"Сириядамын" деген қызым ақша сұрайтын"

Гүлбану Асанованың шешесі Гүлжан Имашева. Ақтөбе облысы, 1 қараша 2018 жыл

Ақтөбе облысынан Сирияға барып "қаза тапты" делінген әйелдің ата-анасы қыздарын өлдіге санайды.

Сирияда "өлтірілді" делінген қандағаштық Гүлбану Асанованың ата-анасы қыздарының рухына құран бағыштамақ. Гүлбанудың анасы Гүлжан Имашева қызын өлдіге санайды. Бірақ қызының өліміне неліктен сенімді екенін ашып айтқысы келмейді.

Ақтөбеден 95 шақырым жердегі Қандағаш қаласында тұратын Асановтар отбасына соңғы аптада көңіл айтушылар көбейген.

"ЕНДІ ҚАЛАЙ ҮНСІЗ ОТЫРАМЫЗ?!"

1995 жылы Қандыағаш қаласында дүниеге келген Гүлбану Асанова - төрт баланың кенжесі, алдында үш ағасы бар. Анасының айтуынша, кейінірек дін жолына түскен Гүлбану алғашқы жұбайымен Қандыағаш колледжінде оқып жүріп танысады. Анасы Гүлжан Имашева Гүлбану 17 жасқа толғанда сол күйеуінің алып қашқанын айтады. 2015 жылы мамыр айында Сирияға кетпес бұрын күйеуімен ажырасқан Гүлбану Асанова сол кездегі 1 жас 7 айлық қызын төркініне қалдырған. Гүлжан Имашева кейін жиенін құдағиының алып кеткенін айтады. Жуырда бес жасқа толатын сәби қазір әкесінің тәрбиесінде.

Гүлбану Асанова. Сурет жеке мұрағаттан алынған

Гүлбану Асанованың ата-анасы Виктор мен Гүлжанның отбасы Қандыағаш қаласының жеке секторында тұрады. "Степная" деп аталатын бұл көшедегі үйлер ретсіз орналасқан. Азаттық тілшісі барғанда қас қарайып қалған шақ болатын. Сырты жұпынылау үйдің кіреберісінде құрылыс материалдары шашылып жатты. Аулада тағы бір үйдің құрылысы жүріп жатқаны байқалады.

Гүлбанудың анасы Гүлжан Имашева ағайын-туысын жинап, қызына құран бағыштамақ ниеті барын айтты. Сондықтан ескілеу үйін ретке келтіріп жатқан беті екен.

Гүлбану Асанованың ата-анасы тұрып жатқан үй. 1 қараша 2018 жыл

Азаттық тілшісі барғанда Гүлжан Имашева ескі үйдің дәлізін жөндеп жатты. Төргі бөлмеде қазаға көңіл айтуға келгендердің дауыстары естіліп тұрды.

- "Өлді" деген соң қалай үнсіз отырамыз?! Туған-туыс, көршілер кіріп- шығып жатыр. Көрмесек те, бетін жаппасақ та қой сойып, садақасын берейік деп отырмыз. Басқа не істей аламыз?! Хабарласқан кезінде "неге кеттің?" десем, "Алланың әмірі солай болды ғой. Сендер менің жүрегімдесіңдер, қызым да жүрегімде" дейтін. Қайтейін енді? Қолымнан не келеді?! – дейді ол ауыр күрсініп.

"ТЕЛЕФОНЫ ӨШІРУЛІ"

Гүлжан Имашева қызының дін жолына түскенін алғашқы күйеуінің ықпалы деп біледі. Айтуынша, қыз кетерінде "Мені іздемеңдер, Сирияға кеттім" деп хат қалдырған. Хатты бірнеше күннен кейін тауып алған ата-анасы сонда да сене алмаған. "Қайта қосылған шығар" деп бұрынғы күйеуімен хабарласқанда ол "мен білмеймін, екі ай бұрын талақ айтқанмын" деп жауап берген. Гүлбанудың туыстары содан соң полицияға арызданған.

- Қызым кейінірек "мен Сириядамын" деп хабарласты. Оған дейін үйге полиция, ҰҚК өкілдері - бәрі келді. Тексеріс басталды. ҰҚК адамдары "қызыңыз Сирияға өтіп кетіпті" деді. Әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа барып, екі-үш күнде паспорт алғанын кейінірек білдік, - дейді Гүлжан Имашева Азаттық тілшісіне.

Анасы Гүлбану Сирияға кетіп бара жатқанда үйде құрылысқа деп жинап отырған қаржының болғанын, бірақ қызының оған тиіспегенін айтады.

- Жұмысы, кәсібі жоқ қызымның Сирияға қалай, қандай қаржыға кеткенін білмеймін, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Your browser doesn’t support HTML5

"Қызымның Сирияға қандай қаржыға кеткенін білмеймін"

Сирияның солтүстік-шығысындағы Дейр-эз-Зор провинциясынан Гүлбану Асанова WhatsApp мессенджерімен 2018 жылғы қазан айына дейін анасына хабарласып тұрған. Анасының айтуынша, соңғы кездері Гүлбанудың телефоны өшірулі. Гүлжан Имашева биыл жаздан бастап қызының "Сириядан Түркияға өтемін" деп туыстарынан ақша сұрай бастағанын айтады. Бірақ зейнеткер ата-анасы қыздарының өтінішін орындай алмаған.

- "Мама, ақша берші" дейтін. Біреулер мәжбүрлеп отыр ма деп те ойладым. Телефоннан дұрыстап сөйлесе де алмаймыз ғой, - дейді Гүлжан Имашева.

СИРИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Гүлжан Имашеваның сөзіне қарағанда, Сирияға барған үш жылда Гүлбану тағы да екі рет тұрмыс құрған. Екі күйеуі де қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқанға ұқсайды. Гүлбану Сириядағы бірінші күйеуінен Румейса есімді қызды болады. Гүлжан Имашева есімін есіне түсіре алмаған екінші сәби биыл 20 тамызда өмірге келген. Гүлбану Асанованың туыстары Сирияда өмірге келген жиендерінің қазіргі тағдырынан бейхабар.

Қарай отырыңыз: Қазақстандықтар не үшін Сирия мен Ауғанстанға кетті?​

Жуырда жергілікті басылымдар ИМ содырларының ақтөбелік Гүлбану (УммМариям), Дарина (УммМуса) есімді жас әйелдерді өлім жазасына кескені туралы ақпарат таратқан еді. Гүлжан Имашеваның айтуынша, Сирияда өлім жазасына кесілген УммМариям - қызы Гүлбану Асанова болуы мүмкін. Азаттық тілшісінің "қызыңыздың қазасы туралы ақпаратты күштік құрылымдар естіртті ме?" деген сауалына Гүлжан Имашева жауап бергісі келмеді. Жоққа да шығарған жоқ, растамады да. Азаттық тілшісі ҰҚК-нің Ақтөбе облыстық департаментіне де хабарласқанда, ондағылар Ақтөбедегі департаментте баспасөз қызметінің жоқ екенін айтып, Астанаға хабарласуды ұсынды.

Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 29 қазанда "Сирияда қазақстандық әйелді өлтіргені" туралы ақпараттың тексеріліп жатқанын хабарлаған. Одан бұрын ҰҚК-нің Азаттыққа берген ресми жауабында Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге жуық Қазақстан азаматы кеткені айтылған. ҰҚК дерегінше, Сириядағы әскери қақтығыс басталғалы жүзден астам қазақстандық елге қайтарылған.