Бас прокуратура белсенді Санжар Боқаев ұсталғанын хабарлады

Белсенді Санжар Боқаев.

Бас прокуратура қоғам белсендісі Санжар Боқаев ұсталғанын мәлімдеді.

Прокуратура "Боқаев аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" дейді.

"Боқаев жалған ақпарат тарату және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы бейнематериалдар жариялады деген күдікке ілінді" деп мәлімдеді бас прокуратура.

Санжар Боқаев былтыр желіде Алматы қаласы Баум бағындағы мыңдаған ағашты кесіп тастағанын көрсеткен. Бұған қоса, Үлкен Алматы өзені бойындағы гранит тастарды әлдекімдер бас пайдасына жарату үшін әкетіп жатқанын әшкерелеген. Тағы бір видеосында Алматы қаласының орталық бөлігінде бюджет қаражатына алынған жабын тастарды (брусчатка) тиеп алған әлдебір жүк көлігі Алматы іргесіндегі Жандосов ауылына барып, әлгі заттарды біреудің жеке үйіне түсіргені көрсетілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бюджет қаржысына төселген гранит тасты зират құлпытасына айналдыру жемқорлық па, жеке ұрлық па?

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалада асфальт опырылып, гранит пен жабын тасты алып тастау оқиғалары шу болып жатқан тұста Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиевке қатаң сөгіс берген. Бостандық ауданы әкімінің орынбасары қызметінен алынды. Медеу ауданы Уәлиханов бульварындағы жабын тастарды "заңсыз алып, плиткаларды жеке үйге жеткізу оқиғасына" байланысты Медеу ауданы әкімі Еркебұлан Оразалинге де сөгіс жарияланған.

Боқаев желіде видеолары көп тарай бастаған тұста оның Instagtram-парақшасы өшірілген. Кейін белсенді АҚШ-қа кетіп, елге қайта оралған еді.

Кейінгі сұхбатында ол "қоғамдық жұмыстан жалыққанын", жемқорлықтың нақты дәлелдерін көрсетсе де, шынайы нәтиже жоғын айтып, АҚШ-қа қоныс аудару ниеті барын айтқан. "Мемлекетке де, қоғамға да керегі болмаса, мұның бәрін көрсетудің мәні не?" деген еді.

Боқаев жаңа Конституция жобасын да сынап, оны бұл күйінде қабылдауға болмайды деген.

"БОҚАЕВТЫҢ АУЗЫН ЖАБУ". ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

"Ар.Рух.Хақ" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина осыдан бір ай бұрын Санжар Боқаевтан елден неге кеткенін сұраған. Сонда ол елде "құқықтық мемлекет жоқ екенін", "мемлекет жемқорлықты тергеудің орнына олигархтарды қорғайтынын" айтқан.

– Ол маған сыбайлас жемқорлық туралы барлық деректі келтіргеніне қарамастан, билік бұл сигналдарды тексерудің орнына мүлде басқа ұстанымға көшкенін айтты. Яғни, ол айтқан фактілерді тергеудің орнына, өзіне қысым жасалып, қорқыту басталған. Оның сөзінше, өзіне ғана емес, отбасына, балаларына да қоқан-лоқы көрсетілген. Сол себепті елден кетуге мәжбүр болған, – деді Төреғожина Азаттыққа.

Құқық қорғаушының айтуынша, Санжар Боқаевтың Қазақстанда отбасын асырауға мүмкіндігі қалмаған.

– Менің ойымша, қазіргі Санжарға қатысты қудалау да оның зерттеулеріне байланысты. Олигархтар мемлекетке ықпал етіп, Санжарға қарсы ауыр қылмыстық іс қозғауға түрткі болған. Мұның мақсаты — оның аузын жабу және сыбайлас жемқорлық туралы айтып жүрген басқа адамдарға сабақ болсын деп қудалау, – деді Төреғожина.

Ал құқық қорғаушы Евгений Жовтис Боқаевтың ұсталғанына қатысты анық емес бірнеше сұрақ барын айтады.

– Бірінші, жалған ақпарат тарату бабы. Бұл – Қазақстанда азаматтық белсенділерге қарсы жиі қолданылатын айып. Бірақ мұнда не үшін айыпталып отыр дегенді түсініп алған жөн. Екіншісі, Боқаев ақша беріп, әлдекімдерді пайдаланды дегені. Шынын айтсам, осының өзі күмәнді. Өйткені Санжар Боқаев – тәжірибелі, сауатты әрі сақ азаматтық белсенді. Сөйте тұра осылай өзін аяқтан шалуға мүмкіндік берді дегенге сену қиын. Арандату болды ма деген сұрақ бірден туады. Мұндай тәсілді Қазақстан да, көршілес Ресей де көп қолданатынын біліп, көріп отырмыз. Ең соңғысы – алаяқтық айыбы. Оны дәлелдеу керек. Мен үшін дәл қазір айыптау тарабының істі "тергеу құпиясы" деген желеумен жауып тастамауы маңызды. Яғни, адвокаттардың ақпарат беруін шектеу. Қазір бұл өте жиі қолданылатын әдіс қой. Бұл – бір. Екіншіден, бұл енді адвокаттарға байланысты, тергеу қалай жүреді деген мәселе. Істе қандай да бір саяси астар бары байқалса және әділ сот процесіне күмән туындаса, онда жағдай түсінікті болады. Әлбетте, өте алаңдатарлық ақпарат. Білуімше, Боқаев шетелде жүріп, елге қайтқан. Ахуал ары қарай қалай өрбитінін дөп басып айтуы қиын. Бірақ бұған қарап, кезекті саяси науқан алдында билік қоғамдық пікір қалыптастыратын азаматтық белсенділерді қудалауға кірісті деуге болар. Басқадай болжам жоқ, - дейді Жовтис Азаттыққа.

БОҚАЕВТЫҢ ДЕПУТАТ БОЛУҒА ҺӘМ ПАРТИЯ ҚҰРУҒА ТАЛПЫНЫСЫ

Санжар Боқаев - соңғы жылдары жемқорлық пен заңсыздықты әшкерелейтін видео, сараптамаларымен танылған белсенді. Ол елдегі утиль алымына да қарсы шыққан.

Боқаев 2023 жылғы мәжіліс сайлауында Алматының №4 сайлау округі бойынша мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынып, жеңілген. Ол сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтып, Жоғарғы сотқа дейін шағымданып, нәтиже шығара алмаған.

Оның айтуынша, қолында өз округіндегі сайлау учаскелерінің 90 пайызының хаттама көшірмелері бойынша, дауыс берушілердің басым бөлігі өзіне дауыс берген. Сайлаудан кейін ол "Халық парламенті" деген ұйымға бірігіп, күресуге әрекеттенген, кейін ол ұйымның адамдары да "заңсыз жиынға қатысқаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Саяси амбициям жоқ емес". Санжар Боқаевпен сұхбат

2022 жылы ол "әділдікті ту еткен мүлде жаңа Қазақстан құру" мақсатында "адал әрі парасатты адамдар басқаратын" "Намыс" партиясын құратынын жариялаған. Бірақ партия ресми тіркеуден өткен жоқ.

Санжар Боқаевтың негізгі мамандығы - саясаттанушы, саясаттану бойынша философия докторы (PhD). Қазақстанның стратегиялық зерттеу институтында ғылыми қызметкер болған. 2012-14 жылдары Алматы қаласында жастар ісі басқармасын, одан соң ішкі саясат басқармасын басқарды, "ҚазТрансГаз" компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі, "Нұр Отан" партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары болған.