Accessibility links

Статидің Маңғыстаудағы даулы мүлкін кім иеленді?


Боранқұл ауылындағы газ өндіру зауытының кіре берісі. Маңғыстау облысы. 24 наурыз, 2018 жыл.

Жоғарғы сотта молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстандағы активтерінің бір бөлігін жекеменшік компаниялардың заңсыз иеленуіне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Атыраулық заңгер мемлекет иелігіне алынды деп хабарланған даулы мүлік күмәнді жолмен жекеменшікке өтіп кетті деп дабыл қағады.

Қазақстанның Жоғарғы сотында биылғы сәуірдің 18-інен бері молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстандағы мүлкінің бір бөлігіне қатысты дау қаралып жатыр. Қазақстан билігі мен молдовалық бизнесмен арасындағы байланыс 1999 жылдан басталған еді. 65 жастағы Анатол Стати өзі құрған Tristan Oil Ltd офшорлық компаниясы арқылы сол жылы қазақстандық «Толқыннефтегаз» және «Қазполмұнай» компанияларының үлестерін сатып алған. Tristan Oil осы компаниялар арқылы Маңғыстау облысындағы Боранқұл мен Толқын кеніштерін игерумен айналысып жатқан. 2008 жылы қазақстандық құзырлы орындар «Толқыннефтегаз» бен «Қазполмұнай» компанияларын тексеріп, оларды «салықтан жалтарды, магистральды мұнай-газ құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 147 миллиард теңгеден астам заңсыз ақша тапты» деп айыптаған.

Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылының кіре берісіндегі ауылдың атауы жазылған белгі. 24 наурыз, 2018 жыл.
Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылының кіре берісіндегі ауылдың атауы жазылған белгі. 24 наурыз, 2018 жыл.

2009 жылы «Қазполмұнай» директоры Сергей Корнегруц тұтқындалып, кейін сот оны төрт жылға бас бостандығынан айырған. Ал «Толқыннефтегаз» директорына іздеу жарияланып, оған «125 миллиард теңгеден астам заңсыз пайда тапқан» деген сырттай айып тағылған. Компанияның сол кездегі нарықтағы бағасы 500 миллион АҚШ доллары деп бағаланған еді.

Қазақстан үкіметі 2010 жылғы шілденің 21-інде келісім-шартты бір жақты бұзып, молдовалық компания игеріп жатқан Толқын және Боранқұл кеніштері мен Маңғыстаудағы Боранқұл ауылындағы «Опорная» станциясы маңындағы газ өңдеу зауытын басыбүтін «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының иелігіне берген. Кейін бұл мүлік «Қазмұнайгаздың» еншілес компаниясы «Қазмұнайтеңіз» Теңіз мұнай компаниясына» сенімді басқаруына өткен. «Опорная» станциясындағы «Толқыннефтегаз» газ өңдеу заводы территориясына №101 ауыстырым бағытынан (стрелочные переводы) басталатын және №103, №105, №107 ауыстырымдар арқылы ДЕПО-ға дейін созылатын теміржолдар мен жер учаскелері де енеді.

Атыраулық заңгер Амангелді Алтыбаев бұл теміржолдардың барлығының қазіргі иесі мемлекет те емес, Стати де емес, «TransWorld» жекеменшік компаниясы екенін өзі жұмыс істейтін «АзияТерминалСнаб» компаниясы тап болған заңсыздықтарымен күресе келе білгенін айтады. Соңғы қожайынға дейін де бұл учаске бірнеше рет сатылған.

ТЕМІРЖОЛДЫҢ ИЕСІ КІМ?

Амангелді Алтыбаевтың сөзінше, «АзияТерминалСнаб» 2016 жылы ақпанда газ өңдеу зауыты маңындағы жер учаскесінің қожайыны «Маңғыстаугеология» компаниясынан теміржол тұйығын жалға алған.

«АзияТерминалСнаб» компаниясының заңгері Амангелді Алтыбаев темір жол сызбаларын көрсетіп отыр. Боранқұл ауылы. Маңғыстау облысы. 30 наурыз, 2018 жыл.
«АзияТерминалСнаб» компаниясының заңгері Амангелді Алтыбаев темір жол сызбаларын көрсетіп отыр. Боранқұл ауылы. Маңғыстау облысы. 30 наурыз, 2018 жыл.

- Бұл теміржол тұйығына №100 және №101 ауыстырым бағыттары арқылы өтетін темір жолдар енеді. Кейін біз жалға алған теміржолдарды өз мақсаттарымызға пайдалана бастаған кезде оның басқа бір қожайыны пайда болып, бізді өзінің учаскесін пайдаланды деп санап, елде жоқ төлем талап ете бастады. Олардың әрекетінің заңсыздығын дәлелдейміз деп жүріп Анатол Статидің даулы мүлкінің әлдеқашан жекеменшікке өтіп кеткенін анықтадық, - дейді ол.

Амангелді Алтыбаев «АзияТерминалСнабтың» «Опорная» станциясындағы теміржол тұйығын жалға алғанда Анатол Статидің іс жүзіндегі мүлкі үшін жекеменшік компаниялар арасында талас болып жатқанынан мүлдем хабарсыз болғандарын айтады. Оның сөзінше, молдовалық бизнесмен кеткеннен бері оған тиесілі мүлік қолдан қолға өтіп, бес мәрте саудаға түскен.

- Біз жалға алған теміржол тұйығы өтетін №100 және №101 ауыстырым бағыттары, одан ары қарай №103, №105 ауыстырым бағыттарынан соңына дейін Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотының шешімімен жекеменшікке берілген. Бұл іс жүзінде мемлекет иелігіндегі және құжат бойынша әлі молдовалық инвестордың мүлкі. Халықаралық дау-дамайды пайдаланып оны иемденіп алған, - деп санайды Амангелді Алтыбаев.

Мұнайлы кенішінің іргесіндегі Боранқұл ауылындағы тұрғын үйлердің бірінің балконында тұрған қыз бала. Маңғыстау облысы. 24 наурыз, 2018 жыл.
Мұнайлы кенішінің іргесіндегі Боранқұл ауылындағы тұрғын үйлердің бірінің балконында тұрған қыз бала. Маңғыстау облысы. 24 наурыз, 2018 жыл.

Оның айтуынша, аталған №100, №101, №103, №105 ауыстырым бағыттарының қазіргі қожасы «ТransWorld» компаниясы бұл учаскені тағы бір «Бұрылтай» жекеменшік компаниясына жалға беріп қойған. Ал «Бұрылтай» жекеменшік компаниясы аталған теміржол учаскесінен өтетін жүк вагондарының әрбірінен 20 мың теңгеден алым төлеуді талап еткен.

- Біз Жоғарғы сотқа жүгіндік. Маңғыстау соттары бізді еш негізсіз «Бұрылтай» компаниясына 170 миллион теңгеден астам ақша төлеуге мәжбүрледі. Сол себепті Анатолий Статиге оның мемлекет иелігіне өтті делінген активтерін жеке адамдар иеленіп жатқанын хабарлап, хат жолдадым, - дейді ол.

Азаттық «Бұрылтай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен сөйлесуге Атыраудағы кеңсесіне келгенімен компания басшылығы сөйлесуден бас тартты. Оның орнына жауапты өзін «Бұрылтай» компаньонымын» деп таныстырған «TransWorld» жеке меншік компаниясының қожайыны Бауыржан Қощанов берді. Оның сөзінше, «Бұрылтай» иелігіндегі даулы теміржол учаскесін жалға алып отырғандықтан жалға алу ақысын уақытында алу үшін ғана араласқан.

- Мен бұл темір жолды «Вектор+» жекеменшік фирмасынан сатып алдым. Бұл меншік иесін бұрыннан танимын. Ал «АзияТерминалСнаб» компаниясына бір келгенде 70 шақты вагон келеді. Егер олар бір тоннасына 2000 теңгеден есептегенде әр вагон үшін 140 мың теңгеден пайда тауып отырды. Олар соның 20 мың теңгесін «Бұрылтайға» беруі тиіс еді. Бермегендіктен дау сотқа жетті, біз барлық сотта жеңдік, - дейді Бауыржан Қощанов.

Теміржол жұмысшылары. Боранқұл ауылы, Маңғыстау облысы. 24 наурыз, 2018 жыл.
Теміржол жұмысшылары. Боранқұл ауылы, Маңғыстау облысы. 24 наурыз, 2018 жыл.

Бауыржан Қощановтың айтуынша, әу баста «Азия ТерминалСнаб» пен «Бұрылтай» және «Қазақстан жүк тасымалы» Маңғыстау филиалы ортасында үш жақты келісім шарт болған. Ол келісімге сәйкес, жүк толы вагонды «Опорный» станциясында ұстап отыру өте қымбатқа түсетіндіктен «АзияТерминалСнаб» оны «Бұрылтай» жалға алған теміржолға әкеліп қойып, сол жерден жүгін түсіріп алып отырған.

Қощанов Азаттық тілшісінің «Әр вагонға 20 мың теңге деген баға өлшемі қайдан шықты?» деген сауалына «Теміржолды жөндеу өте қымбат» деп жауап берді.

Бірақ бұл уәжбен Амангелді Алтыбаев мүлдем келіспейді. Ол «Азия ТерминалСнаб» компаниясының бизнесін қорғау үшін бірнеше мәрте сотқа да жүгінгендерін әрі табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің Атырау мен Маңғыстау облыстары бойынша департаменттеріне де шағымданғандарын айтады.

Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті 2017 жылғы сәуірдің 28-інде берген ресми жауабында «Бұрылтай» компаниясы талап етіп отырған қызмет түрі басқа бәсекелестік орта болмағандықтан табиғи монополиялар қызметі тізіміне енуі керектігін көрсетіп, оған 2 800 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынғанын хабарлаған.

МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІК ИЕСІНІҢ УӘЖІ

Азаттық тілшісі молдовалық бизнесмен кеткен соң отандық кәсіпкерлер арасында дау-дамайдың көзіне айналған «Опорный» станциясы маңындағы газ өңдеу зауытына баратын теміржолдардың қазіргі иесі туралы ақпаратты анықтап көруге тырысқан еді. «Қазмұнайтеңіз» Теңіз мұнай компаниясының менеджері Қуаныш Айтжанов та бұл мәселені растады.

«Опорный» станциясындағы «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» шекарасы көрсетілген белгі. Боранқұл ауылы, Маңғыстау облысы. 24 наурыз, 2018 жыл.
«Опорный» станциясындағы «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» шекарасы көрсетілген белгі. Боранқұл ауылы, Маңғыстау облысы. 24 наурыз, 2018 жыл.

- Қазір Жоғарғы сотта мемлекеттік мүліктің қалайша жеке меншіктің қолына өтіп кеткені туралы сот талдауы жүріп жатыр. 2017 жылы бізге хабарламастан әлдебір сот шешімі шыққан. Біз осы мәселеге орай арызданып жатырмыз. Заң бөлімінің бастығы толық құжаттармен Астанаға кетті. Ол бұл мәселені талқылау үшін Энергетика министрлігіне, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына және басқа да құзырлы орындарға кеткен болар, - деді ол.

Айтжанов қалған жауапты жазбаша түрде беретінін айтып, мұндай сауалдардың көп түсетінін, «Азаттық сауалдарына жауап беруден де басқа шаруалары көптігін» ескертті.

Ал «Опорный» станциясындағы «Қазақстан теміржолы жүк тасымалы» акционерлік қоғамына тиесілі территория туралы жауап алу мүмкін болмады. Бірнеше мәрте хабарласқанымызбен компания өкілдері Маңғыстаудағы филиалының басшысы Нәжімеден Губашовтың «темір жол учаскелерін аралап кеткенін» айтып, жауап беруден бас тартты.

«Опорный» станциясы шекарасын көрсететін белгі. Маңғыстау облысы. 24 наурыз 2018 жыл.
«Опорный» станциясы шекарасын көрсететін белгі. Маңғыстау облысы. 24 наурыз 2018 жыл.

«Қазмұнайтеңіз» компаниясы Азаттыққа сәуірдің 23-інде берген жазбаша жауабында «Толқыннефтегаз» бен «Қазполмұнай» компанияларына тиесілі мүлікті кезінде сенімгерлік басқарушы құқығын пайдалану арқылы иелігіне алып, уақытша филиал құрғанын, бірақ сенімгерлік басқарудың құрылтайшысы Энергетика министрлігі екенін ғана хабарлады.

Молдовалық бизнесмен Анатол Стати мен Қазақстан арасындағы сот процесі 2014 жылдан бері жалғасып келеді. 2014 жылы қаңтарда Стокольгм арбитраждық соты Қазақстанды Энергетикалық хартиялар туралы келісімді сақтамады деп санап Статиге 520 миллион АҚШ долларын төлеуге міндеттеген. Ал Анатол Стати Қазақстанға салған инвестициясының қайтарымы ретінде 4 миллиард АҚШ долларын талап еткен еді.

Былтыр желтоқсанда New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттағаны жария болған. Қаңтар айында Қазақстан билігі Нидерланд соты Қазақстан Ұлттық банкінің «Ұлттық қордың New York Mellon банкіне кастодиалды сақтауға салынған активін бұғаттан босату туралы» талап-арызын қанағаттандырғанын хабарлаған. Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Стати мемлекеттік органдар өзін «инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын» айтады. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді «алаяқтық жасады» деп айыптайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG