Accessibility links

Қазақстан мұнайын КҚК терминалынан танкерге тиеу қайта жалғасты – медиа

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан мұнайын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Қара теңіздегі терминалынан танкерлерге тиеу жұмыстары қайта жалғасты. Бұл туралы 3 тамызда Bloomberg агенттігі хабарлады.

Қазақ мұнайын экспортқа жөнелту Қара теңіздегі танкерлерге дрон шабуылдары жалғасуы мүмкін қауіп әлі сейілмегеніне қарамастан қайта жанданған.

Bloomberg мәліметінше, кейінгі бірнеше күнде КҚК теңіз терминалында төрт танкерге қазақстандық мұнай тиелген. Кемінде тағы үш кеме жүк тиеуге кезекте тұр. Агенттік мұнай жөнелту жұмыстарының қайта жандануы әлемдік нарықтағы ұсынысқа қатысты қысымды азайтуға ықпал ететінін атап өткен. Қалыпты жағдайда КҚК инфрақұрылымы арқылы әлемдік нарыққа шығарылатын мұнайдың шамамен 2 пайызы жөнелтіледі.

Әйткенмен, Қара теңізде танкерлерге дрон шабуылдарының қайталану қаупі әлі бар. Осыған байланысты бірқатар кеме иелері КҚК терминалына кемелерін жіберуге батпай, сақтық танытып отыр. Кейінгі бір айда терминалға бет алған бірнеше танкер дрон шабуылына ұшыраған.

Каспий құбыр консорциумы өзінің ресми Telegram-арнасында қазақстандық мұнайды тиеу қайта басталғаны жөнінде әзірге хабарлама жариялаған жоқ. 3 тамыздағы жазбада мұнай көлемі мен сапасын өлшейтін жаңа жүйе іске қосылғаны айтылған, ал 30 шілдеде жарияланған хабарламада теңіз терминалы маңындағы танкерге "террористік шабуыл" жасалғаны айтылған.

Шілде айының аяғында Каспий құбыр консорциумы Қара теңізде екі танкерге дронмен жасалған шабуылдан кейін терминалдан қазақстандық мұнай тиеуді уақытша тоқтатқанын хабарлаған еді. Оның алдында бірқатар танкерге шабуылдар жасалуына байланысты мұнай тиеуді тоқтатуға мәжбүр болған КҚК жұмысын қайта бастағаннан кейін үш күннен соң мұнай жөнелтуді тағы доғаруға мәжбүр болған.

29 шілде күні Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефонмен сөйлесіп, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) айналасындағы жағдайды талқылаған. АҚШ мемлекеттік департаменті Рубио мен Көшербаев "энергетикалық қауіпсіздіктің маңызын, соның ішінде Қазақстан мұнайын КҚК арқылы кедергісіз әрі сенімді тасымалдау мүмкіндіктерін талқылады" деп хабарлады. Қазақстанның батысындағы кен орындарынан көмірсутек шикізатын Батыстың мұнай өндіруші алпауыттары, соның ішінде АҚШ-тың Chevron және ExxonMobil компаниялары өндіріп жатыр.

Көшербаев пен Рубио телефонмен әңгімелескеннен кейін ертесіне КҚК өкілдері Қазақстан мен консорциумның шетелдік акционерлерінің үндеулері, соның ішінде АҚШ мемлекеттік департаменті арқылы айтылған, халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына шабуылға жол бермеуге шақырған сөздері "еленбегенін" атап өтті.

Ресей ҚҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдар үшін Украинаны айыптап келеді. Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко бұған дейін Киевтің ол шабуылдарға қатысы барын жоққа шығарған.

23 шілдеде Қазақстанның энергетика министрлігі "кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" Қара теңізде мұнай тиеуді тоқтатып, өндірісті азайтқанын мәлімдеді. Бұған дейін Reuters дереккөздері Новороссийск маңында КҚК терминалындағы резервуарлар "шикізатқа лықа толып қалғанын" айтқан.

Трамп әкімшілігі Киевті Ресейдікінен өзге кемелерге шабуылды тоқтатуға шақырған. Бұл жөнінде Ақ үй өкіліне сілтеп Wall Street Journal хабарлады.

Каспий құбыры Ресей аумағы арқылы өтіп, Қара теңіз жағалауына жетіп тіреледі. Новороссийскідегі терминалдардан шикі мұнай танкерлерге тиеліп, әлемдік нарықтарға тасымалданады. Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызын осы құбыр арқылы жөнелтеді. 2025 жылы КҚК желісімен 63 миллион тонна қазақ мұнайын тасымалданды. Жалпы алғанда Қазақстанда шамамен 86 тонна шикі мұнай өндірілген.

Биыл шілденің 17-сі, 19-ы және 20-күндері Новороссийскідегі КҚК терминалдарына барған бірнеше мұнай танкеріне дрондар шабуыл жасаған.

  • Ресей аумағындағы Ресей, Қазақстан және Батыс компаниялары қатысатын халықаралық консорциум терминалына дрон шабуылы бірнеше рет жасалды. Былтыр қарашада Новороссийскіде КҚК-ның теңіз терминалына экипажсыз катерлер шабуылы зақым келтірген. Ол кезде де Қазақстан билігі мәлімдеме жасап, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылды айыптаған.
  • Желтоқсанда Қазақстан СІМ-інің мәлімдемесіне реакция білдірген Украина шабуыл Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын, Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруды көздейтінін айтқан.
  • АҚШ та Украинаның КҚК-ға шабуылын сынға алып, мұны "Қазақстанға жасалып жатқан АҚШ инвестициясына қатер" деп атаған. Американың бұл жөнінде демарш жазғанын биыл ақпанда Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина айтқан.
Айдар
XS
SM
MD
LG