Accessibility links

Путин Бішкекке бір күндік сапармен келді


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Бішкек, 28 наурыз 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Бішкек, 28 наурыз 2019 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Бішкекке мемлекеттік сапармен келді. Қырғыз ресмилері Путин сапары кезінде екі ел арасында отызға жуық құжатқа қол қою жоспарланғанын айтады. Олардың арасында Ресейдің Қырғызстандағы әскери базасы жайлы хаттама да бар.

Ресей президентінің ұшағы Бішкектің "Манас" халықаралық әуежайына жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7:30-да қонды. Владимир Путинді әуежайда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков күтіп алды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Қырғызстанға бір күндік сапармен келген Путин Жээнбековпен алдымен оңаша, кейін екі елдің ресми адамдарының қатысуымен кеңейтілген құрамда кездесіп, қырғыз-орыс экономикалық форумына қатысады.

Сонымен бірге Ресей басшысы танымал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың музей-үйіне барады деп хабарланды.

ВИДЕО: Владимир Путин Бішкекке келді. 28 наурыз 2019 жыл.

Владимир Путин Бішкекке келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

"ОТЫЗҒА ЖУЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛАДЫ"

Бұған дейін Қырғызстан президенті аппараты сыртқы саясат бөлімінің бастығы Данияр Сыдыков Путин сапары аясында Ресей мен Қырғызстанның саяси, экономикалық және әскери-техникалық әріптестігі туралы келісімдерге қол қойылып, энергетика, көлік және инфрақұрылымға қатысты жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша келіссөздер өткізу жоспарланғанын хабарлаған. Бұған қоса екі елдің кәсіпкерлері, инвесторлар мен аймақ басшыларының қатысуымен өңіраралық конференция өтеді, оның аясында бірқатар келісімдерге қол қойылады деп хабарлады Қырғызстан президенті аппараты экономика бөлімінің бастығы Данияр Иманалиев. "Сандық технологияны, ауыл шаруашылығы мен көлік саласын дамыту, логистиканы жақсарту жөнінде келіссөздер өтеді" деді ол.

2017 жылы күзде сол кездегі Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков аймақ қауіпсіздігін нығайту үшін тәжік-қырғыз шекарасында әскери база орналастыру теріс болмайды деген пікір айтқан еді. Бұл қырғыз қоғамында қызу пікірталас тудырған. Содан бері бұл мәселе оқта-текте көтеріліп қалады.

Биыл ақпанның 4-інде Қырғызстанға сапары кезінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров егер Бішкек ықылас білдірсе Мәскеу екінші әскери база ашу мәселесін талқылауға дайын екенін айтқан. Ақпанның 7-і күні баспасөз мәслихатында Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Дамир Сағынбаев Қырғызстан өз территориясында тағы бір ресейлік әскери база ашу мәселесін қарастырып жатпағанын айтты. Оның сөзінше, Мәскеу мен Бішкек екінші әскери база ашу мәселесіне болашақта қайта оралуы мүмкін.

ҚАНТТАҒЫ РЕСЕЙЛІК ӘСКЕРИ БАЗА

Қырғызстан президенті аппараты сыртқы саясат бөлімінің бастығы Данияр Сыдыков Қантта орналасқан ресейлік әскери базаны кеңейту туралы хаттамаға қол қойылуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығармады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. "Ресейдің бірлескен әскери базасы туралы келісімге өзгертулер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойылмақ. Бұған байланысты тиісті мекемелер келіссөз өткізіп жатыр. Келіссөз әлі жалғасып жатқандықтан оның бүге-шігесін айтуға әлі ерте" деді ол.

Әйткенмен осы келіссөз және екі елдің қарым-қатынасы жайынан хабардар адамдар ақпаратпен бөлісті. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жаңа хаттамада ұшу алаңын кеңейтуге, ресейлік әскерилерден тұратын жедел батальон құруға рұқсат берілуі ықтимал. Ондай жағдайда Қанттағы әскери контингенттің саны өседі. Бұған қоса, бірлескен әскери база нысандарында жаттығу орталықтарын ашу туралы келісімге қол қойылуы мүмкін.

Әскери саладағы мұндай белсенділікке Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуі және Орталық Азия елдеріне төнетін қауіп-қатердің күшеюі себеп болып отыр деп түсіндіреді. Қырғызстанның бұрынғы үкімет жетекшісінің орынбасары Абдырахман Маматалиев мұндай қауіп-қатерді жоққа шығармайды. Оның болжамынша, Ресей Қырғызстанда әскери кәсіпорындарын қайта жаңғыртуға мүдделі болып отыр.

Қырғызстанда Ресейдің бірнеше әскери нысаны бар. Олар – Қанттағы әскери-әуе базасы, Чалдовардағы байланыс торабы, Ыстықкөлдегі флоттық сынақ орталығы және Майлысудағы сейсмикалық пункт. 2017 жылдың басында ресейлік әскерилердің Қырғызстанда болу мерзімі келер 15 жылға ұзартылған болатын.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG