Accessibility links

Украина экс-премьері: Путин бұл соғыста бізді жеңсе, өзгелерге ауыз салады


Сол кезде Украина премьер-министрі болған Арсений Яценюк (оң жақта) елдің шығысындағы Славянск қаласы маңындағы бақылау-өткізу бекетінде тұрған әскери техниканың үстінде украин сарбазымен әңгімелесіп отыр. 7 мамыр 2014 жыл.

2014-2016 жылдары Украина премьер-министрі болған Арсений Яценюк Азаттықтың Грузин қызметіне сұхбат берді. Ол Батыстың Ресейге көзқарасы өзгергенін, әсіресе Германияның Ресейден іргесін аулақ сала бастағанын жақсылыққа жоруға болатынын айтады. Егер Мәскеу бұл соғыста жеңіске жетсе, келесі кезекте Грузия мен Молдованы нысанаға алуы мүмкін дейді ол.

Украинаның бұрынғы премьер-министрі постсоветтік елдің "қанды қырғын, қиын және драмалық" бейнет көріп жатқаны Еуропаның ұстанымын өзгертті дейді.

2014-2016 жылдары үкіметті басқарған Яценюк Батыстың саяси көзқарасының өзгергенін құптайтынын, бұл өз кезегінде жағдайды Украина мен Еуропадағы демократиялық күштердің пайдасына қарай өзгертті деп санайтынын айтады.

Ол Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында соғыстың басталғанына жеті апта болғанда Ресей әскері Донецк, Луганск, Украинаның шығысын бақылауға алуға тырысып жатқанын, енді "аса қантөгісті және қатыгез шайқас" болатынын ескерткен. Яценюк сұхбатты Украинадан берген, бірақ елдің нақты қай жерінде екені айтылмайды.

47 жастағы украин саясаткері Германия Ресейге қатысты қате саясатының зардабын тартып жатыр дейді. Егер Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы бастаған соғыста жеңіске жетсе, кезек Грузия мен Молдоваға келеді деп топшылайды.

"Бізде екі-ақ жол бар: я жеңеміз, не жеңілеміз; жеңсек қана тірі қаламыз, әйтпесе орыстар тас-талқан етіп, жойып жібереді" дейді Арсений Яценюк.
"Бізде екі-ақ жол бар: я жеңеміз, не жеңілеміз; жеңсек қана тірі қаламыз, әйтпесе орыстар тас-талқан етіп, жойып жібереді" дейді Арсений Яценюк.

Яценюк Мәскеудің соғысты бастаған кездегі жоспарының іске аспай қалуына Украина әскерінің табандылығы, Батыстың бірлесіп Мәскеуге қарсы тұруы және "жаңартылғаны айтылғанымен, тұтастай жемқорлық жайлаған әрі тозығы жеткен" Ресей әскерінің сәтсіздігі әсер етті дейді.

Бірақ ол украиндарды өте ауыр азап күтіп тұрғанын болжап отыр.

"Бізде екі-ақ жол бар: я жеңеміз, не жеңілеміз; жеңсек қана тірі қаламыз, әйтпесе орыстар тас-талқан қылып, жойып жібереді" дейді Яценюк.

"Жеңіске жететінімізге сенемін" дей келе ол Украина қорғанысы әділ соғысып жатқанын айтты. "Бұл аса қантөгісті, өте қиын және драмалық жол екенін түсінемін".

Яценюк Украина қорғанысын "қазіргі замандағы ерліктің ең үлкен үлгісі" деп атап, өткен аптада ресейлік "Москва" крейсерінің Қара теңізде батып кетуін Путин үшін "қауіпті және жаман нышан" екенін айтты.

18-19 сәуірде Мәскеу мен Киев Ресей әскерінің Украинада соғыстың жаңа кезеңін бастағанын мәлімдеді.

Сол кезде Украина оппозициясы жетекшілерінің бірі болған Арсений Яценюк Украинаның Еуропа Одағымен ынтымақтастығын қолдап митингіге шыққан азаматтар мен полиция арнайы жасағы арасында болған қақтығыс кезінде ашулы жұртты сабырға шақырып тұр. Киев, 24 қараша 2013 жыл.
Сол кезде Украина оппозициясы жетекшілерінің бірі болған Арсений Яценюк Украинаның Еуропа Одағымен ынтымақтастығын қолдап митингіге шыққан азаматтар мен полиция арнайы жасағы арасында болған қақтығыс кезінде ашулы жұртты сабырға шақырып тұр. Киев, 24 қараша 2013 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский елдің жауынгерлерін басқыншыларға қарсы күресті жалғастыруға шақырып, 2014 жылдан бері Украинаның шығысындағы Ресей қолдап отырған сепаратистер мен Луганск және Донецк аудандарындағы Украина әскері түйісетін жерде украин қарулы күштері қарқынды шабуыл жасап жатқанын айтты.

19 сәуірде Ресей қорғаныс министрі Ресей армиясы 1200-ден астам нысанға шабуыл жасап, Украинаның МиГ-29 әскери ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмай отыр.

Яценюк Кремль 9 мамырға дейін қандай да бір жеңіске жетуді көксеп жанталасып жатыр дейді. Ол күні Ресей көп жылғы дәстүрі бойынша, Совет одағы нацистік Германиямен соғыста жеңіске жеткен және Еуропада екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тарихи дата – Жеңіс күнін тойлайды. 1991 жылы Совет одағы ыдырағанға дейін бұл күнді Украина мен Ресей бірге атап өтетін.

Путинді немесе оның Украинадағы "арнаулы әскери операциясын" (Ресей билігі Украинаға басқыншылығын "соғыс" деп атауға тыйым салған – ред.) қолдайтындардың ресми санына күмән келтірген Яценюк Путин мен оның жақтастарын "бөліп-жармайтынын" айтып, олардың бәрін қылмыскер санайды.

"Орыс халқының жалпы райына күмән келтірмеймін. Ал ол елдегі жалпы көңіл-күй Украинаға, Батысқа, еркіндікке қарсы. Бұл зұлымдық ордасына айналды. Мұны Путин жалғыз өзі жасап жатқан жоқ, себебі Ирпень мен Бучада бейбіт тұрғындарды өлтірген Путиннің өзі емес. Мариупольде Путин емес, соның әскері соғысып жүр. Бірақ олар – ресейліктер" деді Яценюк.

Соғыстың 54-күні. Мариуполь беріле ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

18 сәуірде БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 5 миллионнан астам адамның үй-жайын тастап босып кетуге мәжбүр болғанын хабарлады. БҰҰ көші-қон қызметінің дерегінше, Украинадан басқа елдердің 215 мың азаматы кеткен, көбі студенттер мен еңбек мигранттары.

Соғыс жалғасып жатқандықтан екі жақтан да нақты қанша адам қаза болғанын тап басып айту қиын. Украина үш мыңнан астам сарбазынан айрылғанын мәлімдеді. Ресей 2 мыңнан аз жауынгері қаза тапқанын хабарлады, бірақ шын мәнінде қазаға ұшырағандар бұдан әлдеқайда көп екенін дәлелдейтін дерек жиі шығып жатыр.

18 сәуірде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы Украинада соғыс кесірінен 2072 адам өліп, 2818 бейбіт тұрғын жараланғаны тіркелгенін айтты. Соғыс болып жатқан аймаққа баруға мүмкіндік болмағандықтан, бұл да нақты дерек емес.

Яценюк 2014 жылғы ақпанда Киевтегі орталық үкімет пен ресейшіл президентті орнынан кетірген халық наразылығынан кейін премьер-министр болып сайланып, ол қызметті 2016 жылғы сәуірге дейін атқарды. Ол Путин мен Ресейдің тактикасы басқа жерлердегі әскери науқандарға ұқсайтын болар деп топшылайды.

Яценюк Ресей әскері кезінде Шешенстан республикасының астанасы Грозный қаласының тас-талқанын шығарғанын, Мәскеу қолдайтын Сирия басшысы Башар Асадқа көмектесіп, ол елдегі Алеппо қаласын толық күйреткенін, ал енді қазір Азов теңізі жағалауында орналасқан, Украинаның стратегиялық маңызы бар Мариуполь қаласын да жермен-жексен етіп жатқанын мысалға келтірді. Соғысқа дейін 500 мыңнан астам тұрғыны болған Мариуполь Ресей армиясы қоршауға алған соң гуманитарлық дағдарысқа тап болды.

"Киев маңында, Мариуполь, Чернигов, Харьковтағы Ресей әскерінің тактикасы бәрін өлтіріп, түк қалдырмай жойып-құрту екені айдан анық, – деді Яценюк. – Міне, сондықтан Украина әскеріне қорғаныс және шабуылға арналған қару-жарақ, [қайталап айтамын], шабуыл қаруы өте қажет".

Украинада Ресей әскерінің бейбіт халық мен азаматтық нысандарға шабуыл жасағаны, тұрғындарды зорлау фактілері мен басқа да қылмыс жасағаны жайлы көп хабар тарап жатыр. Халықаралық прокурорлар Ресейдің әскери қылмысын тергей бастады. Ал АҚШ президенті Джо Байден "Ресей Украинада геноцид жасады" деп мәлімдеді.

18 сәуірде Путин Ресей армиясының 64-бригадасын марапаттау жайлы жарлық шығарды. Киев бұл бригада Буча қаласын оккупациялаған соң әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Ресей әскері қаладан кеткен соң онда қаза тапқан бейбіт адамдар көптеп табылған, кейбірі қолы байланған қалпы мерт болған, басқа да жауыздық белгілері анықталды.

Яценюк АҚШ, Ұлыбритания мен Еуроодақ қолдауын меңзеп, "Батыс саясатында да үлкен өзгеріс" болғанын айтты.

"Путин мұндайды күткен жоқ. Бұл оның ең үлкен қатесі болды" деді Яценюк. Ол 2014 жылы Ресей халықаралық наразылыққа қарамастан Қырым түбегін аннексиялап алған кезде Украина премьер-министрі қызметіне кіріскен.

"Ол [Путин] Батыс әлемі әлсіз, Украинаға қарсы мұндай басқыншылыққа айтарлықтай реакция таныта қоймайды деп сенімді болды. Батыс Ресейге қатысты саясатын, ал бұл өз кезегінде оқиғаның барысын өзгертті".

Ол өзі үміт артып отырған өзгеріс міндетті түрде болады деп болжағанымен, тәжірибелі саясаткер ретінде аздап күмәні барын да мойындайды.

Яценюк Венгрияның Ресеймен байланысын, Франциядағы сайлауда путиншіл кандидат Марин Ле Пенді қолдағандар аз болмағанын алаңдататын жағдай деп атады. Будапешт Мәскеуге қарсы санкцияларға қосылудан және Ресей мұнайы мен газын тұтынуды қысқартудан бас тартқан еді.

Өткен аптада Эстония, Латвия, Литва мен Польша президенттері Киевке барып, президент Владимир Зеленскиймен кездесті. Яценюк Киев Германия президенті Вальтер Штайнмайерге жылы қабақ танытпады дейді. Бұған дейін бірқатар БАҚ Украина билігі Штайнмайердің елге келгенін қаламады деген ақпарат таратқан, бірақ Киев оны жоққа шығарған.

"Германия президентінің Киевке келгені неміс-украин қарым-қатынасы үшін жақсы болар еді деп санаймын" дейді Яценюк.

Германия канцлері Ангела Меркель (оң жақта) мен Украина премьер-министрі Арсений Яценюк екіжақты келіссөзден кейін БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп тұр. Берлин, 23 қазан 2015 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (оң жақта) мен Украина премьер-министрі Арсений Яценюк екіжақты келіссөзден кейін БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп тұр. Берлин, 23 қазан 2015 жыл.

Сарапшылар Ангела Меркель Германия үкіметін басқарған кезде Берлин Батыстың Мәскеуді сынауын бәсеңдетуге тырысып, ашық энергетикалық және сауда баланысын сақтап қалғысы келгенін айтады.

2021 жылы желтоқсанда Меркель канцлер қызметінен кеткен соң билікке келген социал-демократ Олаф Шольц пен оның коалициясы қатаңдау ұстанымға көшкен. Ресей басқыншылық соғыс бастағаннан бері Шольц Киевке қару-жарақ жеткізу және қолдау білдіру мәселесі бойынша Еуроодақпен және Вашингтонмен тығыз байланыста отыр.

Меркель мен Штайнмайер Ресейден төнер қауіпті жіті бағаламағанын жария түрде мойындады.

"Неміс саясаты күрт, түбегейлі өзгерді, бұл Германия үшін де [және] Украина үшін де жақсы" деді Яценюк. Германияның Ресей мұнайы мен газына, инвестициясы мен тіпті дипломатиясына тәуелді екенін меңзеп: "Ондай саясат Германияны күштірек етпей, әлсірете түсті" деді ол.

Украинаның бұрынғы премьер-министрі Украинадағы соғыс пен бұрынғы саясатын өзгерткен Берлинге өз халқы алдында біраз нәрсені түсіндіруге тура келеді" дейді.

"Германия қысқа мерзімде [соның] зардабын тартатынын түсінуі керек" деді Яценюк Азаттықтың Грузин қызметіне. "Әйткенмен оның өтемі Украина халқы көріп жатқан [азаптың] жанында түк емес".

Енді олар "дұрыс таңдау жасағаннан кейін, – деді Яценюк, – сол жолмен жүру үшін сол таңдағанын жүзеге асыруы керек".

Яценюк Еуроодаққа мүше емес елдер немесе Еуроодаққа мүше болуға үміткер елдер арасында Грузия мен Молдованың осы соғыста бейтарап ұстанымда болуы "мүлде дұрыс емес" деп санайды.

Екі елде де Ресейдің мыңдаған әскери қызметкері бар. Ресей 2008 жылы бес күндік соғыстан кейін Грузияда сепаратистерді қолдау үшін әскер қалдырған. Ал Молдовада Ресей әскері совет заманынан бері тұр. Кишинев Мәскеуден әскерін әкетуін бірнеше мәрте сұрағанымен, Кремль оған құлақ асқан жоқ. Тбилиси мен Кишинев Еуроодаққа мүше болуға ресми өтініш берген. Ресей Украинаға соғыс бастағанда олар Брюссельден сол өтінішті тездеп қарастыруды сұраған еді.

"Олар Ресейдің стратегиясын біледі. Біз бірдей құндылықтар ұстанамыз" деді Яценюк. "Украин халқы қиын кезеңге тап болғанда, Грузия мен Молдова халықтарының ынтымақтасып, бір ұстанымда болуы, Ресейге қарсы санкция салуы маңызды. Украинаның жолы болмаса, Молдова мен Грузия да сәтсіздікке ұшырайды".

Ол Путиннің берген уәдесінде тұрмағанын алға тартып, әлгі екі ел мен өзгелерді Мәскеуге сенбеуге шақырды.

Путин биыл ақпанда соғыс бастардан бірнеше күн бұрын Украинаны Ресейдің ажырамас бөлігі деп атап, оның тәуелсіздігі мен мәдениетіне күмән келтірген. "Оларда мемлекет ешқашан болған емес" деп мәлімдеген Ресей президенті.

Ал шабуылға бірнеше сағат қалғанда Путин Украинаны "қарусыздандырып, нацистерден азат етуді" мақсат етіп қойғанын айтты. "Нацистер", "бандерашылар", "батыстың қолжаулығы" және басқадай теңеулер – 2013-14 жылдары мәскеушіл президент Виктор Януковичтің орнынан кетуіне себеп болған Украинадағы халық толқуынан кейін Киевтегі үкіметті заңсыз етіп көрсетуге тырысатын Ресей басшылығының көп жылдан бері қайталап келе жатқан жаттанды сөздері.

"Ресейге ешқандай себеп іздеуге тырысып қажет емес. Олар ондай сылтауды кез келген сәтте тауып ала салады" дейді Арсений Яценюк.

Азаттықтың Грузин қызметі журналисі Важа Тавберидзе алған сұхбат бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG