Конституция жобасы: билік үгітті күшейтті, сын шетте қалды. Қалима Тәжіқұлмен сұхбат

Көшедегі жарнама ілетін тақтаны жөнге келтіріп жатқан жұмысшылар. Алматы, 15 ақпан, 2026 жыл.

Билік Конституцияны өзгертуді қолдайтын коалиция құрып, ауқымды ақпараттық науқан бастады. Алайда қоғамдағы пікірталас екі түрлі медиа кеңістікте әрқалай өрбіп жатыр. Мемлекеттік БАҚ ұсынылған өзгерістерді саяси жаңғыру деп таныстырды. Ал құқық қорғаушылар мен сарапшылар кей нормалар азаматтық бостандықтарды шектеуі мүмкін деп алаңдайды. Азаттық медиа-сарапшы Қалима Тәжіқұлмен сұхбаттасты.

Қазақстан парламентіндегі бес саяси партия мен үш жүзден астам қоғамдық ұйым, депутаттар және өзге де адамдар "Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін" атты жалпыұлттық коалицияға бірігіп, бірден белсенді жұмысқа кірісті. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жетекшілік еткен коалиция 15 наурызға белгіленген референдумға дейін Астанадан бастап елдің барлық өңірінде арнайы шаралар өткізіп, билік бастамасы бойынша дайындалған жаңа Конституция жобасын халыққа түсіндірмек.

Бұл науқанға мемлекеттік БАҚ та белсене қатысып жатыр. Мысалы, 14 ақпан, сенбі күні Қазақстанның мемлекеттік арналары алты сағаттық телемарафонды бірігіп өткізді. Тікелей эфирде өткен хабарға жүзге жуық спикер қатысып, жаңа Конституция жобасын талқылап, депутаттар елге жаңа құжат неге керек екенін түсіндіруге тырысты.

Ал Конституция жобасына қоғамда айтылып жатқан сыни пікірлер, оның дау туғызған баптары, сол сияқты билік мақұлдаған нұсқадағыдан өзгеше ұсыныстар жайлы спикерлер де, марафонды жүргізген он шақты тілші де ештеңе айтпады. Керісінше, журналистер "ел үшін маңызды өзгеріс" деген сөзді жиі қайталап, спикерлер әлемнің ең озық конституцияларын қарап, әлемдік тәжірибені зерттеп жазғандарын алға тартты.

Конституция жобасын талқылауға арналған телемарафонның біржақты пікірге құрылуының себебін сұрап оның ұйымдастырушыларына қойған Азаттық сауалына әлі жауап жоқ.

Қазақстандық медиа-сарапшы, журналист Қалима Тәжіқұлдан мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары кей тақырыпты айналып өтетіні, әлеуметтік желіде жұрт талқысына себеп болған мәселелер жайлы тіс жармауының себебін сұрадық.

Азаттық: Қалима ханым, әлеуметтік желілер мен мемлекеттік арналарды тең болмаса да қатар бақылап отырмыз. Осылардағы жаңа Конституция жобасы жайлы талқыда айырмашылық байқала ма сізге?

Қалима Тәжіқұл: Қазақстанда мемлекеттік ақпарат құралдарының үлесі басым, 90 пайыздан астамы мемлекеттік тапсырысқа тәуелді, бейтарап әрі тәуелсіз ақпарат құралдары аз. Сондықтан олар [мемлекеттік БАҚ] конституциялық реформаны, жаңа жобаны "саяси жаңғыру", "тарихи шешімнің нәтижесі", "ел болашағы үшін жасалып жатқан реформа" деген риторика басым. Ал әлеуметтік желіде Конституцияның жаңа жобасының жекелеген баптарына келіспейтін адамдар пікірін өз парақшасында жазып жатыр. Комментарийлерді де сондай контенттен көруге болады. Ал оларға неге ақпарат құралдарында сөз берілмейді? Өйткені біздегі ақпарат құралдарының басым бөлігі мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болғандықтан, олар міндетті түрде мемлекеттік билік ракурсы тұрғысынан сөйлеуге, ақпаратты солай жеткізуге мәжбүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қатар" мен "теңнің" арасы. Тіл бабындағы бір сөзге қатысты дау

Азаттық: Мемлекеттік БАҚ пропагандасында жаңа Конституция жобасы бойынша қандай аргумент жиі қайталанады? Ал қай тақырыптар көлеңкеде қалып отыр?

Қалима Тәжіқұл: Қолданыстағы Конституцияның ескіргені туралы айтылады. Бірер жылдан бері "жаңа Қазақстан" деген тіркес пайда болды ғой, сол жаңа Қазақстанның жаңа конституциясы болуы керек деген астарды сеземіз. Сенат жойылып, Мәжілістің орнына Құрылтай құрылатыны, вице-президент лауазымы пайда болатыны, осындай дүниелер негізінен айтылатыны. Ал әлеуметтік желіде, әсіресе қазақ сегментінде көп талқыланып жатқан тіл туралы мәселе көлеңкеде қалып қойды деуге болады. Сол сияқты сөз бостандығын, ой еркіндігін шектейтін нормалар кіріп кетуі әлеуметтік желіде талқыланып, тәуелсіз ақпарат құралдарында айтылып жатқанымен, бұл тақырыптар мемлекеттік ақпарат құралдарында елеусіз, көлеңкеде қалып отыр.

Азаттық: Референдум күні бекітіліп, Конституция жобасының соңғы нұсқасы жариялана сала мемлекеттік аппарат үгіт-насихатқа кірісті. Өздері оны жобаның мән-мазмұнын халыққа түсіндіру деп атайды. Ал сізге қалай көрінеді? Түсіндіру ме, әлде оған сендіруге ұқсай ма?

Қалима Тәжіқұл: Өз басым осы түсіндіру деген нәрсені түсінбеймін. Мысалы, жолдау жасалса я қандай да бір ірі саяси жиын өтсе, оны түсіндіруден гөрі насихаттау басым болып кетеді. Халқымыз сауатсыз емес қой, бізде балабақшадан бастап 11-12 жылға дейін білім беретін мектептер бар, одан білім алып шыққан адам оқи алатын және оқығанын түсіне алатын деңгейде. Негізі түсіндіргеннен гөрі, өркениетті елдердегідей, талқылауға ұсынылуы керек. Бірақ, өкінішке қарай, бізде түсіндіру деген бір термин ойлап тауып алған. Алайда ол түсіндіруден гөрі көбіне пропагандаға ұласып кетіп жатады.

Ресми шарадан хабар дайындауға келген журналистер. Астана, 20 мамыр, 2023 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Азаттық: Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуіріне айтылатын көп сынның бірі – мемлекеттік БАҚ арқылы жүрген пропаганданың күштілігі, цензураның қаттылығы болатын. Екінші президент тұсында бұл ахуал қалай өзгерді? Сол сарын ба, әлде жұмсарды ма, немесе керісінше, күшейіп бара ма?

Қалима Тәжіқұл: Ешқандай өзгеріс жоқ. Субъективті пікірім бойынша, мысалы, бұрын мемлекеттік БАҚ-та жалған ақпарат, фейк тарап, біреудің ар-намысына тиетін болса, онда айыппұл салып жазалайтын. Одан кейін әлеуметтік желідегі жазбаларды қадағалаймыз, бақылаймыз деген сылтаумен онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заң, масс-медиа туралы жаңа заң қабылдадық. Енді міне жаңа Конституция жобасын талқылап жатырмыз. Соның бәрінде ой еркіндігін шектеуге ықпал ететін нормалар бәрібір бар. Мысалы, масс-медиа туралы заң жобасын талқылаған кезде де пікірталасқа ұласқан нәрсе – қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтіретін контент жариялағандар жазаға тартылады деген норма. Ол болмысты біз немен өлшейміз? Оның салмағы бар ма? Оны өлшеуге бола ма деген сұрақ туған. Сонда ешқандай толымды жауап алған жоқпыз. Дәл осы норма енді Конституция жобасына еніп отыр, өкінішке қарай. Ертең сіз біреуге сын айтсаңыз және ақпарат құралында ғана емес, әлеуметтік желіде де біреуді сынайтын болсаңыз, егер сол адам "бұл менің адамгершілігіме нұқсан келтіретін сөйлем" деп үстіңізден шағым жазатын болса, онда жауапқа тартыласыз. Ал бізде, дәл қазіргі уақытта көп жағдайда Қылмыстық кодекстің 174-бабына (араздық қоздыру) сәйкес қатаң жазаға тартылады. Жаңа жобада бұл нақтыланып, күшейтіліп беріліп отыр. Сол алаңдатады бізді.

Азаттық: Қазақстанда мемлекеттік БАҚ-та әлдебір ақпарат айтылып, кейін сайттарынан өшіріліп қалатын кезі аз емес. Соның бірі жақында болды – қаржы мониторингі агенттігі ұжымымен кездескенде президент Тоқаевтың 7 триллион теңге туралы сөзін алдымен Ақорданың өзі таратып, оны мемлекеттік БАҚ жарыса жазды. Бірақ кейін бәрі үнсіз-түнсіз өшіріп тастады. Мемлекеттік БАҚ-тың риторикасын кім бақылайды? Бұл жұмыспен көбіне ақпарат министрлігі айналыса ма, әлде президент әкімшілігі де кірісе ме? Хабарыңыз бар ма?

Қалима Тәжіқұл: Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанында ақпараттық талдау орталығы жұмыс істейді. Ол бүкіл ақпарат құралдарында және әлеуметтік желіде жарияланып жатқан контентке анализ жасайды. Егер материал бір уақытта барлық сайттан бір мезетте алынып тасталса, ол әрине, министрлік тарапынан келетін тапсырма деп санаймын. Не ол фейк болуы мүмкін, немесе ол мемлекеттік құпия саналатын контент болуы мүмкін.

"Ақпаратқа қол жеткізу" туралы заңда жариялауға жататын және жариялауға жатпайтын ақпарат түрлері бар, соның ішінде мемлекеттік құпия болып саналатын ақпаратты жариялауға болмайды. Бірақ егер ол ақпаратты ресми органның баспасөз қызметі жариялап жіберсе, онда оған журналистердің еш кінәсі жоқ. Өйткені мемлекеттік органның ресми өкілінен алынып отырған контент. Менің ойымша, бұл жерде қандай да бір қысым болды деп ойламаймын. Алып тастау туралы өтініш айтылған шығар, содан кейін алып тастаған болар деп ойлаймын. Ал бірақ ол фейк емес екені анық.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңа Конституциядағы адам құқығы. Қай бап күмән туғызып отыр?

Азаттық: Ел ішінде мемлекеттік БАҚ-қа деген сенім қандай деңгейде деп ойлайсыз?

Қалима Тәжіқұл: Біздің үлкен өкінішімізге қарай, мемлекеттік БАҚ-қа деген сенім шкаласы, сенім кредиті өте төмен. Себебі біздің ақпарат құралдарының, жалпы журналистиканың міндеті – шынайы ақпаратты оқырманға, көрерменге, аудиторияға жеткізу. Біздің міндетіміз пропагандамен айналысу емес. Бізде көп жағдайда мемлекеттік тапсырыс алып отырған ақпарат құралдары биліктің, үкіметтің, президент әкімшілігінің ракурсынан жазуымыз керек деп ойлайды. Бұл мүлдем қате түсінік. Иә, мемлекеттік тапсырыс беретін, ақпарат құралдарын қаржыландыратын елдер бар, бірақ ол елдерде ақпарат құралының ішкі редакциялық шешіміне, олардың ішкі жұмысына араласпайды. Араласатын болса, ол үлкен қарсылыққа ұшырайды, егер онысы жария болатын болса. Біз әзірге ондай деңгейге жете қойған жоқпыз. Біз сондай деңгейге жеткен күні халықтың мемлекеттік БАҚ-қа деген сенімі артады. Ал оған дейін өкінішке қарай сенім шкаласы сол төмен деңгейде қала береді.

Биыл 11 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жарлыққа сәйкес, 15 наурызда жалпыхалықтық референдумде Қазақстан азаматтарына "БАҚ-та 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген жалғыз сұрақ қойылмақ.

Билік өкілдері жаңа Конституция жобасы елдегі саяси жүйені жаңартып, басқару моделін қайта теңгеруді мақсат тұтады дейді. Президент Тоқаев бұл өзгерістер суперпрезиденттік басқару моделінен кетіп, демократиялық институттарды нығайтуды көздейді десе, кей сарапшылар парламенттің рөлі әлсіреп, президент құзыреті бұрынғыдан да кеңейіп, оның қолына шоғырланған билік күшейеді деп қауіптенеді.

16 ақпанда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда кейінгі уақытта жаңа Конституция жобасындағы кейбір нормаларды сынға алған белсенділер мен журналистерге қысым көрсетілгенін мәлімдеп, Астананы қудалауды доғаруға шақырды. HRW Қазақстан билігін құқықтарды негізсіз шектеуге әкелуі мүмкін ережелерді қайта қарауға, реформаны талқылауға қоғамның шынайы қатысуын қамтамасыз етуге және адамдарды бейбіт түрде сыни пікір білдіргеніне бола қудалауды доғаруға үндеген.

Құқық қорғаушылар сыни пікір білдірген азаматтарды қудалау реформа легитимдігіне нұқсан келтіретінін айтқан. HRW өкілдерінің пікірінше, жобадағы бірқатар тұжырымдар, мәселен, құқықтарды қоғамдық тәртіп пен мораль мүддесі үшін шектеуге мүмкіндік беретін нормалар бұлыңғыр жазылған және олар ой-пікір бостандығын, бірлесу еркіндігін және бейбіт жиналыстар өткізу құқығын өз бетінше шектеу үшін қолданылуы мүмкін.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева (сол жақта) журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2024 жыл.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі бұған дейін бірнеше рет ірі мемлекеттік арналарға цензура жасамайтынын айтқан. 2024 жылы ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақстанда цензураға тыйым салынған және үндемей қалуға болатын тақырып жоқ" деп мәлімдеген.

Министр Балаева ел президенті жариялаған реформалар қоғамда ашықтықты күшейткенін және мемлекеттік басылымдар қоғам проблемаларын ашық талқылайтынын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Human Rights Watch Қазақстандағы жаңа Конституция жобасына алаңдаушылық білдірді