Үкімет KazSat-3R ғарыш байланыс жүйесіне 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы көп қабатты тұрғын үй төбесіне орнатылған, орбитадағы спутниктен тараған толқынды қабылдайтын антенна (Азаттық архивіндегі фото)

Қазақстан үкіметінің қаулысымен KazSat-3R ғарыш байланыс жүйесін құруға резервтен 10,4 млрд теңге қаржы бөлінді. KazSat-3R пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталатын KazSat-3 спутнигін алмастырып, ұлттық спутник байланысы жүйесінің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етпек.

Жаңадан құрылатын ғарыш байланыс жүйесі шалғайдағы әрі халқы аз елді мекендерде интернет пен телерадио хабарын тарату сапасын жақсартумен қатар елдің ақпарат қауіпсіздігі мен технологиялық егемендігін нығайту мақсатын көздейді.

Үкімет дерегінше, қазір ғарыштағы KazSat жүйесіне 19 оператор қосылған, ал телехабар тарату аясы 2 миллионнан астам абонентті қамтиды, сонымен бірге жүйе қызметін мемлекеттік органдар пайдаланып отыр.

Кейінгі екі жылда Қазақстан халқының 99 пайызы жылдамдығы жоғары интернет байланысын пайдалану мүмкіндігіне ие болып, 4,5 мыңнан астам ауылға интернет байланысы жеткізілді, ал шалғайдағы және қатынау қиын елді мекендер интернетке спутник арқылы қосыла алады дейді үкімет.

Бұған қоса оптика-талшық желілер кеңейтіліп, "Соңғы миль" жобасы, 5G, автокөлік жолдарын байланыспен қамту жұмыстары атқарылып жатқаны айтылады. Қазіргі кезде елде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн көрсетіледі, QazTech бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылған.

Былтыр мамыр айында сол кездегі премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр KazSat-3R байланыс спутнигіне жылдамдығы жоғары интернет (HTS) технологиясын енгізу тиімсіз әрі қымбат болғандықтан жобадан ол алынып тасталды деп мәлімдеген. Шенеунік бастапқы құны 153 млрд теңгеге бағаланған спутникті HTS технологиясынсыз жасауға 87,2 млрд теңге бөлінетінін, оның 46,9 млрд теңгесі "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" акционерлік қоғамының қаражаты есебінен, ал 40,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қаржыландырылатынын айтқан.

2014 жылдың сәуір айында Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшырылған KazSat-3 спутнигі шамамен 15 жыл жұмыс істейді деп жобаланған. Ал орбитаға 2011 жылғы 16 шілдеде ұшырылған KazSat-2 спутнигі 2026 жылдың аяғына дейін қолданыста болады деп белгіленген. Ол қазақстандық тұтынушыға телерадио хабарын таратып, интернетпен және телефон байланысымен қамтамасыз етіп келді.

Қазақстанның алғашқы KazSat-1 геостационарлық спутнигі 2006 жылғы 18 маусымда Байқоңырдан ғарышқа ұшырылған. Жоба бойынша ол ғарышта 10-12 жыл жұмыс істейді деп айтылған еді. Бірақ 2008 жылы онымен байланыс біржола үзілді. Кейін Қазақстан билігі KazSat-1 спутнигінің сапасы нашар болған деп түсіндірді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

KazSat-3 спутнигіндегі ақауға байланысты қазақстандық телеарналардың эфирі үзілгенМинистр: KazSat-2 спутнигіне кибершабуылдан қауіп жоқKazSat-2 спутнигі жұмысы қалпына келтірілгені хабарландыKazSat-2 спутнигінде екінші рет "штаттан тыс жағдай" болдыТалғат Мұсабаев: Ресей ҚазСат-қа қатысты кінәсін толығымен мойындады