Несие амнистиясы, жер мәселесі мен Қытайға қарсылық. Алматыдағы наразылық акциясы

Жанболат Мамай митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

13 қыркүйекте Алматыда биліктен несие амнистиясын жариялау, саяси тұтқындарды босату, шетелдіктерге жер сатпау тақырыбымен өткен митингіге екі жүздей адам жиналды. Әкімдік келісім берген шарада Қытайды айыптап сөйлегендер "Қытайдың Қазақстандағы елшісі кетсін" деген талап айтты. Аз ғана адам қатысқан осындай шара тағы бірнеше қалада өтті.

Алматыдағы митингіні азаматтық белсенді, журналист Жанболат Мамай жетекшілік ететін оппозициялық Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ ұйымдастырды. Жергілікті әкімдікке жолдаған хабарламада бір мың адам қатысады деп көрсетілген акцияға 13 қыркүйекте 200–ге жуық адам жиналды.

Жексенбі күні таңертең Шоқан Уәлиханов ескерткіші маңына жиналған адамдарды осы жерде тұрған медицина қызметкерлері дене қызуын тексеріп, содан кейін ғана митинг болатын жерге өткізді. Митинг өтетін жерде полиция қызметкерлері көп жүрді.

Митинг өтетін жерге келген адамдардың дене қызуын тексеріп тұрған медицина қызметкерлері. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

Шараға келгендердің қолында тұрғындардың коммерциялық банктерге қарызын кешіру, несие амнистиясын жариялау, шетелдік инвесторларға жерді жалға бермеу және ауылшарушылығы жерін сатпау, 2016 Атыраудағы жер митингісінен кейін сотталған белсенді Макс Боқаевты, 2006 жылы Алматының Шаңырақ елдімекенінде билік заңсыз деп тапқан үйін қорғаған тұрғындардың полициямен қақтығысынан кейін 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Атабекті түрмеден босату туралы талаптар жазылған плакаттар болды (құқық қорғаушылар Атабек пен Боқаевты саяси тұтқындар тізіміне енгізген, билік "елде саяси себеппен сотталғандар жоқ" дейді).

Жексенбі күнгі акцияға қатысқандар билік уәде еткен саяси реформа туралы да талап қойды. Бұған қоса жиында сөйлеген бірнеше адам "Қытай экспансиясына қарсы тұруға" үндеп, Қытайдың Нұр–Сұлтандағы қазіргі елшісі Чжан Саюоны "Қазақстанның ішкі ісіне араласты" деп айыптап, оның елден кетуін талап етті.

Наразылық митингісіне келгендер талаптары жазылған плакаттар ұстап тұр. 13 қыркүйек 2020 жыл.

"ОЛИГАРХТАР БАНКІНЕ ЖОМАРТТЫҚ ТАНЫТҚАН БИЛІК ХАЛЫҚҚА ДА КӨМЕКТЕССІН"

Демпартия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамайдың сөзінше, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды мен Семейден басқа қалаларда жергілікті билік 13 қыркүйекте митинг өткізуге рұқсат бермеген.

Демпартия бастамашыл тобы азаматтардың коммерциялық банктерге қарызын кешіру мәселесін бірнеше айдан бері көтеріп жүр. Тамыздың басында олар Қазақстан президенті Қасым–Жомарт Тоқаевтың әкімшілігіне елде несие амнистиясын жариялауды талап еткен "100 мыңға жуық адамның өтінішін табыс еткенін" мәлімдеген.

Қоғамда олардың бұл бастамасын "популистік ұран" деп сынайтындар да бар. Митинг басталардан бұрын Азаттық тілшісінің осы жайлы қойған сұрағына Мамай қарсы уәжі барын айтты.

– Бұған дейін, 2008 жылдан бері банктер (мемлекеттік бюджеттен) көмек ретінде он триллион теңгеден астам ақша алды. Қайда кетті сол ақша? Ал несиелік амнистия – халыққа көрсетілетін нақты көмек. Қазір кепілі жоқ несие мен микрокредитке бес жарым миллион адамның 4,4 триллион борышы бар екен. Біз сол қарызды кешіруді айтып отырмыз. Мұны популизм деп сынап отырғандар билік жекеменшік банктерге Ұлттық қордан миллиардтап ақша бөліп жатқанда қайда қалды? Неге дымы шықпай отырды? Ал енді халыққа көмек көрсетуді айтқанымызда "бұл – популизм" деп шулайды, – дейді ол.

Алматыдағы митинг туралы видео:

Your browser doesn’t support HTML5

Митингідегі "Тоқаев пен Назарбаев кетсін" деген сөз шенеунікті тіксінтті

Мамайдың пікірінше, акционерлерінің қатарында Нұрсұлтан Назарбаевтың (былтыр наурызда президент қызметінен кеткен, бірақ билікке ықпалы әлі күшті – ред.) "отбасы мүшелері мен олигархтар" бар коммерциялық банктерге көмек ретінде миллиардтаған доллар бөлген мемлекет коронавирус пандемиясы кесірінен қиналған халыққа да көмектесе алады.

Қазақстан үкіметі биыл коронавирус індетіне байланысты екі рет – көктемде және жазда карантин жариялаған. Кәсіпорындар мен қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатып, жұрт табыссыз қалған. Мемлекет ондай азаматтарға 100 доллар шамасында әлеуметтік жәрдем бөлген. Биліктің мәліметінше, ондай жәрдем 4,5 миллионға жуық адамға берілген. Бірақ мыңдаған адам үкіметтің ол көмегінен қағылып, ең қажет затты сатып алуға ақшасы болмай қиналғанын айтып шағынған.

Жанболат Мамай митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

Коронавирусқа қоса Қазақстанның экспортқа шығаратын негізгі тауары – мұнай бағасының әлемдік нарықта құлдырауы да ел экономикасына ауыр соққы болды. Биыл республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің үштен бірін Ұлттық қордан бөлінген қаржы жауып отыр. Болашақ ұрпақтың игілігіне деп құрылған аталған қорға табиғи қазба байлықты шетке сатудан түскен қаржы жинақталады.

Митингіде сөйлеген азаматтық белсенді Юрий Маленких биылғы пандемия індеті Қазақстанда жылдар бойы шешімін таппай, қордаланған әлеуметтік–экономикалық проблемаларды аймандай қылды деді.

– Президент Қасым–Жомарт Тоқаев жолдауында билік тармақтарының бірі – сот жүйесінің "жабық корпорацияға" айналғанын айтты. Менің ойымша, Қазақстандағы билік өзіне ғана жұмыс істейтін "корпорацияға" айналған. Халықтан алыстап кетті. Конституциямызда халық – биліктің қайнар көзі деп жазылған. Сол себепті билік кетуі тиіс, Қазақстанның билік тармақтарында халыққа жұмыс істейтін адамдар отыру үшін заңды сайлау өткізу керек, – деді Юрий Маленьких.

Осыдан кейін Мамай жиын болып жатқан жерде жүрген Алматы әкімдігінің өкілі өзіне "тақырыптан ауытқып барасындар" деп ескерту жасағанын айтты.

– Осы қазір әкімдік адамдары: "Ойбай, Тоқаевтың отставкасын талап етпе, Назарбаев туралы айтпа" деп жатыр. Неге біз билікті сынамауымыз керек? Егер халықтың талабын орындамайтын болса, қызметтен кетсін! Егер халықтың мұң–мұқтажын елемей, құлақ аспаса, онда біз Тоқаев пен Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіп митингіге шығамыз, – деді Жанболат Мамай өз сөзінде.

Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары Айдар Есенбеков митингі ұйымдастырушыларына "тақырыптан ауытқығаны" жайлы ескерту жасағанын Азаттық тілшісіне растады.

Несие амнистиясын жариялау, саяси тұтқындарды босату, жерді шетелдіктерге сатпау туралы талаппен митингіге жиналған адамдар. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

Жексенбіде Алматыдағы митингіде сөйлегендер 2016 жылы жаппай халық наразылығынан кейін Жер кодексіне енгізілген даулы өзгертулерге жарияланған мораторий мерзімі келер жылы аяқталатынын еске салды. Олар үкімет ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру, тіпті сату туралы ойынан әлі бас тартқан жоқ деп санайды.

10 шілдеде үкіметтің кеңейтілген жиынында сөйлеген Қасым–Жомарт Тоқаев жер шетелдіктерге сатылмайды деп мәлімдеген. Ол "бұл мәселеге енді оралмаспыз" дегенімен, жерді жалға беруге байланысты ашып ештеңе айтпаған.

Наразылық акциясында несие амнистиясын жариялау, саяси тұтқындарды босату туралы талап жазылған плакат ұстап тұрған адамдар. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

ҚЫТАЙ САЯСАТЫНА ҚАРСЫЛЫҚ

Митингіні ұйымдастырушылар "Қытай экспансиясы" туралы да айтты. Былтыр қыркүйекте Қазақстанның бірнеше қаласында Қытайға қарсы жиындар өтіп, онда үкіметтен Қазақстан аумағында Қытаймен бірлесіп кәсіпорындар салудан бас тартуын талап еткен.

Кейінгі жылдары Пекин Қазақстан экономикасындағы үлесін ұлғайтып жатыр. Қытай Қазақстанға өзінің шикізат көзі, тауарын сатып алушы және транзиттік дәліз деп қарайды. Қытаймен жасалған экономикалық келісімшарттардың ашық еместігі, Пекиннің Шыңжаңдағы түркітілдес өзге ұлт өкілдеріне, соның ішінде қазақтарға қысым көрсететін саясаты Қазақстанда Қытайға қарсы наразылықтың күшеюіне себеп болған.

Ресми Нұр–Сұлтан ел экономикасының ірі инвесторы әрі кредиторы болып отырған Қытайды сынауға батпайды.

Наразылық акциясына жиналған белсенділер. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

Қазақстанға Қытайдан көшіп келген қазақтар кейінгі жылдары Шыңжаңда қалған туыс–жақынымен байланысы үзілгенін айтады. Олар Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтарды ұйғыр, қырғыз және өзге ұлтармен бірге "саяси тәрбие лагеріне" тоғытып, діні мен тілінен айырып жатқанын айтып шағынады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Шыңжаңдағы "саяси лагерьде" болғандардың азаптау, зорлық–зомбылық пен кемсітуге ұшырағаны жайлы айтқанын хаттап, көпшілікке таратқан. Әу баста ондай лагерь барын мойындамай, теріске шығарып келген Қытай билігі кейін оларды "экстремизм мен терроризмге қарсы күресу" үшін құрылған "кәсіби қайта дайындау орталықтары" деп атаған.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Шыңжаңда мұсылман дінін ұстанатын ұлт өкілдеріне қысым көрсетіліп жатқаны туралы хабарларды бірнеше рет жоққа шығарған. Жақында көрші екі мемлекеттің екіжақты әскери ынтымақтастығы туралы комментарийінде Чжан Сяо Қытай мен Қазақстанның қарулы күштері "түрлі–түсті революцияларға бірлесе қарсы тұрады" деп мәлімдеген. Елшінің бұл сөзін қазақстандық белсенділер "Қазақстанның ішкі ісіне араласу" деп қабылдады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нұр-Сұлтан Пекинге қаншалықты "адал"? Шыңжаң "тұзағы"

Билік былтыр "Қытай экспансиясына қарсымыз!" дегендердің кейбірін ұстап, жазаға тартқан. Ондай талап айтқандарды билік "елдегі тұрақтылықты бұзғысы келетін қаскөйлер" деп атаған.

"БИЛІК КЕЛІСІМ БЕРГЕН ЖОҚ"

Жексенбідегі акция - Демократиялық партия құру туралы бастамашыл топтың Қазақстанда бейбіт жиындар туралы жаңа заң күшіне енгеннен кейін жергілікті әкімдікті хабардар етіп, келісімін алып өткізген алғашқы жиыны.

Билік жаңа заңда азаматтар митинг өткізу үшін бұрынғыдай рұқсат сұрамай, ол туралы жергілікті әкімдікті хабардар етсе жеткілікті деп жазылғанын айтып, оны прогрессивті заң деп сипаттайды. Ал бұл заңды сынайтындар құжаттың халықаралық талаптарға сай келмейтінін, бұрынғы кездегідей, биліктің митинг өткізуге келісім бермеуіне көп негіз барын, сонымен бірге биліктің келісімін алмай митинг ұйымдастырған адамға әкімшілік жауапкершілік айтарлықтай күшейтілгенін алға тартады.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ Алматыда үш сағаттық митинг өткізгісі келген, бүгінгі акция екі сағат жалғасты.

Бұл күні Мамайдың жақтастары өзге де бірнеше қалада азғантай адамның қатысуымен осындай шара өткізді. Ақтөбе, Қарағанды мен Семейде жергілікті билік митинг өткізуге қарсы болған жоқ.

13 қыркүйекте аймақтарда митинг қалай өтті?

Your browser doesn’t support HTML5

"Демпартия" митингісі аймақтарда қалай өтті?

Нұр–Сұлтанда цирктің алдындағы алаңға наразылық акциясын өткізбекші болып жиналған оншақты адамға билік өкілдері келісімсіз жиын өткізуге болмайтынын ескертті.

Шымкентте Наурыз алаңына жиналып, өз талаптарын айтқан бірнеше адам өздеріне әкімдік қызметкері "заңсыз жиын өткізіп жатқаны" жайлы ескерту жасағаннан кейін тарап кетті.

Әкімдік өкілі Наурыз алаңына келген азаматтарға "билік келісім бермеген жиын өткізуге болмайтыны" жайлы ескертіп тұр. Шымкент, 13 қыркүйек 2020 жыл.

13 қыркүйекте Қарағанды қаласының орталығына 15 шақты адам жиналып, жерді шетелдіктерге жалға бермеуді, қытай экспансиясын тоқтатуды талап етті.

– Жер қазақстандықтарға тиесілі болуы тиіс. Кейбір ауылдық округтерде барлық жер жекеменшік болғандықтан жайылым қалмаған. Қолында билігі барлар миллиондап жер сатып алған. Халық басты функциясы – елдің иесі болудан қалды. Жер мәселесі қазақтар үшін, бәрі үшін ең көкейкесті мәселе болып қалды деп ойлаймын, – деді белсенді Айтқожа Фазылов.

Наразылық акциясына жиналған белсенділер. Қарағанды, 13 қыркүйек 2020 жыл.

Митингті ұйымдастырушылардың айтуынша, Абай ескерткішінің маңында өткен акция кезінде кейбіреулер митингінің күн тәртібін бұрмалап, ақпарат құралдарының назарын өзіне аудартуға тырысқан. Азаттық тілшісі бірнеше адамның акцияға келгендердің пікірімен келіспей дауласқанын көрді. Тағы бір адам індет кезінде жиналуға болмайтынын айтып, наразылық шарасын айыптады.

Қарағанды әкімдігі митинг өткізуге рұқсат бергенімен, "барлық санитарлық–эпидемиологиялық норманы сақтау" қажетін ескерткен. Демалыс күндері акцияға келгендердің бәрі маска тағып келген. Билік өкілдері жиналғандардан арақашықтық ұстануын сұрады.

Ақтөбеде күндізгі сағат 11-де 20 шақты адам қалалық мәдениет үйі алаңы аумағына келіп, бірнеше лозунг көтерді. Рұқсат етілген митингіде сөйлегендердің бірі, истиясының халыққа керек" екенін айтты.

Тіркелмеген "Демпартияның" Ақтөбедегі бөлімшесінің жетекшісі Тарбия Алмышыева наразылық митингісінде сөйлеп тұр.

– Себебі халықтың табысы аз, көптеген азаматтар қарызға батты. Өзім әртүрлі проблемасы бар адамдардан өтініш қабылдағам. Кей отбасыларда 4-5 несиеден бар. Адамдар оны амалсыздан алған. Кейбірі оқу ақысын өтеу үшін алса, кейбір студент пәтерақысын төлей алмай банктен қарыз алуға мәжбүр болған. Ал төлей алмағандардың кейбірінің мүлкі, банк картасы бұғатталып жатыр. Билік болса банктерді қолдауға қаншама қаржы бөліп жатыр. Ендеше сол бөлінген қаржы банкир емес, халықты қиындықтан құтқару үшін жұмсалуы тиіс қой, - деді Тарбия Алмышева.

Митингіге келгендер түрмеде отырған саяси тұтқындарды: диссидент ақын Арон Атабек, атыраулық белсенді Макс Боқаев, жаңаөзендік жастар мәселесін көтерген Ержан Елшібаев, алматылық белсенділер Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұловты босатуды талап етті. Бұған қоса, наразылар жерді сатпау, шетелдіктерге жалға бермеуді жақтап сөйледі. Кейбірі пандемия кезіндегі билік әрекетсіздігін сынады. Түскі сағат бірге қарай жиналғандар тарады. Полиция оқиғаны сырттай бақылап тұрды.

Жексенбі күні Семейде Спартак стадионы маңына 15 шақты адам жиналды. Кейбірінің қолында "Қытай экспансиясына қарсымыз!", "Шетелдіктерге жер жалға берілмесін!", "Азаматтардың несиесі кешірілсін!" деген жазуы бар плакаттар болды.

Семей қаласындағы наразылық акциясына қатысушылар.

Акцияға қатысушылардың бірі әкімдік митинг өткізетін ыңғайлы орын бермегендіктен шара ойдағыдай өтпеді дейді.

- Барлық жолды жауып, блокпост қойып тастаған, төңіректі қарап шыққаннан кейін осыған көзім жетті. Олар жолға полиция қойған. Полиция адамдардан "Қайда бара жатырсыз?" деп сұрайды, егер "митингіге" десе, "шара болмайды" деп қайтарып тастайды, - дейді "Демпартия" құрғысы келетін бастама топ өкілдерінің бірі Қуаныш Бакерланов Азаттық тілшісіне.

Ақтөбе мен Семейде де оқиға орнына мемлекеттік "Хабар" арнасы келген, Семейде шараға билікшіл блогерлер де қатысқан.

Өткен жылы белсенділер тобы оппозициялық Демократиялық партия құру жөнінде бастама көтерген. Биыл ақпанда бастамашыл топ жақтастарына билік қысым көрсетіп жатқанын айтып, жоспарлап қойған құрылтай съезін өткізуден бас тартатынын мәлімдеген. Қазақстан заңы бойынша партияны тіркеу үшін кемінде 20 мың адамнан қол жинап, кемі мың адам қатысқан құрылтай съезін өткізу шарт. Құқық қорғаушылар Қазақстанның партиялар, бейбіт жиын және сайлау туралы заңдарында түрлі шектеу көп деп санайды.

Фотогалерея: "Уәдең қайда, Тоқаев?" Алматы мен бірнеше қалада өткен митинг

"Уәдең қайда, Тоқаев?" Алматы мен бірнеше қалада өткен митинг