Accessibility links

Ресей думасы тіл нормалары туралы заң жобасын мақұлдады. Аз ұлттар бұған неге алаңдайды?


Қазан мектебіндегі татар тілі сабағы.
Қазан мектебіндегі татар тілі сабағы.

Ресей парламентінің төменгі палатасы – мемлекеттік дума үкіметтің жергілікті аз ұлттардың тіл нормаларын реттеуіне рұқсат беретін даулы заң жобасын мақұлдады. Елдегі аз ұлттардың тілін оқытатын мұғалімдер мен лингвистер бұл тілді сақтаудың орнына оның жойылуын түседі деп қауіп етеді.

"ТІЛДЕРДІ ЖОЙЫЛЫП КЕТУДЕН САҚТАУ"

Дума депутаттарының айтуынша, 1 маусымда мақұлданған заң кей тілдердің орфография нормаларын бекітуді жеделдетіп, оларды жойылып кетуден сақтап қалады дейді.

Жаңа заң бойынша, министрлер бұл тілдердің орфография және пунктуация ережелерін бекітеді. "Ресей Федерациясы халықтарының тілдері туралы" заңға осындай өзгеріс енгізілмек. Заң авторларының айтуынша, осының арқасында заңдағы олқылық реттеледі, яғни бұрын Ресейдегі жергілікті ұлттардың әліпбиі орталықтан реттелмей келген. "Бұл осы тілдерді оқу, үйрену және қолдану ісін қиындатып, оларға жойылып кету қаупін төндіріп келген" дейді заң авторлары.

Заң жобасын Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – федерация кеңесі қарап, президентке жіберуі керек.

"МӘНСІЗ ЗАҢ"

Ресейдегі жергілікті ұлттардың тілін, мәдениеті мен тарихын насихаттап жүрген адамдардың айтуынша, бұл – түрлі этностар тұратын республикалар мен аймақтарда тіл оқытуға бақылауды күшейту әрекеті деп санайды.

Аз ұлттардың тілдерін оқытатын мұғалімдер мұны мәнсіз, тіпті тілге зиян келтіретін бастама деп есептейді. "Министрлер, айталық чукча тілінің орфографиясы мен пунктуациясын өте жақсы біле ме? Өкінішке қарай. бұл – тілдердің жойылуын тоқтатпайтын мәнсіз заң. Мәселен, орыс тілі сияқты бұл тілдерді де оқыту міндеттелсе, мектепте ана тілін оқуға көбірек сағат бөлінсе, көмек болар еді. Қазір ең ары дегенде аптасына бір сағат беріледі. Міндетті пән болмаған соң, оқушылар көп талпынбайды" дейді чукча тілінің маманы Марина Гыргольчайвына Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында.

Ресейдің Саха (Якутия) республикасындағы якут тілі сабағы
Ресейдің Саха (Якутия) республикасындағы якут тілі сабағы

ПУТИННІҢ ПӘРМЕНІ

Ресей президенті Владимир Путин 2017 жылы шілдеде елдегі ұлтаралық қарым-қатынас мәселесі жөніндегі кеңесте аймақтарда "бөтен тілді міндеттеп оқытуға болмайтынын" және "орыс тілін оқыту деңгейін төмендетуге" жол берілмейтінін айтқан, содан соң білім туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Сол отырыста Путин бас прокуратураға Ресейдің ұлттық субъектілерінде жергілікті ұлт тілі ерікті түрде оқытылып жатқанын тексеруге тапсырма берген.

Бұл Ресей құрамына кіретін ұлттық республикаларда, соның ішінде Татарстан, Башқұртстан, Удмуртия мен Чувашияда халықтың наразылығын туғызды. Бұл елдерде орыс тілімен қоса жергілікті ұлт тілі ресми тілге жатқызылғанымен, оларды оқыту міндетті емес. Белсенділер мен сарапшылар жаңа заң ұлт тілдерін жоюға алып барады деп дабыл қаққан.

"ЕГЕР ТІЛІМ ЕРТЕҢ БОЛСА ҚҰРЫМАҚ..."

2019 жылғы қыркүйекте Ресей үкіметінің жергілікті ұлттың ана тілін мектепте міндеттеп оқыту ережесін алып тастау шешіміне қарсылық білдірген удмурт ғалымы Альберт Разин Удмуртия астанасы Ижевскіде өзіне от қойып, қаза тапқан. Өзін өртеуден бір-екі сағат бұрын Разин Ижевскідегі орталық алаңға шығып, қолына авар ақыны Расул Ғамзатовтың "Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ!" деген әйгілі өлең жолдары мен "Менің Отаным бар ма өзі?" деген жазу бар плакат ұстап тұрды.

Удмурт тілін мектепте оқытуды талап етіп, жалғыз өзі акцияға шыққан ғалым Альберт Разин жойылуға шақ тұрған ана тілінің жағдайына наразылық ретінде өзін өртеп мерт болды. Ижевск, Удмуртия. 10 қыркүйек 2019 жыл.
Удмурт тілін мектепте оқытуды талап етіп, жалғыз өзі акцияға шыққан ғалым Альберт Разин жойылуға шақ тұрған ана тілінің жағдайына наразылық ретінде өзін өртеп мерт болды. Ижевск, Удмуртия. 10 қыркүйек 2019 жыл.

Осы оқиғадан соң халықаралық Human Rights Watch ұйымы Ресей "тіл саясатын қайта қарастырып, аз ұлттардың тілін алалауды қоюы керек, тіл алуандығының жойылуына апарып соғатын нормативтік құжаттарды қайта қарауы тиіс" деген мәлімдеме жасады.

22 ТІЛДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚИЫН

2018 жылы ЮНЕСКО жойылу қаупі бар тілдердің жаңа атласын жариялады. Ресейде қауіп төні тұрған 136 тіл болса, соның ішінде 22 тілдің жағдайы "өте қиын" деп бағаланған. "Өте ауыр жағдайда" деген санатқа енген тілде сол ұлттың қарт кісілері ғана сөйлейді, яғни олардың көзі кеткен соң тіл де құриды. Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбат берген Ресей ғылым академиясының ғалымдары Евгений Головко мен Андриан Влахов мемлекеттік тіл саясаты деңгейінде жергілікті ұлттардың тілін сақтап қалуға тырысуы керек деген.

ЮНЕСКО-ның қауіп төніп тұрған тілдер атласы. Скриншот
ЮНЕСКО-ның қауіп төніп тұрған тілдер атласы. Скриншот

Соңғы сараптама бойынша, Ресей Федерациясының құрамына кіретін республикалардың көбінде жергілікті ұлт саны азайып барады, олардың арасында ана тілін білмейтіндер көп. Мысалы, Коми тұрғындарының 22 пайызы, Карелия халқының 7 пайызы өзін жергілікті ұлтқа жатқызады. Федерацияға кіретін республикалардың кейбірінде жергілікті ұлттың тілі сол тілде сөйлейтін отбасы балаларына ғана оқытылады, кейбірінде балаға таңдау еркі берілген. Бірақ барлығында дерлік тілдің қолдану аясы тарылып бара жатқаны жиі айтылады.

Ресейдің Астрахан облысында тұратын қазақтардың да ана тілін ұмытып бара жатқаны туралы Азаттықтың репортажында айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG