Accessibility links

"Шейх Халилдің" сотта айтқан уәжі


42 жастағы Абдухалил Абдужаббаровты "Ауыр зардаптарға соқтырған діни өшпенділікті қоздыру" бабы бойынша сотқа тартып жатыр. Орал, 25 шілде 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық сотында 42 жастағы Абдухалил Абдужаббаровтың ісі қаралып жатыр. Елдің арнайы қызметі ислам уағызшысын Қазақстандағы экстремизмнің бас идеологы санайды.

Абдухалил Абдужаббаровты Сауд Арабиясынан 2017 жылғы ақпанда Қазақстанның ұлттық комитетінің сұратуымен депортациялаған. Алғашқы сот отырысындағы айыптау сөзінде прокурор "лақап есімі "шейх Халил" - Абдужаббаров намаз оқымайтын мұсылмандарды "кәпір" деп атап, "кәпірлерден" ет сатып алмауға әрі жихадқа шақырған" деп мәлімдеген болатын.

Абдужаббаровты Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы шілденің 16-сындағы ескі редакциясының 164 бабының 3-тармағы бойынша ("Ауыр зардаптарға соқтырған әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни өшпенділікті қоздыру") сотқа тартып жатыр. Ол 7 жылдан 12 жылға дейін түрмеге кесілуі мүмкін. Абдужаббаров өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, кінәсін мойындамайды. Ол "бар айыбым - мешітке келушілер үшін араб шейхтарының кітаптарын аударғаным" дейді.

"САЛАФИЗМДІ ҚАЗАҚСТАНДА ҮЙРЕНДІМ"

Сот залына кірер алдында Абдухалил Абдужаббаровтың хиджаб киген әйелін полицейлер мұқият тінтіп шықты. Абдухалилдің ұлты – өзбек. Ол орысша сөйлемейді, сот қазақ тілінде өтіп жатыр. Абдужаббаров мұнтаздай қырынған, шашын тықырлап алған. Тергеу абақтысында отырғанына алты ай болған "шейхтың" қазіргі келбеті ресми БАҚ-тар сипаттаған "сақалды" радикалдың образымен мүлде үйлеспейді. Абдужаббаровты сот залына қолындағы кісенмен алып кірді. Ойға шомған оның түрі судья, прокурор немесе адвокат үшеуінің бірінің сұрақ қойғанына қарай өзгеріп отырды. Ол бірінің сөзін мұқият, енді бірін құлықсыз тыңдады. Сот приставтары журналистерден күзет қызметкерлерінің бет-жүзін суретке түсірмеуді сұрады.

Орал қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Руслан Жұмағұлов "шейх Халелдің" ісі бойынша сот отырысын жүргізіп отыр. Орал, 1 тамыз 2017 жыл.
Орал қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Руслан Жұмағұлов "шейх Халелдің" ісі бойынша сот отырысын жүргізіп отыр. Орал, 1 тамыз 2017 жыл.

Тамыздың 1-інде Орал қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Руслан Жұмағұлов сотталушыға сөз берген болатын. Абдужаббаров "қылмыс жасау ниетім болған жоқ", "ол кезде тыйым салынбаған араб кітаптарын құр аудардым" деп мәлімдейді.

- Мені дәстүрлі исламға қарсы шықты деп айыптайды. Бірақ ол кезде Қазақстанда "дәстүрлі ислам" деген ұғым заң жүзінде бекітілмеген болатын, - деп мәлімдейді Абдужаббаров. – Қазір жұрт ұстанып жүрген Ханафи мәзхабы (сүнниттік исламдағы төрт мәзхабтың бірі. - Азаттық) 2011 жылы ғана заңдастырылды. Оған дейін әркім дін немесе ағым түрін өз қалауынша таңдайтын. Ешкім ештеңеге тыйым салмаған болатын. Мені уаххабизм (радикал мұсылмандардың діни-саяси қозғалысы. - Азаттық) мен тәкпіршілдік идеяларына Пәкістанда ерді деп айыптайды. Бірақ оған Пәкістанда үйренген жоқпын. Ол жақта халықтың 90 пайызы Әбу Ханифа мәзхабын ұстанады. Әкем мені дәл сол себепті Кувейтке емес, Пәкістанға оқуға жіберген.

Жұрт "Шейх Халил" деп атайтын Абдужаббаровтың айтуынша, ол әкесінің қалауымен имам болғысы келген, бірақ Шымкенттің орталық мешітінің имамдары Абдужаббаровтың дипломы Қазақстанда жарамсыз, сондықтан Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жанындағы институтта екі жыл оқуы тиіс деген талап қойған.

Ол кісі білімді екенімді түсініп: "Биографияң жарағанымен, географияң келмейді" деді.

- Ал менде шәкірттерді ғана емес, әлгі оқу орнының мұғалімдерін оқытуға да жететін білімім болды, өйткені ол жақтағы оқытушылар Өзбекстанда 2-3 жыл оқығандар, - дейді айыпталушы. - Әлгі институттың ректорына жолығып, оқытушылық қызметке сұрандым. Ол кісі білімді екенімді түсініп: "Биографияң жарағанымен, географияң келмейді" деді. Ұлтым өзбек болғаны кедергі болды.

"Шейх Халил" ісі бойынша соттағы прокурорлар Ерлан Мұхтаров пен Светлана Тәжіғалиева.
"Шейх Халил" ісі бойынша соттағы прокурорлар Ерлан Мұхтаров пен Светлана Тәжіғалиева.

Абдужаббаровтың сөзінше, бала-шағасын асырау үшін Шымкенттегі "Сауд Арабиясы мен Кувейттен келген адамдардың" көмегімен ашылған университеттердің біріне жұмысқа тұруына тура келген.

Әлгі арабтарды елімізге мен емес, билік кіргізді емес пе? "Арабтардың діні – хақ дін" деп жар салып, оларға білім министрлігі лицензия берген.

- Әлгі арабтарды елімізге мен емес, билік кіргізді емес пе? "Арабтардың діні – хақ дін" деп жар салып, оларға білім министрлігі лицензия берген, - деп мәлімдейді айыпталушы сотта. – Салафизмді Қазақстанда үйрендім, өйткені университеттер мен кітапханалар ашқан арабтармен көп араласып, бірге көп жұмыс істедім. Ақыры Ханбали мәзхабын ұстандым. Егер кезінде арабтарға оқу орындарын ашуға рұқсат бермесе, мен әлі күнге дейін Әбу Ханифа мәзхабын ұстанар ма едім. Сондықтан Пәкістаннан елге қылмыстық идеяларды әкелді деген айыптаулары - қате.

Абдужаббаровтың мәлімдеуінше, ол тағылған айып – "уаххабизмді" ешқашан уағыздаған емес. Бірақ өзгелер "шейх Халил" деп атайтын ер адам шейх Салих әл-Фаузанның "Хақ дінге апаратын жол" деген кітабын (бұл көрші Ресейде 2007 жылы экстремистік әдебиет деп танылған "Книга единобожия" атты кітап болуы мүмкін. - Азаттық) аударып, Атыраудың кей тұрғындарына түсіндіргенін мойындайды. Қазір Абдужаббаровтың Ханафи мәзхабына оралу ниеті бар, бірақ ол "толық оралдым" деп әзірше айта алмайды.

"НАМАЗ ОҚЫМАЙТЫНДАР – МҰСЫЛМАН ЕМЕС"

Абдужаббаровтың мәлімдеуінше, ресми сараптама кейбірінде "экстремизм белгілері бар" деп тапқан дәрістерінің аудиосын кім жазып алғанын білмейді. Айыпталушы сараптаманың өзіне де шәк келтіреді, өйткені ұйғарымды "теолог емес, саясаттанушы" жазған. Абдужаббаров түрлі баптар бойынша сотталған Мейрамбек Мақұлбек ("Абдул Азиз") пен "шейх Қайрат" оның дәрістерінің ықпалымен қылмыс жасаған деген айыппен де келіспейді. Айыпталушы "әлгі лекцияларымда заңға қайшы ештеңе жоқ" дейді.

- Маған тағылған айыптардың бәрі - жалған. Мен тек ғалымдардың бес мезгіл намаз оқымайтындарға қатысты айтқан сөздерін ғана келтірдім. Ханбали мәзхабына сәйкес, намаз оқымайтын адам - мұсылман емес, - дейді Абдужаббаров.

Абдухалил Абдужаббаров (оң жақта) сот залында адвокаты Жандос Бұлқайырмен сөйлесіп отыр. Орал, 1 тамыз 2017 жыл.
Абдухалил Абдужаббаров (оң жақта) сот залында адвокаты Жандос Бұлқайырмен сөйлесіп отыр. Орал, 1 тамыз 2017 жыл.

Судья Руслан Жұмағұловтың "Мұсылмандарды жікшілдікке шақырдыңыз ба? " деген сұрағына сотталушы "жоқ" деп жауап берді. Бұған байланысты судья оған: "Діндарлардың сөзіне сенсек, Атыраудағы "Ат-Тақуа" мешітіне баратындардың бәрі Абдужаббаровтың жақтастары мен қарсыластары болып екіге бөлінеді дегенді қалай түсіндіресіз? " деген сұрақ қойды.

- Атырауға келген кезімде ол жақтың мұсылмандар қауымы (жамағаты) екі емес, төрт топқа бөлінген болатын. Керісінше, мен оларды біріктіргім келді, - деп түсіндіреді Абдужаббаров. – Ол жақта өздерінен басқалардың бәрін кәпір санайтын 300-дей адамнан тұратын Айюб жамағаты (Аюб Астраханский [Ангута Омарович Ангутаев] – Дағыстандағы уаххабиттер қауымы басшыларының бірі. - Азаттық) болған. Тағы бірі – мешітке баратындардың бәрі – адасып жүргендер деп санайтын, ал өздері мешітке бармайтын Багаудин жамағаты (Багаутдин Мұхаммад ад-Дагистани [Багаутдин Магомедович Кебедов] – Солтүстік Кавказ содырлары идеологтарының бірі. – Азаттық), ол топта 250-дей адам бар. Бұған қоса, мешітте тәкпіршілер жамағаты да болған, олар бөлек жүретін. Мен оларды біріктіруге тырыстым. Мешітке бармайтын жамағат өкілдерін мешітке баруға көндірдім. Енді келіп мені "алауыздықты қоздырды" деп айыптайсыздар.

Сотқа берген жауабының соңында Абдухалил Абдужаббаров тергеу кезінде "қысым" жасалғаны туралы айтты.​

РЕАКЦИЯ

Абдухалил Абдужаббаровтың соты басталғаны жайлы мақала жарияланғаннан кейін Азаттық тілшісіне "Ақниет" ақпараттық-насихат және оңалту орталығы" қоғамдық қоры басшысы Әлім Шауметов хабарласты. Шауметов сот барысына қатысты комментарий бергісі келетінін айтты. ("Құқықтық медиа-орталық" үкіметтік емес ұйымының дерегінше, қор радикалды идеологиядан зардап шеккен адамдарды оңалту және бейімдеу орталықтарының жұмысы үшін 2017 жылы мемлекеттен 100 миллион теңгеден көп грант алған. - Азаттық.)

Шауметовтің сөзінше, қор қызметкерлері Абдужаббаровтың "терроризм мен экстремизм жолына түскен" бұрынғы шәкірттерін түрмелерден әлі күнге дейін кезіктіреді.

- Сіздер, яғни Азаттық радиосы адам еркіндігі мен құқығын жақтайтындарыңызды қоғамдық ұйым директоры ретінде түсінемін. Сондықтан сіздер тәкпіршілдік идеяларынан зардап шеккен адамдар жайлы да ойлансаңыздар екен, - дейді Әлім Шауметов.

Абдухалилом Абдужаббаровтың адвокаты мен туыстары жағдайға қатысты комментарий бермейді. Судьяның шешімі бойынша, сот процесінің куәгерлерден (Атырау, Ақтөбе және Оралдан 100 шақты адам) жауап алатын бөлігі жабық өтеді деп жарияланған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG