Accessibility links

Вирус құрбандары мыңнан асты. Пекин бірнеше шендіні жұмыстан қуды


Пекин көшесінде кетіп бара жатқан тұрғындардың бірі. 23 қаңтар 2020 жыл.
Пекин көшесінде кетіп бара жатқан тұрғындардың бірі. 23 қаңтар 2020 жыл.

Қытай ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы 11 ақпанда елде коронавирустан қаза болғандар саны 1016 адам болғанын мәлімдеді. Вирус жұқтырғандар саны 42 638 адамға жеткенін мәлімдеді. Қытайдан бөлек әлемнің 24 елінде 319 коронавирус тіркелген.

Қытай билігі вирус ошағы Хубей провинциясында 11 ақпанда 103 адам өліп, 2097 адам вирус жұқтырғанын хабарлады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 11 ақпанда Қытайда тараған бұл вирусқа ресми атау беріп, COVID-19 деп атады.

ВВС сайтының жазуынша, коронавирустан қаза болғандар саны мыңнан асқан тұста Пекин «вирустың таралуын тоқтата алмады» деп бірнеше шенеунікті қызметінен алған. Олардың арасында Хубэй провинциясындағы денсаулық сақтау бойынша партия комиссиясының хатшысы және комиссия төрағасы бар. Бұдан бөлек, жергілікті Қызыл крест ұйымы басшысының орынбасары «міндетін атқара алмады» деп орнынан алынды. Коммунистік партияның Хубейдегі өкілдері де қызметтен кеткен.

ДДСҰ вирустың Қытайда болмаған адамдардан да табылуы «жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін» деп қауіптенеді. Ұйым «әлем елдері эпидемияның жаппай таралып кетуіне жол бермеуі тиіс» деп санайды.

Қазір әлем елдері Қытайда қалған азаматтарын жаппай шығарып жатыр. Ақпанның 11-іне қараған түні Қазақстанның 217 азаматы Қытайдағы коронавирусқа байланысты сол елдегі 36 қаладан Пекин арқылы елге жеткізілді. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қытайдан Қазақстанның тағы 150 азаматын елге әкелу жоспарланып отыр. Ал жүздеген қазақстандықтың өз еркімен Қытайда қалуға тілек білдіргенін айтты.

- Олардың арасында дипломатиялық қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, студенттер мен Қытайда жұмыс істеп жатқан өзге де азаматтарымыз бар. Қытайдың өзге қалалары карантинге жабылған жоқ, сондықтан біздің азаматтар үшінші ел арқылы Қазақстанға қайта алады, - деп мәлімдеді министрлік өкілі Айбек Смадияров.

СИ ЦЗИНЬПИННІҢ АЙТҚАНЫ

Жапонияның Йокогама қаласындағы портта тұрған кемеде 135 адам коронавирус жұқтырғаны мәлім болды. Осыдан он шақты күн бұрын Diamond Princess круиз кемесінде екі адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Diamond Princess содан кейін карантинге жабылған. Круизде вирус жұқтырғандардың екеуі - Украина азаматы. 25 жастағы ер мен 37 жастағы әйел кеменің асханасында жұмыс істеген. Жалпы Diamond Princess ішінде Украинаның 25 азаматы болған.

Соңғы күндері жұрт алдына шығуды азайтқан Қытай басшысы Си Цзиньпин 10 ақпанда Пекиндегі коронавирус жұқтырғандар жатқан ауруханаға барды. Ол коронавирусты «ел экономикасы мен Қытайдың билік жүйесіне сынақ» әрі «өте ауыр жағдай» деді. Си Цзиньпин коронавирустың таралуын тоқтату үшін «нақты қадамдар» жасауға шақырды. Қытай басшысының ауруханаға барған сәтін мемлекеттік ССTV арнасы көрсетті.

Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекиндегі ауруханада. 10 ақпан 2020 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекиндегі ауруханада. 10 ақпан 2020 жыл.

Қытайдың мемлекеттік басылымдары жұртты сабырға шақырып жатыр. 10 ақпанда мемлекеттік «People’s Daily» газеті халықты вируспен «көтеріңкі көңіл күймен» күресуге шақырды.

10 ақпанда Пекинге коронавирусты зерттеу үшін ДДСҰ сарапшылары келді. Бұл командаға Брюс Эйлвард (2014-2016 жылы Батыс Африкада тараған Эбола дерті бойынша комиссияны басқарған) жетекшілік етеді.

ДДСҰ қазір әлемде коронавирусты анықтайтын 168 зертхана барын мәлімдеді.

Вирус 2019 жылдың соңында Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні «Медициналық вирусология» журналында зерттеу жариялаған ғалымдар «вирустың жыланнан тарағанын» жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.

30 қаңтарда ДДСҰ коронавирусқа байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG