Украина билігінің мәлімдеуінше, SpaceX компаниясының Starshield спутниктік байланыс жүйесін пайдалануға қойылған шектеулері әлі де күшінде. Соның салдарынан украин әскері майдан шебіне жақын жерде Ресейдің реактивті шабуылдаушы дрондарын атып түсіруде қиындықтарға тап болған. Бұл Ресейге Украина аумағына соққы жасауға қосымша мүмкіндік беріп отыр.
Украинаның Вашингтондағы жоғары лауазымды дипломаты Денис Сиеник 14 қарашада Азаттыққа берген сұхбатында әскерилер бірнеше бағытта қайта-қайта сынақ жүргізсе де, байланыста ақаулар жалғасып жатқанын айтты.
«Қазір шектеулер шынымен бар екенін растай аламын. Бұл жекелеген жағдай емес, кеңінен таралған мәселе», — деді ол.
Оның айтуынша, енді украин әскері Ресейдің реактивті дрондарын тек Украина бақылауындағы аумаққа кіргеннен кейін ғана атып түсіре алады. Бұрын оларды майдан шебіне жақын жерде жоюға мүмкіндік болған. Мысалы, Starshield жүйесін пайдаланатын украиналық «Барс» бөлімшелері реактивті «Шахед» дрондарын сол жерде атып түсіретін. Қазір олар дрондардың басқа қорғаныс шебіне жетуін күтуге мәжбүр.
Сиениктің айтуынша, бұл мәселе бес күннен бері жалғасып келеді. Украина өкілдері күн сайын тексеру жүргізгенімен, нәтиже өзгермеген.
SpaceX шектеу барын жоққа шығарады
Азаттықпен сөйлескен, бірақ аты-жөнін айтудан бас тартқан Украина шенеуніктерінің айтуынша, SpaceX министрлікке «Біз ешқандай шектеу енгізіп отырған жоқпыз» деп жауап берген. Компания мәселені техникалық ақаулармен түсіндірген. Алайда уақытша оккупацияланған украин аумақтарындағы жағдай туралы қосымша сұраққа жауап бермеген.
Украина президенті Владимир Зеленский де мұны жай ғана техникалық ақау деп қабылдамайтынын айтты.
Оның сөзінше, Ресей уақытша басып алған Украина аумақтарында жұмыс істейтін Starshield терминалдарының жылдамдығы бес күн бойы сағатына шамамен 161 шақырыммен шектелген. Зеленский бұл шектеулердің саяси салдары барын айтты.
«Егер ол жерде шектеу енгізсеңіз, уақытша оккупацияланған аумақтарды ішінара біздікі емес деп мойындаған боласыз», — деді ол 14 қараша күнгі мәлімдемесінде.
Зеленский әскери және Сыртқы істер министрлігі басшылығына бұл мәселені SpaceX-пен талқылап, байланысты толық қалпына келтіру жолдарын іздеуді тапсырған.
Осыған ұқсас жағдай қазан айында да болған. Ол кезде Украина билігі SpaceX Starlink пен Starshield терминалдарының жылдамдығын сағатына шамамен 160 шақырымға дейін шектегенін хабарлаған. Байланыс 24 қазанда қалпына келгені айтылды.
SpaceX негізін қалаушы Илон Маск Starshield жүйесін АҚШ үкіметі басқаратынын мәлімдеген. Оның айтуынша, жүйені пайдалану мен жылдамдыққа қатысты шектеулерді әскерилер белгілейді, ал соңғы шешімді президент Дональд Трамп қабылдайды. Трамп бұл шектеулерге қатысы барын жоққа шығарған.
АҚШ сенаторлары түсініктеме талап етті
Starshield жүйесіндегі ақаулар Вашингтонда да алаңдаушылық туғызды. АҚШ Конгресінің екі партиясынан да Украина қорғанысында қолданылатын байланыс жүйелерін жеке компанияның қаншалықты бақылап отырғаны туралы сұрақтар қойыла бастады.
Сенаторлар Жан Шахин мен Крис Кунс Илон Масктан Украинада Starlink пен Starshield жүйелерін пайдалануға қойылған шектеулерге қатысты барлық құжат пен хат-хабарды сақтауды талап етті.
13 қарашада жарияланған хатта олар 1 қыркүйектен бергі құжаттарды, соның ішінде Маск, SpaceX басшылығы, Украина өкілдері, Ақ үй және Пентагон арасындағы хат алмасуларды сұратқан. Сондай-ақ Масктан 30 қарашаға дейін тиісті қауіпсіздік шаралары қабылданғанын растауды өтінген.
АҚШ Өкілдер палатасындағы демократтар да жаңа шектеулер туралы хабарға наразы болды. Сыртқы істер және қарулы күштерге қатысты тиісті комитеттердегі демократтар оккупацияланған аумақта және майдан шебінде Starshield қызметін шектегені расталса, қол қусырып қарап отырмау қажеттігін айтты. Олардың пікірінше, бұған дейінгі шектеулер Украинада бейбіт азаматтардың, соның ішінде балалардың өліміне ықпал етіп, Ресейдің позициясын нығайта түскен.
Сарапшылар бір компанияға тәуелді болудың қаупін ескертеді
Бұл жағдай Украина әскерінің маңызды әскери байланыс жүйесінде бір жеке компанияға тәуелді екенін тағы да көрсетті.
АҚШ әскерінің отставкадағы подполковнигі, Аризона мемлекеттік университетінің сарапшысы Амос Фокс Азаттыққа берген сұхбатында мұндай тәуелділіктің қауіпті екенін айтты. Оның пікірінше, Маск компаниясына балама жеткізушілердің пайда болуы Украина сияқты елдерді жеке тұлғалардың саяси шешімдеріне тәуелді болудан қорғай алады.
Чикаго университетінің сарапшысы Пол Поаст та байланыс үзілістерін тек техникалық ақаумен түсіндіруге күмән келтірді. Ол мұның Украина мен Ресей арасындағы дипломатиялық келіссөздермен байланысты болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Келіссөздер жүріп жатқан тұстағы дау
Starshield төңірегіндегі дау АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жөніндегі келіссөздерді ілгерілетуге тырысып жатқан кезде туындады. Келіссөздерде жер дауы мен Еуропаның қауіпсіздігі әлі де күрделі мәселе болып отыр.
Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнер 14 қарашада Мәскеу, Киев және Еуропа елдерімен байланыс жалғасып жатқанын мәлімдеді. Кушнер келесі кезеңде Ресей мен Еуропа үкіметтері арасында тікелей диалог орнатуға және үшжақты келіссөздердің жаңа кезеңін дайындауға басымдық берілетінін айтты.
Оның сөзінше, бірнеше жаңа ұсыныс қарастырылып жатыр. Бірақ кез келген келісімде Украина үшін сенімді қауіпсіздік кепілдіктері болуы керек.
АҚШ-тың республикашыл сенаторы Том Коттон Ресейдің НАТО-дан Шығыс Еуропадағы әскерін шығаруды талап етуін орынсыз деп атады. Еуропа басшылары да Киевке жер мәселесі бойынша қысым көрсетпеуге шақырды.
Франция президенті Эммануэль Макрон 14 қарашада Украинаға көмекті шектеуге тырысатын елдер Киевті әділетсіз бейбіт келісімге итермелеп отырғанын айтып, мұндай шешім жаңа соғысқа әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Ақ үй мен Пентагон Starshield жүйесіндегі соңғы шектеулерге қатысты түсініктеме бермеді.