған басқа да созылмалы науқастарға жақсы қызмет көрсете алмай қалдық. Олардың арасында инфекция жұғады деген қауіппен профилактикадан қашқақтағандар болды, - дейді Мехрдад Чалак вирус кезіндегі жағдайды сипаттап.

ВИРУС СИМПТОМЫ САЯБЫРЛАДЫ МА?

Сәуірдің алғашқы аптасынан кейін Гүлстан провинциясында коронавируспен ауыратындар азайған.

- Ілгеріде күніне ондаған адам ауруханаға әкелінсе, қазір вирус симптомымен күніне 4-5 адам жатқызылады, - дейді Мехрдад Чалак.

Иран баспасөзі соңғы екі аптада Гүлстан провинциясында коронавирус жұқтырғандар саябырлағанын хабарлады.

Эштехард қаласындағы медициналық маска шығаратын кәсіпорын жұмысшылары. Иран, 14 сәуір 2020 жыл.
Эштехард қаласындағы медициналық маска шығаратын кәсіпорын жұмысшылары. Иран, 14 сәуір 2020 жыл.

Гүлстан медициналық университетінің ректоры Абдулреза Фазел сәуірдің 11-іне кейінгі бір жарым айға жуық мерзімнің ішінде коронавирус белгілерімен ауруханаға түскендердің төрттен бірге азайғанын айтқан. Ресми дерек бойынша, 10 сәуірге дейін Гүлстанда 5700 адам коронавирус жұқтырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылған. Соның ішінде дертке шалдыққаны расталған 270 адам дүние салған. Алайда Азаттықтың Парсы қызметі – Фарда радиосы сәуірдің 5-іне Гүлстан провинциясында қайтыс болғандар 300-ге жуықтағанын хабарлаған.

"КҮШТІ ИММУНИТЕТ ІНДЕТКЕ ТӨТЕП БЕРЕДІ"

Дәрігер Мехрдад Чалактың көзқарасы бойынша, көпшілік Иранға бұл дерттің қалай келгенін білмей қалған. Індеттің кең тарап кетуінің бір себебі – осы. Вирус белгілі болған кезде ол мыңдаған адамға жұғып үлгерген еді.

- Біздің байқағанымыз – кей жағдайда аурудың симптомы жеңіл болады. Тіпті симптомсыз өткеретіндер де болуы мүмкін. Сол адамдар өздері көз жеткізгенге дейін басқаларға вирус жұқтырып үлгереді, - деп түйеді горгандық дәрігер.

Тегеран метросындағы адамдар. 2020 жылдың сәуірі.
Тегеран метросындағы адамдар. 2020 жылдың сәуірі.

Өзі де вирус жұқтырған Мехрдад Чалак әлеуметтік оқшаулану талабы сақталса, вирус азаюы мүмкін деп есептейді.

- Қазір адамдар оның таралу жолын біліп қалды. Анда-санда вирус жұққандар байқалғанымен, ендігіде бұрынғыдай жаппай таралмайтын шығар, - дейді ол.

Ол күшті иммунитеттің де әсіресе осындай індет кезінде маңызды екенін айтады. "Иммунитеттің арқасында адамдар бұған да төтеп береді деп ойлаймын" дейді горгандық дәрігер Мехрдад Чалак.

Сәуірдің 14-і күнгі ресми мәлімет бойынша Иранда 4683 адам коронавирустан қайтыс болған. 74877 адамның вирус жұқтырғаны анықталған. 48129 адам сауығып шыққан.

Иран қазір дүниежүзі бойынша пандемия кең тараған елдердің ондығына кіреді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG