"Эпикалық қаһар" операциясы
Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани Тегеран Вашингтонмен "келіссөз жүргізбейтінін" айтты. 2 наурыз күні таңертең X (бұрынғы Twitter) желісіндегі жазбасында ол: "Біз АҚШ-пен келіссөз жүргізбейміз" деп мәлімдеді.
"Бүгінде Иран халқы өзін қорғап отыр", – деп қосты ол.
Лариджани мұны АҚШ президенті Дональд Трамп "террористерді" "америкалық әскердің бүкіл күшімен" жазалауды жалғастыратынын жариялағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң айтқан.
Бұған дейін президент Трамп 1 наурызда өзінің Truth Social платформасында жариялаған алты минуттық видеода:
"Кейінгі 36 сағат ішінде Құрама Штаттар мен оның серіктестері әлемде бұрын-соңды болмаған ең ірі, ең күрделі және ең ауқымды әскери шабуылдардың бірі – "Эпикалық қаһар" операциясын бастады", – деп мәлімдеген.
Трамп Ирандағы әскери операцияға "қазіргі уақытта бүкіл күш жұмылдырылды және ол біз барлық мақсатымызға жеткенше жалғасатын болады" деген.
Қарулы қақтығыс барысында АҚШ-тың үш сарбазы қаза тапқанын айтқан Трамп олар үшін кек алуға және "негізінен өркениетке қарсы соғыс жүргізген террористерге ең ауыр соққы беруге" уәде берді.
"Біртұтас ұлт ретінде біз халқымыз үшін ең үлкен құрбандыққа барған америкалық нағыз батыр, патриоттарды аза тұтамыз, олар өмірін пида еткен әділ миссияны жалғастыра береміз", – деді АҚШ президенті.
"Өкінішке қарай, [құрбан саны қазіргіден] көбірек болуы мүмкін", – деді ол.
Қаза тапқан сарбаздардың аты-жөні я олардың өлімінің жай-жапсары туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.
Трамп Иранның күштік құрылымдар басшыларына, соның ішінде Ислам революциясы сақшылары корпусына, әскерге және полицияға "қаруды тастап, толық иммунитет алыңыздар, әйтпесе ажалмен бетпе-бет қаласыздар. Өліммен бетпе-бет келуден құтыла алмайсыздар. Ол жақсы болмайды" деп ескертті.
"Батыл, ержүрек, батыр болыңыздар"
АҚШ президенті бұған қоса "барлық ирандық патриоттарды" осы сәтті пайдаланып, "батыл, ержүрек, батыр болуға" және "ел тізгінін қолға алуға" үндеді.
"Америка сіздермен бірге... Қалған нәрсе өздеріңізге байланысты", – деді Трамп Иран халқына осыған дейін айтқан сөзін қайталап.
"Біз [әскери операцияны] аяқтағаннан кейін, үкімет тізгінін қолға алыңыздар. Ол сіздердікі болады. Бұл, бәлкім, бірнеше ұрпақ ауысқаннан бергі жалғыз мүмкіндік шығар", – деген Трамп 28 ақпанда.
Ол Иранның жоғарғы рухани басшысы аятолла Әли Хаменеидің көзі жойылғанын құптап, ұзақ уақыт билік басында болған 86 жастағы автократты "бейшара әрі жексұрын адам" деп атады. Иранның жоғары лауазымды тұлғалары арасында үлкен шығын болғаны жайлы хабарлар тарап жатқан шақта Трамп сол елдің "әскери басшылары түгелдей жойылды" деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әли Хаменеи кім және несімен есте қалды?The Daily Mail басылымында жарияланған сұхбатында Трамп Иранға қарсы соғыс тағы бір айға созылуы мүмкін деп мәлімдеді.
"Төрт аптаға жуық созылатын шығар деп ойлағанбыз. Әркез төрт апталық процесс болатын. Сондықтан бұл – мейлі Иран қаншалықты күшті болса да, ал ол үлкен ел – төрт апта немесе одан аз уақыт алады", – деді Трамп Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясынан телефонмен берген сұхбатында.
Әйткенмен, бұған дейінгі келіссөз тығырыққа тірелгеннен бері Тегеранда басшылық жаңарғанын ескере отырып, келіссөздер жүргізуге әлі де мүмкіндік барын айтты.
"Білмеймін. Олар ниетті, сөйлескісі келеді, бірақ мен сіздер осы аптада емес, өткен аптада сөйлесулеріңіз керек еді деп айттым", – деді Трамп.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Иранның ядролық қару жасауына "ешқашан жол бермеймін" дедіБұған дейін АҚШ өкілдері Оманның араағайындық етуімен Иран тарабымен бірнеше жанама келіссөз жүргізген. Екі елдің арасындағы қырын қабақ жағдайды ірі әскери қақтығысқа жеткізбеудің соңғы мүмкіндігі болған келіссөзде АҚШ Тегеранды ядролық бағдарламасынан бас тартуға көндіруге тырысқан еді.
26 ақпандағы келіссөзден кейін Оман сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди "айтарлықтай прогресс" бар деп мәлімдеп, талқылауды әрі қарай жалғастыру жоспары туралы айтқан.
Алайда 28 ақпанда президент Трамп Тегеран АҚШ әскері мен одақтастарына қарсы зымыран қаруын қолдануға дайындалып жатыр деген қорытындыға келгендіктен және ядролық бағдарламасын айтарлықтай шектеуге көнбейтіні айқындалғаннан кейін Иранға алдын ала әскери шабуыл жасау туралы бұйрық бергенін мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасады. Не белгілі?Былтыр жазда Иран мен Израиль арасындағы 12 күндік соғыс кезінде АҚШ Иранның маңызды нысандарын бомбалағаннан кейін Трамп Тегеранды ядролық бағдарламасын қайта құруға тырысып жатыр деп айыптаған. Бұған қоса ол АҚШ Иранның зымыран әлеуетін және әскери-теңіз күштерін "жоюды" да көздейтінін мәлімдеген.
Вашингтон мен Тель-Авив Тегеранды атом қаруын жасауға тырысып отыр деп айыптады; Тегеран болса ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсат көздейтінін айтады.
Иранның уақытша кеңесінің мүшесі және елдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани аятолла Хаменеидің мұрагері жарияланғанға дейін елді басқару үшін уақытша жаңа басшылық кеңесі құрылып жатқанын мәлімдеді. Кейінірек Иран президенті Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Голамхоссейн Мохсени-Эжеи және елдің жоғарғы рухани көшбасшысын сайлайтын Сарапшылар кеңесінің мүшесі Әлиреза Арафи басқарушы үшеуі жаңа кеңес құрамына кірді.
1 наурызда Иранның ISNA мемлекеттік басылымы елдегі ықпалды діни қайраткер 67 жастағы Әлиреза Арафи елдің рухани көсемі міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалғанын хабарлады . Шиит бағытын ұстанатын Арафи бұған дейін аятолла Әли Хаменеидің ізбасары болуы ықтимал тұлғалардың бірі саналған.
Жаңадан құрылған кеңес 88 мүшеден тұратын Сарапшылар кеңесі жаңа жоғарғы көшбасшыны сайлағанға дейін елді басқарады.
Иранның қарымта шабуылы
Иран Израильге және АҚШ әскери нысандары орналасқан Таяу Шығыстың басқа да бірнеше араб мемлекетіне зымырандар мен дрондар ұшырып, қарымта шабуыл жасады.
Жексенбі күні Дубай мен Қатар астанасы Дохада екінші күн қатарынан қатты жарылыстар естілді. Біріккен Араб Әмірліктерінің қорғаныс министрлігі Иран 165 баллистикалық зымыран мен 54 дрон ұшырған деп хабарлады. Министрлік дерегінше, әуе шабуылынан қорғаныс күштері олардың көбін қағып түсірген, бірақ үш адам қаза тауып, 58 адам жараланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иранның Израильге жасаған зымыран соққысынан тоғыз адам қаза таптыИранның зымыран шабуылы салдарынан Израильдің Иерусалимге жақын орналасқан Бейт-Шемеш қаласында қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Израильдің ұлттық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, тағы 50-ден астам адам жараланып , ауруханаға түскен. Зардап шеккендердің екеуі ауыр хәлде жатқаны айтылады. Зымыран синагога маңындағы тұрғын үйге түскен кезде ғимарат ішінде атыстан жасырынған адамдар болған.
Трамп сияқты, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да алдағы күндері Иранға әуе шабуылдарын еселетуге уәде берді. Израильдің әуе күштері 1 наурызда "Тегеранның орталығындағы террорлық режимге тиесілі" нысандарға соққы беріп жатқанын мәлімдеді. Тегераннан түсірілген видеоларда қаланың бірнеше тұсынан әуеге үлкен түтін көтеріліп жатқаны көрінеді.
Сонымен қатар, Ұлыбритания, Франция және Италия көшбасшылары Парсы шығанағы аймағындағы мүдделерін қорғау үшін қажет болған жағдайда Иранға қарсы қорғаныс шараларын қолданатынын мәлімдеді.
Reuters оқиға куәгерінің сөзіне сүйеніп, 2 наурыз күні таңертең Кувейтте үшінші күн қатарынан қатты жарылыстар мен дабыл дыбысы естілгенін хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хаменеидің өлімінен кейін Израиль мен Иран бір-біріне тағы соққы жасады