Украинаның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Ольга Стефанишина Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында Вашингтон мен Киев арасындағы қарым-қатынас, АҚШ-тың Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты саналатын Каспий құбыр консорциумына шабуыл жасамау туралы өтініші және жемқорлық ісі бойынша тергеу басталардан аз уақыт бұрын қызметінен кетуі туралы айтып берді.
Вашингтонда бір жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеген Стефанишина тамыздың басында қызметінен кетті. Санаулы күннен соң Украинаның жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюросы (НАБУ) мен Жемқорлықпен күрес жөніндегі арнаулы прокуратурасы (САП) одан заңсыз баю және активтерін декларацияда көрсетпеу бойынша күдіктеніп отырғаны мәлім болды.
Әзірге Стефанишинаның орнында жаңа елші тағайындалған жоқ.
Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында ол қызметтен қалай кеткені жайлы және Киев мен Вашингтонның қарым-қатынасы туралы сұрақтарға жауап берді.
"Ресейдің ұстанымы өзгерген жоқ"
Азаттық: Біз [АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер] Украинаға барып қайтқаннан кейін сөйлесіп отырмыз. [Уиткофф] Мәскеуге бірталай мәрте барған, бірақ Киевке алғаш рет сапарлап отыр. Бұл сапар бұрыннан дайындалып, бірнеше рет кейінгі шегерілгенін ескерсек, елші кезіңізде оны ұйымдастыруға сіз де қатысқан боларсыз. Бұл сапардың қысқамерзімді әсері қандай болмақ?
Ольга Стефанишина: Олардың келгенінің өзі маңызды. Украинаға келіп, Киевке аман-есен жеткенінің өзі оқиға десек болады.
Ресейге келсек, олардың ұстанымы өзгермегенін көріп отырмыз. Өткен жылды еске алайықшы. [АҚШ қорғаныс министрі] Дэн Дрисколл бізге 28-тармақтан тұратын жоспар әкеліп, "қыстың ауыр болатынын" ескертіп кетті. "Украина бұл қыстан аман шықпайды. Жарты жылдан кейін сөйлескеннен гөрі қазір келіскен дұрыс. Жарты жылдан соң Украинаның хәлі өте нашар болады, энергетика түгел жойылады. Ресей Донбассты басып алады" деді ол. Бұл – қалыпты сценарий.
Бір жыл бұрын Пентагон да, Ақ үй де, АҚШ президенті мен келіссөз жүргізушілер де осы сценарийге қатты сеніп, Украина күйреген жағдайда жауапкершілік арқалауды қаламады. Бірақ біз қыстан аман шықтық. Майдандағы ахуал тұрақталып, соғыс жау аумағына ойысты.
Украина президенті Владимир Зеленский Киевте Ольга Степанишинаны қабылдап отыр. 8 шілде 2025 жыл.
Қазір не көріп отырмыз? Келіссөз жүргізушілер Мәскеумен сол баяғы жоспармен оралып отыр. 2025 жылғы ақпанда Ақ үйде Трамп Зеленскиймен сөйлескен кезде бізде болмаған басымдық қазір бар. Путин Трампқа қоңырау шалып, одан Зеленскиймен сөйлесіп, 9 мамыр күні Мәскеуге және Қызыл алаңға соққы жасамау туралы өтініш айтуды сұрады. Байқасаңыз, қазір бізде ықпал ету тетігі бар.
Осы жыл бір жыл ішінде ресурсымыз мен қару-жарақ шектеулі болса да, АҚШ бастаған елдер саяси қысым жасаса да, біз қыстан аман өтіп, оның бәріне төтеп бердік.
Майдан шебіндегі жағдайды тұрақтандырдық, ұрыс алаңында мүлдем жаңа жағдай қалыптасқанын көрсете алдық. Ал алыс қашықтыққа соққы беретін қаруларымыз арқылы соғысты жау аумағына көшірдік.
Вашингтон Киевтен Каспий құбыр желісіне шабуылдамауды сұрады ма?
Азаттық: Вашингтонда жүрген кезіңізде АҚШ билігінен Новороссийскідегі мұнай терминалдарына, энергия көздерінің бағасын арттыратын кез келген нысанға шабуыл жасамау туралы өтініш қаншалық жиі айтылды?
Стефанишина: [Америкалық мұнай-газ алпауыттары] Chevron және Exxon компанияларының кемелері мен Новороссийск портындағы инфрақұрылымнан өзге нысандарға соққылар жөнінде ешқашан өтініш түскен емес. Қазақстанмен бұрыннан қалыптасқан жақсы қарым-қатынасым бар. Қазақстан елшісімен байланыста болдым. Бір жағынан, қалыптасқан жағдай жайлы түсінік бар; екінші жағынан, бұл – Қазақстан үшін бюджеттің негізі саналатын сала Сондай-ақ, бұл – АҚШ-тың тікелей экономикалық мүддесіне жататын мәселе.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қазақстан сыртқы істер министрі мен АҚШ мемхатшысы КҚК-дағы жағдайды талқыладыҚазақстандықтар да, Exxon мен Chevron да Украинаның ұстанымын түсінетінін ашық білдіріп отыр. Олар сондай-ақ баламасыз бағыт құрғаны қателік болғанын да түсінеді. Бұл терминалды жаба салып, балама жол ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жылдам шешім жоқ. Мұны түсінген ресейліктер өз әскери нысандарын осы коммерциялық инфрақұрылымдарға мейлінше жақын орналастырып жатыр.
Ақыр соңында бұл мәселені реттеу жолын таптым. Қазір мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін компаниялармен өзара іс-қимыл механизмі жұмыс істеп тұр. Әлемнің түрлі жеріне және Ресей аумағына жететін санкциялар Chevron мен Exxon кемелерін айналып өтіп жатқанын көріп отырмыз.
Азаттық: Яғни Вашингтонда жүрген кезіңізде осы шешімді ұсындыңыз ба?
Стефанишина: Мені тікелей Ақ үйге шұғыл шақырды. Ақ үйге бұлай күнде шақыра бермейді, оған не себеп болғанын білмей барасың. Ойыма түрлі нәрсе келді. Әңгіме соғыс туралы, я болмаса Patriot зымырандарын қолдануға рұқсат мәселесі жайлы, немесе Линдси Грэм заңы, болмаса президент Трамптың Киевке сапары туралы болуы мүмкін деп ойладым. Барғанымда мәселе АҚШ-тың мүддесі жайлы екенін естідім.
Олар Украинаның қандай нысандарды көздеп отырғанын түсінетінін, бірақ кей әскери операциялар АҚШ-тың экономикалық мүдделеріне қайшы екенін мәлімдеді. Шешім қабылдарда осы жайтты ескеруімізді сұрады. Бұл ресми түрде айтылған бірінші месседж еді. Осыдан кейін олар мұндай жағдайдың алдын алатын тетік ойластыруға шақырды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
КҚК-ға шабуыл. Қазақстан енді не істей алады? Халықаралық сарапшылар пікіріУкраинадағы жемқорлық дауларына АҚШ қалай қарайды?
Азаттық: Сіз елші болған тұста Украинада "Миндичгейт" сияқты жемқорлық даулары өрбіді. 2025 жылғы күзден 2026 жылғы көктемге дейінгі қысқа аралықта мұнда көптеген оқиға болды. Біріншіден, [президент Зеленский кеңсесінің бұрынғы басшысы] Андрей Ермак қылмыстық іс бойынша ресми түрде күдікке ілінді. Күдікке ілінгендер қатарында министрлер де болды... Бұл істер көптеген адамды қамтыды. Сіз бұл кезде Вашингтонда болдыңыз. Сізден осы істер жайлы не сұрады?
Стефанишина: АҚШ-тағы саясатта ересек адамдардың үлесі басым. Украинаға келген конгресмендер мен сенаторларға қараңыз. Арасында 60, 70, 80, 90 жастағылар бар. Яғни бұл – саясатта 40, 50, 30 жыл жүрген адамдар. Олардың көрмегені жоқ. Сол себепті оларды министрлердің ауысуы алаңдатпайды.
Екі нәрсені айтайын. Андрей Ермактің ісі АҚШ-та үлкен резонанс тудырды. Өйткені ол – көптеген жыл америкалық бағытқа жауапты болған адам. Оның түрлі деңгейде байланыстары болды. Ол мемлекеттік хатшы [Марко] Рубиоға қоңырау шала алатын, ал Рубио онымен сөйлесетін. Мұндай адамның төңірегінде осындай оқиға болса, көптеген сұрақ туатыны түсінікті. Прокуратура жазбаша әңгімелердің кей материалдарын жариялап жіберді. Арасында "Вероника Фэншуйға" қатысы бар материалдар да болды. Мұның бәрі жағдайды жеңілдетуге көмектесе қоймады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Андрей Ермак Зеленский кеңсесінің басшысы қызметінен кетті. Оның үйіне тінту жүргізілген едіАзаттық: Президент кеңсесінің басшысы қандай да бір адамды қызметке тағайындарда көріпкелдермен, астрологтармен және өзгелермен ақылдасатыны жайлы әңгіме ғой.
Стефанишина: Біз мұны Украинада түрліше талқыладық. Күлдік, "жаман" дедік, "жақсы" дедік. АҚШ-та оның бәрін сот процесінің бөлігі және Ермакқа тағылған айыптың тармағы деп қарастырды. Өйткені бұл ақпаратты прокуратура таратты. Сол себепті: "Оны неге қудалап отыр?", "Вероника Фэншуй деген кім және оның маңызы қандай?" деген сияқты көптеген сұрақ туды.
Ол ресейлік агенттіктерді қабылдаған жоқ немесе мемлекетті тонаған жоқ. Соншалық үлкен мәселе емес. Сондықтан да олар: "Ермак неге отставкаға кетті, НАБУ оның үстінен іс қозғады, бұған Вероника Фэншуйдың қатысы қандай?" деп сұрап жатты.
Сенаттағы бір комитеттің басшысымен болған әңгіме есімде қалып қойыпты. Көптеген жыл бойы Украинаны қолдап келген беделді сенатор. Ол мені шақыртқан. Жұмысқа енді келген кезім, алғашқы кездесуім болатын. Ол менен осы оқиғалар жайлы сұрады. Мен не болғанын, мұның бәрі қоғамдық алаңда қалай талқыланып жатқанын айттым. Сонда ол маған: "Мәселе не болғанында емес, мәселе одан қалай шығатыныңда. Ересек саясат сондай болады" деді.
Қорыта айтқанда, америкалықтар қандай да бір оқиға болса, оған "масқара" деп қарап отыра бермейді. Олар сол оқиғадан кейін не болатынына назар аударады. Қандай шешім қабылданды, қандай реакция болды, оқиғаға тап болған адам не басшы әлсіз бола түсті ме, әлде шынығып алды ма? Америкалық саясаткерлер қазіргі жағдайда осыған көбірек назар аударады...
Азаттық: АҚШ-та Зеленскийді осы жоғары деңгейдегі жемқорлықтың қатысушысы деп көре ме, әлде оны теріс пиғылды адамдардың ортасында қалған бейхабар адам деп қабылдай ма?
Стефанишина: АҚШ-та [Зеленский] туралы түсінік әлдеқашан қалыптасып қойған. Бұған дейінгі әкімшілік үшін де, қазіргі әкімшілік үшін де ол ел басына күн туғанда шетелге кетпей өз орнында қалған адам.
Сіздің айтып отырғандарыңыздың бәрі [Зеленскийдің] саяси қызмет ережелерін ел ішінде қалай ұстанып отырғаны тұрғысынан қаралады. Мұның ешқайсысы сыртқы саясатқа проекцияланып жатқан жоқ.
Алайда қорғаныс министрлігі мен қорғаныс министрі жөніндегі жария талқы қарым-қатынасымызды дамытуға кедергі келтіріп жатқаны рас.
Азаттық: Сіз [бұрынғы қорғаныс министрі] Михаил Федоровты айтып тұрсыз ба?
Стефанишина: Иә, бұл оқиға белгілі бір деңгейде біз жүргізіп жатқан кейбір жобалар мен талқылауларға нұқсан келтірді. Көптеген сұрақ пен түсінбеушілік туындады. Бірақ қалған мәселенің бәрі президентке деген көзқарасты түбегейлі өзгерте қоймайды. Бұл ұстаным әлдеқашан қалыптасып қойған.
[Зеленскийде] президент Трамптың жеке телефон нөмірі бар. Ол оған хат жолдап, қоңырау шала алады. Екеуі бір-бірін жақсы түсінеді. Олардың әңгімесі әрдайым сәтті өте бермеуі мүмкін, бірақ қайткенде де оны АҚШ әкімшілігіндегілердің бәрі, ондаған сенатор мен конгресмен таниды.
Your browser doesn’t support HTML5
Украина жұрты қорғаныс министрі Федоровтың қызметтен алынғанына наразы
Жемқорлық дауы аясындағы отставка
Азаттық: Зеленский сіздің жұмысыңызға көңілі толатынын айтты, сіз де жұмысыңызға көңіліңіз толғанын білдірдіңіз. Бірақ тағайындалғаныңызға бір жылға жетпей жатып жеке себептермен қызметтен кететініңізді мәлімдедіңіз. Бұл қандай себептер еді?
Стефанишина: Жеке өмірімдегі кей жайттар мен маған жақын адамдардың, соның ішінде ата-анам мен айналамдағы адамдардың үстінен жүргізіліп жатқан тергеу амалдары көңілімді бұра берді. Жеке өмірім әрдайым назарда болатынын түсінемін ғой. Бірақ мәселе айналамда жүрген адамдардың көбіне қатысты болған соң, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті ұстау қиынға соқты.
Украинаның АҚШ-тағы елшісі болу, жалпы америкалық бағыттағы жұмыс бүкіл күш-жігеріңді талап етеді. Жартылай жұмыс істей алмайсың. АҚШ-та барыңды салып қызмет етпесең, табысқа жете алмайсың. Маған отбасым мен АҚШ-тағы жұмыс арасында таңдау жасауға тура келді.
Азаттық: НАБУ мен САП бастаған тергеулер сізді отставкаға кетуге мәжбүр етті ме?
Стефанишина: Мені мәжбүр ету қиын. Бұл шешімді өзім қабылдадым.
Азаттық: Бірақ іс-жүзінде НАБУ мен САП тергеуі үшін кеттіңіз ғой?
Стефанишина: Жоқ, ол негізгі себеп болмады. Мен заңгермін. Менде "күдікке ілінуіме үш күн, екі күн, бір күн қалды" деп жазылған күнтізбе болған жоқ.
Ольга Стефанишина АҚШ конгресі ғимаратында сөз сөйлеп тұр. 4 маусым 2026 жыл.
Азаттық: Сіз мұның негізгі себеп болмағанын айтып отырсыз. Алайда Зеленский сіз туралы жарлыққа 3 тамызда қол қойса, сіздің күдікке ілінгеніңіз жайлы хабар 5 тамызда шықты. Бұлтартпау мәселесі қаралған сотқа қатысып үлгердіңіз. Сырттан қарағанда, сіз бір қадам алға шығып: "Мен кетейін, сонда күдікке қазіргі елші емес, бұрынғы елші ілінеді" дегендей көріндіңіз. Сіз күдікке ілінетіңізді білдіңіз бе?
Стефанишина: Білдім, өйткені шақырту келді. Яғни мені бірнеше күн бұрын шақыртты. Өтінішті дүйсенбі жазсам делік, мұны жұма не сенбі күні біліп отырмын ғой...
Азаттық: НАБУ-ға шақыртты ма?
Стефанишина: Иә, күдікке ілінгенімді хабарлау үшін.
Азаттық: Сіз мұны президентке жеткізіп, кеткіңіз келетінін айттыңыз ба?
Стефанишина: Қайткенде де, негізгісі жеке өмірімдегі себеп. Не отбасыма залал келтіре отырып мемлекетке қызмет етуімді жалғастыруым керек не мен үшін өміріндегі ең ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан жақындарымның қасында болуым керек болды. Сол сәтте оларға қолдау көрсетіп, уақыт бөлуім керек екенін түсіндім.
Бір жағынан президентті қиын жағдайда қалдырғым келмеді. Оған мені қызметте қалдыру-қалдырмау жайлы сұрақтар қойылар еді. Сөйтіп шешім қабылдадым. Дипломатиялық мансабымды аяқтап, Украинаға оралдым. Енді ол елші қызметіне жаңа үміткер табуы керек.
Азаттық радиосы Украин қызметінің сұхбаты.