Accessibility links

Тоқаевтың екінші жылы: "Сандықтағы ақшаға қол салу" һәм "тұрақтылыққа төнген қауіп"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы шетіндегі коронавирусқа байланысты қойылған блокпосты аралап жүр. 19 наурыз 2020 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы шетіндегі коронавирусқа байланысты қойылған блокпосты аралап жүр. 19 наурыз 2020 жыл.

Бұл аптада халықаралық басылымдар мұнай бағасы арзандап, коронавирус тарауына байланысты Қазақстанда экономика рецессиясы басталғанын жазды. Ақпарат құралдарының болжамына сенсек, бұл дағдарыс – “елдің жаңа тарихындағы ішкі тұрақтылыққа төнген ең үлкен қауіп”, ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретіндегі екінші жылы ауыр болатын тәрізді. Сонымен бірге, басылымдар Қазақстанның молдовалық бизнесмен Анатол Статиге қарсы шағымы негізінде Лондонның коммерциялық сотында өткен алғашқы онлайн тыңдау туралы да жазды.

ДАҒДАРЫСПЕН КҮРЕСТЕН ГӨРІ БАНКТЕРДІ ҚҰТҚАРУҒА КӨП АҚША БӨЛІНГЕН

Америкадағы Jamestown Foundation сараптама орталығының сайтындағы “Қазақстан президенті Тоқаев қызметіндегі екінші жылына – құбылмалы кезеңге аяқ басты” деп аталған мақалада Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетіп, орнына байырғы серіктесі Қасым-Жомарт Тоқаев отырғанына бір жыл толғанда қиын ахуалдың қалыптасқаны туралы айтылады (Назарбаев биліктің біраз тетігін әлі қолында ұстап отырғаны белгілі). Президент Тоқаевтың алғашқы жылы халықтың жаппай наразылығымен есте қалды. Билік ол наразылықты сыртта жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязов ұйымдастырып отыр деп санайды. Ал Тоқаев президенттігінің екінші жылында “Қазақстанға экономикалық дағдарыс қаупі төнді”.

“Мұнай бағасының арзандауы және әлемдік сауданың үлкен бөлігін тоқтатып тастаған коронавирус пандемиясының таралуы сияқты екі бірдей соққы Қазақстандағы ішкі тұрақтылыққа бұрын-соңды болмаған қауіп төндіріп тұр, тіпті аумалы-төкпелі 1990 жылдары бұлай болмаған” деп жазады Jamestown Foundation.

Наурызда Ресей мен Сауд Арабиясы мұнай өндіру көлемін азайту бойынша келісімге келе алмай, қара алтын бағасы күрт құлдыраған. Ал мұнай Қазақстан экспортының қомақты бөлігін құрайды.

“Қазақстан қай кезде де Ресейді қолдап келген. Бұл жолы Ресей ОПЕК-тің өндіріс көлемін жылдам азайту ұсынысын өткізбей тастады. Дегенмен кейінірек энергетика министрі Нұрлан Ноғаев “ұжымдық мәміленің” қашан да тиімді екенін айтты әрі ОПЕК+ тобының келісімге келе алмауы Қазақстан басшылығын абдыратып тастағанын мойындады” деп жазады автор.

Қазақстан ЖІӨ-сінің төрттен бірі, мемлекеттік кірістің 60 пайызға жуығы шикі мұнайды сатудан түскен табыстан құралады. Мұнай бағасының арзандауынан ұлттық валюта да әлсіреді, доллардың курсы жыл басында 382 теңге болса, наурыздың соңында 450 теңгеге жетіп қалды. 2009, 2014 және 2015 жылдардағы девальвациялардың кесірінен халықтың шынайы табысы қатты құлдыраған. Теңге бағамының төмендеуі автокөлік пен техникадан бастап киім-кешек пен азық-түлікке дейінгі импортталатын тауардың бағасын өсірген.

“Ресеймен салыстырғанда Қазақстанның ұзақ экономикалық дағдарысқа дайындығы нашар” деп жазады Jamestown Foundation.

Видео: "Қалай күн көреміз?" Жаңашамалған тұрғындары азық-түлік талап етті (2 сәуір 2020 жыл)

"Қалай күн көреміз?" Жаңашамалған тұрғындары азық-түлік талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:44 0:00

2019 жылы Қазақстандағы нақты экономикалық өсім 4,5 пайыз болған, биыл өсім 4,1 пайыз болады деген болжам жасалған. Алайда ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов макроэкономикалық болжамды өзгертуге тура келетінін мойындады. Бюджет мұнайдың әр баррелі 55 доллар болады деген есеппен жасалған, ал наурызда Brent маркалы мұнай бағасы 25 доллардан арзан сатыла бастады.

“Мұнай сатудан түсетін табыстың азаюы мемлекеттік шығындарды қысқартуға мәжбүр етеді, бұдан мемлекеттік көмекке толық тәуелді, яки ауқымды мемлекеттік сектормен жұмыс істейтін компаниялардың көбі зардап шегеді. Банк саласындағы жағдай құрылымдық тұрғыда нашар, ал активтердің сапасы құлдырауы мүмкін” деп жазады автор.

Мұнай бағасының түсуі өз алдына, Дүниежүзілік денсаулық сақтауы ұйымы пандемия деп жариялаған COVID-19 коронавирусының таралуы жығылған үстіне жұдырық болды. Қазақстанда 16 наурыздан төтенше жағдай енгізілді, ал үкімет мекемелер мен қызметкерлерге көмектесу үшін дағдарысқа қарсы ауқымды шаралар пакетін әзірлеп, оған 9,8 миллиард доллар бөлді.

“Абсолюттік шамада қарасақ, бұл – өте қомақты сома (2019 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 178,2 миллиард доллар болған). Дегенмен бұл 2017-2019 жылы банк секторын дефолттан құтқару үшін бөлінген қаржыдан аз. Тоқаев өкіметі жұмыссыз қалған әр адамға бар болғаны 42500 теңге (95 доллар) бөліп отыр. Мұның барлығы Тоқаевтың ел билеген екінші жылы бірінші жылына қарағанда әлдеқайда қиын болатынын аңғартады” деп қорытады Jamestown Foundation.

ҚАЗАҚСТАН “САНДЫҚТАҒЫ АҚШАҒА” ҚОЛ САЛАДЫ

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайтында жарық көрген “Коронавирус пен мұнайдың арзандауы Қазақстанды рецессияға ұшыратуы мүмкін” деп аталған мақала да коронавирус пандемиясына және мұнай бағасының құлдырауына байланысты Нұр-Сұлтанның экономикалық болжамын өзгерткені туралы жазады.

Алматының шығаберісіндегі блокпост. 30 наурыз 2020 жыл.
Алматының шығаберісіндегі блокпост. 30 наурыз 2020 жыл.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің болжамы бойынша, биыл “экспорт 16,3 миллиард долларға азайып, 35,1 миллиард доллар болады, ал импорт 7,5 миллиард долларға азайып, 26,6 миллиард долларды құрайды. Болжам бойынша, нақты ЖІӨ 69,7 триллион теңге болмақ (155 миллиард доллар). Бұл – бұрынғы болжаммен салыстырғанда 4,8 триллион теңгеге (10,6 миллиард долларға) аз көрсеткіш”.

Қазақстанның экспортқа шығаратын басты тауары саналатын шикізат бағасы күрт арзандады. “Үкіметтің есебі бойынша, жыл басынан бері экспортталатын мұнай құны 65,7 пайызға түскен, ал металдың орташа бағасы 15,6 пайызға арзандаған” деп жазады Eurasianet.org.

Қазақстан қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов үкіметтің бюджет дефицитін жабу үшін 2,4 триллион теңге (5,3 миллиард доллар) жұмсау жоспары бар екенін айтқан.

“Дағдарыстың әлеуметтік салдарын азайту үшін Қазақстан әмиянын ашпақ” деп жазған Eurasianet.org Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарыстан шығуға көмектесу үшін әлеуметтік жәрдемақы алатындарға және бизнеске ақша бөлеміз деген 31 наурыздағы мәлімдемесін еске салады.

Видео: Карантин көп балалы шаңыраққа қалай әсер етті? (30 наурыз 2020 жыл)

Карантин көп балалы шаңыраққа қалай әсер етті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

“Үкіметтің болжамы нақты шықса, экономикалық құлдырау көлемі 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан да асып түсуі мүмкін. Бұл Қазақстанды өз қалтасына терең қол салуға мәжбүр етті. Көмек келетін негізгі көздердің бірі – Ұлттық қордың резерві, үкіметтің дағдарыстан шығу жоспарының басты элементі де – сол” деп жазады Eurasianet.org. Қазір Ұлттық қорда 60 миллиард доллардай қаржы бар.

Қазақстандық экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, “сандыққа қайта-қайта қол салу” қажеттілігінің туындауы үкіметті ауыр жағдайдан сабақ алуға мәжбүр етеді.

“2015-2016 жылдары Қазақстан мұнай сатудан түскен ақшаға қарағанда екі есе көп қаржы жұмсаған. Биыл мұнай саудасынан түскен табыс пен шығынның арасындағы айырма екі есе емес, үш есеге жететін шығар. Мұнайсыз өмір сүруге үйрене бастаймыз” дейді экономист.

ШЕТЕЛДЕН ҮШ МЛРД ДОЛЛАР ҚАРЫЗ АЛУ ЖОСПАРЫ

Британиялық Reuters ақпарат агенттігі “Қазақстан биыл ЖІӨ түсіп, мұнай өндіру азаяды деп болжайды” деген мақаласында да болжамның өзгеріп жатқаны туралы жазады.

Агенттіктің жазуынша, “биыл мұнай бағасы арзандап, оны өндіру көлемі азаятындықтан, Қазақстан экономикасы 0,9 пайызға кішіреймек. Бұл үкіметті Ұлттық қордың резервінен көбірек қаржы алуға мәжбүр етіп отыр деп мәлімдеді экономика министрі Руслан Дәленов”.

Ақша айырбастау бөлімшесінің жағынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 16 наурыз 2020 жыл.
Ақша айырбастау бөлімшесінің жағынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 16 наурыз 2020 жыл.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан 2020 жылы мұнай өндірісін 86 миллион тоннаға дейін азайтпақ. Бұрынғы жоспар бойынша 90 миллион тонна өндіру көзделген еді. Биыл үкімет Ұлттық қордан 4,77 триллион теңге (10,6 миллиард доллар) алуды жоспарлап отыр. Мұның алдында қордан тек 2,7 триллион алу қарастырылған еді.

Reuters агенттігінің тағы бір мақаласында экономика вице-министрі Берік Шолпанқұловтың “Қазақстан биыл бюджет дефицитін қаржыландыру үшін сыртқы капитал нарығынан үш миллиард доллар қарыз алуды жоспарлап отыр” деген сөзін келтіреді.

“Орталық Азиядағы мұнай экспорттаушы ел – Қазақстан энергия көздері бағасының арзандауы, коронавирус індетінің тарауы және экономиканы жақсарту үшін қосымша шығын шығуы кесірінен бюджет дефициті 2,4 триллион теңге (5,4 миллиард доллар) немесе ЖІӨ-нің 3,5 пайызы болады деп болжап отыр” деп жазады Reuters.

СТАТИ ІСІ БОЙЫНША ЛОНДОНДА ӨТКЕН ОНЛАЙН СОТ

Британияда шығатын Financial Times газеті Қазақстанмен бірнеше жылдан бері соттасып жүрген молдовалық бизнесмен Анатол Стати мен оның ұлы Габриэльге қарсы Нұр-Сұлтанның шағымы бойынша Лондонда онлайн соттың өткені туралы хабарлады. Отырыс Youtube хостингінде тікелей эфирде көрсетілген. Британияда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай туралы заң қабылданған соң сот процесі осы форматта өткен.

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банкі Анатол Стати мен ұлы Габриэльмен, BNY Mellon банкі және басқалармен соттасып жатыр. Мұның алдында Статидің арызы бойынша BNY Mellon банкіндегі Қазақстан Ұлттық қорының қаржысы бұғатталған. Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Анатол Стати мен ұлының айтуынша, Қазақстан басшылығының мүліктерін рейдерлік жолмен тартып алуға тырысуының кесірінен олар шығынға ұшыраған. Молдовалық бизнесмен осы шығынның орнын толтыруды талап етіп келеді.

Үлкен соттың судьясы Найджел Тир Қазақстанның мүддесін қорғайтын адвокаттардың сот процесін өткізу үшін Zoom видеоконференция жүйесін қолданып, оны YouTube желісінде трансляциялау өтінішін қанағаттандырған.

Қазақстан жағы жалдаған адвокат, Stewarts Law адвокаттық кеңсесінің өкілі Фиона Джиллеттің сөзінше, “коммерциялық соттағы алғашқы виртуалдық талқы Ұлыбританияның сот жүйесі жұмысын қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін қажет”.

Мұның алдында Азаттық хабарлағанындай, 2019 жылы желтоқсанда Брюссельдегі алғашқы сот инстанциясы Стокгольмдегі арбитраж сотының Қазақстан Статиге жарты миллиард долларға жуық ақша өндіріп беруі тиіс деген 2013 жылғы шешімін орынды деп тапқан. Бұл шешімді “қарама-қайшылыққа толы” деп бағалаған Қазақстан әділет министрлігі онымен келіспей, қарсы шағым берген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG