Accessibility links

"Сыр бойында шашым ағарды..." Арал апаты және бұрынғы су шаруашылығы министрі


Балықшылар қосында қалған қайықтарға қарап отырған адам. Көк Арал теңізі, Қызылорда облысы. 22 тамыз, 2023 жыл.
Балықшылар қосында қалған қайықтарға қарап отырған адам. Көк Арал теңізі, Қызылорда облысы. 22 тамыз, 2023 жыл.

Әлемдегі төртінші көл даңқы дақпыртқа айналған Аралдың қалдығын сақтаудың жолы қандай? Кезінде Сібір өзендерін Аралға неге бұрмады, жерасты суын неге пайдаланбады? Азаттықтың бұрынғы хабарларынан туындаған сұрақтарға бұрын су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев жауап береді.

Нариман Қыпшақбаев: Аралды құтқару Көкарал бөгенімен бітпейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:40:19 0:00

Өткен ғасырдың алпысынша жылдарынан бастап тартылған Арал теңізін құтқару жолында сексенінші жылдары әртүрлі ұсыныстар айтылып, талқыланды. Бірақ соның ешқайсысы да жүзеге аспады.

"АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ"

Арал апаты кернеп, теңізден балық аулау тоқтаған кезде мына бір жай әуелде назар аударарлықтай көрінген. 1990 жылы 4-5 қазанда Азаттық радиосында Мұқабай Енгін мынандай жаңалықты сүйіншілейді.

"ТАСС хабар агенттігінің тілшісі Владимир Ганжаның қазан айының 3-күні Алматыдан хабарлауынша, Арал теңізін құтқарудың жаңа жолы табылған екен. Арал теңізінің аймағын зерттеген бір топ оқымыстылар мынандай қорытындыға келген: Арал теңізімен шектесіп жатқан Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азия аумағында жер астындағы су мөлшері 100 мың текше километрден артық екен. Сол сулардың екі ғана пайызы Арал теңізіне құйылса, ол тартылғанға дейінгі қалпына қайта келмек. Қазақ Ғылым академиясының академигі Сыдықовтың айтуынша, Арал теңізін қалпына келтіру үшін Сібір өзендерін бұрып әкелгенге қарағанда жер асты суларын қолданған әлдеқайда арзан. Өзімізден қосарымыз – Сібір орыстарының ол жақтағы өзендердің Арал теңізіне бұру жайындағы жоспарға Мәскеуде шу шығарғанын тыңдаушыларымыз білетін болар. Академик Сыдықовтың айтуынша, жер астындағы суларды бұрғылап, жер бетіне шығарса Қазақстан мен Өзбекстандағы егістік алқаптарына үлкен жеңілдік туушы еді. Академиктің айтуынша, жер астындағы суларды 500-1500 метрден бұрғылайтын шамамен 50 мың шұңқыр қазу керек. Қазіргі кезде Арал теңізі Үлкен Арал, Кіші Арал болып екіге бөлініп, кеме жүргізу мен балық аулау ісі толықтай тоқтап қалған", – дейді Азаттық 1990 жылғы хабарында.

Қария мен теңіз
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:24:06 0:00

Осы хабардан бері 34 жылдай уақыт өткенде сол кезде советтік Қазақстанның мелиорация және су шаруашылығы министрлігін басқарған, бүгінде жасы 90-ға таяған Нариман Қыпшақбаев академик Жүрімбек Сыдықовтың бұл ұсынысына келіспегенін айтады.

Қыпшақбаев Арал теңізі маңайында жер астында теңізді толтыратындай мөлшерде су қоры жоқ деп есептейді.

– Аралдың маңайында ондай мөлшерде су жоқ. Сыдықовтың ұсынысын мен қолдаған жоқпын. Оған тіпті назар аударудың да қажеті жоқ, – деген экс-министр мұндай жобаны "фантазияға" теңеді.

Бір кездегі Арал теңізінің табаны қазір шаңы шыққан сор далаға айналған. Қызылорда облысы, 22 тамыз, 2023 жыл.
Бір кездегі Арал теңізінің табаны қазір шаңы шыққан сор далаға айналған. Қызылорда облысы, 22 тамыз, 2023 жыл.

"АРАЛ ТЕҢІЗІ ШАПАН МЕН ШЕКПЕННІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ"

Азаттық радиосының 1991 жылғы 21-22 қазанда эфирден берілген хабарында радио қызметкері Талғат Көкбұлақ Арал апатын былай сипаттайды:

"Арал дағдарысының өзекті тұрғанына ондаған жылдар өтті. Түрлі бастамалар болғанымен, одан әлі оң әсер еткені жоқ. Бұны Мәскеуде шығатын "Правда" газетінің соңғы хабары растады. Демек, Арал теңізінің тағдырына бас иіп, тізе бүгуден басқа амал жоқ сияқты көрінеді. Мәскеулік "Правда" газетінің хабарлауынша, Арал теңізінің экологиялық жағдайы әлі күрделі күйде қалуда. Сол аймақтағы жергілікті тұрғындардың ауыз-су сапасы жақсармаған. Газеттің баяндауынша, бұған қарамастан үстіміздегі жылдың сегіз айлық мерзімінде жағдайды жақсартуға бөлінген 450 миллион сомның жартысынан азы жұмсалған. Арал теңізі маңында басқа да қауіп-қатерлерді былай қойғанда, оба дертінің қаупі де жоғары. Осыдан ширек ғасырдай бұрын ғана суларында балық тулаған, айдынында кемелер жүзген, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындары бар Арал теңізіне не бәле болды? Әрине, ол тың игерудің, соған байланысты мақта мен күріш егіншілігінің қарқынды өсуінің және үкіметтегілердің құлқын қандырудың, шапан мен шекпеннің құрбаны болды. Өздеріңізге мәлім, Арал теңізі көз алдымызда 30 жыл ішінде жойылуға айналды. Соңғы он жыл ішінде мәселені шешу үшін бірнеше қаулылар қабылданса да, жүзеге аспады. Өйткені орталық әкімшілік болсын, Арал теңізіне шектесетін республика үкіметтері болсын, өзара келісімге келе алмай, мәселеге бей-жай қарады. Ғасырлар бойы Арал суының тұрақтылығын ұстап тұрған Әмудария мен Сырдария Никита Хрущев заманында күріш, мақта егіншіліктеріне бұрылғанынан бөлек, осы екі дарияның жоғары салаларында көптеген су бөгеттері салынуының салдарынан өзен суының Аралға құйылуы кедергіге тап болды. Егіншіліктер аумағын қысқарту жөніндегі ұсыныстарға қарамастан шаруашылық басшылары орталық әкімшіліктің жоспарларын орындау үшін оған қарсы шыға алмады. Жалпы айтқанда, Арал теңізінің соңғы он жылдағы дағдарысы – жан шошырлық мәселе".

Сол кезде қандай амал, шаралар, қандай таңдау жасалғанын сол кездегі су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев бүгінде былай түсіндіреді.

– Оның амалы мынау еді. Қазіргі таңда Әмудария мен Сырдарияның бойында тұратын, сол суды қолданатын халық саны 70 миллионға жетіп қалды. Сол кезде 50 миллионның айналасында болатын. Соншама халық қазір жылына 100 млрд текше метр су қолданады. Сонда Аралды құтқару үшін 70 миллион халыққа су бермеу керек болады. Осыншама халыққа су бермеу деген, әрине, ақылға симайды. Ал Арал өзінің табиғи көлемін сақтай алмайды. Сондықтан теңізді сол кездегі бар суымен сақтауға болады деген қортындыға келдік, – деді ол Азаттыққа.

"СІБІР ӨЗЕНДЕРІНДЕ АРАЛДЫ ТОЛТЫРАТЫН ҚОР ЖОҚ"

Сібір өзендерін бұру! Заманында бұл да аз талқыланбады. 3 мың шақырымдық канал қазып, жылына 25 млрд текшеметр суды әкелу ғасыр құрылысына айналар ма еді, кім білсін?

Азаттық радиосының 1996 жылғы 31 қазандағы Арал теңізі туралы мақаласы. “Жұлдыз” журналы, наурыз, 1997 жыл.
Азаттық радиосының 1996 жылғы 31 қазандағы Арал теңізі туралы мақаласы. “Жұлдыз” журналы, наурыз, 1997 жыл.

1990-жылдарғы хабарының бірінде Азаттық радиосы: "Егер Аралдың су деңгейін ойдағыдай көтеруге шындап кірісу мақсат етілетін болса, онда Сібір өзендерінің біреуін бұрудан басқа амал жоқ", – дейді.

Алайда Нариман Қыпшақбаев мұның шығыны ғаламат қымбатқа түсетінін айтады. Бұл жерде канал құрылысының сыртындағы және канал салына қалса, жол-жөнекей жоғалатын суды есептемегендегі шығынды айтып отырмыз.

Егер бұрынғы министрдің есебіне салсақ, сол үшін жыл сайын шамамен 125 млрд доллар қаражат қажет болған. Және ол, бұл жобаның жүзеге аспауының тағы бір – негізі себебін атады.

Бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев. Алматы, 2 шілде, 2023 жыл.
Бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев. Алматы, 2 шілде, 2023 жыл.

– Сол кезде Аралды толтыру үшін жылына 25 млрд текше метр Сібірдің суын әкелеміз деді. Әр текше метр суға 5 доллар кетеді. Сонша млрд долларға су әкеліп, Аралды толтыру деген жай әңгіме болып қалды. Мұнша көлемдегі ақшаны ешкім төлемейді. Ол – бір. Екіншіден, осынша мөлшердегі су Сібір өзендерінің өзінде жоқ қой, – дейді Нариман Қыпшақбаев Азаттыққа.

Бұрынғы су шаруашылығы министрі Аралды құтқару үшін басқа да жобалар ұсынылғанын, тіпті ақылға симайтын ұшқары ұсыныстар болғанын да айтады.

– Ертістің суын Аралға жеткізейік дегендер де болды. Біз бұған да қарсы шықтық. Онда біз қайтпекпіз? Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Семей, Орталық Қазақстандағы халықты көшіру керек болады онда. Сонда Аралға су әкелу жөніндегі бүкіл есептеулер жай сөз болып шықты, – дейді бұрынғы министр.

"ТОЛЫҚ ЕГЕМЕНДІК"

Азаттық радиосының 1991 жылғы қазан айында Арал туралы төмендегі хабары эфирден берілген кезде Қазақстан әлі тәуелсіздігін алмаған еді. Совет құрамындағы егеменді ел деген статуста жүрген. Есесіне, Арал жағасындағы, Аралға құятын дариялар жағасындағы бұрынғы советтік елдердің бәрі өз тәуелсіздігін жариялап тастаған. Ал Әмудария басындағы Ауғанстанда Совет әскерін шығарған соң азамат соғысы бұрқ ете қалған...

"Қазір бұрынғыдай емес, саяси жағдай өзгеруде. Қазақстан мен Орталық Азия елдері нағыз тәуелсіз атанып, әсіресе өз экономикаларын өздері басқара алатын дәрежеге жетті. Ресей Сібір өзендерінің бір саласын Аралға бұрудан бас тартса, бұл жоспарға балама жоспар ойлап табу керек. Қазақ және Орталық Азия ғалымдары бұл мәселеде қандай альтернатива бар екенін жақсы білсе керек. Әрине, бұған қыруар қаржы керек. Бірақ қазір қаржы бұрынғыдай Мәскеуге емес, өз қазыналарына түсіп жатқандықтан, бірнеше жылдардан кейін мәселені шешуге арналған жобалар жасау мүмкіндігі де туар. Бәрінен де бұрын толық егемендік керек", – деген Азаттық хабарында.

Сөйткен Совет одағы Аралға араша болмақ тұрмақ, өзін де құтқара алмағаны белгілі. Экс-министр Нариман Қыпшақбаев одан кейінгі жайды былай баяндайды.

– Қысқасы, бұл әңгіме 1993 жылға шейін созылды. Осы жылы, 26 наурызда Қызылордада Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары кездесті. Мен де осы жиынға қатыстым. Сол жерде келісімге қол қойылды, – дейді бұрынғы министр.

Оның айтуынша, сол жиында экологиялық, экономикалық талаптарды қанағаттандыратын параметр деңгейінде суды бақылап, пайдалану туралы келісілген. Бұл құжат Арал теңізі және Аралбойы проблемаларын шешу, экологиясын сауықтырып, Арал аймағының әлеуметтік-экономикалық дамумен қамтамасыз етудің біріккен іс-қимылы туралы келісім деп аталды.

– Сол келісімнің талаптарын әлі күнге дейін сақтап келеміз, – дейді Нариман Қыпшақбаев.

"АРАЛ БАЛАЛАРЫНА ЖӘРДЕМ КЕРЕК!"

Арал теңізі маңындағы экологиялық апаттың тамыры тереңде жатқан. Мәселе тек ауыл шаруашылығымен, жөнсіз агросаясатпен ғана шектелген емес. Азаттық радиосының сол кездегі хабарының бірінде былай делінген:

"Орталық Азия елдерінде уран жабайы түрде өндірілетінін ескеру керек. Қазақстанның Қызылорда өңірінде адам өмірімен санаспай, өнім үшін бар жабайылықпен жүріп жатқан өндіріс ауыз судың ластануына, бала өлімінің көбеюіне әкеліп соғуда. Бірі егеменді, бірі тәуелсіз аталатын Қазақстан мен Өзбекстан республикалары осы бір адам өміріне зиян уранның жабайы өндірісіне тыйым салу үшін қандай іс-әрекет жасағаны тағы белгісіз".

Мұның сыртында Қызылорда облысы аумағына орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағының атауы да экологияға қатысты мәселеде жиі аталады.

Сексенінші жылдардың аяғында Сібір өзендерін Аралға бұруға Ресей жазушылары қарсы шыққан. Азаттық радиосының хабарлауынша, олар баспаcөз беттерінде әлеуметтік науқан ұйымдастырып, қарсы пиғылдарын білдірген. Ал 1987 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанынан ақын Мұхтар Шахановтың бастамасымен Арал, Балқаш және Қазақстан экологиялық проблемеларын шешуге атсалысатын қоғамдық комитет құрылды. Оны Шахановтың өзі басқарды. Қазақстан тәуелсіздік алатын жылы, 1991 жылғы 28 наурызда Шаханов Азаттық радиосының тілшісі Қиял Сабдалинге сұхбат берген.

"Соңғы кездері Арал теңізі жайындағы әңгіме көп айтылып жатыр. Дәл қазіргі жағдайда Арал балаларына жәрдем керек! Қазір Америка баптистері 10 миллион доллар көлемінде көмек бөліп отыр. Олар 3 жыл бойы балаларға осындай көмек беруін үздіксіз жалғастырмақ. Сонымен қатар ел ішінен де көмек келуде. Жақында біздің комитет мүшелері Талдықорғанда болып қайтты. Сонда облыстық кеңестің хатшысы Сағымбек Тұрсынов Арал балаларына арнап екі вагон балалар тағамын жіберетіндігін айтқан. Қазір сол көмек Қызылордаға жетіп қалса керек", – дейді Мұхтар Шаханов сол сұхбатында.

"КІШІ АРАЛДЫ САҚТАП ҚАЛУ – ҮЛКЕН МӘСЕЛЕ"

Советтік Қазақстанда көп жыл су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев Аралдың Қазақстанға тиесілі қалдығы – Кіші Арал мен Өзбекстанға қалған бөлігі – Үлкен Аралды өзара салыстырады.

Суы тартылған Аралдың орны. 2014 жылғы тамызда спутниктен түсірілген сурет.
Суы тартылған Аралдың орны. 2014 жылғы тамызда спутниктен түсірілген сурет.

Қыпшақбаев Қазақстан жағы Кіші Аралдағы суды сақтап қалғанымен, оны ұстап тұрудың да түйткілге айналып бара жатқанын жасырмайды.

– Біз әйтеуір Кіші Аралды сақтадық. Өзбекстан Үлкен Аралды сақтауда бізден қалып қойды. Соның кесірінен арада қарақалпақ халқы зардап шекті. Кеңес Одағы құлайтын кезде Аралдан 1 килограмм да балық ауланбайтын. Ал 2006 жылдан бастап тонна-тонна балық аулайтын болдық. Аралда сегіз ірі балық зауыты салынды. Бір кезде кетіп қалған халық қайтадан көшіп келді. Келгендер өздерінің әлеуметтік деңгейін де көтеруде. Бірақ жағдайды осы күйінде сақтаудың өзі үлкен мәселеге айналып барады, – дейді бұрынғы су шаруашылығы министрі Азаттыққа.

Нариман Қыпшақбаев 1981-1990 жылдар аралығында мелиорация және су шаруашылығы министрі болды. Советтік Қазақстан билігіне Нұрсұлтан Назарбаев келіп, президент атанған жылы осы министрлік жабылды. Алайда Қыпшақбаев одан кейін де су шаруашылығынан бір сәт қол үзген емес. Өзі айтқандай, бір минут та басқа салада істемеген, сумен тыныс алып, сумен өмір сүріп келе жатыр.

Ол 2023 жылы министрлік су шаруашылығы және ирригация министрлігі атауымен қайта құрылғанда, жаңа министрге өз ұсыныс-тілектерін айтқанымен, содан қорытынды шықпай жатқанына қынжылады. Ол Кіші Арал қазір аман тұрғанымен, оның кейінгі тағдырына алаңдайды.

– Назарбаев су шаруашылығы керек жоқ деп санады ма, бұл саланы құртты. Былтыр қыркүйекте [президент Қасым-Жомарт] Тоқаев жаңадан министрлік құрды. Мен жаңа министрге ұсыныстарымды жазып бергем. Бірақ уақыт өтіп барады. Менің айтқандарымның орындалып жатқанын көрмей отырмын, – дейді ол.

"ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН КӨКАРАЛ БӨГЕТІ СУҒА КЕТУІ МҮМКІН"

Экс-министр Қыпшақбаев мәселенің бір төркінін Көкарал бөгетімен байланыстырады. Көкарал – Үлкен Арал мен Солтүстік Арал теңізін бөліп тұрған бөгет.

Көкарал бөгені, Кіші Арал теңізі. Қызылорда облысы, 22 тамыз, 2023 жыл.
Көкарал бөгені, Кіші Арал теңізі. Қызылорда облысы, 22 тамыз, 2023 жыл.

Бұл нысан Кіші Аралдағы су деңгейін сақтап қалу мақсатында салынған. Бөгет арқылы Арал теңізінің шығысы мен батысын жалғастыратын төте жол да өтеді. Яғни, Көкаралдың халыққа тиігізіп жатқан пайдасы жан-жақты. Бірақ бөгет салынғаннан бері, 20 жылға таяу уақыттың ішінде жөндеу көрмеген.

– Бір кезде кетіп қалған балықшының көбі Аралға қайтып келді. Арал қаласы жанданды. Бірақ осы уақыт ішінде бөгеттің жағдайы өзгермеген, ешкім жөндеу жүргізбеген. 12 километрлік бөгеттің суға кетуі мүмкін екені ескертілді. Қалай болғанда да үкімет Көкарал бөгетін жөндеу керек. Әзірге бұл мәселеге де әлі ешкім құлақ аспады, – дейді ол.

Нариман Қыпшақбаев Кіші Аралды сақтап қалу мүмкін болғанымен, оның айналасындағы түйткілдер әлі де көп екенін айтады. Мәселен, балық шаруашылығына қатысты мәселені де билік ескермей келе жатыр.

– Әңгіме мынада. Сырдарияның төменгі ағысында 200-ге жуық көл бар. Сол жерлерде балықтардың жейтін азығы, уылдырық шашатын жерлері болатын. Арал теңізін қыстап шыққан балықтар, сол жерлерде уылдырық шашатын. Сол көлдер құрып кетті. Мен 2004-2008 жылдары кешенді зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Үкімет, Еуроодақпен серіктестік арқылы зерттеу жүргіздік. Оған Өзбекстан ғалымы да қатысты. Сол кезде 100-ден астам көлдің 54-ін ғана сақтаймыз деп шештік. Қазақстан үшін алдымен Кіші Аралды, сосын көлдер жүйесін сақтау маңызды. Айқайлап жүріп 12 көлдер жүйесін қалпына келтірдік. Осыны ешкім түсінбей отыр. Көлдер жүйесіндегі су сәуір, мамыр айларында егістікке жіберіліп, су деңгейі төмендейді. Сол сумен бірге балық та төменге ағып, жоқ болып кетіп жатыр, – дейді Нариман Қыпшақбаев.

Аралдың солтүстік бөлігіндегі Көкарал бөгені. 21 мамыр, 2010 жыл.
Аралдың солтүстік бөлігіндегі Көкарал бөгені. 21 мамыр, 2010 жыл.

"АРАЛ МАҢЫНДАҒЫ СУАРМАЛЫ ЖЕР — ӨМІРЛІК АЗЫҚ. БІРАҚ..."

Арал теңізі маңындағы Қызылорда облысында 250 мың гектар суармалы жер бар. Оны жағалаудағы өзге елдермен жағаласып жүріп Қазақстанға алып қалудың өзі оңай болмаған. Осы игілікті игеру Қазақстанға тиесілі су мөлшерін сақтаудың кепілі. Бұрынғы су шаруашылығы министрі осыған да қатты алаңдайды.

– Кезінде сол 250 мың гектар жерді дәлелдеп, Қазақстанға алып бердім. Соның 70-80 гектарын ешкім қолданбайды. Оның қызығын өзбектер көріп отыр. Қазақтарға су керек жоқ екен деп, олар жоғарғы жақтан су қоймасын салып алды. Суармалы жердің тағдыры ешкімді толғандырмайды. Жергілікті басшылық та оны бақылап, қадағалап отырған жоқ. Қызылордалықтар бәлкім сол жерге мал жайып жүрген болар, мен білмеймін. Қызылорда халқы бар жеріне ие бола алмай отыр. Болашақта халық саны өскен кезде елді осы 250 мың гектар жер ғана асырайтын болады. Бірақ мына бетімен кетсе, судан да, жерден айрыламыз. Соны ешкім түсінбейді ғой, түсінбейді! – деп дабыл қағады тәжірибелі су маманы.

Қыпшақбаев осы мәселені айтқанда эмоциясын да жасыра алмады.

– Өмірім осы Сыр бойындағы суды сақтап қалу қамымен өтті. Шашым ағарды... Биыл мамыр айында 90-ға толам. Соны атап өткен соң, су мәселесінен құтылып, тыныш қана о дүниеге кету жолын іздеу керек болды. Әйтпесе, "айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды", – дейді кәнігі су маманы әзіл-шыны аралас.

"ӘМУДАРИЯДАҒЫ АУҒАНСТАННЫҢ ҮЛЕСІ – ЗАҢДЫ"

Әңгіме осы тұсқа келгенде, Қазақстанның бұрынғы су министрінен былтыр Әмудариядан салынған канал жайында сұрадым. Ауғанстандағы Талибан билігі Әмудариядан су тартатын Көштепе каналдың 100 шақырымнан асатын бөлігінің құрылысын аяқтаған. Ал канал құрылысы толық аяқталғанда Әмудариядағы судың үштен бірі Ауғанстанның солтүстік өңірлеріне қарай ағуы мүмкін. Соның салдарынан Орталық Азия елдері, әсіресе Түркіменстан мен Өзбекстан сусыз қалуы ықтимал.

Арнасынан асқан Әмудария өзені. Ауғанстанның Құндыз уәлаяты. 9 мамыр, 2022 жыл.
Арнасынан асқан Әмудария өзені. Ауғанстанның Құндыз уәлаяты. 9 мамыр, 2022 жыл.

Әмудария бассейніндегі суды бөлу тәртібі 1987 жылы қабылданған Ташкент келісімімен реттеледі. Сол құжат Орталық Азиядағы бес елдің су пайдалану тәртібін реттейді. Енді Ауғанстан да Әмудариядан су алғысы келіп отыр, бірақ Кабул Ташкент келісіміне қол қоймаған. Нариман Қыпшақбаевтан осы жайлы сұрадым.

– Мен Кеңес үкіметі кезінде талай айтқанмын. Қос дарияны бізден басқа Ауғанстан деген ел де қолданады. Олар ерте ме, кеш пе, Әмудария өзенінен өз үлесін алады. Оны өзбек ағайындар түсінбеді ғой. Сол кезде өзбек, тәжік, түрікмен өзара бөліп алған еді. Әмударияда 60 млрд текше метр су болса, соның 5-10 млрд текше метрін ауғандар бәрібір алуы керек. Бұл – олардың заңды құқығы, – дейді бұрынғы министр Азаттыққа.

Сонымен, Арал теңізінен бастаған әңгімеміз Ауғанстанмен аяқталды. Мұның бәрі сайып келгенде Орталық Азия аймағындағы су бөлінісінен шыққан түйткіл төркінін көрсетеді. Салдары – Арал апаты. Қазір қалдық сулар бассейнін сақтап қалудың өзі мұңға айналып барады...

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында Арал теңізі туралы Азаттық радиосының бұрынғы хабарларына шолу жасадық. Содан туындаған сұрақтарға, бұрынғы мелиорация және су шаруашылығы министрі, бүгінде жасы тоқсанға таяған Нариман Қыпшақбаев жауап берді. Қарт маманның су жанашыры, су жоқтаушысы ретінде Арал мәселесіне қатысты айтқандары ащы, әсері кермек... Ал "атаң мұрап болса да, арық басында бол" деген мақалдың мәнісі су мәселесінде бір сәт те қалғымау керек дегенді білдірсе керек.

Подкаста Ұлттық академиялық кітапханаға өткізілген Хасен Оралтайдың жеке қорындағы материалдар пайдаланылды. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодынан толық тыңдауға болады

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG