"Терроризмді насихаттады" деген айыппен сотталып, 6 жыл 10 ай қамауда отырып шыққан Оралбек Өміров тергеу кезінде азапталып, су қараңғы соқыр боп қалғанын айтады. Ол мұндай жағдайға түскеніне өзіне жала жауып, "қолдан қылмыскер жасағандар" кінәлі дейді. Қанша ізденсе де әділетке қол жеткізе алмағанына қапаланады. Үйсіз жандарға арналған орталықты паналап жатқан ол өзіме жар болатын адам кезіксе, отбасын құрып, бала сүйсем деп те армандайды. Оралбек Өміровтің қазіргі жағдайын Азаттық тілшісі көріп қайтты.
Панасыздарға арналған орталық тұрғыны
Алматы. Таңертеңгі сағат 7.30. Үйсіз жандар паналайтын әлеуметтік орталықтың темір есігі ашылып, іш жақтан көзіне қап-қара көзілдірік тағып, таяқ ұстаған орта жастағы ер адам шықты. Мекеменің тас қоршауының іргесін жағалай, таяғымен жерді түрткілеп баяу басып келеді.
55 жастағы Оралбек Өміровтің қос жанары көрмейді. Бірінші топ мүгедектігі бар. 2018 жылы "терроризмді насихаттады" деген айыппен сотталып, 2024 жылы жазда бостандыққа шыққаннан бері оқу оқып я жұмыс істейін деп талпынғаныммен үнемі кедергіге кезігемін деп шағынды ол. Өйткені қайда барса да сұрайтын жеке сәйкестендіру нөмірі бұғаттаулы тұр. Қандай баппен істі болғанын естігендер одан бойын аулақ салуға асығады екен. Қазір ол Алматыдағы үйсіздерге арналған "Пана" орталығында тұрып жатыр.
Екеуіміз орталықтан қоғамдық көлік аялдамасына қарай аяңдап келеміз. Сөз арасында ол таяғын қабырғаға қарай сілтеп, қай жерге жеткенін бағамдайды. Кейде жолында тұрған автокөлікке тіреліп қалады. Тас қабырғаның темірге ауысқанын сезіп, "ә, міне, қазір мына жерден бұрыламын" деді.
"Мені қолдан соқыр қылды ғой" деді Оралбек әңгімесін бастамас бұрын.
2017 жылғы қарашада Алматыда жергілікті тұрғындар Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміров "террорлық акті жасауға жария түрде шақыруды тексеру" деп атаған іс аясында ұсталып, қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде үшеуі тергеу изоляторында отырды.
– Абақтыға көзім бар кезде кірдім. Бұлар мені өздері қолдан құрастырған қылмыстық істің кесірінен соқыр қылып шығарды. Қазіргі жүрген жүрісім осы, – деді Оралбек таяғымен жерді түртпектеп келе жатып.
"Бұлар" деп отырғаны сотқа дейінгі тергеу кезінде өзінен жауап алған Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері.
– Сол кездерде біз ақиқатты жиі қозғап, елім, жерім, қазағым деп көп айтып жүрдік қой. Жерді саудаға салды дегенді сонау 2010 жылдан бері естейтін едім. Кейін халық бір көтерілді, ірі митингілер болды. Сол кезде президент болып тұрған [Нұрсұлтан] Назарбаев "жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін" деген бес-ақ жылдық мораторий жариялады. Біз де ол кезде соны талап еттік. Ал билік шындық айтқандарды, дауысы қатты шыққандарды басып тастап отырды. "Экстремизм", "терроризм" деген баптарды да сол үшін қолданды. Солай халықты үрейлендірмекші болды. Оларға халықтың қорқып отырғаны, көтерілмегені керек – деді Оралбек Өміров.
"Ойбу, мұнда мәшине тұр екен ғой, міне, осыдан жолдың ар жақ шетіне шығамын. Енді мына жерге таяғымды қойып, басымды былай жан-жаққа бұрамын, көлік жүргізушілері соқыр адам келе жатқанын түсінуі керек" деді ол тас жолдың қақ ортасында тұрып.
Бұл жол зағип жандарға арналмаса да, Өміров осы жолмен күнде жүріп үйреніп алған. Онымен бірге аяңдап отырып аялдамаға жетіп, №85 автобусқа міндік. Автобусқа жайғасқан соң жүргізушіге "Шолохов базарына жеткенде айқайлап жіберіңіз" деп өтініш айтты да, тергеу изоляторында көрген азабын, екінші көзінен қалай айырылып, қос жанары бірдей көрмей қалғанын баяндауға кірісті.
Оралбек өмірін түбегейлі өзгерткен ауыр оқиғаларды, басынан өткен азапты күндерін, тергеу мен сот процестерін іркілместен айтып отыр. Өз ісіне қатысы болған әр адамды, әсіресе өзін тергеп, қудалаған орган қызметкерлерінің аты-жөнін сол кездегі лауазымымен қоса жатқа соғады. Тіпті түн ортасында оятып алсаң да сол күндердің хронологиясын еш мүдірмей айтып беретіндей әсер қалдырды.
Тергеу кезіндегі азаптау
– Тергеу соты екі айға қамау туралы қаулы шығарған соң бізді Сейфуллин көшесіндегі №1 тергеу изоляторына жапты. Сол кезде біз отырған жерге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары кіре бастады. Ұзын дәлізде 8, 9, 10 деп нөмірленген кабинеттер қатар орналасқан еді. Мені тергейтін кабинеттің нөмірі – 8. ҰҚК қызметкерлері сонда кіріп, сұхбат жүргізді. "Ертең тергеушінің алдына барғанда былай айтасың" деп нұсқау береді. Өздері құрастырған "қылмыстарды" сәйкестендіру амалы екенін кейін түсіндім. Ойластырған нәрселері сәйкеспей тұрған болуы керек, ақырындап мәжбүрлеу арқылы мойындатуға көшті. Маған "міне, қағазда жазылып тұр, камераңа барған кезде жаттап ал" дейді. "Ертең тергеуші Толғанай Ержанованың алдында тұрғанда видео қосамыз, соны айтасың" дейді. Қағазда не жазылған дейсің ғой – баяғы [Мұхтар] Әблязов. Ол кезде әлгі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы бар ғой, соларды "экстремист" деп көрсетіп, "Әблязов маған ақша берді, мен тараттым, ұйымдастырдым" деп айтасың деп, айғақ болатын дайын мәтінді жазып қойған, – дейді Өміров.
2018 жылы Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысын (ҚДТ) "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
Бұрынғы банкир және бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Мұхтар Әблязов 2009 жылы өзі басқарған БТА банкі мемлекет меншігіне алынғаннан кейін Қазақстаннан кетіп, Еуропаға қоныстанған. Қазақстан билігі Әблязовты банктен миллиардтаған долларды заңсыз жолмен шетелге шығарған деп айыптайды. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл қудалаудың саяси астары барын айтады.
Оралбек Өміров өзі танымайтын адамға сыртынан айып тағуды жөн деп санамағанын айтады.
– Ол маған ақша бермесе, мен ол адамды мүлде танымасам, қалайша сондай зұлымдыққа барамын?! Намысым қайда?! Мен ондайға бара алмадым. "Жігіттер, ренжімеңдер, мен бұны айта алмаймын" дедім. Содан ұрып-соғу басталып, төрт-бес күнге созылды, күнде ұрады. Сол соққыдан кейін қан қысымым көтеріліп, екі рет инсульт алдым. Желкеме қолымды бұрап, еңкейтіп қояды да, басыма газет жауып, арматурамен ұрды. "Абайлап ұр" деп бір-біріне айтып қояды арасында. Біреуі арматурамен тура басымнан салады. "Жігіттер, мен мүгедек адаммын, тоқтатыңдар!" деп айқайладым. Тоқтамады. Бірде екеу болып, кейде төртеуі бірдей маған жабылып төмпештеді. Сөйтіп, мүлде көрмей қалдым, – деді Оралбек Өміров сотқа дейінгі тергеу кезінде басынан өткені жайында.
Ол тергеу кезінде өзін азаптағанын баяндап, ҰҚК-нің үстінен шағым түсіргенін айтты.
– Прокуратура жанындағы арнайы тергеу бөлімінен Қуат деген тергеуші келді. Ол да бәрін "кино" қылып көрсетті. Сұрасақ, "айып етпеңіздер, сізді ұрған адамдарды таба алмай жатырмыз" дейді. Қалай таба алмайды? Олар мекеменің ішіне ұшып кіретін шыбын емес қой, тірі адамдар. Есіктің бәрінде камера тұр, – дейді сұхбаттасымыз.
Оралбек Өміров тергеу кезінде өзін ұрып-соққандардың түр-түсін жадында сақтап қалғанын айтты.
– 8-кабинеттің ішінде төртеуі болды. Көрші кабинетте басқалары бәрін тыңдап, жазып отырды. Қолынан келмеген соң мені ұрды. Сол кезде өзім де ойладым: үсті-басым көкала торғайдай, арқамның бәрі қап-қара соққы іздері, ал бетім таза. "Денсаулығымды ресми тексеріп, соққы салдарын тіркеп беріңдер" деп талап еттім. Бірақ шығармай қойды, дәрігер шақырмады, – деді Өміров.
Ол тергеуде азапталғанын, денсаулығы нашарлағанын кейін сотта да айтқан. Алайда онысынан еш нәтиже шықпаған.
Өз айтуынша, үкім шыққаннан кейін ғана медициналық мекемеге қаралуға рұқсат алған. Сол жерде дәрігерлер Оралбекке көру қабілеті қалпына келмейтінін айтып, бірінші топ мүгедектігін рәсімдеген. Бұл дерек апелляциялық шағымда да көрсетілген.
– ҰҚК адамдарының маған "тағдырыңды біз шешеміз, саған ешкім көмектесе алмайды, президентің де көмектеспейді" деп айтқаны есімнен кетпейді, – деді Өміров. Әңгіме осы тұсқа келгенде автобус жүргізушісі базарға жеткенімізді айтты.
"Қылмыстық баптың қорлығын тартып жүрмін"
"Неге дәл осы базарға келесіз?" деген сұрағыма Оралбек "маған жақыны осы жер, таза, әрі мұндағы дәмханалар мені танып алған, күнде тегін тамақтандырады, етті, сорпалы тамақ ішемін" деп күлді. Ол мұнда 2024 жылы түрмеден шыққаннан бері келетінін айтты. Содан бері көп адам оны танып қалған. Қазір үстіне киіп жүрген былғары тонды да сол қайырымды адамдар беріпті.
Оралбек Өміров бірінші топ мүгедегі ретінде ай сайын мемлекеттен 100 мың теңге (қазіргі бағаммен 200 доллар шамасында) жәрдемақы алады. Ол ақша арнайы шотқа түсіп, Оралбек сол жерден қолма-қол шығарып алады. Банктер оған бұдан өзге қызмет көрсетпейді. Өйткені Қазақстандағы тәртіп бойынша, "терроризм" айыбымен сотталған адамның жеке сәйкестендіру нөмірі қолданыстан шығарылады.
– Қай жерге барсам да ешқайсы менімен жұмыс істегісі келмейді: банкке барып ақша ауыстыра алмайсың, нотариуста сенімхат жасатуға мүмкіндік жоқ. Бір жерге жұмысқа кірейін десең, жеке куәлік сұрайды, ал оны берсем қызыл белгі шығады. "Кешіріңіз, сізбен жұмыс істей алмаймыз" дейді. Бұл айып басыма бәле болды, әлі күнге дейін қорлық көріп келемін. Мысалы, массажист мамандығын екі жыл оқытып, диплом беретін жер бар екен. Соны оқып алсам, көп-көрім ақша табар едім. Әлі отбасын құрған жоқпын, жұмыс істеп жүрсем, өмірлік серік болатын жан кездесер ме еді деген ой келеді. Бірақ осы бір қылмыстық бап бәрін шектеп тастады, – дейді Өміров күйіне сөйлеп.
Жерасты өткелінен көтерілген соң Оралбек күнделікті таңертең бірінші баратын жерін көрсетті. Кішкентай терезесі бар дүңгіршектегі әйелдер оған тегін беретін сүт қатқан ыстық су және құймақпен оразасын ашады екен. Оралбек дүңгіршек алдына тізе бүгіп отыра қалып, таңғы асын жеп алды. Бір кезде телефоны шырылдады. Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін инватакси жүргізушісі екен. Оған ауруханаға басқа күні баратынын айтып, бүгін келмей-ақ қоюын ескертті.
Өміровтен телефонына қоңырау шалатын адам көп пе деп сұрадым. "Маған тек Алмат хабарласады, басқа ешкім қоңырау соқпайды" деп жауап қатты.
Алмат Жұмағұлов – атышулы "Жиһадшылар ісі" бойынша Өміровпен бірге сотталған екі адамның бірі. Қазір Алматыда отбасымен тұрып жатыр. Өміров ол да "терроризм" бабының зардабын тартып жүр дейді. Үшіншісі – ақын Кенжебек Әбішов 2020 бостандыққа шыққан соң көп ұзамай бақилық болған.
"Жиһадшылар ісі" бойынша айыпталған үшеу
2018 жылғы 21 желтоқсанда Алматының Алмалы аудандық соты Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміровті сегіз жылға, Кенжебек Әбішевті жеті жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды . Сот үшеуін "терроризмді насихаттағаны" және "ашық түрде террорлық әрекетке шақырғаны" үшін айыпты деп таныды. Жұмағұловқа "араздық қоздырды" деген қосымша айып тағылды.
Айыптау тарабы айғақ ретінде интернетте жарияланған, бетперде таққан бірнеше адамның "қарулы жиһад" жасауға үндеген сөзі жазылған видеоны көрсетті. Тергеушілер даулы видеоны "белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров түсірген" деді. Айыпталушылар ондай видео түсірмегенін, тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Олардың адвокаттары мен істі бақылаған құқық қорғаушылар бұл іс арандатушылық негізінде қозғалды деді. Істегі басты айғақ ретінде ұсынылған видеоға түскен үш адамның ешбірі жауапқа тартылмады. Полиция оларды "таппадық, кім екені анықталған жоқ" деді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар "жиһадшылар ісімен" сотталғандарды саяси тұтқын деп атаған. Өкімет елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
Қазір Оралбек Өміров "Жиһадшылар ісінде" негізгі куә болған адамды билікке сыни көзқарастағы белсенділерді соттатып жіберу үшін арнаулы қызметтің арандату әрекетіне болысқан жансыз деп атайды. Өзіммен бір ауылда бірге тұрған сол адамның куәліктеріне құрылған жалған айыптармен нақақ сотталдық дейді ол.
– Қазақтың белсенді азаматы екен деп жүрдім ғой оны. Сөйтсем, ол Алмат Жұмағұловтың ізіне түскен екен, оны кейін түсіндім. Олардың қармағына түбінде мен іліндім, видеоға түсіп қалып, аяғында өзімді кінәлі қылып шығарды. Бірақ мен сотта да айттым: егер соның бәрін мен істеген болсам, видеодағы мылтықтар қайда, сол видеодағы адамдар қайда, неге оларды да қамамайсыңдар, неге олар да менің жанымда отырмайды деп. Мен емес, солар ғой қолына мылтық ұстап сөйлеп жүрген. Бірақ әлі күнге дейін із-түссіз жоқ, – дейді Оралбек.
"Жиһадшылар ісі" жайлы Азаттық материалдары:
"Жиһадшылар ісі" бойынша сот процесі кезінде Оралбек Өміров пен Алмат Жұмағұлов өздеріне қарсы "қолдан құрастырылған іске, арандату әрекеті мен әділетсіздікке наразылық" ретінде қолдарын тілді. Алмалы аудандық сотының судьясы Қуаныш Әріпов олардың қорғану мақсатында сұраған көп өтінішін қанағаттандырған жоқ.
Өміров, Жұмағұлов пен Әбішев түрмеде жатып, әділетсіз үкімге қарсы аштық жариялап, наразылық білдірген. Алайда бұдан ештеңе шықпады, соттың барлық сатысы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Кенжебек Әбішев қамаудан шарты жазамен 2021 жылы шығып, төрт айдан соң жүрек талмасынан қайтыс болды. Алмат Жұмағұлов та жазасы жеңілдеп, 2021 жылдың күзінде бостандыққа шыққан, қазір жеке кәсіппен айналысады. 2024 жылы жазда қамаудан босатылған Оралбек Өміров қазір жұмыс істеу құқығы шектелгенін, 1-топ мүгедектігіне мемлекет төлейтін жәрдемақыға өлместің күнін кешіп жатқанын айтады.
Азаттық Оралбек Өміров пен оның қорғаушылары айтқан айыптауларға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Алматы полиция департаментіне ресми сауалдар жолдады. ҰҚК бұл іс бойынша барлық сұрақты қалалық полицияға қоюға кеңес берді.
Алматы полиция департаментінен "сауалхатта көрсетілген дерек бойынша тергеу басқармасы өндірісінде қылмыстық іс тергеліп жатыр, тергеу мүддесіне орай ақпарат жариялауға жатпайды" деп қысқа жауап келді. Әлдеқашан сот үкімі шыққан іс бойынша қандай тергеу жүріп жатқаны беймәлім.
Үміт пен нала
Оралбек Өміров кейде базарға жақын маңдағы саябаққа барып, демалып отырғанды ұнатады.
– Осылай қарай жүрсем, орындық кезігуі керек, сипалап тауып аламын қазір, ә, міне, таптым. Қане, былай қарайын, мінекей, құстар ән салып жатыр, – дейді ол орындыққа жайғасқан соң қалтасынан телефонын шығарып жатып.
Айтуынша, Оралбек телефоннан әлеуметтік желіні пайдалануды жақында үйреніпті.
– Осы жерге келіп, ары-бері өтіп бара жатқан адамдарға айғайлап өтініш айтып, телефонымды қостыртып аламын. Онда TikTok аштырып алғанмын. Өзімді видеоға түсіремін, көкейімдегі ойларды, өзіме қарсы қолдан құрастырылған қылмыстық істі баяндап, бәрін видеоға жазып, салып жатырмын. Ол біткен соң, тағы да адамдарды көмекке шақырып, жариялатып аламын. TikTok парақшамды 15 қазанда аштырдым. Екі аптаға жетпей 1552 оқырман тіркелді, – дейді Өміров.
Оралбек түрмеден босап шыққан күнін есіне алды. Оны күтіп алуға ешкім келмеген. Жанашыр жалғыз жақыны – қарт анасы ұлы түрмеде отырған кезде, 2020 жылы қайтыс болыпты.
"Далада қалдым" дейді Оралбек күрсініп.
Қазір тұрып жатқан үйсіз жандарға арналған "Пана" орталығына 2024 жылғы 29 тамызда орналасыпты. Бірақ ондағы жағдайға көңілі толмайды. "Амалсыз тұрып жатырмын, басқа барар жерім жоқ" дейді ол мұңайып.
Өміров түрмеге қамалғаны үшін өзін кінәлі санамайды. Жабылған жаланың жазықсыз құрбанымын дейді. Әділдікке қол жеткізе алмағанына налиды.
– Кейде отырып ойға шомамын, мені тергеген полиция мен ҰҚК тергеушілері, ісімді қараған судья, сендер өмірімді не қылып жібердіңдер, тағдырым не болып кетті деп. Сосын маған қиянат жасағандарға, мені осындай күйге жеткізгендерге әділ жазаңды берші деп Аллаға жалбарынамын. Олар қолдан құрастырған қылмыстарымен анама да қиянат жасады ғой. Қазір ешкімім де, барар жерім де жоқ, бәрін құртты, түгін қалдырмады. Маған бір салиқалы, иманды, саналы, жүректі әйел кездестірші, ұрпақ сүйіп, балалы-шағалы болғым келеді, өз шаңырағым, баспанам болса екен деп Алладан күнде тілеймін. Жанарым қайта ашылма ма екен деген үмітпен дұға етемін, – деді Оралбек Өміров.