Екінші сайланған Қазақстан Парламентінің алтыншы сессиясы жабылды. Жабылу салтанатына Қазақстан Президенті келген жоқ. Ертең, яғни, қарашаның үші күні үшінші сайланған Парламентке жаңа депутаттар жайғасып, Мәжілістің және Сенаттың жаңа төрағалары белгілі болады.
Екінші шақырылымдағы Мәжілістің төрағасы болған Жармахан Тұяқбай Мәжілісте соңғы рет отырыс өткізіп, өзінің көкейіндегісін әріптестеріне былайша жеткізді: «Біздің елде демократияның да жүрмей жатқандығы, заңдарымыздың да іске аспай жататындығы, ол заңға деген құрметтің жоқтығы. Егер де заңға құрмет болатын болса, егер Конституцияға құрмет болатын болса, мұндай жағдайға бармас едік. Ең басты заңды құрметтемейтін де, заңға мойынсұнбайтын да менің ойымша, ол бүгінгі билік басындағы азаматтар, бүгінгі шенеуніктер», – дейді Жармахан Тұяқбай.