Түйін
- Зерттеудің маңызды тұжырымдары:
- Манипуляция Батыс пен демократиялық институттардың беделін түсіріп, Ресей мен Қытайды аймақтың жалғыз сенімді серігі ретінде көрсетуді көздейді.
- Ақпараттық шабуылдың басым бөлігі азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-ты "тұрақсыздық ошағы" ретінде көрсетіп, елдегі демократиялық реформалардың жүруіне кедергі келтіруге бағытталған.
- Telegram — насихаттың басты ошағы.
- Насихат негізінен орыс тілінде, бірақ ол бірте-бірте жергілікті аудиторияға бейімделіп жатыр.
- Манипуляцияның басым бөлігін санаулы аккаунт таратқан, бұл ақпараттық шабуыл ұйымдасқан сипатта екенін дәлелдейді.
Зерттеуде "Қазақстан мен Өзбекстандағы сыртқы ақпараттық манипуляция мен араласудың ортақ мақсаты — Батысты және оның ықпалын азайту, ал Ресей мен Қытайды сенімді балама серіктестер ретінде дәріптеу" деп тұжырым жасалған. 2026 жылы сәуірде жарық көрген зерттеуді Еуропа одағы қаржыландырған.
Ғалымдар былтырғы қазан мен биылғы ақпан аралығында Қазақстан мен Өзбекстандағы қандай нарративтер қоғам талқысына сырттан келгенін анықтауға тырысқан. Атап айтқанда, бес ай бойы 5 платформада жарияланған 581 мың постты талдап, оларды 32 негізгі нарративке топтастырған. Желіде жарияланып, Қазақстанда 14 миллион, ал Өзбекстанда 18 миллион рет көрілген посттар "Батыс өркениеті дағдарысқа ұшырады", "азаматтық қоғам институттары тұрақсыздыққа итермелейді", "Ресей мен Қытай легитимді баламалы күш" деген мазмұнда. Азаттық "Қысымға ұшыраған ақпарат" зерттеуі авторларының бірі, Бішкектегі Crossroads Central Asia тәуелсіз зерттеу институтының негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Шайырбек Жораевпен зерттеуде айтылған деректерді талқылады.
Азаттық: Зерттеуде ресейшіл ақпарат нарративтері Орталық Азиядағы манипуляцияның негізгі өзегі екені айтылған. Осы ақпараттық шабуылдар аймақтың әлеуметтік тұтастығы мен демократиялық реформаларына нақты қандай қауіп төндіріп отыр? Зерттеу нәтижесіндегі көп алаңдайтын дәйек ретінде нені атар едіңіз?
Жораев: Есепте көрсетілген тікелей қауіп құрылымдық сипатқа ие: Қазақстандағы FIMI (сырттан жасалатын ақпараттық бұрмалау және араласу) нарративтері демократиялық реформаларға арқау болатын институттар мен тұлғаларды, анығы, азаматтық қоғам ұйымдарын, тәуелсіз БАҚ-ты, Батыс қаржыландыратын басқару бағдарламаларын және саяси наразылықтың легитимдігін жүйелі түрде нысанаға алады. Бұл институттар "шетелдік инфильтрация құралы" ретінде көрсетілгенде, олармен жұмыс істеудің әлеуметтік құны артып, реформаны көздейтін қоғамдық пікірталас кеңістігі тарыла түседі.
Біз ең алаңдатарлық деп санайтын тұс жекелеген нарративтер емес, олардың жиынтығы: Қазақстандағы анықталған барлық FIMI жағдайларының 76 пайызына жауапты бес аккаунт ай сайын, еш үзіліссіз 32 нарративтің барлық түрін дерлік қамтиды. Сонымен қатар, бұл контентке қарсы тұруға тиіс ұйымдар, атап айтқанда, тәуелсіз медиа мен фактчекерлер қаржыландырудан қағылып, қысқарып жатқанда болып отыр. Қарсы тұру әлеуеті әлсіреген сайын, сырттан араласу керісінше, шоғырланып жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Димаш Әлжанов: Ресеймен қарым-қатынасты қатер төндіруі ықтимал фактор деп қарастыру керекАзаттық: Зерттеу әдісіне тоқталсақ. Деректерді өңдеуде жасанды интеллектіні пайдаланған екенсіздер. Технологияның қазақ не өзбек тіліндегі мәліметті түсінбей қателесуінен немесе субъективті баға беруінен қалай сақтандыңыздар? Сондай-ақ, жасанды интеллект байқамаған, бірақ жергілікті сарапшылар ғана сезе алған "жасырын" қауіптер болды ма?
Жораев: Жүйе автономды классификатор емес, сарапшылар қолдайтын құрал ретінде жасалды. Тілдер арасында бірыңғай аналитикалық логиканы сақтау үшін барлық мазмұн классификация алдында ағылшын тіліне машиналық аудармадан өтті. ЖИ әрбір жазбаға 32 нарративтің әрқайсысына сәйкестігі бойынша ұпай беріп отырды, ал зерттеушілер жүйелі қателерді анықтау және шекті мәндерді қайта реттеу үшін өңделген деректердің үлгілерін мезгіл-мезгіл тексеріп отырды. Модель бақылау кезеңі бойы қайта оқытылып, жетілдірілді. Кейінгі деректер жиынтығында белгілі бір қателік пайызы болуы мүмкін екенін ашық айтамыз.
Ашық айтылуға тиіс үш шектеу бар. Біріншіден, зерттеу нәтижелері тек бақылау үшін таңдалған аккаунттар және платформалармен шектеледі. Біздің зерттеудің аясына кірмеген аса белгілі емес әрі аноним, бірақ біз анықтаған нарративтерге ұқсас мазмұндағы контенті бар аккаунт өте көп.
Екіншіден, FIMI тек медиа-контентпен шектелмейді: сарапшылар оны мәтін күйінде тарамайтын іс-шаралар, ұйымдасқан әрекеттер және әлеуметтік қысым арқылы да көріп отырады. Оларды анықтайтын арнайы жүйе жоқ.
Үшіншіден, контенттің FIMI нарративтеріне сәйкестігін анықтау — сырттан келетін бұрмаланған контентті үйлестірушілерді анықтаумен бірдей емес. Сондықтан біз анықталған аккаунттарды үйлестірілген агенттер деп атаймыз. Жазбаның FIMI немесе шынайы пікір екені субъективті пайымдау арқылы анықталды. Ол жасанды интеллект арқылы болса да, адам анықтаса да, субъективті болып қала береді.
Зерттеудің сапалық құрамдас бөлігі өте маңызды болды. Өйткені сарапшылар автоматтың бақылауы жете алмайтын тұстарды көре алады. Мысалы, сұхбаттар барысында Қазақстанның медиа кеңістігінде "Қазақстан Украинаның тағдырын қайталауы мүмкін" деген нарратив жүйелі түрде алға тартылғаны анықталды. Бұл біздің бастапқы классификациямызда болмаған, сондықтан ЖИ оны таппаған еді.
Азаттық: Зерттеудегі 32 нарративтің басым бөлігі Батысты жағымсыз, ал Ресей мен Қытайды сенімді әрі балама күш ретінде көрсетуді көздейді. Бұл нарративтер Орталық Азия халықтарының санасында Батысқа деген сенімсіздікті қалыптастыруда қаншалықты әсер етеді? Мысалы, сіздер бес ай жинаған нарративтер Қазақстанда 14 миллион, ал Өзбекстанда 18 миллион рет көріліпті. Мұның салдары қандай болуы мүмкін?
Жораев: Бұл - біздің зерттеуіміз жауап бере алмайтын сұрақ. Контенттің қаншалықты таралуын бақылау көзқарастың өзгеруін өлшеумен бірдей емес. Бұл нарративтердің Орталық Азия аудиториясының Батыс туралы көзқарасын шынымен өзгертетінін білу үшін контент-мониторингтен тыс әлеуметтік сауалнамалар немесе аудиториялық зерттеулер қажет.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қытайдың технология алпауыты Kaspi акционері атанды. Пекиннің ықпалы арта ма?Азаттық: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы күштер мен шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдар туралы мәлімдемелері сіздер анықтаған FIMI нарративтерімен үндеседі. Бұл мемлекеттік риторика мен шетелдік пропаганданың "үндесуі" кездейсоқтық па, әлде ресми Ақорданың ақпараттық егемендігіне сырттан келетін манипуляция әсер ете бастағанының белгісі ме? Әлде бұл нарративтерді қазақ билігі өз мүддесіне тиімді пайдаланып отыр деуге бола ма?
Жораев: Бұл сұрақ біздің зерттеуіміздің аясынан шығып кетеді және біз тек контент-мониторинг деректеріне сүйеніп, Қазақстан үкіметінің мақсат-мүдделері туралы болжам жасағымыз келмейді. Сырттан келетін нарративтерді насихаттау мен сыртқы мүдделерге сәйкес келетін ішкі ұстанымдардың арасындағы шекараны тек контент-мониторинг арқылы анықтау өте қиын. Есепте кейбір іштен әрекет етушілер сырттан келетін нарративтерді үйлестіру немесе сыртқы нұсқау бойынша емес, шынайы идеологиялық сәйкестікке байланысты таратуы мүмкін екендігі нақты айтылған.
Қазақстан Ресеймен тығыз қарым-қатынаста екенін ескерсек, құрылымдық тұрғыдан бұл тіпті қиындай түседі. Бұл тұжырым нақты бір мекемеге немесе жеке тұлғаға емес, деректер жиынтығындағы барлық ішкі акторларға қатысты.
Азаттық: Қазақстандағы ақпараттық манипуляцияның 88 пайызы Telegram арқылы тарайтынын анықтапсыздар. Неліктен дәл осы платформа пропаганданың "ошағына" айналды?
Жораев: Зерттеу бұл заңдылықты анық көрсеткенімен, оны тек бір себеппен түсіндіруден аулақ. Бірнеше құрылымдық ерекшелігіне байланысты Telegram бұл тұрғыда өте ыңғайлы. Facebook немесе YouTube-пен салыстырғанда онда модерация өте аз және жазылушы саны шектелмеген жария арналар арқылы ақпаратты жаппай таратуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, анонимдік мүмкіндігі авторды анықтауды қиындатады. Қазақстанда Telegram саяси пікірлер мен жаңалықтарды тұтынудың негізгі алаңына айналды, яғни FIMI контенті аудитория саяси ақпарат алу үшін дағдыланған экожүйенің ішінде айналымда жүреді.
Деректерге қатысты екі маңызды жайтты атап өткен жөн. Біріншіден, Қазақстандағы Telegram-ның басымдығы — бұл тек біз жинаған контенттің көлеміне байланысты емес. Нарратив көрінісіндегі оның 88% үлесі жалпы жиналған жазбалардың 38% үлесінен айтарлықтай асып түседі, бұл платформа деңгейіндегі нақты шоғырлануды растайды. Екіншіден, Қазақстандағы сарапшылар бүгінде TikTok пен Threads платформалары дезинформацияны негізгі таратушылар ретінде қарқынды дамып жатқанын алға тартады, алайда олар біздің қазіргі мониторингімізге енбей қалған. Telegram нарративтер анықталған негізгі ошақ болуы мүмкін, бірақ ол ұзақ уақыт бойы басты платформа болып қала бермеуі ықтимал.
Азаттық: Ресейден келетін ақпараттық қысымның қазақша сөйлейтін аудиторияға бағытталу ауқымы қандай? Пропаганда қазақ тілінде "сөйлей" бастағанда, оның қоғамға әсер ету күші мен қауіптілігі қаншалықты артады?
Жораев: Біздің деректеріміз бойынша, Қазақстанда қазақ тілінде FIMI жоқ деуге болады. Қазақстандық деректер жиынтығындағы барлық негізгі нарративтердің 94 пайызы орыс тілінде. Әйтсе де, бұл қазақша сөйлейтін аудиторияға әсер етпейді дегенді білдірмейді. Қазақстандағы қостілділіктің жоғары деңгейі орыс тіліндегі мазмұнның қазақша сөйлейтін халықтың басым бөлігіне жетуіне мүмкіндік береді.
Алайда, зерттеу барысында сұхбат берген сарапшылар екі жайтты атап өтті. Біріншіден, Threads платформасы қазақ тілінде сөйлейтін қолданушылар арасында қарқынды дамып келеді. Екіншіден, зерттеу қазақша ақпараттық әлеуетті күшейтуді ұсынады. Өйткені қазақ тіліндегі сапалы контент тапшылығы бұрмаланған мазмұндағы нарративтер үшін пайдалануға болатын құрылымдық бос орын қалдырады. Өзбекстанмен салыстыру бұл тұста өте маңызды: онда анықталған FIMI контентінің 66 пайызы өзбек тілінде. Бұл [біз анықтаған] нарративтердің аудиторияның басым тіліне бейімделіп үлгергенін көрсетеді. Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін аудиторияға бағытталған осындай ауқымды бетбұрыстың болу ықтималдығының бар не жоғын біздің қазіргі зерттеу нәтижесі көрсете алмайды. Бірақ бұл жайт жіті бақылауға тұрарлық.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"АҚШ Астананың Батыс ықпалына өткеніне мүдделі емес". S7+ форматының түпкі мақсаты қандай?Азаттық: Өзбекстан мен Қазақстанның ақпараттық ортасы екі түрлі. Салыстырмалы түрде алғанда, қай елдің қоғамы сыртқы манипуляцияға төзімдірек екені байқалады?
Жораев: Зерттеуде бұл екі елді [пропаганда нарративтеріне] төзімділігі бойынша рейтингке қоймайды. Олар бір қауіптің әртүрлі деңгейлеріне емес, құрылымдық тұрғыдан әртүрлі қауіптерге тап болып отыр.
Қазақстанда азаматтық қоғамның қарсы тұру әлеуеті белсендірек: фактчекерлер, медиа стандарттар бастамалары және белгілі бір дәрежеде тәуелсіздігін сақтап қалған журналистік қауымдастық бар. Сонымен қатар, тәуелсіз БАҚ-ты қаржыландырудың қысқаруы FIMI қарқыны артқан кезде [қоғамның] төзу әлеуетін әлсіретеді.
Өзбекстанның ақпарат кеңістігін мемлекеттік бақылауда ұстауы ішінара "оқшаулауды" қамтамасыз етеді. Себебі кейбір нарративтер жабық ортада өз орнын таба алмайды. Бірақ бұл бақылау шынайы төзімділік үшін қажетті азаматтық қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Зерттеудегі тұжырым бойынша, ел оқшауланған. Мұндай жағдай шетелдік ақпараттық бұрмалауға төтеп беруге ықпал ете ме, бұл – бөлек мәселе.
Азаттық: Сіздер жинаған бұрмаланған посттар Мәскеу мен Пекиннің сыртқы саясатымен үндеседі екен. Бұл "төменнен" басталған белсенділік пе, әлде тікелей Кремль мен Пекиннің арнайы орталықтарынан басқарылатын "ботофермалар" жұмысы ма? Бұл байланыстың ізіне түсу мүмкін болды ма?
Жораев: Бұл сұраққа біздің зерттеуіміз жауап бере алмайды. Зерттеу нарративтердің сәйкестігі мен күшею заңдылықтарын анықтауға бағытталған. Бірақ операциялық үйлестіруді дәлелдеу немесе контентті нақты мемлекеттік агенттерге телуді мақсат етпеген. Мұндай атрибуция жасау үшін ашық деректер мониторингінен тыс жатқан әдістер мен мәліметтер қажет.