Досым Сәтпаев: үшінші Конституцияның өмірі онша ұзақ болмайды

Конституция жобасы бойынша референдум учаскесіндегі жәшік ішінде "Жоқ, қабылдамаймын" деген белгі қойылған бюллетень жатыр. Алматы, 15 наурыз, 2026 жыл.

Қазақстан тәуелсіз ел тарихындағы үшінші Конституцияны қабылдады. Бірінші Негізгі заңы небәрі екі жарым жыл, екіншісі отыз жылдан астам қолданыста болды. Ал үшіншісінің ғұмыры қанша уақытқа созылады? Ақорда айтып жүргендей, Қазақстан суперпрезиденттік басқару моделінен кетіп, шынайы билік тепе-теңдігі қалыптасқан жүйеге ауыса ма? Дәл қазір оның нышаны байқалып отыр ма? Осы және өзге сұрақтарды саясаттанушы Досым Сәтпаевқа қойып көрдік.

Азаттық: Досым мырза, сонымен Қазақстанда үшінші Конституция пайда болды. Бірінші Конституция екі жарым жыл, екіншісі 30 жыл өмір сүрді. Ал мына жаңа Конституцияның ғұмыры қанша жылға созылады деп ойлайсыз?

Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Досым Сәтпаев: Бұл – өте жақсы сұрақ. Қазақстанда Конституция жиі өзгертілетінін ескерсек, мәселе мынада: саяси конъюнктураға байланысты бұл үшінші Конституцияның өмірі, меніңше, онша ұзақ болмайды. Барлығы Қазақстанда алдағы бірнеше жылда қандай саяси жағдай қалыптасатынына тікелей байланысты.

Қазақстанда ашық саяси алаң "залалсыздандырылып", іс жүзінде толықтай жойылып, барлық шешім қабылдау процестері тек жабық, оңаша жағдайда жүзеге асатын, кезінде [елдің бірінші президенті Нұрсұлтан] Назарбаев құрған ескі саяси жүйе моделі сақталып қалғанын ескерсек, мұндай жүйеде элита ішіндегі дүрдараздық пен қақтығыс қаупі әрдайым жоғары болады.

Мұндай жүйеде элита ішіндегі дүрдараздық пен қақтығыс қаупі әрдайым жоғары болады.

Ал жаңа президент біраз уақыт өткен соң Конституцияға өз өзгерістері мен толықтыруларын енгізуге не оның жаңа нұсқасын қабылдауға ұмтылуы мүмкін. Әрине, бұл да оның өз билігін қалай нығайтқысы келетініне байланысты болмақ.

Сондықтан, менің ойымша, Қазақстанның ең үлкен мәселесі де осында: қазір елімізде тұрақсыз саяси институттардың ғұмыры әрі қарай ұзартылып жатқанын көріп отырмыз, өйткені Қазақстанда мұндай институттар, өкінішке қарай, толық қалыптасып жатқан жоқ.

Ал жаңа Конституция жаңа саяси даму моделін қалыптастырмайды. Себебі бұл модельде негізгі шешім қабылдайтын орталық бұрынғыдай президент болып қала береді, әрі ол күшті парламентсіз, тәуелсіз сот билігінсіз және басқа да тепе-теңдік механизмдерінсіз әрекет етеді. Бұл, әрине, тағы да қайталап айтсам, жабық кулуарлық ортадағы араздық пен қақтығыс қаупін одан әрі арттырады.

Азаттық: Журналист Ардақ Бөкеева Алматыдағы №298 учаскеде бақылаушы болғанын, сол учаскеге дауыс беруге келген 622 адамның басым көбі, яғни 369-ы жаңа Конституцияға қарсы болғанын жазды. Тағы бірнеше тәуелсіз бақылаушы өздері бақылаған учаскелерде жобаға қарсы болғандар жаңа құжатты қолдағандардан басым түскенін айтты. Алайда Орталық референдум комиссиясы жобаны қолдап дауыс бергендер 87 пайыз болды деп отыр. Сіздіңше, қай тараптың уәжі шынайы көрсеткішке жақын?

Досым Сәтпаев: Бұл жерде басқа сұрақ қою керек. Мысалы, неге билік референдум алдында тәуелсіз социологиялық зерттеу жүргізуге іс жүзінде мүмкіндік бермейді? Немесе неге Қазақстанда іс жүзінде тәуелсіз экзитпол жоқ? Бұл да сайлаушылардың нақты көңіл-күйін өлшейтін маңызды құрал ғой.

Мұндай саяси жүйелерде әдетте референдум немесе сайлаудағы қолдаудың жоғары көрсеткіші көбіне "имитация мәдениеті" деген құбылыстың белгісі саналады.

Қазақстанда бұлар көптен бері жоқ. Мұндай саяси жүйелерде әдетте референдум немесе сайлаудағы қолдаудың жоғары көрсеткіші көбіне "имитация мәдениеті" деген құбылыстың белгісі саналады. Яғни билік үшін өз шешімдеріне жаппай қолдау бар екенін көрсету өте маңызды.

Өйткені мұндай жүйедегі референдум шын мәнінде балама нұсқаларды таңдайтын референдум емес. Олар, біріншіден, билік алдын ала қабылдап қойған шешімді, яки дайын жобаны легитимдеу үшін өткізіледі.

Мұндай "имитация мәдениеті" осы сияқты жүйелерге тән құбылыс, сондықтан оны қоғамға өршелене тықпалауға тырысады. Сонымен қатар ол "билік алдындағы адалдық бәсекесі" деген құбылыспен қатар жүреді, оны көбіне билік өкілдерінің өздері көрсетеді. Яғни олардың нақты мақсаты — билікті қолдау көрсеткішін үнемі жоғары етіп көрсету. Ол үшін тіпті кейде бұл көрсеткішті қолдан арттырып отыру қажет болуы мүмкін.

Азаттық: Журналист, "Vласть" сайтының редакторы Тамара Вааль 16 наурызда Facebook-тегі парақшасына: “Біз кеше президент дауыс береді деп жоспарланған сайлау учаскесінде болдық. Адамдар таңғы 4-те тұрды. Тек журналистер ғана емес. Ғимараттың қауіпсіздігін тексерді, комиссия мүшелері сансыз тексерістен өтті, коммуналдық қызметтің өте көп қызметкері жолды тазалап, маңайды сыпырып жүрді, ал бір әйел тіпті кіреберістегі асфальтты бір сағаттай жуды. Бәрі президентті тосты. Сосын абыр-сабыр басталды: керме тарту, журналистер мен комиссия мүшелерін сапқа тұрғызу, микрофонды реттеу, кезекті нұсқау беру. Кейін президент келе жатыр деді. Есікті ашты, біз учаске аумағына дабыл жүйесі бар көліктер кіріп келе жатқанын көрдік. 1 минут, 2 минут, бес минут өтті… кенет есіктерді қайта жауып, тартылған кермені жинап, күзет кетіп қалды. Президент жоқ. Ол басқа учаскеге кетті деді. Не үшін? Неге? Бұл сұраққа жауабым жоқ" деп жазды. Ал президент жексенбі күні дауыс берген учаскеде полиция Азаттық журналисін ұстап, бөлімшеге алып кеткен. Мұны қалай түсіндіресіз? Бұл қойылым не үшін қажет болды?

Билік халыққа онша тәуелді болмаған кезде қоғамды көбіне спектакльдегі жай ғана тобыр, көрермен ретінде қабылдайды.

Досым Сәтпаев: Бұл — электоралдық жүйе де, сайлау демократиясы да жоқ екенінің тағы бір нақты мысалы. Билік халыққа онша тәуелді болмаған кезде қоғамды көбіне спектакльдегі жай ғана тобыр, көрермен ретінде қабылдайды.

Мәселенің төркіні де осында. Өйткені мұндай іспен айналысқанды кезінде [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаев та жақсы көретін. Бір жолы қалжыңдап: Конституцияға жиі өзгеріс енгізіп, оны қайта-қайта ауыстыра берсек, бұл қарқынмен Қазақстанда жақында монархия орнауы да ғажап емес деп айтқаным бар.

Өйткені қазір шын мәнінде бір "көктен түскен" ерекше адамның бейнесі қалыптастырылып жатыр. Әрине, патшаны оның айналасы — нөкерлері жасайды. Билік алдындағы "адалдық бәсекесі" туралы айтқаным есіңізде ме?

Олар үнемі президенттің осындай жасанды супермен, теңдесі жоқ адам бейнесін қалыптастыруға тырысады.

Яғни олар үнемі президенттің осындай жасанды супермен, теңдесі жоқ адам бейнесін қалыптастыруға тырысады.

Оның төңірегіндегі адамдар арасында бәсеке де қатар жүріп жатады. Бір жағынан, оны ешкім қозғамасын, сынға алмасын деп, оның айналасына мықты қорғаныс қабатын қалыптастыруға тырысады. Екінші жағынан, тіпті осындай сапарлар кезінде де салтанатты, ерекше атмосфера жасауға ұмтылады.

Бұл биліктен белгілі бір деңгейде фетиш жасаумен байланысты. Яғни билікті фетишке, қасиетті нәрсеге, қол жетпейтін құбылысқа, салтанатты әрі театрлық көрініске айналдыру.

Мұны белгілі бір дәрежеде XIV Людовикпен салыстыруға болады, оны "Күн патша" деп атаған ғой. Бұл да соған ұқсас жағдай. Яғни тағы да қайталап айтайын: мұндай құбылыс биліктің бәрі бір ғана нақты адамның қолында шоғырланған жүйелерге тән. Ал айналасында оны үнемі ерекше көрсеткісі келетін адамдар болады.

Тіпті кейде президенттің өзіне мұның қажеті болмауы да мүмкін. Сондықтан менің ойымша, біз қазір негізінен авторитар жүйелерге тән осындай шектен шығу мысалдарын айқын көріп отырмыз.

Қазақстан жалғыз мысал емес. Орталық Азиядағы көп елде шамамен осындай жағдай байқалады. Бүкіл әлемді алып қарасақ, бұл — биліктен фетиш жасаудың классикалық моделі. Яғни биліктің өзін үнемі өте қасиетті нәрсе деп көрсетеді. Сондықтан оның айналасында әлдебір қарбалас болып жатқандай әсер жасайды.

Азаттық: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл жолы референдумге дауыс беруге келгендердің көрсеткіші рекорд деңгейге жеткен. Бүкіл республика бойынша 73 пайыз, бірақ өңірлер бойынша көрсеткіш әртүрлі. Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысы - 93 пайыз, ең төменгі Алматы қаласы - 33,4 пайыз. Есіңізде бар шығар, Назарбаев дәуірінде сайлау кезінде әкімдер осындай көрсеткіштермен жарысатыны туралы көп айтылатын. Көрсеткіш төмен болса қызметінен алынады, сөгіс естиді дейтін. Қазір де өңірлердегі әкімдер арасында сондай бәсеке бар ма?

Досым Сәтпаев: Әрине, бар. Жаңа "адалдық бәсекесі" туралы айттым ғой.

Саяси ғылымда мұның тағы бір атауы — "билікке берілгендік инфляциясы". Яғни қолдағандардың пайызын аздап болса да арттырып көрсетуге тырысу үрдісі.

Саяси ғылымда мұның тағы бір атауы — "билікке берілгендік инфляциясы". Яғни әр деңгейде қолдағандардың пайыздық көрсеткішін аздап болса да арттырып көрсетуге тырысу үрдісі.

Бұл — жалпы саяси жүйеге байланысты нәрсе. Мәселен әкімдерді алсақ, олар сайлаушылардың тікелей мандатын алған адамдар емес, себебі олар сайланбайды, барлығын президент тағайындайды. Сондықтан олар үшін биліктің негізгі институты — мемлекет басшысы.

Бүкіл жүйе атқарушы биліктің тік вертикалі арқылы жұмыс істейді. Яғни барлық деңгейдегі шенеуніктер, негізінен, өздері туралы халық не ойлайды немесе халық арасындағы қолдау деңгейім қандай деп бас қатырмайды.

Олар үшін өзін тағайындап, қолдаған, қызметін өсірген жоғары жақтағылар жұмысын қалай бағалайды, бастысы – сол. Сондықтан мұндай жүйеде билікке құлай берілу негізгі ресурсқа айналады. Оны сөз жүзінде де, іс жүзінде де неғұрлым көп көрсетсең, соғұрлым әрі қарай қызметің өсіп, номенклатура шеңберінде әкімшілік мүмкіндіктеріңді арттыруға жол ашылады.

Азаттық: Тоқаев референдум өтісімен биыл жазда парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Ал жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді және қазіргі парламент те сол күні қызметін тоқтатады. Одан кейін бір ай ішінде сайлау жариялануға тиіс, сосын тағы екі айдан соң сайлау өтуі керек. Бұл қисынға салғанда сайлау күзде өтуге тиіс емес пе? Мұнда да бір асығыстық байқалмай ма?

Досым Сәтпаев: Асығыстық былтырғы жылдың аяғынан бері байқалды. Мұның қисыны өте қарапайым. Билік қыркүйектің басында жаңа бір палаталы парламентпен жаңа форматта жұмысты бастап кеткісі келеді. Сондықтан, олар мұның бәрін жазда өткізуге ниетті.

Науқанды сайлаушы белсенділігі тұрғысынан тыныш кезеңде өткізіп жіберейік деген есеп бар.

Сосын мұнда тағы бір маңызды жайт бар. Жаз деген - "өлара кезең", яғни демалыс уақыты. Сондықтан науқанды сайлаушы белсенділігі тұрғысынан тыныш кезеңде өткізіп жіберейік деген есеп бар. Бұл мезгілде жұрт көбіне сайлауға емес, өздерінің жазғы демалысына көбірек көңіл бөледі.

Сондықтан мұнда бірнеше мақсат бар. Біріншіден, сайлауды билікке қолайлы кезеңде өткізу. Яғни осы қолайлы уақытта өз саяси технологиялық қитұрқы тәсілдерін жүзеге асыру жеңілірек болады. Екіншіден, мұның бәрін қыркүйектің басына дейін тезірек аяқтау, сонда президент бір палаталы парламент алдында жолдауын жасай алады. Менің ойымша, бұл асығыстықтың себебі — осы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экзит-полл 86 пайыздан жоғары. Тоқаев жазда парламент сайлауы өтетінін айтты