Accessibility links

Америка хикаялары: гейлердің үйленуі


Гей-парадты полиция қызметкері бақылап тұр. Нью-Йорк, 26 маусым 2011 жыл
Гей-парадты полиция қызметкері бақылап тұр. Нью-Йорк, 26 маусым 2011 жыл

Үйленуге қандай жұптың құқығы бар? Бұл мәселеге кім төрелік айту керек - үкімет пе, әкімдік пе, не болмаса қоғам ба? Бір жынысты адамдардың үйлену құқығы бар ма жоқ па деген пікірталас барысында барлық америкалықтарды толғандырып отырған сұрақ – осы.


Мұндай некені жақтайтын, я даттайтын аргументтер АҚШ қоғамын осы мәселені реттеудегі моральдың, діннің, азшылықтар құқығының және үкіметтің рөліне қатысты екіге жарды. Әзірше екі жақтың ешқайсысы да жеңіске жеткен жоқ.

Бірақ, Нью-Йорк штаты былтыр бір жынысты адамдардың некесін заңдастырған кезде, адвокаттар бұл оқиғаны бетбұрыс белесі деп атаған еді. Алты штат пен Вашингтон қаласы қазір некенің мұндай түріне рұқсат беріп, гомосексуалдардың үйленуін заңдастырып отыр (дүние жүзі бойынша 16 мемлекетте мұндай рұқсат бар). Биылғы жылы АҚШ-тың тағы да алты штаты бұл мәселені қарастырып жатқандықтан, бір жыныстылар некесі енді екі есеге өсуі мүмкін. Ал Калифорнияның осыған қатысты заңы сол штаттың жоғарғы сотының қарауында жатыр.

ЖАҢА МӘСЕЛЕНІҢ ЖАС ҚОЛДАУШЫЛАРЫ

Гейлер некесінің көптеген штаттың күн тәртібіндегі мәселеге дейін көтеріліп кетуі американдықтардың бұл құбылысқа қатысты көзқарастарын өзгерте бастады. Осыдан аз уақыт бұрын елдің көпшілігі бір жынысты адамдардың үйленуін тұрпайы, я анайы әрекет деп санайтын.

Гомосексуалдық жұптар туралы телехабарлар мен кинолар, қала берді саясатта, бизнесте, өнер саласында жүрген танымал гей адамдардың жетістіктері мен олардың ел арасында қысылмастан емін-еркін жүріп-тұруы бұрынғы «ұят» ұғымын жоя бастады. Массачусетстен сайланған зейнетке шығуға дайындалып жүрген танымал конгресмен, өзінің гомосексуалист екенін жариялаған АҚШ-тағы бірінші заң шығарушы Барней Фрэнк болатын. Өткен апта ол өзінің еркек әріптесіне үйленуді жоспарлап жүргенін ашық айтты.
Гомосексуал адамдарды қолдап тұрған америкалық. Сан Франциско, 12 тамыз 2010 жыл
Гомосексуал адамдарды қолдап тұрған америкалық. Сан Франциско, 12 тамыз 2010 жыл

Кеңінен тарап бара жатқан бір жынысты неке құқықтарын қолдаушылардың негізі жас америкалықтар екендігі таң қаларлық нәрсе емес. 2010 жылғы Pew Research («Пью») ұйымының зерттеуі бойынша жаңа некені қолдаушылардың жартысынан астамы жастар. Жақтаушылардың тең жарымы 30-45 жастағылар, 40 пайызға жуығы 45 пен 65 жас арасында, ал зейнеттегі кісілердің 30 пайызы ғана некенің бұл түрін қолдаған. Бұл сандар гомосексалдық жұптарды мойындамай, олардың кеудесінен кері итеру, гетеросексуалдардың азаматтық құқықтарын бұзумен бірдей заңсыз әрекет деп, осы неке түрін қорғап келген адвокаттардың уәждерін америкалықтардың қабылдай бастағанын көрсетеді.

«ҚҰДАЙДЫҢ КИЕЛІ ӘМІРІНЕ ҚАРСЫ ШЫҒУ»

АҚШ-та некелі болудың заңдық жағынан әртүрлі пайдасы бар. Салық төлегенде, зейнетке шыққанда әлеуметтік қолдауға ие болады. Одан бөлек арзан сақтандыруға қол жеткізіп, ері, я зайыбы қайтыс болған соң дүние-мүлкіне иелік етеді. Неке теңдігі үшін болып жатқан күресті 1970 жылы тең құқық үшін күрескен әйелдер компаниясымен және 1950 жылғы афро-америкалықтардың азаматтық құқықтарын қорғау қозғалысымен салыстырудың ең үлкен себебі де осы.

Бірақ, бұл қозғалысқа да қарсы шығатындар жеткілікті. Көптеген америкалықтар неке – Құдайдың бұйырған киелі әмірі болғандықтан жұптық одақ ер мен әйелдің арасында ғана болуы тиіс деп санайды. Республикашыл партияның президенттігіне үміткерлердің төрттен үшінің көзқарасы осындай. Президент Обаманың өзі мұндай неке туралы әлі де ойланып жүрмін деп айтса да, гейлер қауымы оны өздеріне одақтас деп санайды.
Крис Кристи, Нью-Джерси штатының губернаторы
Крис Кристи, Нью-Джерси штатының губернаторы

Бұл мәселені жұртқа жеткізу мақсатында гейлердің некесіне рұқсат болса екен деген ниеттегі бір театр ұжымы нақты өмірдегі заңды айтыс-тартысты сахналап, бұл мәселе дауысқа салынып шешілетін штаттарды аралап, гастрольге шықпақшы. Калифорния штатына қарауға берілген дауысқа салу парағындағы сауалдардың санына сәйкес «8» деп аталатын спектакль Бродвейде көпшіліктің көңілінен шықты. Енді бұл қойылымның премьерасы алдағы наурыз айында Лос-Анджелесте өтпекші. Спектакльдің басты рөлін Джордж Клуни ойнайды.

Алайда орнығып қалған көзқарастарды өзгерту қиын. Халқы гомосексуалдық некені дауысқа салу арқылы шешпекші болып отырған штаттардың біріндегі губернатор (Нью-Джерси штатының басшысы Крис Кристи) бұл мәселені референдум арқылы шешуге үндеп, бір жынысты некеге ашық қарсы шықты. Бірақ, оның бұл мәселені көтеріп тұрып, қара нәсілді америкалықтарға тең құқық беру кезіндегі қанды қақтығыстарды сөз қылғаны көптеген азаматтық қоғам өкілдерін шамдандырып жіберді.

Гомосексуалдық некенің жақтаушысы Бонни Ватсон Коулман кез-келген азшылықтың құқығын қорғау туралы, адамның негізгі бостандықтары туралы шешім референдум арқылы шешілмеуі тиіс. Ондай жағдайда көпшілік әділ шешім қабылдамауы мүмкін деп санайды.
XS
SM
MD
LG